Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Сарысу ауданында жұмыс сапарымен болды
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Сарысу ауданындағы жұмыс сапарын Жаңарық ауылдық округіне қарасты Ұ.Сыздықбайұлы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекетінен бастады. Жаңарық ауылдық округіне екі елді мекен қарайды. Екі ауылдың тұрғындарының саны – 1910. Ауылдық округте екі орта мектеп, 2 балабақша, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 Мәдениет үйі, 5 дүкен бар. Екі елді мекендегі 8 көшенің 7-еуі асфальтталған. Төскейге төрт түлік өргізіп, Көсегенің көк жонына 580 гектар мақсары егіп, гектарына 5 центнерден өнім алып, тіршілігін күйттеген 36 шаруа қожалықтың жұмыс ырғағы да қалыпты.
Жаңарық ауылдық округінің әкімі Оңласын Мұқашовтың айтуынша, ауылдың қазіргі тынысы осындай. Қоңыртөбел тіршілігі бар елді мекендердегі емдеу мекемелері жаңа. Аудандық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихаттың депутаты Сағымбек Бегеев екі елді мекенде де фельдшерлік-акушерлік пункт жаңадан салынғанын айтады. Ғимарат көмірмен жылытылады. Биылғы қыстың отыны дайын. Медпунктте екі мейірбике келушілерді қабылдап, дәрі егіп, ем-домдарын жасап, медициналық көмек көрсетеді екен. Егер ана босанарда төтенше жағдай туындаса, Жаңатас қаласындағы орталық ауруханадан жедел жәрдем шақырылатын көрінеді. Медициналық көмектің қолжетімділігінің арқасында биыл екі ауылда он екі бала өмірге келіпті. – Елбасы күні кеше ғана жария еткен Жолдауында соңғы жылдары 1300-ден астам емдеу нысаны салынғанын және олар жаңа үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілгенін атап көрсетті. Соның бір жарқын мысалы осы. Медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық жағдай жасалған. Сіздер соған сай жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Кәрім Нәсбекұлы медпунктті аралап көріп шыққаннан кейін.
Облыс басшысы Сарысу орта мектебіне де қайырылды. Іргетасы 1972 жылы қаланған орта мектепке таяуда ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сонымен қатар, 35,5 миллион теңгеге автономды жылыту қазандығы салыныпты. Білім ошағының материалдық-техникалық базасы, оқыту үрдісі жайлы мектеп директоры Ләйлә Шүкеева баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, мектепте 141 оқушы дәріс алуда, 15 оқу кабинеті, 36 мұғалім бар екен. Демеушілер интерактивті тақта мен математика сыныбына қажетті жабдықтар сыйлапты.
Ұстаздардың біліктілігінің арқасында соңғы екі жылда мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ауданда алдыңғы орындарға шыққан. Бірінші сыныпқа келетін оқушылардың саны да жылдан-жылға көбеюде. Айталық, биыл алғашқы сыныптың табалдырығын 12 оқушы аттаса, келер жылы олардың саны екі есеге жуық өспек. Өйткені, бүгінде мектепалды даярлық сыныбының 2 тобында 24 бүлдіршін тәрбиеленуде. Облыс әкімі автономды жылыту қазандығының қалай жұмыс істеп тұрғанын сұрады. 35,5 миллион теңгеге салынған жылу қазандығы көмірмен жылытылады. Әзірге бір қазандығы ғана іске қосылған. Күн суығанда екіншісі іске қосылмақ. Әсіресе, қатты боран соғып, электр қуаты істен шыққан жағдайда дизельгенераторды қосуға болады екен. Табиғат мінезін ескеріп, қазандық құрылысын төтенше жағдайға бейімдеп жүргізген мердігерлерге өңір басшысы ризашылығын білдірді. «Әлеуметтік нысандар салып жатқан өзге мердігерлерге де осы тәсілді қолдануды ұсынамын. Сонда мектепте жылу тұрақты сақталып, оқу тоқтамайтын болады», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Оқу үрдісін және басқа да шаруаларды дұрыс үйлестіріп отырған мектеп директорының еңбегіне де жақсы баға берді. Облыс әкімі ауылдың бір топ ардагерлеріне амандасып, хал-жағдайларын сұрады. Ақсақалдарға Елбасы Жолдауында көрініс тапқан жаңалықтарын жеткізді. «Біз де Елбасының Жолдауын оқыдық. Президентіміздің елге деген қамқорлығын сезіндік. Құдайға шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Тұрмыс түзеліп келеді. Мемлекет басшысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді еңбек ардагері К.Ерсейтов. Осыдан екі жыл бұрын Аралтөбе маңайында кен өндіру үшін химиялық зауыт салудың жұмысы басталғанынан облыс жұртшылығы хабардар. Айналасы 1,5 жыл ішінде «ЕуроХим Удобрение» компаниясының еншілес кәсіпорындары ірі жобаларды жүзеге асырып үлгерді. Алдымен компания Аралтөбе кен орнына дейін электр желісін тартып, алынған кенді жинақтайтын алаңдарды дайындады.Оған қоса, жұмысшы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына арнап тұрмыстық қызмет көрсету орталығын, Аралтөбе кенін Кесіктөбедегі салынып жатқан зауытқа жеткізу үшін ұзындығы 18 шақырымдық жол салды. Осы атқарылған жұмыстардың жайын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа баяндаған «ЕуроХим Удобрение» ЖШС-ның бас директоры Игорь Георгиади мен компанияның кеңес мүшесі Еркебұлан Мырзағалиев құрылыс жұмыстарының белгіленген уақытқа сай жүргізіліп жатқанын айтты. Олардың айтуынша, жалпы құны 356,6 миллиард теңгеге жоспарланған зауыт құрылысы толық аяқталғанда, жылына 1400 мың тонна минералдық тыңайтқыш өндіріліп, зауытта 2 мың кенші еңбек ететін көрінеді. – Фосфор кені Аралтөбе мен Кесіктөбеде ашық әдіспен алынады, – дейді бас директор. Былтыр 175 мың тонна кен өндірілген, биыл 11 айдың қорытындысында да өндіріс орны сол межеден төмен түспейтінін айтады. Негізі өнімді шикізат күйінде нарыққа шығару аса көп пайда әкеле қоймасы анық. Сондықтан, компания Кесіктөбедегі кешенді ұнтақтау зауытының құрылысын биыл 12 желтоқсанға дейін аяқтауға мүдделі. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев атқарылған жұмыстарға қанағаттанатынын айтты. Зауыттың кенді майдалап, ұнтақтап, фосфор ұнын шығаратын зауыттың құрылыс жұмыстары негізінен аяқталып қалған. Зауытқа қажетті инфрақұрылым жүйесі толықтай тартылған. Сәтін салса, «ЕуроХим Удобрение» компаниясының тыңайтқышын шетел нарығына шығаратын күн де алыс емес. Қысқасы, «ЕуроХим Удобрение» компаниясының басшылары дағдарысты еңсереміз, сөйтіп Қазақстанға табыс әкелеміз деп білек сыбанып отыр. Өңір басшысы Жаңатас қаласының «Дарбаза» мөлтек ауданындағы А.Пушкин көшесіндегі 280 орындық балабақшаға да барды. Жалпы жобалық сметалық құны 350 миллион теңгеге бағаланған балабақшаны «Арайстроймаркет» серіктестігі салуда. Биылға жоспарланған 162 миллион теңгесі толық игеріліпті. Қалғаны келер жылдың еншісінде. Алайда, серіктестік бас инженері Алдияр Балмағанбетов өз қаражаттарымен балабақша ғимаратының төбесін жауып, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізуді жалғастыра беруді жоспарлап отырғанын айтты. Кәрім Нәсбекұлы «Жаңатас Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты жылу қазандығына барды. Кәсіпорын басшысы Еркімбек Қозыбақовтың баяндауынан қазандыққа қажетті мазут қоры 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін толығымен жететінін білдік. Облыс әкімі қажетті 5000 тонна мазут үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінетінін айтып, жөндеу жұмыстарына қаржы сұрағаннан гөрі қазандықты көршілес Шаяннан «көгілдір отын» құбыры тартыла қалса, соған бейімдеу қажеттігін еске салды. Жолай қаладағы кәріз желілері мен су құбыры желілерін қайта құрудың екінші кезеңіндегі атқарылып жатқан жұмыстарының жай-күйімен танысты. Мердігер «СК Ретма» және «Тараз Құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшыларына қалған қаржыны жыл аяғына дейін толық игеріп, ауыз су мәселесін шешуге жағдай жасау керектігін қатаң ескертті. Қаладан 25 шақырым жердегі «Казфосфат» ЖШС филиалының «Қаратау» тау-кен кешеніне қарасты «Көксу» кен орнының алаңында кешеннің бас директоры Мұратқали Сәрсенов облыс басшысына атқарылып жатқан жұмыстардың жайын баяндады. Кешен фосфорит кенін өндіру мен өңдеу жұмыстарымен айналысады. Оны ашық әдіспен алатын «Көксу» кен орнында 1,6 миллион тонна кен өндіріледі. Ұнтақталған фосфор шикізаты мен уатылған фосфордың негізгі тұтынушылары: Өзбекстан, Түрікменстан және Ресей мемлекеттері. – Кешенде барлығы 2062 кенші еңбек етеді. Биыл өндіріске жүзге тарта жергілікті тұрғын жұмысқа тартылды. Шілде айында еңбекақыны 10 пайызға өсірдік, орташа жалақы – 90 мың теңге. Егер электр қуаты, басқа да шығын көздері өспесе, келер жылдың басынан бастап жалақыны өсіру ойымызда бар. Жұмысшыларды қысқарту жоспары жоқ әзірге. Елбасының жұмыс орнын қысқартпау туралы тапсырмасын бұлжытпай орындаймыз, – деді Мұратқали Сәрсенов. Бас директор «ЕуроХим Удобрение» серіктестігімен әріптес ретінде жұмыс жасап жатқанын айтып өтті. Өңір басшысы кеніштегі атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізіп, дағдарысқа қарамастан, өндіріс көлемін ұлғайтып, жалақыны өсіруді жоспарлап отырған басшыларға ризашылық білдірді. Облыс әкімі Сарысуға серпіліс керек екенін, өндірісті әрі қарай дамыту қажет екенін айтты. Әсіресе, индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталарда ауданда ешқандай инвест жоба қолға алынбағандығына алаңдаушылық білдірді. Сол күні Елбасы Жолдауындағы жаңалықтарды ауыл жұртшылығына жеткізу мақсатында облыс орталығынан келген ақпараттық-насихаттық топ ауданның елді мекендеріндегі тұрғындармен кездесу өткізді. Тұтынушыларға арзан азық-түліктерін тиеген «Тараз әлеуметтік сауда-саттық» серіктестігінің автокеруені Байқадам, Жайылма ауылдық округтері мен Жаңатас қаласына барып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізді.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді