деген облыс басшысы басымдық инвестицияларға берілетінін де айтты
Үйлесімді жұмыс –уақыт талабы
Қазір арқаны кеңге салып, жайбарақат отыратын кезең емес. Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында әлемде қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайға қарай әрекет ету жолдарын көрсетіп берді. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті – Президент тапсырмаларын үйлесімді жүзеге асыру. Облыс активінің отырысында осы мәселелер кеңінен талқыланды. «Елбасы Жолдауының ережелерін халыққа дұрыс жеткізу – біздің міндетіміз. Өйткені, онда дағдарысқа қарсы барлық іс-әрекеттер жан-жақты қамтылып отыр. Бұл тапсырмаларды мерзімімен орындап, үйлесімді жұмыс атқаруымыз керек. Жолдауда Үкіметке, Парламентке, әрбір облыс пен қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Сондықтан, алдағы жылы атқаратын жұмыс жоспарларымыз Жолдау аясында құрылатын болады», – деді актив жиналысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Басқарма басшылары, партия мүшелері мен аудан әкімдері, үкіметтік ұйымдардың жетекшілері қатысқан жиында Кәрім Нәсбекұлы Жолдаудан туындайтын міндеттемелерді іске асыру жолдарын тарқатып айтып, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.
Мемлекет басшысы айтқандай, тәуелсіздік жылдарында еліміз орасан табысқа кенелді. Соңғы бес жылда республикада 800-ден астам индустриялық жоба жүзеге асырылып, тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағы салынса, бір ғана біздің өңірімізде 36 инвестициялық жоба іске асырылды. Осы жылдары 91 білім беру (71 мектеп, 20 балабақша), 117 денсаулық сақтау нысаны (14 аурухана, 3 емхана, 34 дәрігерлік амбулатория, 66 медициналық пункт) бой көтерді. Олардың барлығы ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған.
Жолдау - жаңа жобалар мен жаңғырту идеяларынан тұрады
Өңір басшысы өз баяндамасында Елбасы осындай қиын кезеңде еліміз тағы да дағдарыстан дамуға ұмтылып, жаңа жобалар мен жаңғырту идеяларын ұсынып отырғанына айрықша тоқталды. «Бұған дейін де дағдарысқа қарсы екі жоспарды іске асырып, қазақстандықтар сол дағдарыс салдарын сезінбей де қалған. Жолдауда дағдарысқа қарсы және құрылымдық өзгерістердің 5 бағыты ұсынылды. Отандық қаржы секторын тұрақтандыруда 6 ірі қадамға тоқталды. Сонымен қатар, Ұлттық қор қаржысы есебінен ұлттық валюта бағамын үздіксіз қолдау тәжірибесі бұдан былай болмайтынын ескертті», – дей келе, Ұлттық Банк пен банк секторының барлық субъектілерінде жұмыс істемей тұрған несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізілетінін айтып өтті. Облыс әкімі 2016 жылы облыс бюджеті әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалуға жұмсалатынын қадап айтты. Нақтырақ айтсақ, қалыптасқан ахуалға қарамастан, мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді төлеу жалғастырыла бермек. Сондай-ақ, қазына қаражаты неғұрлым өсім беретін экономика салаларына жұмсалатын болады. Және бюджет қаржысын тиімді игеруге баса мән беріледі. Кәрім Нәсбекұлы әлеуметтік жобалардың қалай жүзеге асырылатынын тарқатып айтып берді. Өңір басшысының айтуынша, жаңа инвестициялық саясаттың негіздері инвесторлар тартуға негізделмек. «Президент экономикаға инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда, 10 жыл ішінде, кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу қажеттігін атап өтті. Және 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыруды жүктеді. Президент Үкіметке үш ай мерзімде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлі жоспарын жасап, ұсынуды тапсырды. Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсендірек жүргізу үшін инвесторларды тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған Үкімет кеңесін құруды міндеттеді. Инвестициялар тартуға қажетті осындай Кеңес облыстық деңгейде де құрылатын болады», – деді Кәрім Көкірекбаев. Жолдауда аймақтық ерекшеліктерге байланысты инвестициялық әріптестікті өңірлерде дамыту көзделгені белгілі. Бұл әріптестік 6 макроөңір: Оңтүстік, Солтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана – үшін жеке бағдарламалар жасау арқылы жүзеге асатын болады. Облыс әкімі бұл жұмыс біздің өңірде басталып кеткенін айтты. Бүгінде облыс экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында келешегі бар баламалы энергетика, химия, ауыл шаруашылығы кешені, құрылыс индустриясы және тағы басқа салаларға қатысты 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында әлеуетті шетел инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бүгінгі таңда облыс аумағында шетелдік инвесторлардың қатысуымен көлемі 3,1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтып, олардың ішінде ең ірілеріне тоқталып өтті. Олар: ресейлік «Еврохим» компаниясының құны 2,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын минералды тыңайтқыштарды өндіру зауытын салу жобасы, Меркі ауданындағы малайзиялық кәсіпкерлермен бірлескен «Агростан» серіктестігінің жаңазеландиялық жобасы негізінде мал бордақылау кешенінің құрылысы, «Мойынқұм Агро» серіктестігінің 3 мың малға арналған бордақылау кешені және ет бағытындағы 5 мың мүйізді ірі қара малға арналған репродуктор құрылысы, Біріккен Араб Әмірліктері («ADEAS Development») компаниясының қатысуымен жалпы сомасы 13,8 миллион АҚШ долларын құрайтын, етті қайта өңдеу кешенінің құрылысы, голландтық («KCRF finans international B.V.») компаниясы 17 миллион АҚШ доллар инвестиция құйған құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауытының құрылысы.
Біздің тауарларымызды экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар
Сонымен қатар, өңір басшысы бүгінде облыста бірқатар жапондық, түркиялық, италиялық, ұлыбритандық, француз және қытай инвесторлары үлкен жобаларды жүзеге асыруға кірісіп кеткенін, аталған жобалардың көпшілігін «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына орналастыру көзделіп отырғанын айтып өтті. Облыс әкімі жалпы алдағы он жылда облыс экономикасының өсімін 30 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр дейді. Бұл межеге қол жеткізер болсақ, бюджеттің өзіндік кірістері 1,8 есеге ұлғаяды (68 миллиард теңге). Ал жан басына шаққандағы халықтың номиналды ақшалай табысы 2 есе өспек. Жолдау жүктеген міндеттерді атап көрсеткен облыс әкімі жиында аудан әкімдеріне нақты тапсырма берді. Экономиканы әртараптандырудың жолы кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы екенін айта келе: «Бұл – макроөңірлердің инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс. Ауыл шаруашылығында мемлекет тарапынан жасалатын қолдау іс-шаралары жыл сайын артуда. Қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсенді игеру міндеті тұр. Облысымызда көптеп өндірілетін азық-түлік тауашалардың ішінде 61 мың тонна қартоп, 4 мың тонна қырыққабат, 29 мың тонна сәбіз, 133 мың тонна пияз, 4 мың тонна асханалық қызылша, 107 мың тонна қант, 2 мың тонна сиыр еті, 3 мың тонна қой еті, 120 тонна шұжық және 600 тонна макарон өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Сондықтан, ауыл шаруашылығы басқармасына, аудан әкімдеріне барлық қолдау шараларының тиімділігін арттыру үшін оларды сараптап, тиімді тетіктерін ұлғайтуды тапсырамын», – деді. Мемлекет басшысы тартылған жеке инвестициялардың көлемі мен ашылған жұмыс орындарының саны әкімдер жұмысын бағалау критерийлерінің бірі болатынын атап көрсеткені белгілі. Сондықтан, өңір экономикасын тұрақтандыруда басымдық инвестиция тартуға берілмек.
Білікті мамандар сұранысқа ие
Кәрім Нәсбекұлы өз баяндамасында облыста нарық сұранысына ие техникалық білімі бар мамандарды даярлау ісі қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды. Бүгінде 25 мемлекеттік колледжде 15500 студент кәсіптік-техникалық білім алып жатқанын, оның 5 жарым мыңы жұмысшы мамандықтарын алатынын жеткізді. Жолдауда айтылғандай, 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі 29 пайызға және әлеуметтік сала қызметкерлерінікі 40 пайызға дейін арттырылатынын айтып өтті. Сонымен қатар, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға көбейетінін тілге тиек етті.
Әрбір азамат жауапкершілігін сезіне білуі тиіс
Жиында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Қарлығаш Аралбекова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов, Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері Айдар Мұқатаев, облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев жарыссөзге шығып, Елбасы Жолдауының еліміздің әрбір азаматына үлкен жауапкершілік жүктейтінін қозғап, өз ойларын ортаға салды.
Қарлығаш АРАЛБЕКОВА, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры:
– Кәсіпкерлер палатасының алдында тұрған міндет– ауқымды. Бүгінгідей бәсекелестік жағдайында отандық бизнеске жан-жақты қолдау көрсету біздің атқарар жұмысымыздың басым бағыты болмақ. Президент өз сөзінде «Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет: сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан – болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды» дегені өте орынды айтылған. Шыны керек, біздің отандық тауарлар, Елбасы айтқандай, сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан бола бермейді. Біздің өндірген тауарларымыз Елбасы айтқан төрт талаптың біріне сай келсе, біріне сай келмей жатады. Сондықтан да осы бағытта келер жылы кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілерге арналған маркетингтік оқу курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Онда кәсіпкерлер үшін тауарларды сапалы әрі арзан, сыртқы қаптамасын тұтынушылар назарын бірден аударардай сәнді етіп жасаудың қыр-сырын үйрететін боламыз. Мұндай оқу курстарын ұйымдастыру бәсекелестік жағдайында біздің кәсіпкерлер үшін аса қажет деп білемін.
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы:
– Президенттің әр Жолдауы еліміздің дамуы жолында айрықша мәнге ие. Бұл жолғы Жолдау да елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Ақылман ақсақалдың, данагөй кемеңгердің, кемел басшының, ойы терең көсемнің сөзін айтты. Жалпы алғанда, Жолдау әлеуметтік сипатта болды деп топшылаймыз. Онда айтылған әрбір ұсыныс пен берілген тапсырма, қойылған міндет елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Елдегі инфляция деңгейінің көтерілуіне байланысты зейнеткерлердің зейнетақысының да біршама көтерілетіні қуантты. Сондай-ақ, еңбек адамына деген қамқорлық, жастардың кәсіптік білім алуына ашылған жол – елге деген құрметтің белгісі. Елбасы бюджет қаражатына тағы бір мәрте тексеріс жүргізуді тапсырды және үнемдеу саясатына көшуді ұсынды. Халқымызда «Тарта жесең, тай қалады» деген жақсы сөз бар. Ендеше, заман талабына сай болғанымыз абзал.
Ерболат САУРЫҚОВ, ТИГУ-дің ректоры, «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы:
– Елбасы Жолдаудың дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешенді жоспарларды жүзеге асырудың төртінші бағытында экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастырудың маңыздылығына, бұл тұрғыда техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажеттілігіне тоқталды. Осыдан келіп, 2017 жылдан бастап адами капиталды дамытуға арналған «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасын жүзеге асыру міндеті қойылды. Облыста жыл сайын мектеп бітірушілердің 30 пайызы әлеуметтік жағдайына және басқа да түрлі себептерге байланысты жоғары және орта кәсіптік білім ала алмайды. Бұл үшін жоғары оқу орындары маман даярлау бағыттарына қарай орта кәсіптік және кәсіби-техникалық білімдік мекемелерде даярланатын мамандықтарды сатылай даярлау жүйесін құру қажет. Облыстық экономикалық дамуы негізіне саналатын ауыл, орман шаруашылықтары, мал дәрігері мамандықтары аймақтық оқу орындарында даярланбайды. Осы мамандықтарды университетте оқыту мақсатында материалдық-техникалық базаның инновациялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасалуда.
Айдар Мұқатаев, Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері:
– Менің мамандығым – дәрігер. Бар саналы ғұмырым денсаулық сақтау саласына арналып келеді. Адам және оның денсаулығы мемлекетіміздің баға жетпес байлығы болып саналатындықтан, елімізде осы салаға жылдан-жылға көп көңіл бөлінуде. Елбасы Жолдауынан жыл басынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 28 пайызға өсетінін естідік. Бұл аталған сала қызметкерлеріне көрсетілген үлкен құрмет деп бағалаймыз. Сондай-ақ, медицина саласына кейінгі кезде жүз жылда болмаған орасан зор қаржы бөлініп отырғанын да айта кеткен жөн болар. Соның арқасында, біздің облысымыздың өзінде соңғы екі-үш жылда жетпістен аса жаңа медицина нысандары салынып, пайдалануға берілді. Соның бірі – 150 орындық Шу аудандық ауруханасы. Сонымен қатар, облыста медицина саласына жаңа технологияларды енгізу жұмысы да қарқын алған. Әр нәрсенің қайтарымы бар екенін ескерсек, бізге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек үшін біз алдымызға келген науқасқа жылы қабақ танытып, мейлінше дұрыс қарауға міндеттіміз. Елбасының Жолдауы да бірлік пен береке, тұрақтылыққа бастайтын құнды құжат. Оны орындауға жауапкершілікпен қарау – абыройлы міндет.
Асаубай МАЙЛЫБАЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Біз Жолдауды өте мұқият тыңдадық. Сонда ақша айналымы туралы үлкен саяси мәселе көтерді Елбасы. Н.Назарбаев Жолдауда біздің доллар аймағында емес, теңге аймағында өмір сүріп жатқанымызды ерекше ескертті. Расында, елдегі ақша айналымын ретке келтіретін уақыт жетті. Бүгінде айналымда ақша өте көп. Соның салдарынан тауар бағасы көтеріліп отыр. Айналымдағы ақшаны азайту арқылы бағаны тұрақтандыруға болатын түрлі жолдарды Ұлттық Банк қызметкерлері қарастыруы керек. Байқасаңыздар, бүгінде барлық тауардың бағасы өсті. Тіпті, қарапайым ауыз судың да. Бағасы өспеген тек қана ет пен мал өнімдері. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы мамандары зардап шегіп отыр. Мен, біріншіден, осы мәселеге көңіл аударғым келеді. Екіншіден, Елбасы айтып өткен жекешелендіру облысымызда қарқын ала алмай жатыр. Оның да түрлі тетіктерін қарастыру керек. Сондай-ақ, облыстың менеджерлері қалталы азаматтармен дұрыс жұмыс істеуді үйрену керек. Өңірде ақшалы азаматтар жоқ емес, бар. Алайда, олар қандай істен бастарын білмейді. Барлығы айналып келіп мейрамхана сала береді. Бүгінде бір Тараздың өзінде 200-ден аса мейрамхана бар. Тағы да салынып жатқандары қаншама?! Сондықтан, атқарушы билік тарапынан қай салаға қандай қолдау, көмек керек екені анықталып, Елбасы Жолдауында бірнеше рет мысалға келтірген мемлекеттік-жекеменшік әріптестік секторды дамытуға назар аударған дұрыс. Бізде бұл салаға аса көңіл бөлінбей келеді. Бір ғана мысал, қаладағы балабақша тапшылығына қарамастан, биыл ашылған жеке балабақшада әлі де талай бос орын бар. Оған білім саласынан қызығушылық жоқ. Елбасы Жолдауында осындай жұмыстарды жандандырып, барымызды ұқсата білуге шақырып отыр.
* * * Жарыссөзге шыққан азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған облыс басшысы нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Өңірімізде қолға алынған ауқымды жобалар Елбасы Жолдауларынан бастау алғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі әлемде қалыптасқан ахуалға қарамастан, еліміз Президентіміздің сара саясатының арқасында өз экономикасын нығайтатын стратегиялық жоспарлардың жүзеге асырыла беретініне сенім мол. Облыс әкімі сондықтан ауқымды жобаларды іске қосатын Жолдаудың әрбір тармағын тұрғындарға кеңірек түсіндіріп, насихаттау қажет деді.
Ардақ Үсейінова, Маржан Рақай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді