Шыңжаңда Наурыз мерекесі басталып кетті

 Шыңжаңда Наурыз мерекесі басталып кетті
ашық дереккөз
Шыңжаңда Наурыз мерекесі басталып кетті

«Іле кеші» газетінің тілшісі Сенбек Әуесқанұлы, арнайы «Ақ жол» үшін Құлжадан хабарлайды:

558899 60++00Мешін жылғы Наурызды Шыңжаң бойынша Өр Текес елі алдымен тойлады, бұл – осы ауданда ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің 25 рет тойлануы. Наурыз көжеден 250 адам дәм татты, кешкі Наурыз көнсертін 2 мыңға жуық көрермен тамашалады, көнсерттің өресі жоғары болды. Осы жағынан алғанда, бұл аудан өзге аудан, қалаларға үлгі көрсетті. Наурыз айы кіріп, жер-ана бусанып, береке-бірліктің асы ــ наурыз көже ішетін, «Ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа» деп, Жаратқаннан жақсылық тілейтін, қытымыр қыстың ызғары қайтқан, төрт түлік мал төлдеп, ел қыдырып көже ішетін мезгіл келді. Осындай тамаша сәтте Моңғолкүре ауданы, Тұлпар мекенінде Наурыз мерекесі аса дабыралы тойланды. Осы күні түстен бұрын ауданның жер–жерінен жиналған қауым Моңғолкүре қонақ сарайының мереке залында Наурыз тағамынан дәм татты. Аудандық халық істері мекемесінің қызметкері Аллажар Сенбайұлы ауданның бір жылдан бергі табыстарын қысқаша таныстырып өтті. Ақсақалдардан аудандық сіләм діні қоғамының бұрынғы төрағасы Манап Айдарқанұлы мен Сарқобы ауылының бұрынғы ауыл бастығы Риза Бораншайұлы бата беріп, аудан халқының ынтымағы жарасып, тұрмыстарының тіпті де бай-бақытты бола түсуіне тілеулестік білдірді. Көпшілік тамақтана отырып жас әнші Оразбай Жетенұлы қатарлы өнерпаздардың ән, күй, термелерінен ләззат алды. Кешке қарай әр ұлт көрермендері мерекелік киімдерін киіп, аудандық денетәрбие сарайына қарай ағылды. Бұрын 600 кісілік клуб тарлық етіп, шаруалардың Наурыз көнсертін көру орайы аз болып келген. Енді міне, Наурыз көнсертінің салтанатты үлкен сарайда өтетінінен алдын ала хабар тапқан жұртшылық өте мол болды. Аудан орталығының шығысында, Үлкен Қонақай өзенінің батыс жағалауында орналасқан денетәрбие сарайы айбаттанып тұр. Бір жарым мың кісілік орындығы бар, астыңғы ашық алаңқысына да жылжымалы орындық тізілген сарайға, тік тұрған қауымды қосқанда, 2 мыңдай көрермен жиналды. Денетәрбие сарайының тынысты да сәулетті болғанына қоса, сахнаның екі бүйіріне ақ ордадай екі киіз үйдің орналастырылуы – қала мәдениеті мен сахара мәдениетін ұштастырып, дәстүрлі мәдениетін ұлықтаған елдің биік еңсесін аңғартып тұрды. Кілем, сырмақ төселіп, ұзыннан-ұзақ екі қатар аласа үстел қойылып, үстелге тары, талқан, құрт, май, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдар тізілді. Үстел басынан кимешекті әжелер мен оқалы тон, ақ қалпақ киген аталар орын алды. Осы көрініс киіз үймен ұштасып, мереке салтанатын асырды. Наурыз сауық кешін танымал жүргізушілер Дабыр Әбділдаұлы мен Арзыгүл Қайыңбекқызы жүргізді. Сауық кеші Моңғолкүре аудандық ойын-сауық үйірмесінің 80 кісілік оркестрінің орындауындағы Түркештің күйі «Көңіл ашармен» басталып, шығандаған домбыра үні тұтас алаңды сілтідей тындырды. Іле-шала 6 кісілік би «Сыр бике» орындалды. Осыдан соң «Қан тәңірім», «Жас туралы», «Наурызым» ән-термелері шырқалды. Әрбір көнсерт нөміріне лайықталған сахна артындағы LED экранындағы тұнық та жарасымды, бай мазмұнды көріністер көнсерттің деңгейін жоғарылата түсті. Әсіресе, отардың сал-серілері киіз үйден шығып, ойын-сауық үйірмесінің әртистері сахнаның үстіңгі жағынан шығып, «Елім Құлжада-ай» әнін айтып, соңында сахна үстінде емірене қосылғаны, артқы көріністегі қазақ малшылары мекендеп келген жер жаннатындай көркем мекеннің көрінісі, мерекелік қимыл көрінісі, киіз үй мәдениеті көрінісі мінсіз қауышып, қала іші сахараға айналып кеткендей, денетәрбие сарайындағы көрермен жайлау төсіне көшіп шыққандай әсер берді. Дәл осы көрініс басқа ұлт көрермендерін де сүйіндіріп, қазақ халқының сал-серілігін, табиғатпен етене қатынасын, жапа-машақатқа мойымайтын еңбекшілдігін танытты. Тағы бір ретте Дабыр Әбділдаұлы шығыстың мәдениет діңгектерінің бірі деп атауға лайық, Іледен шыққан әйгілі күйші Әтіқан Исаұлын тілге алып, алдыңғы қатарда отырған қариялардың қатарына келіп жайғасып, бір қариядан Әтіқан Исаұлын қысқаша таныстырып беруді өтінді. Атамыз: «Әтіқан Исаұлы ــ Өр Текестің Ағаяз аңғарында 1900 жылы туған, 1973 жылы қайтыс болған шертпе күйдің шебері, өз дәуірінде 100-ден астам күй шығарған», ــ деп қысқаша таныстыру жасады. Осыдан соң 8 жастағы баладан 80 жасқа дейінгі қариялардың домбыра ұстайтындарының Әтіқан Исаұлы­ның күйлерін үзбей шертіп, жалғастырып келе жатқанын бейнелейтін алқалы топ сахна төріне көтеріліп, әңгімелесу түрінен бастап Әтіқан Исаұлының «Бесқарағай» күйін асқақтата орындады. Көнсерт соңына таман танымал әнші Ақыметжан Рәбіжанұлы «Қара көзім», «Қос күрең», «Кешіктің неге?» деген үш әнді орындап, көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленді, жаңадан танылып келе жатқан әнші Анаргүл Сенбекқызы үкілі Ыбырайдың әні «Гәккуді» нақышына келтіре орындап, зор құрметке бөленді. Аудандық партком үгіт бөлімінің, аудандық мәдениет -денетәрбие мекемесінің, аудандық халық істері мекемесінің жауапты болуында өткізілген көнсерт кеші екі сағаттан астам жалғасып, «Өр Текес ــ кең далам» әнімен шымылдығын жапты. Аудан басшыларынан Қуаштай Қазыбекұлы, Уаң Пейжәу, Таңсақар Бағынұлы, Яң Иұйшуан, Гау Уи, Нұрәлі Толымбекұлы, Ли Шяңчян, Жолдыбай Жырғалбайұлы, Рақым Әміреұлы, Жаңабек Тұрсынқазыұлы, Жанболат Бәтенұлы қатарлылар әр ұлт көрермендерімен бірге Наурыз көнсертін тамашалады.

Моңғолкүре ауданы, Іле облысы, Шыңжаң автономиясы, Қытай Халық Республикасы.

Суреттерді түсірген Қайрат Қайыпжанұлы.

P.S. Қытай елінен хат жолдаған қандасымыз әрі әріптесіміздің сол өңірге тән грамматикалық және орфографиялық жазу стилі сақталды.

Ұқсас жаңалықтар