«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жақсы адамдардан жақсы қасиеттер жұғысты болады»

«Жақсы адамдардан жақсы қасиеттер жұғысты болады»
ашық дереккөз
«Жақсы адамдардан жақсы қасиеттер жұғысты болады»

– дейді «Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы белгілі журналист, публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген

IMG_7384-«Алғашқы мақаламды төртінші сыныпта жүргенде жазғанмын»

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, қазіргі емен-жарқын әңгімемізді сіздің балғын балалық шағыңыздан бастасақ. Журналист болсам деген ойға ең алғаш қашан, қандай жағдайға (оқиғаға) байланысты бекіндіңіз? – Бүкпесіз шынымды айтайын. Біз мектепте оқығанда әр бала «Қазақстан пионері» және «Спорт» газеттеріне жазылатын. Әсіресе, бас алмай оқитынымыз – «Қазақстан пионері». Шәркүл Әлібекова деген пионер жетекшіміз болды (ол апай әлі де ортамызда). Ол кезде мектептерде дружина кеңесі деген болушы еді ғой. Жетекшіміз Шәркүл апай сол дружина кеңесі арқылы алыс-жақын сырт елдердің пионерлерімен байланысты ұйымдастыратын. Бір жолы пионер жетекшімнен Грузияға хат жазуға тапсырма алдым. «Қаратаудан Эльбурсқа сәлемдеме» деген сол хатты жазарда алдымда сәттіліктер күтіп тұрғанын сезбеген едім. Арада айға жуық уақыт өткенде менің әлгі хатым республикалық «Қазақстан пионері» газетіне «жарқ» етіп шыға келгені. Төртінші сыныпта оқимын сонда. Бұл жағдайға апай да аң-таң, мен де аң-таң. Шамасы, достыққа дәнекер жақсы хаттарды еліміздің пионерлеріне тарайтын газетке шығару жөніндегі бұл бастама грузиялықтар тарапынан көтерілген секілді. Ол хатта пәлендей ерекше ештеңе жазған жоқ едім. Сол біздің кеңшарда 60 мың қой бар, мынандай батырлар, ақындар шыққан, пионерлер саны мынанша деген секілді хабар-ошармен толтырған болатынмын. Алайда, сол мақалаға байланысты жан-жақтан жүзден астам хат алдым. Қаламгерлікке, журналистикаға деген мендегі оң әсер, қызығушылық осы мақаладан басталған тәрізді. – Көпшілікке белгілі адамның бірісіз. Оқырмандар сіздің ата-анаңыз туралы да білгілері келетіні анық. Әрине, әкенің бағып-қаққанын, ананың ақ сүтін ешқашан ақтай алмаспыз. Осылай қалыптасуыңызға сіздің өміріңіздегі ең қымбат адамдар қалай ықпал етті? – Жеті бауырдың ішінде кенжесімін. Әкем мені 62 жасында көріпті. Ол кезде анам 46 жаста екен. Ата-бабаларым осы Әулиеатаны, Тектұрмастың маңын қоныс етіпті. Ұлту әжемнің зираты Тектұрмаста жатыр (Төлепберген атамның жары). Аштықтың азабы біліне бастаған 1929 жылдары Таластағы Үшарал ауылында тұратын ағайындарымыз біздің отбасын өздері тұратын мекенге көшіріп алған екен. Жұттың қасіретін жақындарымен бірге бөліссін деген шығар. Әкем Мылтықбай қарапайым шаруа адамы еді. Бірақ, «Правда» газетін үзбей оқитын. Не білгенінің барын қайдам, Николай патшаны жақтырмай отыратын. Жылқылы, малды кісі болды. Жылдың барлық мезгілінде сабадан қымыз үзілмеді. Әкем ағайынға сыйлы, өз әулетінің биі болыпты. Балаларын өз атымен атаған емес. Ағаларым Пәрімбекті «Шыбозым», Әкпарды «Күшбала» деді. Үлкен ағам Әбдірді ғана Әбдір деп атады. Мені «Сақа» дейтін. Асықтың төресі сақа ғой. Қатарының алды болсын деген шығар. Ауылдастарым, сыныптастарымның бәрі мені «Сақа» дейтін. Әкемнің маған қойған жанама есімінің әсері шығар, бала күнімнен асық жинауды әдетіме айналдырдым. Осы күні жинаған 500-ден астам асығым бар. Ал Арзанкүл анам өте жайлы, жұмсақ адам болды. Ешкімге артық сөйлеген кезі жоқ. Келіндеріне де қатал болмады. Мен ененің бағасын келіндері беруі керек деп ойлаймын. Кейіннен арман іздеп Алматыға кеткенімде ол кісі ауылдан артынып-тартынып менің шаңырағыма жиі келетін. Сол кезде Алматыда Мария, Пәтия деген әпкелерім тұрды. Анашым ауылдан келгенде солардың кең үйіне жоламай, менің бір бөлмелі пәтерімді еркін жүретін ұясы санайтын. Біздің үйде бір айдай жатып, ауылға қайтуға онша асыға қоймайтын. Бірақ, күніге Түгіскендегі тірлікті ойлап, шаруаларға уайымдап отыратын. Алматыға пойызбен жеткен анам қайтарда ұшаққа мінгенді дұрыс көретін. Ол кезде Алматыдан Жамбылға ұшақтар ұшатын. «Өмір бойы жаяу жүрдік, автокөлікпен жүрдік. Ұшаққа да мініп көрейікші» дейтін анам. Алғаш ұшаққа анаммен бірге отырып ұштым. Сол сәттер естен кетпейді. Ата-анамның маған жасаған ықпалы – маған сенім артқаны. Жақсы тәрбие бергені. Айтпақшы, анам беріректе 76 жасында өмірден озды. Бақилық боларының алдында Қамбар, Қали деген құрдастарымды шақырып алып: «Сақа балам нәзік қой. Достарыңа қарайлай жүріңдер, көмектеріңді көрсете жүріңдер», – деп аманат айтыпты. Мен облыс әкімінің орынбасары болып келгенімде сол құрдастарым құттықтай келіп, анамның аманатын есіме салды. Анамыздың адал көңілмен айтылған сол өсиетіне толқып, басқа қылықтарын айтып, біраз күліп алғанымыз бар. – Бала күніңізде кімдерге қарап бой түзедіңіз? Сізді рухани бай жан дүниесімен баурап алған жерлестеріңіз болды ма? – Мен туып-өскен Түгіскен деген ауыл ол кезде Талас ауданына қарайтын, қазір Сарысу ауданының құрамында. «Түгіскен» кеңшарының №4 фермасынан оннан астам мықты ғалым, әкімдер шықты. Ауылдас талантты ақын-жазушы, қаламгерлер шоғыры бір төбе. Атап айтсам, Өкім Жайлауов, Күләш Ахметова, Серік Әбдірайымұлы, Әбдірахман Асылбеков, Сейітқазы Досымов, Болат Мәуленов, Болат Жаппаров, Оңлагүл Арзықұлова бастаған әдебиет өкілдері – біздің ауылдың перзенттері. Бұл күнде «Талас тынысы» газетінің директор-бас редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты Дүйсен Молдақұловпен қатар оқып, бірге өстім. Біздің фермада Мыңжасар Өткелбаев деген қарапайым еңбек адамы болды. Бірақ жазған мақала, эссе, әңгімелері сол кездегі республикалық «Лениншіл жас» газетінің бетінен түспейтін. Мыңжасар ағалардан тағылым алып, арманның асқарына сапар шеккенім анық. Әбдіманап Көпбергенов сияқты қоғам қайраткері, Қазақстан ғылымына әйгілі профессорлар: академик Құралбек Құлажанов, Сейсенбек Мұстафаев, Сағатбек Мырзашевтар – біздің ауылдың түлектері. Еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевпен де бір ауылда балалық күндерімізді бірге өткізгенбіз. Менің достарым көп, ең жақын досым – елімізге кеңінен танымал азамат Жақсыбек Құлекеев. Одан кейін тағы бір айтатыным – менің балалығым өткен Түгіскен, Үшаралдың қауынындай қауын еш жерде жоқ. Ондай дәмді қауынды әлемнен таппайсың. Торлама, сары қауын, сары әңгелек дейсіз бе – бәрі тәтті. Құмның қауыны. Сонда Үшаралда әбден пісіп жетілген қауын гүрс етіп зеңбіректей жарылғанда, даусы 50 шақырымдағы «Бостандық» кеңшарына дейін естіліп жататын деп сөз ететін үлкендер. Түгіскеннің қауыны республикаға кеңінен мәлім болды. Біздің ауыл сол қауынның ғажайып иісімен тыныстады, демалды. Ол өзі әр баланың жадында қалған ғажайып сәттер ғой.

«Шерағаң таланттың бәрін танитын, талантты бағалайтын»

– Таластың алақандай Амангелді (қазір Тамабек атында) деген ауылынан қырыққа жуық ақын-жазушы шыққанын таңданып айтамыз. Түгіскеннің топырағы да талай тектіні тудырыпты-ау. Әйгілі жазушы жерлесіміз Шерхан Мұртаза сіздің жездеңіз екен. Журналист болуыңызға ол кісінің жәрдемі болған жоқ па? – Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ журналист болуға бекіндім. Әдеби кітапты кішкентай кезімнен көп оқыдым. Оның үстіне, Орынша жеңгем – кітапханашы. Бүкіл кітап қолыңда тұрғанда көркем шығарма оқымау қылмыс секілді көрінді маған. Аудандық газет (ол кезде «Октябрь таңы» деп аталады) шыңдалу мектебім, жол көрсетер бағдаршам болды. Жергілікті газетке мақалаларым жиі шығатын. Сол кезде аудандық газетте Төкен Мақашов ағай бас редактор болса, Жеңіс Шыныбеков, Әлсейіт Әлменов, Марат Ділдабеков, Ескермес Ескендіров секілді қажығанды білмейтін, жауапкершілігі жоғары ағалар еңбек етті. Сол кісілерден хат, жақсы баға алғанымызға қуанып жүретінбіз. 1974 жылы орта мектепті бітірдім. Арман іздеп Алматыға аттанып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне бағым жанып түсіп кеттім. Бұл күнде елімізге аты-жөндері кеңінен таныс Жұмабек Кенжалин, Қайнар Олжай, Еркін Жаппасұлы, Қайыммұнар Тәбей, Шархан Қазығұлов, Әмір Оралбай, Қали Сәрсенбай, Кәрібай Мұсырмановтармен бес жыл бойы студенттік қызық шақтарды бірге өткізіп, университетті қатар бітірдік. Содан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде менің журналистік еңбек жолым басталды. Шерхан ағаның маған ешқандай бүйрегі бұрған жоқ. Жездем болған соң, жолыққан кезде ақыл-кеңес айтқан болар. Өзімнің де беталысым дұрыс екенін байқады ма, мен үшін біреулерге қоңырау шалған кезі жоқ. Ол кісі мені басқа талантты жас журналистермен бірдей көрді. Олардан бөліп-жарып қарамады. «Жақсы адам – жақсы емес, жамандықты жасай білмеген адам жақсы» деген нақыл осы Шерағаңа арналып айтылғандай. Ол кісіні Бауыржан батыр бағалады, рухани інісі санады. Біздің облыста жазба әдебиет Бауыржан Момышұлынан басталды. – Кәсіби журналист ретінде сізді шыңдаған, қанатыңызды қатайтқан «Жетісу» газеті болып тұр ғой сонда... – Солайы солай. «Жетісу» газетінде бөлім басқарған Жолдасқан Бозымбеков ағайдан үйренгеніміз көп болды. Ол кісіні ұстаз тұттым. Осы газетте он жылдан астам еңбек еткен екенмін. Сол жылдар арасында 700-ден астам көлемді мақалаларым жарық көріпті. 1990 жылы Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков бастаған желтоқсаншы жастардың суретін «Жетісу» газеті басып жіберді. Ол үшін бас редактор да, сол нөмірге кезекші редактор болған мен де жауап беріп, біраз әуреге түскеніміз бар. Республикалық «Халық кеңесі» газетінде де қолтаңбам қалды. Жалпыұлттық республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде 11 жыл 6 ай еңбек еткенімді журналистикадағы ең олжалы кезеңдерім деп есептеймін. – Еліміздің бас газетінде еңбек еткен жылдардың жөні бөлек дейсіз ғой. – «Егемен Қазақстанда» еңбек ету – әр журналистің арманы. Сондықтан, қазақ баспасөзінің қара шаңырағында өткен жылдарымды бәрінен жоғары бағалаймын. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Көшбасшымыз, Елбасымен бірге алыс-жақын шетелдерге талай сапарға шықтық. Елбасымен бірге жүрген сапарлардан көп әсер алдым. Елбасы менің көзімді ашты. Мемлекет басшысының жас Тәуелсіз елімнің белін қалай бекітемін, еңсесін қалай көтеремін, әлемге қалай мойындатамын деп толғанған сәттерінің талай рет куәсі болдық. «Егемен Қазақстан» газетіне менің 500-ден астам көлемді мақала-очерк, эсселерім жарық көріпті. Бір жолы Елбасы еліміздің көрнекті ақын-жазушыларын қабылдады. Сол күні «Егеменге» газеттің бетімен бір беттік материал дайындап, Елбасының кей сөзін орысшадан аударып, сол күнгі нөмірге дайындап, түнімен көз ілмегенім есімде. Ертеңіне түнімен дайындаған материалымды «Егемен Қазақстан» газетінен оқып, көпшілік риза болды. Мұндай сәттерді қалай ұмытарсың. Аға газетке қызмет еткенімді абырой санаймын. Ал журналистикада Нұрмахан Оразбеков, Жарылқап Бейсенбайұлы, Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбай секілді ғажайып өкілдерді өзгеге үлгі етемін. – Халық жазушысы, алаш ардақтаған жерлесіміз Шерхан Мұртаза жайлы естелік жазып, кітап шығарып жүргендер көп. Сіз ол кісінің жанында көбірек болдыңыз. Жақын қайнысы ретінде де еркеледіңіз. Шерағаң туралы сіз неге естелік кітап жазбайсыз? Әлде басқа жұрттың бәрі айтарын айтып болсын деп, әліптің артын бағып жүрсіз бе? – Шынымен, Шерхан Мұртаза ағамыз – барша қазақтың мақтанышы. Көркем шығармаларының өзі бірнеше тілге аударылды, мойындатты. Шерхан жездемнің «Қырық бірінші жылғы келіншек» деген соғыс тақырыбында жазылған кітабын толқымай оқу мүмкін емес. Ол кітапта соғыстың зардабынан қасірет шеккен жетім-жесірдің көз жасы көрсетілген. Сол кітаптағы Кенжекүл деген кейіпкер біздің ауылдағы Кенжеқыз деген кісі еді. Шераға адамдар образын керемет аша білді. Шерхан ағаның 1957 жылы жазылған «Талас көктемі» деген үш цикл жазбасы бар екен. Ал «Ай мен Айша» романы Айша анасына ғана емес, бүкіл қазақтағы барша асыл аналарға қойылған ескерткіш дер едім. Өмірінің отыз жылын Тұрар Рысқұловты зерттеуге арнағаны, Тұрарды қазақ оқырмандарымен қайта қауыштырғаны ерлікке пара-пар емес пе? Ол кісі өзі де драма жазды, аудармашылық қыры да болды. Адамзаттың алыбы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Ешкімді алалаған жоқ. Маған жасаған қамқорлығын басқа көптеген жас журналистерге көрсетті. Ол кісімен сапарларға көп шыққаным рас. Кейде 10-15 күн бойы бірге жүретін сәттеріміз де бар еді. Менің сонда бір байқағаным аузынан Бәйдібек бабаны, Домалақ ананы еш тастамай айтып жүретін. «Е, Бәйдібек бабам, қолда, жарықтық Домалақ ана – әулие ана» деп, солардың рухымен сырласып жүретін. Тағы бір естелік айтайын. Біздің студент кезімізде Алматыда Шерхан аға, Асанбай Асқаров, Қаратай Тұрысов, Өмірбек Жолдасбеков, Мырзатай Жолдасбеков секілді тұлғалар бас қосатын. Сонда негізінен Асанбай Асқаров сөйлейді, өзгелері тыңдайды. Арасында ой-пікір қосып ғана отыратын. Жақсылар бірінің сөзін бірі тосып сөйлейтін. Арасында Өмірбек Жолдасбеков «Шәкең – нағыз жолбарыс» деп қоятын Шерхан Мұртазаға қарап. Оны Қаратай Тұрысов құптайды. Осындай әдемі, әсерлі отырыс болатын. Мен бағыма қарай, міне осындай Бәйкен Әшімов сияқты Үкіметті 14 жыл басқарған кісілермен өте жақын араласып інісіндей болып кеттім. Олардан жақсы қасиеттердің бойыңа жұқпауы мүмкін емес. Ең әрісі – кісілікті үйренесің. Республикалық «Лениншіл жас» газетінде жүрген кезде шығыстан Оралхан Бөкей, батыстан Фариза Оңғарсынова секілді шын талантты тауып, талантты танып, қолдағаны Шерханның үлкен ұстаздық жүрегін, дарынды тани білетін ғажайып қасиетін көрсетеді. Ол кісі таланттың бәрін танитын, талантты бағалайтын. Қазір Шерхан аға туралы естелік жазып жүргендердің көп екенін байқап жүрмін. Мен де ол кісі туралы жазамын, шамам келгенінше қалам тербеймін, Құдай қаласа. Қазір көп жайды жадымда жаңғыртып, ойымды пісіріп жүрмін. Мұхтар Құлмұхамедтің «Қазақтың арғы-бергі тарихында Шерағаңдай редактор, ол кісідей мемлекет қайраткері болған жоқ» дегені барша қазақтың Шерхан Мұртазасына берілген лайықты баға деп ойлаймын. Ал республикалық «Халық кеңесі» газетінде қызмет істеп жүргенімде 1994 жылы басылым имиджі үшін күнтізбе дайындау қажет болып, екі қайраткер жазушыдан қысқаша ой-пікір алғаным бар. Сонда Шерағаң: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп жазды. Герольд Бельгер болса «Өңкей ақылды адамдар бас қосса, шешілмейтін ештеңе жоқ» деп жазды. Бұл екі қысқаша ой мені үлкен ойларға жетелеп кеткені бар.

«Облыс әкімінің орынбасары боламын деп ойлаған емеспін»

– 2010-2012 жылдары облыс әкімінің орынбасары болдыңыз. Бұл қызметке қалай қол жеткіздіңіз? – Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысының белсенді жігіттері бастаған еліміздің жақсы азаматтары Бәйдібек бабамызға құран бағыштау ниетімен еске алу жиынын жасады. Сол ұрпақтар үшін маңызы үлкен жиынды мен жүргізіп, дастарханға жиналған жүздеген жақсы-жайсаңның тілін тауып, басқарып бердім. Мұны Бәйдібек бабаға деген құрметім, атқаруға тиіс міндетім деп санадым. Ол жиынға келгендер сөзімнен селкеу тапқан жоқ, риза болып қайтты. Мен мұны жақсы ырымға баладым. Жақсы адамдар рухымен де тілекші болады дейді ғой. Арада санаулы апта өткенде облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалдым. Бұл қызметке келемін деп ойлаған емеспін. – Сол кезде қандай жұмыстарды жүзеге асыра алдыңыз? – Бір облыстың әлеуметтік-идеология саласына жауапты болу – өте зор жауапкершілік. Сол кездегі облыс әкімінің ыңғайын тауып, шешімін таппай жүрген біраз мәселелерді жүзеге асыруға бел шеше кірістік. Ойға алған мақсаттарыңды бір ізге түсіру де оңай емес. Ойға алған көп шаруаны орындай алдық. Сол жылдарда да өркендеу байқалды. Ондай ерекше сәттер есте қалады ғой. Облыс әкімінің орынбасары болғанымда мені ең алғаш таластық талантты ақын, марқұм Нарша Қашағанұлы құттықтап келді. Ол кісі еліміздің бұрынғы бас идеологтары Өзбекәлі Жәнібековті, Қуаныш Сұлтановты, облыстың бұрынғы бас идеологтары Ғайникен Бибатырова, Әлмұқан Исақовты, Жылқыбай Аралбаевты еске алып, солардың жолын жалға деп тілегін айтқаны әлі де жадымда тұр. Қолымнан келгенімше еңбек еттім, сол жылдар үшін өкінбейтін секілдімін. Ешкімнің алдында ұялмайтын сияқтымын. Өзіміз де есейдік, қалыптастық. Халықтан көп нәрсе үйрендім. Жанашырлықпен жұмыс істеген адамның еңбегі де нәтижелі болады. Айтпақшы, кезінде облыс әкімінің орынбасары болған Бақытбек Иманәлиев екеуміз бір ауылданбыз. Екеуміз Түгіскендегі №4 бөлімшеден шығып, бір мезгілде облыс әкімінің орынбасары болдық. – Қандай жоспарларыңыз орындалмай қалды? Анығын айтқанда, қандай жобаларды жүзеге асыруға үлгере алмай кеттіңіз? – Облыстан ақын-жазушы, қаламгерлерге арнап руханият орталығын ашуды жоспарлаған едік. Ұсынысымды сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев қуана қолдаған. Ыңғайлы жерді де іздеп тапқандай едік. Орталықтың ішінде мұражай болса, сыртында демалыс үстелдері қойылса дегенбіз. Шығармашылық өкілдері бір мезгіл келіп сырласса, шай ішіп, ой тербетсе деген тілегіміз болған. Ол қызметтен кетуіме байланысты бұл жоба жалғаспай қалды. Екінші бір жоспарымыз Тәуелсіздікке арнап ескерткіш қойсақ деп едік. Енді, бұл мәселе облысымызда биылғы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жүзеге аспақшы.

«Телеарнаға кездейсоқ келген жоқпын»

– Көпшілік сіздің газеттерде еңбек еткеніңізден хабардар. Сіздің облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасына директор болып келгеніңіз қалай болды? – Менің газеттен басқа салаға да мойнымды бұрған сәттерім баршылық. 2007 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында департамент директоры болып жылға жуық еңбек еттім. 2008 жылы «Жетісу» телеарнасының қолдауымен арнайы «Аманат» деген бағдарламаны жүргіздім. Сол жобаға Алматыдағы халықаралық «Қонаев қорының» сол кездегі президенті, қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев, даңқты балуан Әбілсейіт Айханов, ғажайып ақын Сәкен Иманасов, белгілі кәсіпкер, өнер мен руханияттың жанашыры Өмірзақ Сәрсенов бастаған қайраткер, өнер мен мәдениет, спорт саңлақтарынан сұхбат алғаным бар. Жетісу өлкесінің жампоздарын түгел қамтуға тырыстық. Ұлттық арнада 1980 жылдары «Спорт» бағдарламасын бес жыл жүргіздім. «Жаңалықтар» бағдарламасында штаттан тыс тілші болдым. Тіпті, «Егемен Қазақстанда» қызмет істеп жүргенімде қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Қазақстан» телеарнасында телемарафонды 11 жарым сағат бойы жүргізгенім бар. Кезінде республикалық бірнеше телеарналар қызметке шақырды, ол ұсыныстардан мен өзім бас тарттым. Сондықтан, «Қазақстан-Тараз» телеарнасына басшы болып келуім кездейсоқтық емес. – «Қазақстан-Тараз» сіз басқарғалы бағытын өзгертті, өркендеп, өсу үстінде. Телеарнаны басқару газет жұмысынан ауыр ма, жеңіл ме? Айырмашылығы бар ма? – Журналистер арасында бұрын бір пікір болатын. «Нағыз мықты журналист – газетте істейтіндер, телеарнадағылар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүреді» деген. Ол пікір әлі де жойыла қоймаған секілді. Осы кезге дейін телеарнадағылар әлсіз журналист саналып келді. Бірақ, шын мәнінде, олай емес, әрине. Телеарнаның да өз қиындығы өте көп. Мен оны осы «Қазақстан-Таразға» келгенде кеңірек түсіндім. Бірнеше жаңа бағдарламалар аштық. Жастарды жұмысқа тарттық. Бір ғана «Айна» хабары арқылы жүздеген портреттік адамдардың келбетін көрсете білдік деп ойлаймын. Өзім жүргізетін «Сыр-перне» бағдарламасы барша көрерменнің асыға күтетін дүниесіне айналған тәрізді. Жүз қырықтан астам қоғам, мемлекет қайраткерлері, әдебиет пен өнерде жүрген тұлғалардың ғажайып сырлары, толғаныстары тарих болып алтын қорда қалатын болады. Шерхан Мұртаза, Әкім Таразидың 80 жылдық мерейтойларына орай, Төле би туралы, облысымыздың 70 жылдығы туралы, Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы 25 минуттық арнайы фильмдер түсірдік. Бұл фильмдер республикалық телеарнадан да көрсетіліп, жоғары бағаланды. Міне, еңбегіміздің жемісі осылай-осылай көрініп жатыр деп ойлаймын. Телеарнаның қиындығы жетерлік. 15 минуттық кішкентай хабар үшін 20-30 адам еңбектенеді. Эфирдегі бір ғана артық қимыл бүкіл еңбекті жоққа шығарып жібереді. Тікелей эфирде қателесіп кету де қатер, қауіпті. Жалпы, қырық жылға жуық журналистік тәжірибеме сүйене отырып, мынандай қорытындыға келдім. Газет – қызық, қиын және ғажап өнер. Телеарна – қызық, қиын және қауіпті өнер.

«Алдымен спорт журналисі ретінде танылдым»

– Спорт тақырыбы да сізден алшақ емес. Спорт журналистерін қалай бағалайсыз? – 1983 жылы «Жетісу» газетінде еңбек етіп жүргенімде спорт тақырыбына да молынан қалам тербедім. 1983 жылы Украинада ересектер арасында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатын сол залдан тамашалап, өзім еңбек ететін басылымға оннан астам мақала жазғанмын. «Егемен Қазақстанда» жүргенде де спорт жағын қоса қамтып жазып жүрдім. Сондықтан білемін, спорт журналисі болу өте қиын. Бұл өзі – нәзік, қастерлі сала. Кешегісі болсын, бүгінгісі болсын, спорт журналистеріне құрметпен қараймын. – Биыл – Олимпиада жылы. Біздің облыстан төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеге қай спортшылар жолдама ала алады деп ойлайсыз? Облыстағы талантты спортшыларды қолдау жұмыстарына сіздің көңіліңіз тола ма? Спортшыларымыздың әлемдік, халықаралық деңгейде көрінуі үшін қандай шаралар жүзеге асуы қажет? – Облысымызда спортшыларды қолдау бар, жетіп жатыр. Әулиеата спортшыларының байрақты бәсекелерден алып жүрген олжасы қомақты деп ойлаймын. Ал биыл Бразилияда өтетін Олимпиадаға жолдама үшін жарыстарда жамбылдық спортшылардың бабында болуы өте маңызды. Бұл Олимпиадаға біздің облыстан, Құдай қаласа, дзюдо күресі бойынша Елдос Сметов, бокс спорты бойынша Олжас Сәттібаев жолдама алуы әбден мүмкін деген сенімім бар. Жолдама жолында бақ сынауға мүмкіндігі бар басқа да жерлестерімізге тілектеспін. Спорттың аты – спорт. Қиындығы көп. Бірақ, қазақ халқына тән қайсар мінез әрбір оғландарымыздың намысын жанып, мерейіміз үстем бола береді деген ойдамын. «Қазақстан-Тараз» телеарнасында тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Баркер кубогінің иегері, Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев туралы әрқайсысына 40 минуттық хабар дайындадық. Ал телеарна архивінен спорт тарихына қатысты көп қазыналарды көре алмадым. Мәселен, Жамбыл бокс мектебінің негізін салған Кеңес Омаровтың жекпе-жектері, ойындары алтын қорда сақталмапты. Бұл өкінішті, әрине. «1957 жыл» деген кітап жазғым келеді»

– Мейрамбек аға, қанша кітап жаздыңыз? – Тоғыз кітап жаздым. Не болса, соны емес. Көз майымды тауысып, зерттеп, ізденіп жаздым. «Қазақ спорт жұлдыздары», «Қаһарман Бақтыораз» деген кітаптарым жоғары бағаланды. Киевтен Бакуге бокс қолғабын арқалап келген талантты боксшы Шоқыр Бөлтекұлы туралы «Шоқыр» деген кітап жаздым. Ол кісі қайтыс боларының алдында Алматыда кішкентай бір бөлмеде тұрды. Сол бөлмеге іздеп барып сұхбат алдым. Ал Шоқырдың жан жары Нұрсұлу Тапалова – 1938 жылдары Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағын Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітовалармен қатар алған кісі. Журналистік кәсіптің арқасы ғой, «Қос жүрек, бір тағдыр» деген прозалық деректі 260 беттік кітапты диктовкаға отырып жазып шықтым. Әрине, қажетті мәлімет, құжаттардың бәрі қолымда болды. Мен айтамын, теруші қыз жазып отырды. Ақын Ұлбикені көбірек зерттедім. Саңырық батыр жайлы ізденген сәттерім болды. Әрине, бұл батыр мен ақын туралы кезінде Радлов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбай, Софы Сматаевтар да қалам тербеді. Мен сол кісілердің жазуы мен пайдаланған деректері негізінде жаңғыртып, тарихын түгендеуге тырыстым. Бір жолы кітап шығару қамымен жүргенде Алматыдағы баспалардың бірінде Нарша Қашағанұлымен кездесіп қалдым. Ол кісі де кітап қамымен жүр екен. «Аға, ауылда жүрсіз. Кітабыңыздың атын «Ауылда тұрамын» деп атамайсыз ба?» дегенім бар. Сөйтсем, ойым ол кісімен үндес шығыпты. Нәкеңнің шығарайын деп жүрген кітабының аты «Елде тұрам» деп аталады екен. – Тарихи тұрғыдан да біраз ізденістерге бардыңыз. Жалғастыру ойыңызда жоқ па? – Бабаларыңның жүріп өткен жолын әрбір ұрпақ білуі, сезінуі тиіс деп білемін. Мені де Қазақ елінің арғы-бергі тарихы қызықтырады. Сондай тарихи шындықтың бірі – Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы Қоқан, Хиуа хандықтарының ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы басқыншылық экспансиясы. Қазақстанның оңтүстік аудандары ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей патшалығына әлі де бағына қойған жоқ еді. Осы бір әрі-сәрі сәттерді пайдаланып, Қоқанның ханы Әлім 1801-1809 жылдары Қазақстанның Әулиеата, Жетісу жеріне қандыбалақ әскерлерін аттандырады. Бейбіт отырған елге тұтқиылдан шабуыл жасайды. Ауылдарды өртейді, қолға түскен қазақ сарбаздарын аяусыз жазалайды. Жас қыздар мен әйелдерді тұтқындап, хан сарайына жөнелтеді немесе құл-күң ретінде Орта Азия базарларына қымбатқа саудалайды. Бір Әулиеата өңірінің өзі қыз салығы, бойдақ салық, сүлік салығы, мал салығы дегеннен күйзеліп, әбден жұтаған ғой. Олар 63 жыл бойы біздің ағайындарға зорлығын жүргізіп, әл бермеген. Осы тақырыпқа біздің тарихшылар тіктеп қарағысы келмейді. Неге? Қоқан хандығының тарихына келгенде әлі де күмілжей береді. Бұл – біздің тарихтағы үлкен олқылық. Қоқан хандығы тарихын ажыратып ала алмасақ, Түркістан өлкесі елдерінің өткенінен жас ұрпаққа нақты мәліметтер бере алмаймыз. Тарихта айтылып жүргендей, сол тұстарда еліміздің оңтүстік өңірлерінде ХІХ ғасырдың басы мен орта тұсында 39 датқалық болған. Қоқан билігі шаһарлар мен қала тектес мекендерге қарасты өңірлерді датқалықтарға бөлген. Ал қазақтан 80-нен астам датқа шыққан. Олардың арасында өзіне берілген шен-шекпен үшін дұшпанның алдында құрдай жорғаламай, қарамағындағы елдің мүддесі үшін басын қатерге тіккен датқаларымыз да болды. Міне, осындай тарихымызға көз жұма қарауға болмайды. – Ендігі мақсат қандай? Басшылық жұмыс қалам ұстауға мүмкіндік бере ме екен? – Ендігі мақсатым «1957 жыл» деген кітап жазғым келеді. Бұл жылдың өз тарихы бар. Мәселен, осы жылы ғарышқа тұңғыш жасанды жер серігі ұшырылған. Ол жылы өзім өмірге келдім. Сол жылы Шерхан Мұртазаның «Талас көктемі» деген циклды еңбегі шыққанын айттым. Сол жылғы шыққан астық, мал өсірудегі жетістіктер, ауа райының жағдайы, спорттағы жағдайлар, сол жылы өмірге келген ақын-жазушы, қайраткерлер туралы толғанғым келеді. Сол жылы әлем елдерінде болған оқиғаларды да назардан тыс қалдырмаймын. Осындай бір кітап жазғым келеді. Көп жылдан бері қажетті материалдар жинақтау үстіндемін. Мәселен, 1957 жылы туған Кәрім Көкірекбаев, Мұратбай Жолдасбаев, Бекболат Орынбеков төртеуміз облыс деңгейінде қатар қызметте жүрдік. Мұның барлығы мен үшін маңызды. Оқырмандарға да ерекше әсер етеді деп білемін. – Сіздің отбасыңыз туралы оқырмандардың білгісі келетіні анық... – Елден онша ұзаған жоқпын. Бір гүл өссе, осы Жамбыл жеріне өссе екен, туған өлкемнің еңсесі биік бола берсе екен деп тілейтін азаматтардың бірімін. Өмірлік жолдасым Сәуле – жағырапия пәнінің мұғалімі. Қыздарым Айгерім мен Айғанымның бірі – қаржыгер, бірі – ағылшын тілі маманы. Құдай берген немерелерім бар. Атасы мен апасына тән, 6-сыныпта оқитын немерем Алан «Абай жолы» романын оқып бітірді. Абайдың қарасөздерін жатқа айтады. Қолымнан келгенше еліме қызмет етіп жатырмын деп ойлаймын. – Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар