Мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – қымыз

Мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – қымыз
ашық дереккөз
Мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – қымыз

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау ретінде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – қазақ халқында киелі саналатын жылқы малын көбейтуге арналған «Құлан» бағдарламасы. Бүгінде ауданымызда мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп, шаруашылығын шалқытқан жандар жетерлік. Тиімді бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі – Ботамойнақтың тұрғыны Мамыр Бозғұлов. Жол түсіп, Байзақ ауылындағы Мамырдың үйіне ат басын бұрдық. «Әлібек» шаруа қожалығының мүшесі М.Бозғұлов ұлы Жандоспен бірге қора сыртында жылқыға азық беріп жүр екен. Шөбі мен жемі алдарында. – Мал шаруашылығы – ата кәсібіміз ғой. Еңбек етемін деуші­лерге Үкіметтің көзқарасы жақсы болған­­­­­дық­тан, дағдарысқа қара­мастан, өзімізді-өзіміз жұмыспен қам­тып отырған жайымыз бар, – деді ол.

Айтса айтқандай, сөзінің жаны бар. Жаһандық қаржы дағдарысына қарамай, үйін кепілге қойып, «Тараз» кредиттік серіктестігі арқылы бес жыл мерзімге 2,7 миллион теңге несие алып, ол қаржыға 8 бас бие мен жабы тұқымды 2 айғыр сатып алыпты. Мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – қымыз жылқыдан тек пайда көретініміз рас. 

«Құлан» бағдарламасының арқасында «Әлібек» шаруа қожалығы қайта жанданды десек, артық айтқандығымыз болмас. Мамыр ата кәсіпті білек сыбана қолға алып, балаларымен бірге өркендетпек ниетте. Екі бие бордақыланып жатыр. Арнайы қоршауда тұрған жабы айғырдың кісінеген даусын естіп, сол жаққа бет бұрдық. Келісті келген, тұрқы ұзын, сымбатты жануар екен. Көркіне көз тояды. Шарбақтың шеткі бөлігінде үш тай-құнан шапқылап, ойнақ салып жүр. Арасында көзге ерекше түскені көкшіл түсті құнан болды. Мойнынан түскен жалы жiбектей сусылдайды. Сирақтары ұзын, көздерi ботадай әдемi. Дене бiтiмi көздiң жауын алатындай құнанның аты «Махаббат» екен. Бірнеше бәйгеде бас жүлде алыпты. – Байлықты малмен өлшеген халықпыз ғой, еңбектің арқасында алға қойған мақсаттарым орындалып, халықты жұмыспен қамтып отырмын. Осы шаруа балаларыма мирас болып қалса игі, – дейді ауыл фермері «Махаббатқа» сүйсіне көз тастап. Есен-саулығын «Мал-жан аман ба?» деп бастайтын қазақ үшiн төрт түлiктiң орны бөлек. Жылқы – төрт түлiктiң бiрi. Жылқы иесi – Қамбар ата. Қазақ халқында жылқыны құрметтеп, қасиеттеп, жоғары бағалаған. Бiз, қазақтар, «Жылқы мiнездi халықпыз» дегендi жиi айтып жатамыз. Ал жылқы – судың тазасын iшiп, шөптiң құнарлысын ғана жейтiн жануар. Ең бастысы, жылқы өзiне басқаның үстемдiк етуiне, таптап-талауына, аяқ асты етуiне жол бермейдi. Жылқы – еркiндiктi сүйетiн, бостандықтың бейнесi. Сондықтан, шын мәнiнде, тек сөз жүзiнде ғана емес, iс жүзiнде де жылқы мiнездi қазақ екенiмiздi паш ете бiлгенiмiзге не жетсiн, шiркiн! Ендеше, жылқы туралы көбiрек бiлiп, көбiрек ой түйiп, жылқы жайында жоғарыда айтылған қасиеттер өз бойынан табылған, оны жаны сүйетiн бауырларымыз арамызда бар-ақ, олар ауданымызда жылқы шаруашылығын өркендетiп, өсiруге өз үлестерiн «Құлан» мемлекеттiк бағдарламасы арқылы қосуда.

Мұхтар Манекеев, журналист. Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар