Ақын шығармалары жан-жақты зерделенді

Ақын шығармалары жан-жақты зерделенді
ашық дереккөз
Ақын шығармалары жан-жақты зерделенді

Облыс әкімдігі білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты ғылыми тәжірибелік конференция жыр алыбының мерейтойына арналды.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде баяндама жасаған ТарМПИ-дің доценті Сейсекүл Исматова Жамбыл шығармашылығына жан-жақты тоқталып, әсіресе, әзіл-қалжыңға құралған өлеңдеріне көбірек назар аударды. Сондай-ақ, Жамбылды «Кеңес кезеңін жырлаған» деп айыптайтындардың пайымы қате екенін, ол қазақ аспанында ғажайып ақын болып асқақтап тұра беретінін айтты. ТарМПИ-дің доценті Рахат Саламатова алып ақын шығармашылығының өзектілігі тұрғысынан сөз қозғады. Әдебиетші өз сөзінде Жамбылдың қоршаған ортаға ақындық көзқарасын, табиғат құбылыстарын, көріністерін бейнелі сөз орамымен суреттеген шеберлігіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ТарМУ-дың профессоры Меруерт Көпбаева, облыстық «Дарын» мектебінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев, Жамбыл ауданындағы А.Макаренко орта мектебінің мұғалімі Сәкен Сәтбаев әсерлі баяндама жасап, шараның мазмұнын байыта түсті. Одан әрі секциялық жұмыстар басталды. Конференцияға қатысушылар үш секцияға бөлінді. Жамбылдың ұлттық құндылықтары мен рухани мұралары, ақын шығармашылығын қазақ мектептерінде оқыту, Жамбыл шығармашылығын орыс тілді мектептерде оқытудың өзектілігі секілді маңызды мәселелер қамтылды. Бұл ретте 89 баяндаманың арасынан 41-і ерекшеленіп, облыстық конференцияға жіберілген. Секция жұмыстары бойынша Сарысу ауданы, Б.Адамбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Құралай Кәрібаева, Тараз қаласы, №48 орта мектептің мұғалімі Айнұр Абашова, Жамбыл ауданы, А.Макаренко атындағы орта мектептің мұғалімі Тоғжан Аманова жеңімпаз деп танылды. Ғылыми конференция жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен марапатталды. Облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылардың айтқан ойлары тұжырымдалып, тиімді ұсыныстар қабылданды.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар