От боп жанған оғлан

От  боп  жанған оғлан
ашық дереккөз
От боп жанған оғлан

Ауған жерінде көз жұмған Нұрлан Омаров туралы бір үзік сыр

Н9рлан-ОмаровАқпан айының дәл ортасы – Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні. Бұл күні сол ажал апанына айналған қасіретті соғыстан аман қайтқандар осынау еліміздің бейбіт те берекелі күніне тәубе деп, өткен күннің зұлматты жылдарының артта қалғанына шүкірлік танытса, енді бір отбасылар үшін ауыр да қайғылы сәттерді еске салып, жүрек тұстарын әлдебір күйзеліс суығы қарып өтері сөзсіз. Он жылға созылған Ауған соғысында қаншама қандастарымыз қан кешіп, оттың ортасында жүріп жан беріп, жан алысса, мыңдаған қазақстандықтар ажал құшып, алыстағы ауылына табытпен жеткізілген еді. Тағы біршамасы із-түссіз кетті. Олардың дені он тоғыз бен жиырма бір жас аралығындағы өрімдей бозбала, жап-жас жігіттер еді... Солардың бірі қиырда жүріп, қыршынынан қиылған, аз ғана ғұмырында Отан алдындағы азаматтық парызын адалынан атқарып өткен жүректі жас Нұрлан болатын. 

Нұрлан Омаров – Жамбыл ауданының тумасы. Ол бала күнінен спортқа жақын болып ержетеді. Жастайынан күрес боз кілемінде жаттығып өскен Нұрлан болмысына бірбеткейлік пен қайсарлық, байсалдылық пен ер мінезділік тән еді. 1987 жылы Нұрлан да қатарластары секілді әскер қатарына шақыртылады. Отан алдындағы міндетіне абырой биігінен қарауды әкесі Амангелдіден үйреніп өскен ол алдында отты жолдар, сұмдық соғыс күтіп тұрғанын сезген жоқ. Сол жылдың сәуір айында аудандық әскери комиссариаттан азаматтық борышын өтеуге қатарласымен бірге сап түзеп, Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына жол тартады. Онда бір апта болып, сол жерден жасақталған он бес бала №20 «а» командасы құрамына еніп, Оржоникидзе қаласына жеткізілді. Әскери тәртіп, азаматтық парыз бәріне ысылған жас сарбаздар үш ай оқу-жаттығудан соң Ауған соғысына аттанып кете барады... Олар алдымен ұшақпен Кабулға қонады. Кабулдың тау-тасына көз тастаған жас сарбаздар алдарында қандай қиын сәттер тосып тұрғанын нақты сезбесе де, іштей түйсінген еді. Соғыстың аты – соғыс. Кідіріп, тұралап тұрарлықтай уақыт жоқ. Оларды Кабулға жеткізе салып, екі-үш сағаттың ішінде түрлі міндеттер жүктеп, томағасын сыпырған тұйғындай қанды «салбурынға» салды да жіберді. Нұрлан Жалалабадта жасақталған № 66 бригададағы танк батальонына алынды. Бірер күннен кейін-ақ оның ауылда әкесінің қасында көлік жүргізуге машықтанғанынан хабардар болған басшылық оны жанармай таситын үлкен «Урал» автокөлігіне отырғызады. Бұл тізгінде отырған оның негізгі міндеті – танктерге, БТР-ге жағармай тасу және құю болды. Нұрлан тек тізгінде отырып қана қойған жоқ, рөлде отырса да қасындағы екі көмекшісімен бірге қолынан АКМ автоматы түспейтін. Оқыстан тұтанған атыстарға да қатысып жүрді. Сондай жанжалдардың бірі Гардез аймағындағы техникаларға жанармай жеткізу кезінде орын алған. – Көздеген жерге жетер-жетпестен душмандар оқпен қарсы алды. Бір кездері біріміз совет, біріміз неміс болып атыспақ ойнаған балалық шақ көз алдымызға келді. Бірақ, бұл мүлде басқа көрініс еді. Қолдан келсе, душмандар бәрімізді жайратып салуға әзір еді. Жауларымыз тау тасалап, ту сыртыңнан қару кезенудің нағыз шеберлері екен. Біз де бой бермедік. Бір сағаттай үздіксіз атысқа созылған алапат әзер дегенде басылды. Құдай қақты ма, біз жақтан адам шығыны болмады. Кейін білдік, душмандар негізінен «бензовоз» көлігін атып, жаруға талпынады екен. Сонда, сол маңдағы әскерилер ажал құшып, жанармай күтіп отырған танк, БТР-лер жүруден қалады. Осыны жете түсінген Нұрлан, көлік айдауда әкесінен үйрен әккілігін пайдаланып қандай атыс болмасын жанармай көлігін жар мен тасаға тығып үлгеретін. Басқа біреу болса, көлікті тастап, бас амандығын ойлап, қашып кетер ме еді, кім білсін... Нұрлан олай етпеді, – дейді Уалихан Көпжасаров қандыкөйлек досын есіне алып. – Ауған жері – таулы аймақ. Шеті мен шегі жоқтай ирелеңдеген соқпақтардың өзі бойға үрей сыйлайды. Сәл қит етсе, төбеден төнген ажал-құзғынның тырнағына ілініп кететіндей қорқынышты бастан кешіресің. Сондай қиын сәттердің өзінде Нұрлан қызықты әңгімелер айтып, бәрімізді күлдіртіп, қорқыныш сезімімізді сейілтетін. Сағат сайын дабыл. Душманға да, ұйқы-дұшпанға да бағынбауға бел будық. Кезекті тапсырмамыз – Асадабад таулы өлкесінде қалған жауынгерлерге көмек көрсету. Осы жорықтағы шайқас әлі есімде. Талай рет атыс-шабысты көрсек те мұндай қарсылыққа бірінші рет кезіккен шығармыз. Тұс-тұсымыздан, төбемізден оқ борап жатты. Жаудың қай тұста екенін аңғару мүмкін емес. Арамыздағы жауынгерлер жарақат алуда. Ұзаққа созылған атыс бір мезетте тына қалды. Сонда Нұрлан: – Сендер білесіңдер ме, соғыс кезіндегі тыныштықтың арты аласапыранға ұласады. Ауған халқы – мұсылмандыққа шындап берілген халық. Қазір олар үшін намаздыгер уақыт. Осыны пайдаланып, біз уақытпен санаспай өз көздеген жерімізге жетіп алуымыз керек, – деді. Нұрланның осы ақылының пайдаға асқан сәті көп болды, – дейді ауған соғысының ардагері, Нұрланның қарулас досы Марат Теңізбаев. Ол Нұрланның осындай ерліктеріне риза болған капитан Тарасовтың Нұрланды құшақтап «Сені Совет Одағының Батыры атағына ұсынамын» деген ризашылықтан туған әсерлі мақтауын да жеткізді. Көп ұзамай Нұрлан «За Отвагу» медалін омырауына таққан екен. Бұдан кейін де жамбылдық жауынгер көптеген шайқастарда шыңдалып, тапқырлық және қайсарлық қасиеттері арқылы тапсырмаларды тиянақты орындай білген. Ауғанның барлық аумағында болған ол талай рет ажал апанынан аман қалды. 1988 жылы Кеңес әскері Ауған жерінен шығарыла бастаған тұста елге қайтатынын естіген Нұрлан да басқа майдандас достары сияқты қуаныштан бал-бұл жадыраған еді. Алайда, елге қайтар жолдағы қауіпті Саланч асуындағы кескілескен соғыста Нұрланның «бензовозы» жарылып, өзі ауыр жарақатпен госпитальға жеткізіледі. Алайда, оның өмірге ғашық жүрегі сол госпитальда біржола тоқтап, бұл дүниемен мәңгілікке қош айтысып кете барады... Жиырмаға енді ғана толған өрімдей жігіттің қазасы ауылдағы ата-анасына аяздай батады. Әкесі Амангелді, анасы Жасан Нұрланның ауғандағы соғысқа қатысқанын, сонда мерт болғанын мырыш табытпен өлі денесі жеткенде ғана бір-ақ біліпті. Оған дейін ұлымыз әскерде жүр деп ойлаған ата-ана бауыр еті баласының ерліктерін жолдастарынан естіп, көз жастарын көл еткен. Ол өмірден өткен соң, соғыстағы ерліктері ескеріліп «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ауған халқының құрметі», «Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 15 жыл» секілді медальдарымен марапатталды. Өкініштісі – бұл марапаттарды Нұрланның өз кеудесіне тақпағаны. Десек те, ерлік ескірмейді, естен өшпейді емес пе? Нұрланның жарқын бейнесі достарының, туған-туыстары мен ата-анасының жүрегінде мәңгі сақтаулы.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар