«Аты шулы» офицер Дәукенов

«Аты шулы» офицер Дәукенов
ашық дереккөз
«Аты шулы» офицер Дәукенов

жайлы ақиқат пен аңыз

images 0222 0111Желтоқсан. Кеңес өкіметінің өктемдік саясатына қарсы шыққан қазақ жастарына жасалған қырғынға екі жыл өткен. Қуғын-сүргін: абақтыға жабу, өлім жазасына кесу, партия қатарынан шығару, қызметтен босату, оқудан қуу әлі толастаған жоқ. Қазақстанның қасиетті топырағына қылышынан қаны тамып келген бірінші хатшы Г.В.Колбин Қазақстан Орталық Комитетінің Бюросында «ұлтшылдардың» тағы бір ұйытқысы мен ұясын тапқандай дабырайтып тың «дерек» келтірген. Ол аз болғандай, оны «Литературная газетаға» берген сұхбатына да сыналап кіргізіп жіберді.

 1988 жыл

Коммунистік партияның идеологиялық жұмысының әдіс-тәсілі белгілі. СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.С.Горбачевтің шолақ шешімі бойынша Қазақстанды жарылқайды деп жіберілген Г.В.Колбиннің сөздері «ақ десе – алғыс, қара десе – қарғыс» боп тұрған кезінде әлгі «дерек» Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Байжанов үшін ашық күні аспаннан жай түскендей әсер етті. Қайдағы бір «ұлтшыл» орталарында емін-еркін сайран сап жүр екен. Жәй қарапайым біреу болса бір сәрі, өзі ортан қолдай офицер, коммунист. Кеңес одағының жауынгерлеріне басшылық етеді. Саяси жетекші. КСРО саясаты үшін бұдан өткен сорақылық бола ма? Егер бұл жайында жергілікті партия ұйымдарына дереу ескертпесе, аңқау елді құлақтандырмаса таяқтың бір ұшы өзіне тиеді. Сондықтан ұйымдастыру мәселесін қараған облыстық партия комитетінің ХІV пленумында жамбылдық қонаевшыларға, асқаровшыларға және әлгі Дәукенов сияқты «бүйректен сирақ шығарып», тыныш жүрмейтін «неформаль» ұлтшылдарды аямау керек деп кәрін төккен. «...Сегодня неопровержимо доказано, что бывший первый секретарь райкома партий Е.Сауранбаев проводил старую, застойную политику... Творить произвол, безнаказанно Устав КПСС, а зачастую и уголовный кодекс Сауранбаеву помогла мощная поддержка сверху, так как оно являлся ставленником привлеченного и уголовной ответственности А.Аскарова – бывшего первого секретаря Чимкентского обкома партии, уроженца Меркенского района и осужденного Д.Бекежанова – бывшего помощника Д.Кунаева». Бұл – С.Байжановтың «бастан құлақ садаға» дегендей, Сауранбаевты сынау арқылы кеше ғана құрметтеп жүрген Қонаев, Асқаров, Бекежановтан ат-тонын ала қашуы еді. Сөйтіп, «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» дегендей, еліне еңбегі сіңген азаматтардың басына жаламен іс түскен сын сағатта оларды «тамыр-таныстықты, жікшілдік, рушылдықты қоздырушылар» деуге жүзі жанбайтынын көрсеткен. Ал, аты-жөні «ұлтшыл» ретінде Орта Азия әскери округіне әйгілі болған аға лейтенант Бекболат Дәукенов туралы сөзді «...А ведь проблемы не только остаются, но и возникают новые, особенно в сфере функционирования так называемых «неформальных» объединений. Об этом, как вы знаете, шел принципиальный разговор на недавно прошедшем Бюро ЦК Компартий Казахстана. Среди прочих на нем приводился пример по Джамбулской области. Речь шла о попытках создания явно националистической организаций «Атамекен» («Отечество»), цель которого – объединение казахов на почве изоляций от других народов СССР, прежде всего в сфере языка и культуры. Надо ли объяснять, что подобная программа – прямой путь национальной ограниченности, постепенному интеллектуальному вырождению народа. Уверен, что коммунисты областной парторганизаций сумеют дать принципиальную оценку этому факту, как, впрочем, и инициаторам создания такого, с позволения сказать, «самодеятельного общества», среди которых, как ни парадоксально, находится коммунист, военнослужащий некто Даукенов» деген ол. Кеңес өкіметі саясатының сойылсоғарларының «шаш ал десе, бас алатын» іс-тәжірибесінен хабары бар адамдар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Байжановтың бұл сынынан кейін «некто Дәукенов» байғұстың басына қандай қара бұлт үйірілгенін біз айтпасақ та түсінер. Бірақ «ұлтшыл» деген қара таңба оның маңдайына қашан басылды? Қалай басылды? Кімдер басты? «Некто Дәуренов» шынымен ұлтшыл ма? «Атамекен» қоғамы деген не? С.Байжанов айтқандай, ол қоғамның мақсат-мүддесі қазақтарды Кеңес Одағының басқа халықтарынан бөліп алып кету ме? Міне, осы арасын ол кезде ешкім білмейтін. Өйткені, коммунистік партия жетекшісінің сөзіне шәк келтіруге болмайтын. Ол «дұрыс» десе – дұрыс, «теріс» десе – теріс. Сондықтан да ел ішінде әртүрлі сөз тарады. С.Байжанов айтқан нағыз ұлтшыл рухтағы ұйымның көсемі туралы ақиқаттан гөрі өсек-аяң, аңыз-әңгіме көп еді...

1996 жыл

Желтоқсан. Кеңес өкіметінің өктемдік саясатына қарсы шыққан қазақ жастарына қарсы ұйымдастырылған қанды қырғынға – 10 жыл. Жұмыста отыр едім, телефон шырылдады. Облыстық баспахананың инженері Жұмабек екен. Амандық-саулықтан кейін: «Дәукеновпен жолыққың келе ме?» деп сұрады. Неге жолыққым келмесін. Ол телефонның трубкасын Бекболатқа берді. Екеуміз кездесіп, әңгімелесетін уақытымызды белгіледік. – Мен 1979 жылы Қорған қаласындағы жоғары әскери-саяси авиация училищесінде оқып жүріп Ленинград қаласында орнатылып жатқан Кеңес Одағының Батыры, құралайды көзінен атқан сұрмерген қыз Әлия Молдағұлованың музей үйінің қорына 20 сом аударған кезімде, шынымды айтсам, ойымда ештеме жоқ еді. Ел қатарлы мен де Кеңес азаматтарының жарқын болашағына шүбәсіз сендім. Осы ойыммен комсомол, коммунистер қатарына өттім. Бірақ 1983 жылы Қазақстанға қызмет бабымен келуіме байланысты менің өзіміз өмір сүріп отырған қоғамға деген көзқарасым өзгере бастады. Бекболат екеуміз менің жұмыс орнымда жолыққанбыз. Тыңдаушысын жалықтырмайды, шешен сөйлейді. Бала кезінен орысша оқып, одан Ресейде әскери оқуда, қызметте жүргендіктен ойын орыс тілінде жатық айтады. Қазақтың сұңғақ бойлы сұлу жігіті. Спортпен айналысқандықтан денесі тартылған сымдай тіп-тік, сымбатты. Отты жанары адамға жасқанбай тік қарайды. – Әсіресе, ата-бабаларымыз аманатқа қалдырған ана тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, тарихымызды ұмыта бастаған халқымызды көріп көңілім қатты торықты. Дүниеге балаларым келгеннен кейін «Құдайым-ау, бұларды болашақта не күтіп тұр?» деген алаң сезім алқымымнан алды. «Болашақта қазақ тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі болмаса олар өзін кімбіз деп сезінбек?». Осындай күмәнді ойлар жетегі мені Кеңес одағы коммунистік партиясының лениндік ұлт саясатына және оның «интернационализм» жолындағы бағытына күдік туғыза бастады. Күмән-күдік емес, қазақ халқын орыстандыру саясатының «кеңестендіру» деген бүркеншік пікірдің астында жасырын жүргізіліп жатқаны мен үшін айдай анық еді. 1985 жылы Балқаш қаласында полктың комсомол қызметінде жүріп радиодан Алматыда бір топ энтузиаст музыкант жастардың өз қалталарынан ақша жинап ұлттық-фольклорлық ансамбль ашқанын естідім. Бірақ мен бұл хабарға қуанудың орнына, қатты қапа болдым. «Республикамыз кең-байтақ алып құшағына Байқоңырдай ғарышжайын, атом полигонын алып, қаржыландырып жатқанда халқымыздың ұлттық өнерін дамытуға 10-15 мың сомды неге бөліп бермейді?» деймін өзімнен-өзім кіжініп. Сол күні «Казахстанская правда» газетіне өзімнің жанымды жегідей жеген әлгі ойымды айтып хат жазып жібердім. Хаттың соңына қазақ халқының мәдениеті мен өнерін дамыту үшін республика тұрғындары ерікті түрде үлес қоса алатын есеп-шот ашу жөніндегі ұсынысымды айттым. Бірақ, өкінішке қарай, газеттен жауап болмады. 1986 жылы қазан айының басында келіншегім екеуміз Жезқазған облысындағы Ақтоғай ауылында тұратын сіңлісінің тойына бардық. Осы сапар кезінде жанымды толқытқан ерекше күй кешумен болдым. Алыстағы ауылда тұратын кедей, қолы қысқа жерлестеріме, туған жерімнің қарапайым еңбеккерлеріне көмек көрсеткім келді. Шіркін-ай, егер қазір қалтамда миллион сомым болса мынау қойшылардың балаларына мәрмәр тас пен көкпеңбек әйнектен өрілген музыка мектебін соғып берер едім!» деп те армандадым. Бірақ ондай ақша менде қайдан болсын. Әйтсе де: «Егер осы мақсат үшін арнайы қор құрсақ, менің бастамамды қолдайтын жүздеген, мыңдаған адам неге шықпасын» деген ой келді. Ақыры он ойланып, жүз толғанып, Үшарал қаласындағы үйіме оралғаннан кейін сондағы офицер, прапорщик қазақтарды дастарқаныма шақырып өзімнің қазақтардың «Атамекен» деген қоғамын құру жөніндегі ойымды айттым. Міне, 1986 жылғы қазан айының 16-шы жұлдызы күні Колбин айтпақшы, «ұлтшылдар» ұйымы қазақтардың «Атамекен» қоғамы осылай дүниеге келген болатын. Қоғамның Жарғысымен танысқан олар менің ойымды бірауыздан қолдап, келісімдерін берді. Ұмытпасам, қараша айында 3 адам мүшелік жарнасын төледі, ал желтоқсан айында Алматыдағы белгілі оқиға – қазақ жастарының ереуілі дүниені дүр сілкіндірді. Кейбір жолдастарым республикадағы желтоқсан оқиғасына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайдан, жер-жерде болып жатқан қуғындаулардан қаймығып, біздің ойымызды дұрыс түсінбейді» деп, қоғамнан бас тартты. Мен оларды күштеген жоқпын. Сөйтіп, біраз уақыт жападан-жалғыз қалуыма тура келді. Бірақ менің санамдағы бұзылған сеңді қайтадан көк сіреу мұзға айналдырып қатырып тастау мүмкін емес-ті. 1986 жылы 18 желтоқсан күні Алматыдағы оқиға туралы ең алғаш естіген кезімдегі көңіл күйімді айтып жеткізу қиын. Жаным күйзеліп, жүрегім ашу-ызадан тілім-тілім болды. Менің өшті-ау, өлді-ау деп жүрген халқымның тілі, ділі аз болғандай, енді менің отандастарымды ұрып-соғып, оларды қорлау басталғандай боп көрінді. 1986 жылдың 18-нен 19-шы желтоқсанына қараған түні «Қазақ халқына Үндеу» жазып, онда «1986 жылғы 16 желтоқсанда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешімін мақұлдайтынымды» мәлімдедім. Оны «Казахстанская правда» газетіне жібермек болдым. Бұл туралы дивизияның саяси бөлімінің бастығына хабардар етуді ұмытқаным жоқ. Әрине, келіншегім қарсы болды. «Қызметіңе кесірі тиеді», «Ұлтшыл» деп айдар тағады» деді. Бірақ мен өз дегенімнен қайтпадым. Болашақта балаларым: «Әке, 17-18 желтоқсан күні қайда болдың?» деп сұраса, мен: «Офицерлік шенімнен айырылып қаламын ба деп қорқып, асханада дірілдеп отырдым» деймін бе?» – деп ойлаған кезде жандүнием астаң-кестең болды. Таңертеңгі сапқа тұру аяқталғаннан кейін саяси бөлімнің бастығына барсам орнында жоқ екен. Штабтың жанында саяси бөлім бастығының орынбасары, подполковник Мишунинді кездестіріп, ойымдағыны бүкпесіз ақтарып салдым. Оларды менің жандүниемді түсінеді, сөйтіп, қолдайды деп ойлаған едім. Бірақ керісінше, командирлерімнен, әріптестерімнен қолдау таппадым. Кейін дивизия бастықтары арасында мені алған бетімнен қайтару үшін жанталасқан әрекет басталды. Подполковник В.Н.Липовскийдің офицерлерге «Алматыдағы тәртіпсіздікке 100 мың қазақ қатысыпты, қазақтардың орыс халқының өкілдеріне жасаған тағылық әрекеттері сұмдық көрінеді» деп айтқан «әңгімесіне» әрең шыдадым.

«Дәукенов, сен ұлтшылсың»

Әлі есімде, 1979 жылы Қытай Въетнамға шабуыл жасаған кезінде біздің бөлімшенің командирі (Фрунзе қаласы) подполковник В.Ф.Кисель үрпиіскен въетнамдық тыңдаушыларды кабинетіне шақырып алып ұзақ әңгімелескен. Ұзақ әңгімеден соң кабинеттен олардың жүздері жарқырап шықты. Ал Алматыдағы оқиғаға байланысты мен айналамнан тек әжуа-мазақ, ашықтан-ашық табалау сөздерді ғана естідім. Ерекше бөлімнің аға прапорщигі В.П.Мулярчуктің «Ну как там, землячки бастуют?» деген сөзі жанды одан сайын жегідей жей түсті. Менің «Бүйтіп айтпас бұрын, алаңға шыққан жастардың жан сезімін түсіну керек қой» деген сөзім олардың қаперіне де кірмеді. Әйтеуір, саяси бөлімнің бастығы Г.М.Богатыренко ғана «еңбек демалысын алып, марксизм-ленинизм классиктерінің ұлт саясаты жөніндегі еңбектерін оқы» деп кеңес берді. Бірақ олардан «түземдіктерге құрметпен қарау керек», «оларды өз жағымызға тартуымыз керек» дегеннен басқа дәйек етер ештеңе таппадым. Осы арада Бекболаттың сөзін бөлдім. – Енді саяси бөлімнің бастығы Богатыренко еңбек демалысына шығып, демалуға кеңес беріпті ғой. – Жоқ, менің жоғарғы шенді бастықтарым еңбек демалысымды алып, тынығып жатқан кезімде де тыныштық бермеді. Мен үшін оны демалыс емес, азапты күндер десе де болады. Демалысқа шыққан мені 1986 жылы желтоқсанның 26 жұлдызы күні Алматыға шақыртты. Полковник В.К.Васильев, генерал-лейтенант Г.В.Кочкин менің «1986 жылғы 16 желтоқсанда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен келіспеймін» деген пікірімнен бас тартуға күш салды. Үгіттеді. Қорқытты. Мен Алматыға округтің комсомол конференциясына барғанда подполковник Липовскийдің «қазақтардың айуандығы» туралы хабарының анық-қанығын білу үшін Қазақ КСР Ішкі істер Министрлігіне барған едім. Округтағы басшыларға сол жердегі «салпаңқұлақтар» хабарлады ма, әлде Үшаралдағы командирлерім жеткізді ме білмеймін, әйтеуір округтегі бастықтардың кабинетінен бір-ақ шықтым. Пікірімде қаламын дедім. Ол қалшылдап: «түсініктеме жазып бер» деді. Г.В.Кочкин кабинетінде: – Дәукенов, сен ұлтшылсың. Сені партиядан шығарып, жұмыстан қуу керек. Кабинеттен шық. Қазір 10 минуттан кейін өз ойыңнан қайтпасаң, солай болады, – деп ақырды. – Жауабымды кабинеттен шықпай-ақ беремін, – деп айтқанымнан қайтқаным жоқ. Сол жерде әскери Кеңестің мүшесі, Орта Азия әскери округі саяси басқармасының бастығы генерал-лейтенант Г.В.Кочкинге түсінік жазып бердім. Қасқаша былай: «Мен, аға лейтенант Б.А.Дәукенов 10-шы истребительді-авиация дивизиясының саяси бөлім бастығының комсомол жұмысы жөніндегі көмекшісі 1986 жылғы 16 желтоқсанда өткен Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті пленумының шешімін мақұлдамаймын. Өйткені бұл республикаға көрсетілген үлкен сенімсіздік. Республика коммунистеріне сенуге болмайды, олардың бәрі пәреқорлар, қазына қалтасына түсуші ұрылар – міне, пленумның қорытындысы. Пленумның қорытындысы мен Алматыдағы жағдай туралы естіген 18 желтоқсан күнгі менің жанымды күйзелткен жара әлі жазылған жоқ. Менімен көптеген басшылар әңгімелесті. Мен демалысқа шығар алдымда, 24 желтоқсан күні Г.М.Богатыренкоға демалысымда жақсылап тынығамын, ойымды жинақтаймын, марксизм-ленинизм классиктерінің ұлттық мәселе жөніндегі барлық еңбектерін оқимын, өзімнің ісімді сын тұрғысынан қараймын және демалыстан келісімен саяси бөлімнің бастығына өз ойымнан қайттым ба, жоқ па, арнайы баяндаймын деп офицерлік сөзімді бергенмін. Бірақ, мені 1986 жылы 26 желтоқсан күні демалыстан Алматыға, әскери округке жедел шақыртып алды. Сондықтан ешкімді алдағым келмейді. «Пленумның шешімін мақұлдайсың ба?» деген сауалға «жоқ» деп жауап беремін. Бұл үшін ешкімді кінәламаймын, барлығына кінәлі өзім» деп қол қойдым... 1987 жылы шілде айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің интернационалдық тәрбие беру жөніндегі Пленумы болатын болды. 1987 жылы 8 шілде күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбинге өз ұсынысымды айтып хат жолдадым. Хаттың көшірмесі мінеки... Мен Бекболат берген, тысына «Дәукеновтің ісі» деген жазуы бар қағаз пәпкеден хатты алдым. Әрине, орыс тілінде жазылған. «Навстречу Пленуму ЦК КП Казахстана. город Алма-Ата, ЦК КП Казахстана, Колбину. В любом вопросе, а особенно в таком сложном, как национальный, будут позитивные сдвиги, если он будет решен. Поэтому предлагаю: Атомной полигон под Семипалатинском перенести в более безлюдные районы (тундру, тайгу, острова в океане). Сейчас очень много говорят и пишут о сохранений и реставраций памятников русской культуры (родина Тургенева, Чехова, Толстого) и это правильно. Но что будет через 10-20 лет с родиной Абая? Вернуть исконное казахское название городу Петропавловску – Кызылжар. Так же переименовать города Павлодар, Ермак, убрать памятник Ермаку, т.к. все это увековеченные памятники Царской колонизаторской политики на каз. земле. Думаю, что не стоит делать экскурс в историю, чтобы доказать, что отряд Ермака не был «группой миссионеров, якобы с «огнем и мечом» пробивавшей дорогу цивилизаций и просвещению в новые расширяющися владения Российской империи. Сколько в Казахстане населенных пунктов, где Центральное телевидение показывает, а казахское – нет! (Например – Балхаш). Что это – искусственный отрыв от родной культуры и искусства? Почему в масштабах республики нельзя подписывать адреса на конвертах как на русском языке, так и на казахском. Почтальоном надо будет выучить всего лишь пять казахских слов: город, район, село, улица, дом. Наладить выпуск в широком ассортименте поздравительных открыток на казахском языке. Моей матери – 80 лет, мы с ней разговариваем только на родном языке, поэтому я хотел бы поздравлять ее такими открытками. Сейчас очень много пишут и говорят о том, что все должны быть смелыми, все должы быть революционерами. Если Вы – смелый, если Вы революционер, то зачитайте мое письмо на Пленуме ЦК КП Казахстана, который состоится. Дәукенов Бекболат Айтмухамедович, член КПСС, офицер Краснознаменный САВО.

8 июля, 1987 года».

Иә, таңғы шықтай таза, коммунистік партия «көсемдерінің» ұлт саясатына адалдығына әлі де сенімі азаймаған қазақ офицеріне Геннадий Васильвичтің берген жауабы белгілі. «Аспен атқанды, таспен ататын» ол 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Саяси Бюросында «Дәукенов деген ұлтшылдар ұйымының ұйытқысы» деп мәлімдеп, жас офицердің үмітінің тас-талқанын шығарды. Әскери округтің саяси басқармасынан Рымарев бастаған комиссия келіп, ешқандай сөгісі болмаса да «жаман жұмыс істегені үшін» қызметінен босатты. Офицерлік дәрежесін өсірмей қойды. Тұрғын үй, қаражат мәселесін шешуді сөзбұйдаға салып жанын қинады. «Красная звезда» газетінің тілшісі подполковник Ладинге айтып, көмектесуін өтініп барған едім ол: – Махровый национализм. Мен сенің өзіңді әшкерелейтін мақала жазамын, – деп дүрсе қоя берді. 1987 жылы 27 тамыз күні Алматыда өткен округтің комсомол қызметкерлерінің семинарынан кейін өзінің ұлттық мәселе жөніндегі көзқарасы үшін қуғынға ұшырап, дивизиядағы қызметінен алынғанына, осының бәрі округтағы саяси басқарма бастығының орынбасары, генерал-лейтенант И.Т.Рымаревтің қолымен жасалып отырғанына күйінген жас офицер өзі қызмет ететін 13720-шы әскери бөлімше басқармасының партия ұйымына СОКП-ға мүшелердің қатарынан шығатыны жөнінде арыз берді. Алматыдағы автовокзалда отырып жазған арызының мазмұны мынандай: «В первичную партийную организацию управления истребительно-авиационной дивизии.

Заявление

Прошу исключить меня из членов КПСС, т.к. я не хочу состоять в рядах такой несправедливый партии. Коммунист Даукенов Б.А. 27 августа, 1987 года» гор. Уч-Арал».

Бірақ Бекболат бұл арызын кейін қайтарып алады. Оған өзі сыйлайтын полковник В.Ф.Желтовтың әңгімесі әсер етсе керек. «Рымарев сияқтылармен бірге Желтов сияқты адал азаматтарды қатар қойғандай болыппын» деп түсіндірген Бекболат өзінің бұл әңгімесінің сырын.

«Сәбиімнің атын Дінмұхамед деп қойдым»

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің тапсырмасымен 1988 жылы «Қазақфильм» студиясы «Версия» деген деректі фильм түсірді. Фильмнің режиссері Әбішев «Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылар» деп айып тағылған Хасен Қожа-Ахмет, Сәбитовалармен бірге «аты шулы» офицер Бекболат Дәукенов туралы да түсірмек болып Алматыдан әскери тікұшақпен Жамбылға ұшып келді. Қасында округтен Васин деген полковник бар. Ол операторлар камераларын дайындап жатқан кезде Бекболатты оңаша шақырып: «Мүмкін, фильмге түспеймін деп бас тартарсың. «Ұлтшыл» деп айып тағып, қызметіңнің өсуіне зияны тиіп жүрер. Әскери округқа да кір келтіресің» деп айналдырады. Бірақ Бекболат оның уәжімен келіспейді. Ойындағы пікірін түгел айтады. Өкінішке қарай, фильм экраннан көрсетілгенде Бекболат одан өзінің Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы айтқан сөзін-ақ тапты. Яғни, фильмдегі өзі туралы шағын эпизодта: – Мен 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешіміне, яғни Дінмұхамед Ахметұлын орнынан алып тастағаны үшін қарсы болдым. Дінмұхамед Ахметұлы мен үшін өте құрметті кісі. 1987 жылы өмірге келген сәбиімнің атын сол кісінің құрметіне Дінмұхамед деп қойдым, – деген мағынадағы сөздері ғана бар. Ал, «Атамекен» қоғамының ұлтшылдық мәселесіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны туралы пікірлері жоқ. Басқа көзқарастары да «қайшыға» түсіп кеткен. Қазақ телевидениесі осы фильмді екінші рет қайталап көрсеткен кезде Бекболат командирлеріне айтып, көгілдір экран алдына барлық офицерлерді шақыртады. Фильм аяқталғаннан кейін бастықтары, «кімде қандай сұрақ бар?» деген кезде бір офицер: – Анау екеуі түрмеде отыр (Хасен Қожа-Ахмет пен Сәбитова), ал Дәукенов неге бостандықта жүр? – деп Бекболаттың жүрегіне пышақ сұғып алады. Бұның бәрін біз бүгін, арада он жыл өткенде не үшін жазып отырмыз. Осындай қуғын-сүргіннен жүйкесі әбден жұқарып қылшылдаған қырық жасында зейнетке шыққан майор Бекболат Дәукеновтің иығына «ұлттық батырдың» шапанын жабу үшін бе? Жоқ. Оны қазақтың қажыр-қайраты мен ақыл-парасатына сенген қайсар ұлы Бекболат та қаламайды. Оған менің көзімше бір орыс тілді газет тілшісінің ұлтшыл ретінде қуғын көрген офицер Дәукенов туралы жазбақ болған өтінішінен үзілді-кесілді бас тартқаны дәлел болса керек. «Жазғыш болса, мен жазықсыздан-жазықсыз өзімнің ұлтымды сүйгенім үшін, оның тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі жоғалмасын деген пікірім үшін, пікірім сөз жүзінде қалмай, оны іске асыру үшін «Атамекен» деген қоғам құрғаным үшін ұлтшыл атанып, қуғындалып, қызметтен алынып, шенімді өсірмей жүргенде неге жазбады?» – дейді Бекболат. – Сол бір күндердің ащы дәмі таңдайымнан әлі кеткен жоқ. Менен ат-тонын ала қашқан ағайындарым да болды. Қайтейін, оларды да түсінемін. Қызметіме, отбасыма зияны тиеді дегені шығар. Бірақ бүгін сол «ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» күндерде, МҚК мен өкіметтің қорқытқанына қарамастан мені адамгершілік тұрғысынан қолдаған адамдарға өмір бақи ризамын. Олар қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүр. Сондықтан «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Үшарал қаласындағы офицер Сембек Шалабаев пен Шомыр ауылында тұратын Жанат Сарғалдақов (Талдықорған облысы), алматылық Бақыт Мырзахметов, Несіп Жүнісбаев, Мұрат және Роза Құрманғалиеваға, марқұм Рүстем Мүкеевке, Низами Нұрмамбетовке, жамбылдық Жарасовтардың отбасына, Абдолла Бақбергеновке, Қоблан Көрпебаевқа алғыс айтамын. Осыдан он жыл бұрын менің үйімде Алакөл аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып істегеніне қарамастан «Атамекен» қоғамының өмірге келуіне куә болған, бүгінде Жуалы ауданында, «Шақпақата» ауылында тұратын Ықылас Сүгіров деген досыма да ризамын. Сондай-ақ, басыма іс түсіп жүрген кезде түсіністікпен қараған Богатыренко, Русанов сияқты басшылар да болды, – дейді Бекболат. Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздігін жариялағалы бері Бекболаттың соңына шам алып түсушілер қатары сиреді. Қызметі өсті. Офицерлік шені майорға дейін жоғарылады. Әскери қызметпен қоштаспағанда генералға дейін-ақ көтерілетін офицер еді. Амал қанша, бірбеткей жігіт өз тағдырын өзі осылай шешті. Ал, аты аңызға айналған «Атамекен» қоғамына келетін болсақ, ол Г.Колбин, С.Байжанов айтқандай «явно националистическая организация» емес еді. Бүгінгі күннің тілімен айтқанда ол кәдімгі ұлттық мәдени орталықтардың бірі болатын. Ал, ұлттық мәдени орталықтардың ана тілін, ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрін дамыту үшін құрылатыны белгілі. Міне, кезінде осындай ең алғаш «іңгәләп» дүние есігін ашқан балаң, бейкүнә, бірақ арман-мақсаты үлкен қоғамды тұншықтырмақ болды. Оның басшысы Б.Дәукеновті қуғынға ұшыратты. Міне, осының бәрін бүгінгі ұрпақ білуі үшін Бекболатпен кездесіп, қолға қалам алып едім. Жазықсыздан-жазықсыз жапа шеккен жас қазақ офицерінің басынан кешірген қиындықтарын бөлісіп, халқына қал-қадірімізше жеткізсек деп едік. – Бекболат, соңғы сауал. «Атамекен» қоғамының тағдыры немен тынды? – 1989 жылы өмірге «Қазақ тілі» қоғамының келуіне байланысты «Атамекен» қоғамы жұмысын тоқтатты. Өйткені «Қазақ тілі» қоғамының жарғысы менің көзқарасыммен сәйкес келді. Өзім де Жамбыл облыстық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесімін, – деген бұл сауалға Бекболат. Міне, аты-жөні Орта Азия әскери округіне «ұлтшыл» ретінде әйгілі болған офицер Бекболат Айтмұханбетұлы Дәукенов жайлы аңыз бен ақиқат осы.

Көсемәлі Сәттібайұлы.

P.S. Мақала 1996 жылы жазылған.

Ұқсас жаңалықтар