немесе парапсихологтар туралы айтыс-тартысқа түсінік
Он сегіз мың ғаламның жұмбағы көп. Адам баласы зерттеп бітпеген құбылыстар көп әлемде. Адамзат жаралғалы бері белгісіз бір тылсым күшке сенетін болған және одан үрейленеді. Осы бір беймәлімдіктен туатын сезімнің сыры қашан ашыларын ешкім болжап біле алмайды. Тіпті, ғылым мен техника жақсы дамыған қазіргі заманда да физикалық әлемге сырттай ықпал ететін басқа да көзге көрінбейтін күштер туралы көп айтылатыны ойландырады. Соның бірі қазіргі әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартып отырған – парапсихология саласы. Біздің білетініміз – парапсихологияның қалыпты табиғат заңдары бойынша түсіндіруге келмейтін оқиғаларды, яғни тылсым дүниелердің жаратылысқа әсерін зерттейтіні. Ал әңгіме парапсихологтарға келіп тірелгенде қайтадан тосыламыз. Біртүрлі тосырқап, үрейленетініміз де жасырын емес. Парапсихологтар кімдер? Олар немен айналысады? Осы сауалдарға жауап іздеп, халық емшісі, «ҚазаҚстан Республикасының жұлдызды емшісі» орденінің иегері, М.Нострадамус атындағы халықаралық проскопиялық Академиясының толық мүшесі, Құртқа тәуіп атындағы Академияның толық мүшесі Сәулегүл Бердіқұлованы сөзге тартқан едік.
– Сәулегүл Әбіханқызы, парапсихология деген сөздің өзі бұлыңғыр ойға жетелейді. Жалпы, бұны беймәлім дүниелерді тануға деген ұмтылыс деп түсінеміз бе, қалай? – Парапсихология (грекше пара – маңында, төңірегінде) психологияның, адамның мінез-құлықтарындағы гипноз, елестету сияқты айрықша құбылыстарды зерттейтін саласы, ол үш түрлі құбылысты қамтиды. Біріншісі, сәуегейлік (ясновидения) – адам тағдырының өткен шағына ғарыш арқылы байланысқа түсу. Сәуегей хабарды осы шақпен жалғастырып барып, болып жатқан жағдайдың, мәселенің түйінін шешуге тырысады. Екіншісі, көріпкелдік (превидение) – адамның ой арқылы белгісіз ішкі және сыртқы күштердің әсері мен ғарыштық жүйемен байланысқа шығып, хабар алады. Бұл ми қызметіндегі түсініксіз күрделі өзгерістер арқылы – жүзеге асатын жүйелік құбылыс түрі. Көріпкелдік қасиет қалай, қайдан пайда болды, ол мәңгілік пе, әлде сиқыр ма – әлі белгісіз... Үшіншісі, телепатия – жер мен ғарыш арасындағы байланыс жүйесін жүзеге асырады. Адамның ойын ғарыштық жүйеге қосып, өңдеп, қайтадан хабарды жерге жеткізуіне әсер етеді. Адам ғарыш пен телепатиялық байланысқа шығады да, одан белгісіз күш әсерінен көріпкелдік жүйесіне көшеді. Барлық адамда бірдей көріпкелдік, болмаса телепатиялық байланыс бола бермейді. Белгілі адамдар тобы ғана осы екі қасиетке ие болуы мүмкін. Алайда, энергоинформациялық толқын қатты келген жағдайда үш қасиет қатарынан бір адамға қонуы мүмкін. Осы үш қасиеті бар адам «экстрасенс» деп аталса керек. «Сенсор» – «жоғары сезімталдық», «толқынды қағып алушы». Парапсихология кей жағдайда – экстрасенсорлық қабылдау, телепатия – түс көру, тағы басқа табиғаты айқындалмаған функционалдық қызметі тиянақсыз техникалық құбылыстар туралы мәліметтер жиынтығы ретінде көрінеді. Шындығында, ол алақанға қарау, болмаса ағзадағы ауытқушылықты сезу ғана емес. Оны әр адамның қайталанбас рухани жеке әлеміндегі құпия есікке кілт дер едім. Ал құпияның кілтін Жаратқан кімге сыйларын бір өзі ғана біледі. – Парапсихологияны дүниежүзі мамандары ғылым ретінде мойындаған жоқ. Солай емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Мамандар арасында парапсихология туралы бірде қызу айтыс-тартыс жүрсе, бірде ашық күмән туғызады. Ешкім оның нақты жауабын бере алмауда. Ал бұл өз кезегінде қазақтың халықтық дәстүрлі еміне де көлеңке түсіруде. Ш.Уәлиханов былай деген екен: «Бақсы – өзінің білімді, сиқырлы талантымен өзгеден биік тұратын адам. Ол – ақын, ол – сәуегей әрі емші. Сонымен бірге, кез-келген адам ақын бола алмайтыны сықылды, кез-келген адам бақсы бола да алмайды». Яғни бақсыға жынның да, перінің де көмегінен бұрын табиғи дарын күші қажет деген сөз. Омар сахаба: «Дүние даңқы малмен, ақырет даңқы ізгі амалмен шығады. Адамдармен жақсы мәміле жасай алу – ақылдың жартысы, жақсы сұрақ қоя білу – білімнің жартысы, істі жақсы басқара білу – тіршілік етудің жартысы», – деген. Ал біздің бабаларымыз «Санасызға сан айтсаң да түсінбес, жетесізге жеті айтсаң да түсінбес» деп, санасызға ешқандай білімнің де, тәрбиенің де, заңның да, діннің де ықпалы болмайтынын ескертіпті.
– Әр адам парапсихолог (сәуегей, телепат, көріпкел, емші т.с.с) бола ала ма? – Тылсым сырын бүккен «параллель» әлемде «уақыт» деген өлшем жоқ па екен, әйтеуір ол «әлемдегілер» кейде бізбен байланысқа түсуге асыға да қоймайтын сияқты. Білім қуып, ізденген адамның санасы сол құпияғы түбі бір қанығады. Қазақта «тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен» деген қағида бар. Әрине, біз – үйренушіміз. Қоршаған табиғат – біздің тілсіз ұстазымыз. Біз таудан, тастан, оттан, судан, желден, керек болса, ауадан – табиғаттың барлық құбылысынан «сабақ» алушымыз. Қалай, ол – құпия. Тылсымның сыры сол құпияда. Санамыз сәл нәрседен тұманданса, «көкірек көзіміз» ақиланып, көруден қаламыз. Ал Алла тағалаға сүйкімді болсақ, Алланың бізге мейірімі түссе, санамызда тамылжыған шексіз шектеусіз кәусар бұлақ ашыла түсер еді. Және ол бұлақ біздің сана бұлағымыз ба?! Бәлкім, бар құпияның сыры сақталған сандық сана мен түйсікте тұрған жоқ па екен?!
– Парапсихологияның түпкі мақсаты не деп ойлайсыз? – Парапсихолог – сәуегей, телепат, көріпкел. Олар адам жаны мен тәніне түскен ауыртпашылықты жеңілдеткісі келеді, қиналғанға көмек, науқасқа шипа іздеу, жылағанды жұбатып, адасқан жанға тура жол сілтеу, адамға ең керегі парасаттылыққа шақырып, кешірімшіл болудың мақсаты мен пайдасы, тәннің адамды жалқаулыққа, ал жанның білу, сезу, қуануға жетелейтінін түсіндіруге тырысады. Сондықтан, түпті мақсаты адамзат игілігіне келіп тіреледі деп ойлаймын. Экстрасенсорика саласы көрші Ресейде жақсы дамуда. Ресей телеарналарында әртүрлі іс-шаралар, шоулардың көрсетіле бастауы – соның дәлелі. – Бұл сала туралы көп білетініңізге қарағанда, біраз уақыттан бері зерттеп, зерделеп жүрген болдыңыз ғой... – Кітап оқу менің хоббиім десем де болады. Бір уақыттары психологияға қатты қызықтым. Орыстың психологтарын Г.К.Юнгті, Латышевтің «Энерготерапиясын» оқыдым. О.Грошина, Б.Адиганов деген авторлардың кітаптары менің «Мәскеу парапсихология мектебіне» баруыма себепкер де болған шығар. Қазақ психологтарының ішінен академик Күләш Оразбекованың «Ұлттану», «Жантану», «Адамтану», «Отбасы психологиясы» кітаптарын оқып шықтым. Осы кітаптарды өзімнің жеке кітапханама қойғым келеді. Бірақ, таба алмай жүрмін, жазылған еңбегі өте құнды, өкінішке қарай, таптырмайды. – Қалай ойлайсыз, біздің қоғамда парапсихологтарға жауапкершілік арта ала ма? – Тағдыр тәлкегін көргендер рухани көмекке зәру. Олар көп жағдайда психологиялық шыңырауға құлап – арақ ішіп, наша шегіп, құмар ойынға байланып, жезөкшеге айналып, өздерін таппай қалуы мүмкін. Мұндай жанын тәні билеп алғандар психолог, парапсихологтардың көмегіне жүгінгені жөн. Өйткені, бір құдіретті күштен қорқу – әрбір адамға тән сезім. Ал сенім үміт отын үрлейді. Осы екеуін қолдану арқылы құлазыған адамға көмектесуге болады. Бәрі бір Алланың қолында! Алла кең, Алла мейірімді! – Әңгімеңізге рахмет!
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді