Жамбыл облысында метеорит болуы мүмкін делінген жұмбақ тас табылды
- author «Ақ жол»
- 16 ақпан, 2016
- 219
Жамбыл облысы Шу ауданындағы елді мекеннен "жұмбақ" тас табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Редакциямызға хабарласқан Шу ауданының Беласар ауылының тұрғыны Мэлс Шүкеевтің айтуынша, ол ауыл маңындағы өзеннің жағалауынан "жұмбақ" тас тауып алған. Тастың табылғанына жарты жылдай уақыт болыпты және осы мерзім ішінде "ерекше" затқа түрлі сипаттама беріп, "бұл метеорит" дегендер де табылған.
"Оны тіпті тас деуге де келмейтін сияқты, себебі ерекше бір дүние. Бір қарағанда шайырға ұқсайды, бірақ өзен жағалауынан тауып алған сәтте сындырып көруге тырыстым, тасты тасқа ұрғаныммен ол шағылмады. Үйге әкеліп, балғамен ұрып, бір кішкентай бөлігін сындырып алдым. Бір ерекшелігі тым өткір және жылтыр", - дейді ол.
Шүкеевтің сөзіне қарағанда, тастың биіктігі шамамен 20 сантиметр, ал салмағы 3 келіден асады.
"Мұражайларға немесе арнайы орталықтарға апарып көрсеткен жоқпын, бірақ бұл салада хабары бар, оқыған ағайындарымыз көріп, мұның аспаннан түскен дене болуы мүмкін екенін, енді бірі көршілес елдерде қымбат бағаға сатуға болатынын айтты", - дейді Мэлс Шүкеев.
Ол берген мағлұматтар бойынша, геолог мамандарға хабарласып көрдік. Әрине, қолымызда "жұмбақ" тастың суреті ғана болғандықтан мамандар нақты жауап бере алмады, бірақ "метеорит болуы мүмкін" деген нұсқамен келіспеді.
"Суретке қарағанда, липарит тәріздес, қарапайым шөгінді тау жынысына ұқсайды. Бірақ ол антропогендік қалдық болуы да мүмкін. Ол бір кездері балқып, шыны сияқты болып жылдам қатып қалуы ықтимал. Шыны сынды жылтырап тұрғаны да сондықтан. Алайда суретке қарап қателесіп кетуге де болады", - деді белгілі геолог, Қазақ географиялық қоғамы ғылыми кеңесінің мүшесі Илья Фишман.
Сонымен қатар, бұл пікірді Геология және минералдық ресурстар, ақпараттық-талдау орталығының мамандары да құптап отыр. Олардың ойынша, табылған тас метеоритке ұқсамайды.
"Суретке қарап тастың метеорит немесе метеорит емес екенін анықтау мүмкін емес. Суреттен тастың қырлы әрі сүйір екенін көруге болады, бірақ метеоритте ондай жоқ! Метеорит жерге құлап келе жатқанда жоғары температураның ықпалына ұшырайды, материал қызып, дене ери бастайды, сол үшін де метеориттің сүйір, үшкір қырлары болмайды. Қазақстанда метеориттер бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді, олар ел аумағына құлаған метеориттерді тіркеп, жинаумен айналысады. Олар сараптама жүргізіп, дерек расталса, метеорит арнайы каталогқа тіркеледі", - деп жауап қатты орталық өкілдері.
Ал тасты тауып алған азаматтың өзі қазір Шу ауданында тұрады. Ол болашақта бұл "ерекше" тасты зерттеуге ниет білдірген ғалымдар болса, тасты сол өңірге алып баруға дайын екенін де айтып отыр.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді