Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Ерлік – елге  мұра, ұрпаққа  ұран
ашық дереккөз
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Ардагерлер ардақталып, ал құрбан болғандардың рухына тағзым етілді

Ағымдағы жылы ақпанның он бесі күні Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына жиырма жеті жыл толды. 1978 жылдың сәуір айында Ауғанстанда төңкеріс болып, арты аяқталмас соғысқа айналған еді. Бұл қасірет елдің өз ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі континенті аталмыш елге кіріп, онда 1989 жылға дейін соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысты. Оның 2 мыңы жамбылдықтар десек, олардың қатарында 600-ге жуық тараздық жауынгер болған.

IMG_8410Талай шаңырақты шайқалтқан сол майданда мыңдаған қазақ жауынгерлері қыршынынан қиылды. Облысымыздан аттанғандардың жетпіс бірі елімізге оралмады, біреуі хабарсыз кеткен. Алпыс үш жауынгер бірінші және екінші топтағы мүгедектер болып қайтты. Егер сол жылы әскеріміз Ауғанстаннан шығарылмағанда бұдан да ауыр жағдайға тап болар ма едік, кім білсін?

Осыған орай Тараз қаласы әкімінің орынбасары Маржан Қожаева мен Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Балабек Нарбаев Ауған соғысы құрбандарының ата-аналары мен жесірлерін қабылдады. Кездесуге алты қайтыс болған интернационалист жауынгердің ата-анасы мен жесірі және бірқатар ардагерлер қатысты. Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Маржан Қожаева жиналғандарды атаулы күнмен құттықтады. - Қазіргі таңда облысымызда мыңнан аса Ауған соғысы ардагерлері болса, оның 493-і – тараздықтар. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан Ауған соғысы ардагерлеріне әртүрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Биыл осы арнаулы датаға орай ардагерлер мен құрбан болған жауынгерлердің аналары мен жесірлеріне бір жолғы материалдық көмек ретінде 11 миллион 550 мың теңге бөлінді. Атап айтар болсақ, олардың қоғамдық көліктерде тегін жүрулері, мерзімді баспасөз басылымдарына жазылуы ұйымдастырылған. Былтырғы жылы ардагерлер мен мүгедектердің шипажайларда ем алуына алпыс жолдама берілді. Сондай-ақ, Астана, Алматы қалаларындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған госпитальға жетпіс ардагеріміз тегін барып, ем алып қайтты. Ауған соғысы ардагерлерінің тұрғын үй мұқтаждықтары ескеріліп, 2005 жылдан бері «Астана», «Бәйтерек» мөлтек аудандарында 68 пәтер берілді, – дей келе, Маржан Қожаева ауған соғысының қатысушылары мен олардың ата-аналарына және жесірлеріне сый-сияпат жасап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, жастар тәрбиесіне өз ерлік істерімен үлгі болып жүрген алты ардагерді Тараз қаласы әкімі Нұржан Календеровтің Алғыс хатымен марапаттады. Жиында соғыс құрбаны Виктор Байдачныйдың жесірі Нина Байдачная мен ардагер Рахымжан Малыбаевтар сөз алып, сұрапыл жылдардың ауыр естеліктері естен кетпейтінін айтып, бүгінгі еліміздің бейбіт әрі берекелі күніне шүкіршілік танытты. Өздеріне үнемі қолдау білдіріп жүретін мемлекет, қала басшылығына ризашылықтарын жеткізді. Бұдан соң интернационалист жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ескерткіш маңына жиналған жұртшылық бір минут үнсіздікпен Ауған соғысының құрбандарын еске алды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар