«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерекше қасиетімен есте қалған адамдар

Ерекше қасиетімен есте қалған адамдар
ашық дереккөз
Ерекше қасиетімен есте қалған адамдар

Туғанынан табиғатын ерекше етіп жаратқан, болмысы бөлек адамдар жер бетінде баршылық. Мұндай ерекшеліктері біреулеріне үлкен танымалдық әкелсе, келесілерінің өміріне кері әсер етіп жатады. Бірақ оларға деген қызығушылық әркез жоғары.

Мәселен, өткен ғасырда өмір сүрген Соломон Шерешевский жұртты өзінің есте сақтау қабілетімен таңдандырған. Бұл адам көптеген сандардан құралған үлкен кестені бір қарағаннан-ақ есте сақтап алатын болған. Осы кестені ондаған жылдардан кейін тағы да сұраса, бір қате жібермей қайталайды екен. Бұл қабілеті оның жұмысына үлкен көмегін тигізген. Циркте жұмыс істеген Соломон көрермендерді түрлі сандар мен сөздерді бірден жаттап алуымен таңғалдырып отырған. Ерекше жаратылған адамдардың бірі – Вим Хоф. Әлемге «Мұз адамы» деген атпен танымал Вим ешқашан суықты сезбейді екен. Осы қасиетінің арқасында ол өте төмен температураға ұзақ уақыт төзе алады. Ол Альпі тауларының ішіндегі ең биігі Монблан тауына жалаңаяқ шыққан. Сондай-ақ мұз толтырылған бөшке ішінде де ұзақ уақыт отыра алады. Бірнеше рет әлемдік рекордты да жаңартқан. Соңғы рет мұздың ішінде 72 минут бойы отырған екен. Ал жай адам мұндай жағдайда 15 минуттан кейін-ақ есін жоғалтып, бір сағаттан соң өліп кетер еді. Алайда дәрігерлер Вим Хофтың денсаулығынан ешқандай да ауытқушылықты байқамаған. Оның рекордтарының ішінде қар жамылған далада 21 шақырым бойы жалаңаяқ жүруі де кіреді. Суыққа төзімділігін байқап көру туралы ой оған 17 жасында келген көрінеді. Содан бері ол табиғаттың дүлей күшіне қарсы өз-өзін сынап келеді. Ал 1979 жылы дүниеге келген британдық Даниель Таммет – өте белгілі «саванттардың» бірі. Яғни аутизм ауытқушылығымен дүниеге келген, алайда керемет қабілетке ие адам. Оның ерекше қабілеті өте күрделі математикалық сандарды есте сақтау, есептерді шығару мен түрлі тілдерді меңгеруімен белгілі. Ол ең қиын деген есептерді ойша оңай шығара береді. Мәселен, 13 санын 97-ге еркін бөліп, бүтіннен кейінгі 100 санды жаңылмай-ақ айтып беруі мүмкін. Сондай-ақ оның тілге деген қабілеті өте ерекше. Қазіргі таңда ол 11 тілді еркін меңгерген. Әлемдегі ең қиын тілдердің бірі саналатын исланд тілін ол 1 аптаның ішінде үйреніп алыпты. Ұзақ уақыт бойы көз ілмеген, ұйықтамаған бала жайлы естіген бе едіңіз? 2006 жылы дүние есігін ашқан Рэтт Ламб туғаннан ұйқы дегеннің не екенін білмеген. Оның өз қатарластарынан еш айырмашылығы жоқ, өзгелер секілді ойнап-күліп жүре береді. Алайда тек күндіз ғана емес, түнде де солай. Алғашқыда ата-анасы мен жергілікті дәрігерлердің алаңдаушылығын тудырған балаға кейіннен бүкіл әлемнің дәрігерлері қызығушылық таныта бастайды. Бірақ та дәрігерлер қанша тырысса да, бұл феноменнің құпиясын ашу оңайға түскен жоқ. Тек бала 3 жасқа келгенде ғана оған «Арнольд-Киари» ауруы деген диагноз қояды. Яғни бала миының ұйқыға жауап беретін бөлігі бассүйекте қысылып қалған. Басында Рэттың денсаулығында ешқандай өзгеріс байқалмаса, кейін келе, мінез-құлқында өзгерістер пайда бола бастаған. Содан кейін дәрігерлер үлкен тәуекелге барып, өте ауыр ота жасайды. Ота сәтті өтіп, Рэтт өзгелерден еш айырмашылығы жоқ балаға айналған. Өзінің керемет есте сақтау қабілетімен әлем ғалымдарын таңғалдырып отырған тағы бір жан – AJ деген бүркеншік есімді иеленген әйел. Ол өткен өмірінің әрбір сәтін минутына дейін еш жаңылыспай айтып бере алады. Ғалымдарға өзінің қабілеті туралы айтқалы бері, оны жайына қалдыратын түрлері жоқ. Дегенмен, әлемнің ғалымдары қанша зерттесе де, мұндай ерекшеліктің құпиясы неде екенін еш түсіндіре алатын емес. Ең бірінші Ирвиндегі Калифорния университетінің психиатр мен невропатологтары зерттеген. Олар мұндай феноменнің қалыптасуына күйзеліс гармондары мен түрлі сезімнің күші әсер етеді деген қорытындыға келіпті. Кейбір дәрігерлер көңіл күйдің әсері оның өміріндегі ең маңызды сәттерін есте сақтап қалуына әсер етеді деп тұжырымдаған. Алайда мұндай тұжырым қате болып шығады. Ғалымдардың ұзақ зерттеуінің нәтижесінде, ол тек аса маңызды сәттерді ғана емес, өмірінің барлық кезін, әрбір минутына дейін есте сақтайтыны анықталды. Белгілі бір салаға ерекше қабілетті екенін танытқан жандар тарихта көп. Алайда AJ-дің жағдайы басқаша. Ол өткенді керемет есте сақтағанымен, нақты уақыттағы мәліметтерді жаттауға қиналады. Ғалымдар әзірге оның құпиясын түсіне алар емес. Қазіргі таңда шаң-тозаңға, шөпке, тамаққа болатын аллергиялар көп. Алайда, судан аллергия шығатынын естіп пе едіңіз? Денесіне бір тамшы болса да су тамып кетсе, бірден бөртпе басатындар да бар екен. Ғалымдар оны «су есекжемі» деп атайды. Мельбурнда тұратын Эшли Моррис осындай өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Су тұрмақ, денесінен бір тамшы тер шығып кетсе, аллергиясы қозып, денесін бөртпе басып кетеді екен. Негізі, найзағай бір түскен жеріне қайта түспейді деп жатады. Алайда колумбиялық Александр Мэндон өзін төрт рет найзағайдың нысанасына іліктім дейді. Алғаш рет оған найзағай 2012 жылы түсіпті. Сол кезде аман қалғанына қуанған жігіттің қуанышы ұзаққа бармаған. Біраз уақыт өткеннен кейін оны найзағай «тауып алып», тағы да тура түседі. Біршама уақыт өткен соң әскер қатарында жүрген оған найзағай маза бермеген көрінеді. Өзіне табиғаттың дүлей күшін тартып тұратын жігітті кезекті рет найзағай соққанда, оны үйіне қайтарып жібереді. Үйіне келген соң, найзағайдан қорғанудың жолдарын қарастыра бастайды. Ашық жерлерде жүрмей, жартылай ашық қалған терезенің қасында тұрмайтын болған. Десе де, оны отты жалын тағы да тауып алады.

Эльвира Жарылқасынова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар