ТУСА, ИЛЬЯДАЙ ҰЛ ТУСЫН!

ТУСА, ИЛЬЯДАЙ  ҰЛ ТУСЫН!
ашық дереккөз
ТУСА, ИЛЬЯДАЙ ҰЛ ТУСЫН!

немесе Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар

Илья ерледі! Туған жеріне тау көтеріп әкелгісі келген Толағай сынды алыптығына бұрын да «Бәрекелді!» дегізіп жүрген оның бұл жолғысы, тіпті, асып түсті. Салмағы 105 кило тартатын жігіттің жерде 246 кило боп жатқан зілбатпан темірді серпе көтеріп, әлемдік рекорд жасағанын айтайық деп отырған жоқпыз. Осы серпе көтеру мен жұлқа көтеру дегеннің қосынды нәтижесі 437 килоға жеткенін, ауыр атлетика спорты тарихына мұның да әлемдік жаңа рекорд болып қатталатынын да қайталап жатқымыз келмейді. Ильяның мұндай «тосын сыйларына» үйренген қазақ одан бұдан да зорын күтеді. Сонда «Илья ерледі!» деп екпіндеткендегі айтпағымыз не?!. Әлемдік рекордынан да асып түсетін не ғаламат ол? Ресей Федерациясының Президенті Кубогы үшін Грозный қаласында ауыр атлетикадан халықаралық үлкен жарыс өтіп жатқан. Міне, алыс-жақыннан жиналған осы алыптар айқасында Илья Ильин әлем рекордын екі рет жаңартты. Күміс жүлде алып, жеңіс тұғырында Ильиннен бір саты төмен тұрған Александр Зайчиков те Ұлы Дала Елінің ұланы болатын. Үшінші орында Ресей алыбы.

Марапаттау рәсімін жүргізуші жеңімпаздардың құрметіне Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалатынын хабарлады. Тұғырдың ең биік сатысында тұрған Ильин әдеттегі ақжарқын кейпінде жүзінде күлкі ойнап, басын шалқақ ұстады да еліміздің Әнұранын қосыла шырқауға дайындалды. Бірақ, әттеген-ай...

Туған елінің биікке көтеріліп бара жатқан мемлекеттік Туына қарап көзі нұрланып тұрған жас алып Әнұранның әуені мен ырғағын естісімен-ақ таңданып қалды. Өйткені, жаңа ғана жарқылдап күліп, арсалаңдап қуанып тұрған Илья жүзіндегі өзгерісті жасыра алмаған. Ұлы Дала Елі – Қазақстанның жаңа Әнұраны «Менің Қазақстаным» екенін Ер Илья, Алтын Илья салтанатты марапатты ұйымдастырушыларға тұғырда тұрып-ақ жеткізді ғой сол кезде. Ең бастысы – еліміздің жаңа Әнұраны басталғанша тұғырдан түспеді. Өкпелеп кетіп те қалмады. Аяулы азаматқа ғана тән қасиет емес пе, ренішін білдірмей, қайта жаңа Әнұран басталғанша марапат иелерімен әңгімелесіп, суретке түсіп, уақыт өткізуге тырысты. Міне, еліміздің жаңа Әнұраны басталды. «Осы еді ғой күткенім баяғыдан» дегендей, тұғырдың ең биік сатысында тұрған Илья батырдың қабағы ашылып, Туымызға тағы да қасқайып тұра қалды да, Әнұранға қосылып шырқай жөнелді. Оған бірге туған бауырындай боп қасында тұрған күміс медаль иесі Александр Зайчиков та қосыла кетті.

Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Ерлiктiң дастаны, Елiме қарашы! Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой

Менiң елiм, менiң елiм, Гүлiң болып егiлемiн, Жырың болып төгiлемiн, елiм! Туған жерiм менiң – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан, Кең байтақ жерiм бар. Бiрлiгi жарасқан, Тәуелсiз елiм бар. Қарсы алған уақытты, Мәңгiлiк досындай. Бiздiң ел бақытты, Бiздiң ел осындай!

Әнұран шырқалып бітті. Марапаттау рәсімі аяқталды. Міне, осы кезде ғана шын жеңіске енді ғана қол жеткізгендей Ильяның да көңілі жайланды. Жүзі де қуаныштан бал-бұл жанады. Оның себебі де бар. Өйткені ол әлем рекордын жаңарту үшін қаншама рет маңдайынан шүмектеген тер төгіп, қаншама рет қабырғасы сөгіле зіл батпан темірлер көтеріп, қайсарлық танытса, енді Ұлы Дала Елінің намысы үшін, өзі туған, өзі өскен, өзі өнген, өзі мақтан ететін Қазақстан Республикасының Әнұраны кейбір дымбілместердің кесірінен тасада қалмауы үшін де табандылық танытып тұрып алды. Сөйтіп, Ресей сияқты алып көршіміздің миллиондаған көрермендері алдында елінің Әнұраны асқақтай шырқалуына кәнігі саясаткерлерше мәміле құрып, нағыз жаужүрек батырларша тегеурінділікпен ықпал етті. Ендеше, «Илья Ерледі!» деп неге мақтан тұтпасқа!?. Әр қазақ баласы, өзін «Қазақпын» деп санайтын әрбір қазақстандық осындай үлгі, өнеге көрсетсе, қанеки! Патриоттық, елжандылық, ұлтжандылық – жалаң ұран, жадағай сөзбен емес, Илья сияқты бозымдардың осындай отаншылдық үлгісінен көрінсе ғой, шіркін! Ұл туса, Ел Тәуелсіздігін Ильядай сүйетін ұл туса екен дейсің, алтын құрсақты аналар!

Ұқсас жаңалықтар