Соңғы 5 жылда 71 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді
- author «Ақ жол»
- 15 ақпан, 2016
- 225
Соңғы 5 жылда 71 денсаулық сақтау нысаны тұрғызылып, пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы Тараз қаласында 300 төсектік көп бейінді қалалық аурухананың және Меркі ауданы мен Қаратау қаласындағы аудандық емханалардың ашылуы жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимов Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында хабарлады.
Жиын барысында облыстағы мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламалары аясында жоспарланған жұмыстар, өткен жылы атқарған жұмыстар туралы айтылды. – Мемлекеттің мықты өсіп-өркендеуі мен дамуы жолында «бес институционалдық реформаларды» жүзеге асыру үшін еліміздің тұрақты әрі табысты дамуы жолында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары елімізді жаңа тарихи даму кезеңіне бастап отыр. Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Басты байлық саналатын денсаулық мәселесінде аурудың алдын алу, ерте бастан күресу шараларына басымдық берілетін болады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту үшін мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтардың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізге алынбақ, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы. Ел азаматтарының денсаулығын жақсартуға бағытталған, елдің әлеуметтік-демографиялық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2010 жылы Президент Жарлығымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған еді. Аталмыш бағдарламаны іске асыру нәтижесінде аналар өлімі 6 есеге төмендеген. 2011 жылы бұл көрсеткіш 26,2 болған, ал өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,8-ді құраған. Нәресте өлімі көрсеткіші 10,5-ке дейін төмендеген. Ана мен балаға көмек көрсетуді жақсарту мақсатында былтырғы жылы 200 төсекке арналған облыстық перинаталдық орталық пайдалануға берілді. – Атқарылған кешенді іс-шаралар нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша ахуал тұрақтандырылды. Туберкулез бойынша негізгі көрсеткіштер 5 жылдың ішінде 26,1 пайызға төмендеді, туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 5 жылда 48,5 пайыз төмен түсті. Қатерлі ісіктердің диагностикасын жақсарту мақсатында облыста 20 онкологиялық, 21 маммологиялық және 40 қарап-тексеру кабинеттері жұмыс істеуде, – деп Ерлан Тоқтарұлы өткен жылы атқарылған жұмыстар нәтижесін атап өтті. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында облыстың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, дамыды. Әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау және тиімді емдеу әдістерінің жаңа технологиялары қолданылуда, өңір әлеуметтік, медициналық дамуында жақсы көрсеткіштерге жетті. Жергілікті бюджет есебінен 1244,6 миллион теңгеге 226 бірлік медициналық техника сатып алынды. Облыста ауылдық жерлерде жас мамандарды бекіту бағдарламасы әзірленген, жергілікті бюджеттен көтермеақы төлеу үшін қаражат жыл сайын қарастырылады, – деп қорытындылады сөзін басқарма басшысы. Жиын соңында басқарма басшысы тілшілердің қойған сауалдарына қанағаттанарлық жауап берді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді