Әлеуметтік желінің әуресі де көп

Әлеуметтік желінің  әуресі де көп
ашық дереккөз
Әлеуметтік желінің әуресі де көп

 Адамдарды телміртіп қойған әлеуметтік желінің зиянды жақтары бар. Біріншіден, әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден алыстатады. Бұл әсіресе, жастар арасындағы күрделі мәселе болып отыр. Күн ұзаққа желіде отыратын бала адамдармен шынайы араласа алмайды, тұйықталып, ғаламторға тәуелді болады. 

Көптеген жастар сыңарын табу мақсатымен бейтаныс адамдармен танысып, бармақ тістеп қалатын кездер де аз емес. Ал әлемде жыл сайын шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады екен. Жақында ақпараттық порталдардың бірінде ғалымдардың әлеуметтік желі туралы зерттеулері жазылды. Онда «Инстаграмм» желісі депрессияға ұрындыратын желі деп айтылған. Ал «В Контакте», мамандардың пікірінше, суицидке апаратын желі болып шықты. Кім біледі, оның еліміздегі жасөспірімдер арасында суицидтің белең алып тұрғанына ықпалы бар шығар. Әлеуметтік желі әрбір үшінші жұптың ажырасуына себепкер. Ғалымдардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді. Оны көп қолданатын жасөспірімдердің ұйқысыздық, күйзеліс және мазасыздану сияқты жағымсыз әдеттерге душар болуы мүмкін. Глазго университетінің қызметкерлері доктор Хизер Клиланд Вудс пен Холли Скотт зерттеу кезінде әлеуметтік желілерді белсенді түрде пайдаланудың денсаулыққа қалай әсер ететінін білу мақсатында 470 жасөспірімнен сауалнама жинаған. Экспериментке қатысушылардан күн бойы және ұйқы алдында қаншалықты жиі кіретіні сұралды. Сонымен қатар, олардан онлайнда болуға деген ынтасы және интернетке кіре алмаған жағдайдағы көңіл күйі нақтыланған. Кәмелетке толмағандардан сауалнама алған ғалымдар олардың онлайн-байланысқа қаншалықты көп көңіл бөлетін болса, ұйқысыздық ауруына шалдығу деңгейінің өсетінін, өзіне-өзі көңілі толмаушылығын, күйзеліс пен мазасыздыққа ұшырайтынын анықтады. Көбінде мұндай белгілер Facebook, Twitter, Tumblr, Pinterest, Instagram және Youtube сияқты сайттардың қолданушыларында табылған. Психолог мамандардың сөзіне құлақ түрсек, әлеуметтік желі бүгінде ең қауіпті дерттердің қатарына жататынын айтады. «Психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, ғаламтор, ұялы телефон, желі байланыстарының әсері өте үлкен. Балалар кішкентайынан дамыту, сергу ойыншықтарына емес, ата-анасының ұялы телефонына, айпадына ұмтылуда. Алғашында ол балаға жай бір жарық беретін, жылжитын, не сурет көрсететін зат сияқты қабылданса, кейіннен магнитше жабысады. Бұл баланың дүниетанымының дамуына, қоршаған ортаны тануына, айналадағы құбылыстарды сезінуіне кедергі жасайды. Көзіне зияны өте зор. Баланың тәбеті де бұзылып, белгілі бір режімдерден ауытқиды», – деп есептейді олар. Иә, бүгінде әлеуметтік желі – әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Алтын уақыттарын ұрлап, табиғи сезім-түйсіктерден мақұрым ететін осы бір дерттің дауасын дүйім әлем іздеп отырған жайы бар. Ендеше телефон экранына телміруді азайтайық. Әлеуметтік желіге әуес болма дегіміз келеді.

Наурызбек САРША,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар