«Қазақ елі болмаса, қадірімді кім білген?!.»

«Қазақ  елі болмаса, қадірімді кім білген?!.»
ашық дереккөз
«Қазақ елі болмаса, қадірімді кім білген?!.»

Ұлттық опера өнерінің жарық жұлдызы Майра Мұхамедқызы ел-жұртына жүрекжарды алғысын әсем әнімен осылайша әуелетті.

36   Әрбір әнін бар жан-тәнін сала, ағынан жарыла, қара терге малына шырқағанда жанары нұрлана, шабыттана, сезімге шексіз беріле жарқылдап шыға келетін қазақтың Майрасын кім білмейді? Талай шыңды бағындырып, қазақтың өнері мен әнін күллі әлемге паш етіп жүрген өнер иесінің туған елге табан тірегеніне биыл 20 жылдың жүзі болыпты.

   Азаттық арманының асқақ аңсарын музыка тілімен жеткізе келген опера өнерінің шоқ жұлдызы өзінің шығармашылық ән кештерін, ең алдымен, елімен бөлісуді жөн санапты. Қазақтың қасиетін өн бойына дарыта алған, туған ұлтын шексіз сүйіп, қадір тұтқан сандуғаш үнді әнші қасиетті Тараз жеріне де ат басын бұрды. Отан қорғаушылар күні қарсаңында келіп, ән сүйер қауымды қуантқан әншінің әсем әндері әулиеаталықтарды ерекше көңіл-күйге бөледі.

35   Ұлттық опера өнерінің биік шыңын бағындырған әлемдік деңгейдегі танымал тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» тұңғыш қазақ әншісі Майра Мұхамедқызының алар орны айрықша. Дарқан даламыздай кең тынысты даусымен тыңдармандары жүрегін тербеген әншіні облыстық филармонияның қазақ ұлт-аспаптар оркестрі сүйемелдеп отырды. Ұлттық өрімнің өзегін ширатуға көп күш салып жүрген қамшы салдырмас өнер иесі ә дегеннен шабытын шақырып, халық әндерін құйқылжыта жөнелді. Шығармашылық кештің шымылдығы «Бүлдіргенмен» түрілді. Бұл да тегін емес секілді. Әнші Майра бала кезіндегі кеудесін кернеген сағынышты, атамекенді аңсаған асыл арманын, бабасы туған байтақ даласында ән салсам деген ізгі ниетін осы әнмен жеткізіп жатқандай еді. «Бүлдірген, қазақ елі болмаса, қадірімді кім білген?!» дейді дүйім жұрттың жүрегін дір еткізіп. Одан әрі халық әндерінің асқар биігі саналатын «Қарағым-айды», «Сұржелкеншені», «Алқоңыр» мен «Ағажан Ләтипаны» нақышына келтіре орындап, қазақ әндерін айтудағы ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәнерімен тәнті етті. Оның шырқаған әндерінен өмірдің түрлі иірімін, кең даланың керемет сиқырлы сырларын, туған елге деген шынайы махаббатты, жаймашуақ өмірдің қызықты шақтарын сезесіз. Ән әлемінің сиқырлы сазы құлағыңа құйылып, ішкі сезіміңді бірден баурап алады. Әсіресе, «Тоғжанның сыңсуы», «Ақ көйлек», «Көк өзен», «Көкем-ай», «Гүлдерайым» әндері шырқалғанда ойланып, толғанып кетесің де, әп-сәтте, ойың кемелденіп, көңілің асқақтап шыға келеді. Бұл – өнердің құдіреті! Оның жеткізушісі Майраның тебірене шырқаған әндері кім-кімді де бей-жай қалдырмайтыны сондықтан. Халқының сый-құрметіне бөленіп жүрген әншінің әріптестері Оңтүстік опера және балет театрының симфониялық оркестрі мен дирижері Рүстем Рысмағанбетов те осы кештің өтуіне атсалысты. Әлемдік классикалық операның үздік үлгілері мен жетекші партияларын орындап, Еуропадағы өнер жолын бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан атақты әнші осы ұжымның сүйемелдеуімен Джакомо Пуччинидің Богема операсынан «Мюзетта ариясын» орындады. Ал Эммануель Шабриенің «Жұлдыз» операсындағы Лазули шумағындағы «Ачиді» айтқанда, залды көңілді күлкі жайлады. Әртістік қырын да танытып, қазақша түшкірудің әлем классикасындағы түрін де көрсетті. Керемет орындаушылық шеберлігімен қоса табиғат берген ажары мен өнері астасқан дарынды әншіге тыңдаушылар тарапынан көп қошемет көрсетілді. Ән арасында ол: «Мен өте қуаныштымын. Киелі Тараз жерінің топырағын басып, шығармашылық концертімді өздеріңізге ұсынып отырмын. Байқап тұрмын, бүгінгі кешке келген кісінің қарасы көп екен. Бұл да болса сіздердің қазақ өнерін қадірлеп, құрметтегендеріңіз, мына мені бағалағандарыңыз деп білемін. Сондықтан да, бүгінгі әндерімді сіздердің мынау ыстық ықыластарыңызға қарай қара терге түсіп, бар шын ниетіммен айтып жатырмын. Араларыңыздан кеткім жоқ. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев мырзаға алғысым шексіз. Өздеріңіздей әнге жаны құмар тыңдарманыммен, көрерменіммен қауыштырып отыр. Өзім аңсап, сағынып жеткен Отаныма оралғаныма жиырма жыл болыпты. Ұлттық өнеріміздің мәртебесін асырып, талай елдің есігін аштым, енді осы мерейтойымның қарсаңында еліміздің әр түкпіріне барып, етене танысып шықсам деймін. Мереке құтты болсын, еліміз тыныш болсын. Ашық аспан астында ән қанатымен қалықтап жүргенге не жетсін?!» деді ақжарма тілегін ағытып. Әлемдік классикалық музыкаларды орындау одан әрі Жак Оффенбахтың «Тамұқтағы Орфей» операсындағы «Купидонның ариясымен» және Имре Кальманның тұңғыш рет сахнаға алып шыққан «Чардаш Патшайымы» операсындағы «Сильва ариясымен» жалғасын тапты. Майраның тек өзіне тән ерекшеліктерімен сомдаған бұл образдар ешкімді қайталамайтын өзіндік ажар-айшығымен ерекшеленіп тұрды. Кейіпкерлерінің бойына табиғи сұлулығын, өзінің ішкі жан-дүниесі мен сыртқы келбетінің астасқан адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, көрермендер жүрегін әншілік шынайылығымен, орындаушылық шеберлігімен баурап алған әнші Джузеппе Вердидің «Травита» операсындағы «Дастарқан» әнін де әуелетті. Бұл жолы оған Оңтүстік опера және балет театрының солисі Ерлан Жандарбеков жұп болды. Бұған қоса әнші концерт барысында әлемдік классикалық операдан бөлек, оперетта, мюзикл, камералық вокалды шығармаларды, халық әндерінің бірнешеуін ұсынды. «Ағажай, Алтай», «Дедімай-ау», «Бір бидай арпа» сынды халық әндері айтылғанда, қалың көпшілік қосылып, бірге шырқады. Майраның анасы Камал Қуанышқызы да әнші, ҚХР Халық әртісі атанған адам екен. «Анам мен өмірге келгенде маған арнап «Бөпешім» әнін шығарыпты. Ұрпақ сабақтастығымен мен де бұл әнді шекараның арғы бетінен өзіммен бірге ала келіп, жиырма жыл бойы күтіп, қолымыз жеткен, көзқуанышымыз Аидама арнап отырмын» деген Майра Мұхамедқызы балаларға арналған «Әлем бесік жырлары» жинағын да сатылымға шығарғанын айтты. Жүрегі жұмсақ, қайырымдылықпен айналысып отырған әнші бұл концерттің билеті мен сатылған дискілерден түскен қаржының көмекке мұқтаж жандардың атына аударылатындығын жеткізді. Бұл келелі ісі ұлттық опера өнерінің жалауын көптеген алыс-жақын шетелдерде желбіретіп, мәртебесін көтеріп, егемен еліміздің мақтанышы, қазақ халқының жұлдызды әншісіне айналған жанның мәртебесін одан сайын асқақтата түскендей еді. Осыған дейін орындалмаған халық әндерінен тұратын «Інжу-Маржан» таспасын жазып, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген әнші кешінде облыстық филармонияның әншісі Жанатбек Кәдіров те Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» орындап, әннен шашу шашты. Кеш соңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың атынан бұлбұл үнді әншіге ықылас гүлі ұсынылды. Жан дүниеміз нұрға бөленген осы бір заңғар сәтте «Әншінің өзі де, өнері де ғұмырлы болғай» деп тіледік. Біздіңше, бұл тілеу кешке қатысқан әрбір тыңдарманның тілінің ұшында кетті...

Гүлжан Рахман,  «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар