Натрий цианиді. Ол қандай өнім?

Натрий цианиді. Ол қандай өнім?
ашық дереккөз
Натрий цианиді. Ол қандай өнім?

Қаратау қаласының іргесінен жаңа зауыт ІсКе қосылар күн жақын.

Өндіріссіз өлкенің өркен жаюы мүмкін емес. Оған кешегі Кеңес Одағы кезіндегі фосфор зауыттарының жұмысы нақты дәлел. Өтпелі кезеңде фосфор өндірісі құлдырауды бастан кешірді. Бірақ Қаратаудың кен байлығына патшалық Ресейден бастап кім көз тікпеді дейсің. Кәдімгі таудың тасынан небір заттың алынатынын атам қазақ білді дейсіз бе? Бірақ «Байжан ұста Көсегенің көк жонынан қорғасын алып, аттың ер-тұрман әбзелдерін, құрал-сайман жасап елді қарық қылыпты, Нұрмаханбет диірменші қара тастың құдіреті барлығын біліпті» дегенді кәріқұлақ, көнекөз қарттардан естігеніміз бар. Не керек, кешегі Қаратау мен Жаңатас фосфор өндіруден әлемге әйгіленді. – Соғыстың алдында сары фосфорды түйеге артып, Шымкенттегі темір жолға жеткізіп, ары қарай Ресейге асырып, оны реактивті қозғалтқыштардың отынына айналдыратынын кейін білдім, – деуші еді қаратаулық қария Сейітмұрат.

Мұны тәптіштеп жазып отырғанымыз, реакцияға түссе алапат жарылыс туғызатын химиялық элементтердің қай-қайсысы да тілін білмесең, орнымен пайдалана алмасаң тіршілік иелерінің бәріне қауіп төндіретіні анық. Бүгінгі көзі қарақты оқырман, оқығаны бар, тоқығаны бар, интернет желісінен байқағаны һәм бар, қай-қай нәрсеге де сергек қарап, өзінше қорытынды жасайтын жағдайға жетті. Ол – анық. Ол да болса қазақтың көзі ашылып, көкірегінің сара бола бастағандығының белгісі. Оған тек қуануымыз керек. «Қаратауда натрий цианидін өндіретін зауыт соғылады екен» дегенде алыпқашпа әңгімелердің туындауы да сол себептен. Бірақ қауіп мәселесін сөз еткенде де байыбына жетіп барып айтқанымыз жөн. Мысалы, аталмыш зауыт өнімі турасында қоршаған ортаны қорғау бойынша жобаны әзірлеушінің бірі М.Мүсіркепов былай деп түсіндірме жасайды: – Иә, Экологиялық кодекстің 57-бабы 3-тармағына сәйкес, ластаушы заттар эмиссиясына рұқсат алу үшін қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары бойынша қоғамдық тыңдау өткізілуі әрі түсіндірме жұмыстары жүргізілуі қажет. Осыған дейін зауыт құрылысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың және Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі сараптамасының оң шешімді қорытындылары алынған. SONY DSCЗауыттың жылына жұмыс істеу уақыты 7200 сағатты құрайды. Өндіріс қуаты жылына 15 мың тонна натрий цианиді және 5 мың тонна аммоний сульфаты (минералды тыңайтқыш). Өндіріс үшін жылына көлемі сағатына 3750 текше метр табиғи газ, 9566 тонна аммиак, 3770 тонна күкірт қышқылы, 13800 тонна натрий гидроксиді – каустикалық сода қажет. Натрий цианидін өндіру үшін алдымен табиғи газ катализатордан өтеді. Құрамындағы метанды 89-96 пайызға жеткізеді. Ары қарай оған аммиакты қосып синил қышқылын алады. Сосын синил қышқылына натрий гидроксиді қосылып, натрий цианиді алынады. Енді осы химиялық түзілістерден шыққан газдың бәрін залалсыздандыру-тазалау кезінде аммоний сульфаты шығады (минералды тыңайтқыш). Демек технологиялық тұрғыдан өте қарапайым. Зауыттың санитарлық қорғау аймағы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген санитарлық ережелерге сай 1000 метрден кем болмауы қажет. Демек ең жақын орналасқан үймен арақашықтығы – кем дегенде 1000 метр. Ол қала мен зауыт арасында сақталынған. Атмосфераға шығатын ластаушы заттардың негізгі көздері – қазандық, күкірт қышқылы, аммиак сақтайтын қоймалар, құрамына дәнекерлеу қосыны, темір өңдейтін станоктар кіретін қосымша өндірістік цехтар. SONY DSCОл жерде тек қана қатты тұрмыстық қалдықтар – 52,75 тонна, каустикалық соданың қаптамасы-1 тонна және атап өткен қосымша өндірістік цехтардан пайда болатын металл сынықтары, электродтардың дәнекерлеу қалдықтары 0,03 тоннаны құрайды. Барлық қалдықтар усыз, келісімшарт арқылы табиғи қалдықтар қоймасы полигонына шығарылды. Өндірістің сарқынды сулары айналма тұйық бекітілген тәсілмен қолданылады. Пайда болған тұрмыстық-шаруашылық қалдық сулар канализациялық коллекторға тасталынады. Ол сулар душтан, санитарлық бөлмелерден шығады. Қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары бойынша ең бастысы аккредитациядан өткен зертханалар айына бір рет сараптама алып отырады. Ол үшін зауыт айналасында 4 жерден жерасты суларының жоғары және төмен ағымдарынан бақылау ұңғылары бұрғыланады. Сол ұңғылар арқылы сараптама жасалады. Сонымен қатар топырақтан және ауадан сараптамалар алу да қарастырылған. Зауыт айналасы көгалдандырылады және абаттандырылады. Қоршаған ортаны қорғаудың кәсіптік деңгейін жоғарылату үшін зауыт жұмысшылары арнайы семинарларға жіберілмек. Иә, экологтардың қорытындысы осындай. Құрылысы 2014 жылдың І жартыжылдығында аяқталғалы отырған зауыттың қожайыны «Талас-Инвест» ЖШС-ның Бас директоры Бақтияр Алдашовпен пікірлескенімізде ол былай деді: – Мәселенің байыбына бармай, жұртшылық арасында үрей туғызып, байбалам салатындардың мақсатын түсінбеймін. Ел үшін, халық үшін кімнің жүрегі ауырмайды? Натрий цианидін өндіру адам өміріне қауіпті деп ойлайтындарға айтарым, мұндай өнім шығаратын зауыт Ресейдегі Саратов қаласының қақ ортасында орналасқан. Барып, өз көзіммен көрдім. Біздің зауыттан көлемі екі есе үлкен. Көршілес Өзбекстандағы Науаи қаласында 40 жылдан бері осындай зауыт жұмыс істеп тұр. Грузиядағы Руставелли, тағы да Ресейдегі Дзержинский қалаларында да өнімнің осы түрі өндіріледі. Зардап шектік деген ешкімді естімедік. SONY DSCӘрине, қалт жіберсең, қапыда қалатының да рас. Бейнелеп айтсақ, пышақты дұрыс ұстамасаң, қолыңды тіледі емес пе? Демек, абай болған адамға натрий цианидінен қорқатын дәнеңе де жоқ. Құрылысы 2012 жылы басталған зауытқа Үкіметтің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1,5 миллиард теңге қаржы қарастырылып, оған су, жылу, газ, электр желілері тартылып, асфальт жол төселді, одан тыс жоба иелерінен 12,9 миллиард теңге қаржы инвестиция ретінде құйылып, оның 9,5 миллиард теңгесі игерілген. Оған негізгі әкімшілік ғимараттар, асханалар, қоймалар, өнім өндіретін құрылғылар салынып, құрастырылды. Бір сөзбен айтқанда жобадағы құрылыстың 90 пайызы дайын. Құрылыс жұмысын, негізінен қазақ кәсіпкерлері жүзеге асырды. Негізгі жұмыс жүргізген «Монтаж-Магистрал KZ» ЖШС. Натрий цианиді үшін шикізатты (негізгісі газ) Татарстаннан, Ақтаудан, Қытайдан алу жоспарланып отыр. Күкірт қышқылы мен аммиактың өзімізден де табылатынын айта кеткім келеді. Жоғарыда айтқанымдай, цианид ең соңында түйіршіктелген түрінде капсулаға салынып, контейнерлерге тиеліп, пайдаланатын зауыттарға жіберіледі. Зауыт толық іске қосылғанда 491 адам тұрақты еңбек етеді, қазір соның 100-і конкурс арқылы іріктеліп, жұмыс істеп жатыр, оның 13-і ғана сырттан, қалғаны жергілікті кадрлар. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Қаратау қаласындағы факультетімен келісімшартқа отырғанбыз. Белгілі ғалымдар зауыт үшін мамандар дайындауды қолға алып отыр. Бас директормен әңгімелескен соң, зауыт орналасқан аумақты аралап көрдік. Мұнда қытайлықтар да еңбек етіп, өнім шығаратын құрылғыларды құрастыруға көмектесуде. Ешкімнің ешкімге қарар уақыты жоқ. Қым-қуыт тірлік. Бар нысан әктеліп, жұтынып-ақ тұр. Зауыттың құрылыс жөніндегі маманы Шәріп Бейсеновпен пікірлестік. – Мұнда 34 қытай маманы құрылғыларды орнатуда тәлімгерлік көрсетуде, – деді ол. – Натрий цианидін өндірудің қыр-сырын жетік білетін саратовтық екі маман бас технолог және технологтың орынбасары ретінде қызметке қабылданды. Сонымен қатар Науаи қаласындағы химия зауытынан еңбек етуге тілек білдіргендер қатары оннан астам. Олар да алтын өндіруде қолданылатын цианидтің денсаулыққа ешқандай зияны жоқ екендігін айтып қалды. Сонымен Қаратау қаласының іргесінен жаңа зауыт бой көтерер күн жақын. Игілікті істің абыройлы болуын тілейік, ағайын!

14

Талас ауданы.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар