«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шайтанның қызы

Шайтанның қызы
ашық дереккөз
Шайтанның қызы

Бала кезімізде ауылда кейуана жасы қырыққа келіп қалған Құралбай деген баласымен бірге тұратын. Бірақ сол қырықтығы Құралбай кішкентай бала сияқты еді. 9-10 жастағы балалармен ойнап жүретін. Кім жұмсаса соның жұмысын істейтін. Үлкендердің айтуынша, Құралбай шайтанның қызына ессіз ғашық болып, соған үйленген. Сосын шайтанның қызы Құралбайды ақылынан айырған екен. Құралбайдың әкесі Құмарбай өте көрікті, ат құлағында ойнаған шабандоз кісі болыпты. Құралбай 15 жаста кезде әкесі көкпарда аттан құлап мерт болған. Үлкендер жағы «оның өліміне де шайтан себепші болған» деседі. Өйткені, шайтанның қызы талай рет Құмарбайдың атының жал-құйрығын өрмек болған екен. Бірақ Құмарбай шайтанның азғыруына көнбеген. Ақыры, амалы таусылған шайтанның қызы «егер маған үйленбесең, ат жалын құшып өлесің, мен балаңа тием» деп серт еткен көрінеді. Сол кезде ел арасында «Құмарбай қайтыс болған соң, бейітінің басында шайтандар той-тойлапты» деген қауесет те тарайды. Кейіннен басына барып құран оқып қайтқан туыстары бейіт үстіндегі топырақтың тапталғанын көреді. Құмарбайдың қырқы өтісімен Құралбай әкесінің бейітіне жиі барғыштауды әдетке айналдырады. Алғашында оның бұл әрекетіне аса мән бермегенмен, кейіннен түн ортасында бейіт басына баратынын білгенде анасы мен туыстары алаңдап, оның дұрыс емес екенін түсіндіреді. Бірақ Құралбай туған-туыстарының айтқанына көнбейді. Болмаған соң туыстары Құралбайды молдаға оқытады. Молда оқыған соң Құралбай түн уақытында бейіт басына баруын қояды. Арада екі жылдай уақыт өткенде Құралбайдың түн мезгілінде бейітке баруы қайта басталады. Бұл жолы туыстарының молдаға оқытпақ болған әрекетінен де түк шықпайды. Құралбай молданы маңайлатпай қояды. Сосын туыстары Құралбайды аңдуға кіріседі. Бір түні Құралбай үйден шығып кеткенде ағасы да байқатпай соңынан ереді. Құралбай бейіт басына барып, әлдекіммен сөйлесе бастайды. Алғашында «Құран оқып отырған болар» деп ойлайды. Жақынырақ барғанда олай болмай шығады. Сәлден соң бейіт басында бір қыз пайда болады. Ағасы «Құралбай қызбен кездесіп жүрген екен ғой» деп ойлайды. Бірақ ауылдың емес, танымайтын қызбен неге бейіт басында кездесіп жүргеніне таң қалады. Ертесінде ағалары Құралбайдан «неге бейіт басында кездесіп жүрсің, басқа жерде кездесуге болмай ма? Ол қай ауылдың қызы? Кімнің қызы?» деп сұрақтың астына алады. Құралбай ештеңе білмейтінін айтады. Ол қыздың құпиясы көрінеді. Кездесу орнын да қыз белгілейді екен. Ол қыздың жай қыз емес екенін сезген туыстары Құралбайға онымен кездеспеуге кеңес береді. Бірақ ол туыстарының айтқанына құлақ аспайды. Бірде Құралбай үйленетінін айтады. Екі ағасын ертіп, қызды айттыруға барады. Бірақ қыздың айтуы бойынша, құдалардікіне тек кешке баруы тиіс. Құда түсушілер атпен бір сағаттай жүріп, екі ауылдың ортасында тұрған қыстаққа келеді. Бірақ келген қонақтарды баяғы бейіт басында көрген қыздан басқа ешкім шығып, қарсы алмайды. Қыз қонақтардың аттан түсуін сұрайды. Ағалары аттан түскенше қыз Құралбайды қолынан жетектеп үйге кіргізеді. Екі ағасы соңынан ереді. Үйге кіріп келгенде олар естерінен тана жаздайды. Кілең аппақ киінген қыздар Құралбайды ортаға алып айналып жүргенін көреді. Көпті көрген үлкен ағасы бұл шайтанның ісі екенін бірден ұғады да «бұл жерден кетейік» дейді. Бірақ Құралбай ағаларына ермей, сол жерде қалып қояды. Ауылға келген соң олар Құралбайды шайтанның шырмауынан қалай алып шығуды ойластырады. Ертеңіне таң атысымен кешегі қыстаққа қайта барады. Бірақ қыстақ басындағы үйде тіршілік нысаны байқалмайды. Ағалары үйге кіруге жүрексініп, Құралбайды сырттан дауыстап шақырады. Алайда, жауап болмайды. Сонан соң олар қайта-қайта Құран аяттарын оқып, үйге кіреді. Бөлменің ортасында Құралбай ес-түссіз жатады. Басқа тірі жан жоқ. Ағалары оны далаға алып шығып, есін жиғызады. Бірақ Құралбай не жағдай болғанын айта алмайды. Екі күннен соң түнде Құралбай тағы жоғалып кетеді. Туыстары бұл шайтан қыздың әрекеті екенін бірден біледі. Таң атысымен үш-төрт кісі болып қыстақтағы үйге қайта барады. Үйде Құралбай жалғыз өзі отырады. Дін аман. Бірақ бұл жолы үйіне қайтпай қояды. «Оның талабы – мен онымен үш ай бірге тұруым керек. Егер мен қазір сіздермен кетсем, онда ол мені және менің үрім-бұтағымды тыныш қоймайды», – дейді. Амалы таусылған туыстары ауылға қайтады. Болған жайды естіген Құралбайдың анасы «атадан қалған жалғыз тұяқты шайтанның қолына тапсырып қалай қарап отырмақсыңдар?! Егер сендер барып әкелмесеңдер, өзім барам» дейді. Ер-азаматтар Құралбайдың анасын сабырға шақырып, оны өздері әкелетінін айтады. Сөйтіп, ертеңінде қайта жолға аттанады. Әдеттегідей бұл жолы да Құралбай үйде жалғыз екен. Оны ақылға шақырып, сөзбен иландырмақ болған туыстарының әрекетінен нәтиже шықпайды. Амалы таусылған ағалары Құралбайды байлап, ауылға алып қайтады. Үйге әкелген соң Құралбайды байлап ұстап, туысқан ағалары кезегімен күзетіп отырады. Молда бірнеше күн оқиды. Бір күні таңертең оянса Құралбайдың аяқ-қолы шешулі жатады. Құралбай шайтанның қызы түнде келіп, қол-аяғын шешіп, «саған рұқсатымды бердім, бірақ ақыл-есіңді алып кетем» дегенін айтады. Туыстары Құралбайдың бұл айтқандарына сенбейді. Бірақ сол күннен бастап, ол расымен де ақыл-есінен айырыла бастаған екен.

Раида Балғарбек.

Ұқсас жаңалықтар