Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі. Немесе бала тәрбиесіндегі басты қағидалар қандай?

Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі. Немесе бала тәрбиесіндегі басты қағидалар қандай?
ашық дереккөз
Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі. Немесе бала тәрбиесіндегі басты қағидалар қандай?

Жаһандану үдерісі ерекше екпін алған шақта, ең алдымен, ұлттық рухты сақтап қалуымыз керек. Біздер, көзіқарақты оқырман, қоғам мүшелері болып осы мәселені талқылауға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Бірде адам бойына этнопедагогика арқылы сіңетін ұлтжандылық, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттердің әлсірегенін әңгімелесек, енді бірде әлемдік өркениетке жұтылып бара жатқан барымызды қимай, қамығамыз. Тіпті, сөзіміздің мысалына айналған баламызға дұрыс сабақ бере алмаған мұғалім де, үйдегі тәрбиені тізгіндей алмаған ата-ана да, жастарды жаулаған ғаламтор да кінәлі. Бәрі, бәрі өзіңді ақтап, өзгені даттайтын өзеуреу. Осыдан жақсы болып отырған жайымыз бар ма? Олай болса, бесіктен белі шықпаған балаларымыз неге бұзық? Қай жерден қателік жіберіп алдық? Ойланатын негізгі сауал да – осы.

Памперс бесіктің орнын баса ала ма?

6Ұлттық тәрбиенің тірегі бесіктен бастау алатынын білеміз бе, осы? Білсек, неге соңғы жылдары бесіктің қажеттілігі азайып, жас аналар жаппай жаһандық жөргекке тәуелді болып барады? Өйткені, оған медицина қарсы екен. Ата-бабаларымыз, тіпті, өзіміз өсіп-өнген бесік бүгінгі балалардың бойындағы қанның жүруін тоқтатып, аяқ-қолының түзу өсуіне кесірін тигізеді-мыс. Бұл пікірді ақ халаттылар ғана емес, қоғамның атқамінерлері де айта бастады. Қолымызға қалам алғызған да дәл осы жайт. Құрғақ сөзбен құлақ теспейік деп, алдымен Тараздың шағын базарларының бәрін аралап шықтық. Қала берді қаланың балаларға арналған тауарлар сататын дүкендерін де назардан тыс қалдырмадық. «Бесік бар ма?» десек, барлығы да бағасы 10 мың мен 100 мыңның арасындағы ағаштөсектерді ұсынады. Қазақша бесік тек қала сыртындағы базарларда ғана сатылады екен. Әлгіндей ағаштөсекке құмар ата-аналардың бесікке сұранысының жоқтығы ғой бұл да. Өзінің «Педагогика» атты еңбегінде баланы бесікке бөлегенде қателікке көп жол беріліп жүргенін айтып, ескерту жасаған ақын Мағжан Жұмабаев бүгінгі бесіктен біржола безініп, оны шетелдің дайын жөргегіне ауыстырған ата-аналарды көргенде не дер еді?! Білгенге, бесік ең бірінші – тазалық. Әженің әлдиімен тербелген балаға бесіктен асқан жайлы жер жоқ. Бесік, сонымен қатар, тәрбие мектебінің ең басы. «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам» деген екен ер Бауыржан. Балаңызға «жайлы өмір сыйлайды» деп, жарнамасы жер жарып жүрген памперстің күні ертең ұрпақсыз қалдырмасына кім кепіл?! Осы арқылы «Бесікке салу», «Тыштырма» сынды салт-санамызға толы ата дәстүрімізден алшақтап бара жатуымыздың өзі балаға памперс кигізіп, ағаштөсекке таңатын ақсаусақ әйелдердің жауапкершіліктен жалтарғандығы емес пе?! Дүние есігін ашқанда құс қанатының суылынан тоңатын сәбиді үп еткен желден қорғайтын қорғанымызды кеңестік дәуірде дәріс алған дәрігерлердің бір ауыз сөздері ысырып тастамаса екен. Өйткені, қазақтың «коляскасы» да, «манежі» де – бесік. Жақында бір құдағиымыз «бесік әкелмеңдер, коляска әкеліңдер» деп «тапсырма» беріпті келінінің төркіні жақтағыларға. Не деген сұмдық?!

Ойыншық мәселесі ойыншық емес

2Кезінде Әбіш Кекілбаев Сенаттың төрінде отырып: «Ойыншық мәселесін ойыншық көрмеуіміз керек, біз патриотизмді өрістету туралы көп айтқанымызбен, оның отбасынан, сәбилердің жаңа қалыптаса бастаған санасынан, соның ішінде ойыншықтарға деген талғамнан басталатынын ұмытпауымыз керек» деген болатын. Әбіш аға сонда баланың салт-санамен үйлесетін ойыншықтармен ойнауының астарында ұрпақтың санасына елдің рухын сіңдіру мәселесі жатқанын, елімізде ұлттық болмысты насихаттайтын ойыншықтардың қаттығын қатаң сынға алып еді. Өкініштісі сол, бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Шетелде жасалған ойыншықтар есігімізден еніп жатыр, еніп жатыр... Дүкенге барсаң, балаларымыз өздерінің сүйсініп көретін сүйікті мультфильмдерінің кейіпкерлеріне қолдарын созады. Олар соншалықты кімдер еді? Бэтман, Шрек, Человек-паук, Спанч Боб, Буратино, Мальвина, Карабас-Барабас, Джек Воробей, Терминатордан бастап, кейбірінің атына өзіңіздің де тіліңіз келмей, күрмеліп қалатын түкке тұрғысыз пластмассадан құйылған, аз уақыт ішінде сынып, бүлініп қалатын, сапасы күмән туғызатын ойыншықтар, әрине. Отандық ойыншық шығару өндірісі көптеп қолға алынбағандықтан оған көнбеске амалың да жоқ. Ал, экологиялық жағынан таза деген ойыншықтардың бағасы тым қымбат. Оны кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді. Баласы үшін аянып қалмайтын ата-ана сұрағанын алып береді. Осындайда бала түгіл өзіміз тұшына тамашалап жүрген «Алдар көсенің», «Алпамыстың», «Ер төстіктің», «Қошқар мен текенің» әуенді ойыншықтарын дүкен сөрелерінен сандалып іздесек те таба алмаймыз. Сапа демекші, мамандардың пайымдауынша, Қытайдан әкелінетін ойыншықтардың құрамында стиролдың көрсеткіші 2,5 пайызға жоғары екендігі белгілі болып еді. Жүйке жүйесі, қан айналымы, асқорыту жүйесіне залал келтіретін сұйықтық әйелдердің денсаулығына да қауіп төндіреді. Тіпті, кей ойыншықтардың құрамында формальдегид те болады дейді. Ал, бұл – адамның генетикалық дамуы мен репродуктивті мүшелеріне, тыныс алу жолына өзіндік зардабын тигізетін газ. Елімізде сатылып жатқан ойыншықтардың 72 пайызға жуығының сапасы сын көтермейді екен. Бұл дегеніңіз балаңыздың денсаулығына қолындағы ойыншықтардың үштен бір бөлігінен үлкен қауіп төніп тұр деген сөз. Ойыншықтардың ұлттық сипаты жоқ, тіпті, санитарлық талаптарға да сай емес. Ал, біз, ойыншық мәселесін ойыншық сияқты көреміз.

Ер мұғалім азайып бара жатыр...

4Осыны ойласам болды, көз алдыма «Қымбатты, Милләтжан, бір үйге бір ер азамат керек қой» деп мұртын сипалап, Қожаның шешесін айналсоқтап жүретін Қаратай келе қалады. Бүгінде ер азаматтардың бір үйде ғана емес, бүкіл қоғамда, оның ішінде, бала тәрбиеленетін білім ошақтарында азайып кеткені рас. Осы тентек, қияңқы Қожаның өзі өзгелерден именбесе де, Оспан ағайынан тартынады. Оны көрсе, ұяты бетіне шығып, қызарады. Бұл – апайын алдап соққанымен, ағайына өтірік айтпауға, оның алдында өзін жігіттерше ұстауға тырысатын тәрбие бастауы. Біздің тәрбиемізде ер мұғалімнің алдында баланың бұзықтығы тұсауланып, қыздың ибалығы артады. Жә, мәселе мұнда емес, мәселе – сол Оспандардың аздығында болып тұр ғой... Қазақта «Әкенің айтқаны балғадай, ананың айтқаны малтадай» деген сөз бар. Ер адамның тәрбиесі үйде де мектепте де маңызды. Өкініштісі сол, бүгінде мектептегі ер мұғалімдердің саны сиреп кетті. Тіпті, мүлде азайды деуге негіз бар. Статистикаға сенсек, еліміздегі орта мектептерде сабақ беретін 279 098 мұғалімнің 85 пайызы әйел ұстаздар екен. Орта есеппен алғанда әр мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Оқу-тәрбие мекемелері мен басқармаларының басшыларының арасында да ер азаматтар мүлде сирек. Көрдіңіз бе? Баланың үйдегі тәрбиешісі – әйел, мектептегі мұғалімі тағы да – әйел. Бұл жерде біз бала тәрбиесіне байыппен қарайтын әйел-ана-ұстаздарға өкпе артып отырған жоқпыз. Керісінше, дәл осы тәрбиеге келгенде ер адамдардың орны ойсырап тұрғанына налып отырмыз. Ойында отағасылық міндеті мен бала-шағасын асырау міндеті тұрған ер адамның жалақысы жанбағысына жетпейтін ұстаздық қызметті талап ету де орынсыз шығар, бәлкім. Педагогтар мәслихаттарында еліміздің мектептерінде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдайтын ұстаздар қауымы ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөнінде де ұсыныстар айтып жүр. 1950 жылдардағы әйел мұғалімдердің жетіспеушілігінен Алматыда Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылғанын, педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгіт-насихаттың күшейіп, қыз-келіншектердің педагогикалық білім алуына қажетті қамқорлықтың бәрі жасалғанын ескерсек, бұл ұсыныстардың ұрымтал тұсы көп.

Отбасыңа ие бол, отағасы!

3Өркениет көшіне ілесу жолында ілбіп басып отырған біз жоқ. Бұл жолда белсенділік танытқанымыз соншалықты қазақы қоғамымызға еуропалық сананы сіңіретін түрлі жаңалықтарды жатсынбай қабылдадық. Бір ғана мысал. Бұрын қазақты қандайда бір қиыншылықтан отбасы институты шешетін. Ал бүгін бұл жағдайдан әйелдерді кемсітушілікке тыйым салатын ұлттық заңнамалық шаралар алып шығады. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені, кез-келген өркениетті елде зорлық-зомбылық көрмей, еркін өмір сүру адамның негізгі құқықтарының бірі болып табылады. Ол ерлер үшін де, әйелдер үшін де бірдей. Әсіресе, әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету – біздің қоғамымызға кір келтіретін, ешбір жол беруге болмайтын әлеуметтік құбылыс. Десек те, зайыбы ерінен, ері зайыбынан жапа шеккенде психологиялық, құқықтық қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беретін, отбасының ішкі мәселелерін шешуге кеңес беретін орталыққа қазақ зәру ме еді? Ілкіде ың-шыңсыз, айрандай ұйып отыратын талай отбасының енді келіп мұндай орталыққа жүгіну саны неге жыл өткен сайын артып кетті? Біздің облысымыздың өзінде былтыр әйелдерге зорлық көрсету фактілері бойынша 81 адам әкімшілік жауапқа тартылып, оның 43-іне қорғау ұйғарымы шығарылыпты. Осы себепті де ерлі-зайыптыларды қажет болса соттастыратын, ақыры от бастыратын дағдарыс орталықтарының құрылуы отбасы институтының әлсірей бастағандығының көрінісі демеске амалымыз жоқ. Бір отбасының шырқы бұзылмақ түгілі бір баланың бұзықтығы бүкіл елге сын болған қазақ үшін оның отбасына қоғамдық ұйымдардың араласып, дәстүрлі құқы мен ата салтына емін еркін қол сұғуынан асқан сорақылық жоқ шығар. «Әрбір басшы өзінің қол астындағы адамдар үшін, әрбір имам жамағаты үшін, әрбір отағасы өзінің отбасы мүшелері үшін жауапты» деген пайғамдар хадисіндегі жауапкершілікті қалай атқарып жүрміз өзі?! Біз көтеріп отырған мәселенің біреуінен мүлт кетсеңіз, «Балам неге бұзық?» деген сауалдың жауабын өзіңіз беруге тура келеді. Алып-қосарыңыз болса, сөз – сізде оқырман.

7Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар