«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Cәуегейге сенеміз бе?

Cәуегейге сенеміз бе?
ашық дереккөз
Cәуегейге сенеміз бе?

Ел ішінде «ақ әулие» атанған түркістандық Мәрия Бөрібаева көріпкелдік қасиеті арғы аталарынан дарығанын айтады

Оның шын аты-жөні – Мәрия Бөрібаева. Алайда, ол алыс-жақынға «Ақ әулие» болып танылып кеткен. Ал отбасындағылар «Тұмар қыз» деп еркелетеді... Тұмар қыз дегеннен шығады, сақтар дәуіріндегі Томирис патшайымды біреулер «Таң нұры» болмаса «Тұмар қыз» атап жүргенін білеміз. Сақ патшайымының түбі қыпшақ дегенді де алға тартады солар. Мейлі ғой. Тұмар қыз дегенде біз Мәриямның есімі сақ патшайымына ұқсатылып қойылған, сол секілді қайсар, ержүрек болсын деген ырыммен қойған шығар деп түйсіндік. Алайда, олай болмай шықты. Бұның өз сыры тіптен бөлек екен.

...Көріпкелдік, сәуегейлік қасиет – Бөрібай әулетінің атадан-балаға, баладан-немереге мұра болып, дарып келе жатқанын былайғы жұрт білуі де, білмеуі де мүмкін. Бабасы Бөрібай он жеті жасында Арабия елінен ауып келген. «Мәдинеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, О, Құдайым, бізге жәрдем ет» дегенді аузынан тастамай, әр әулиенің басына бір түнеп, алдына келген сырқатқа ем-дом жасауды жансерік еткен көрінеді. Одан кейін де ерекше қасиетке қанық Қарасақал, Шоқшакелді бабалары да сол жолда болыпты. Есқұл бабасы Ташкентте мешіт салуға салым қосқан, сауатты жан болғаны да әлі күнге айтылып жүреді екен. Ал өз анасы Халифа Мәрияның көріпкелдік ерекшелігі болатынын шарана кезінде байқаса керек. Өзінің айтуынша анасы Мәрияға жүкті кезінде түс көріп, түсінде Түркістандағы тарихи кесенеден қоңыр тор алыпты. «Е, іштегім ер бала екен ғой, Жаратқан ием маған қыз бере гөр» деп тұмар тілепті. Солайша анасының тілегі қабыл болып, дүниеге қыз бала келеді. Тұмар қыз атануының сыры осында жатыр. – 9-сыныпта оқып жүрген кезімде ақ айдаһар түсіме кірді. «Қызым, сен емші болып, «Ақ әулие» атанасың, мен қабығымды Жылаған ата әулие қорымының маңына тастаймын, соны барып ал!» – деп аян берді. Балалығым ба ескермедім. Кезінде сатушы қызметінде жүр­генімде таразының басынан ақ жылан көрінді. Халифа анам мұны айдаһардың қабыр­шығына жорып, Жылаған ата әулиенің басына барып тәу етіп, түнеуге кеңес берді. Отыз бір жасымда таңғы сағат 4.30-да жайған жайнамазға кәріжілік, бармақтас түсті, – дейді Мәрия. Бармақтасты қолымызға ұстап көрдік. Кәдімгі бес қырлы шапқыға ұқсайды. Бір қырында бармақтың ізі бар. Мұны Мәрия Жылаған ата әулиенің бармағының ізі деп түсінетінін айтады. Осы оқиғадан кейін Мәрия бар жұмысты ысырып қойып, емшілік жолға түсті. Ташкенттің «Білім» қоғамы жанындағы шығыс емі курсын 1991 жылы түгесіп, №1688 ретті куәлік алды. Алғашқы ұстазы – Ирина Владимировна Тамулина. Мұнан соң халық емшісі Аманқұл Әшірбаевтың іс-тәжірибесін үйренеді. Бұл кісі – Мәскеу халық медицинасы орталығын түгескен, науқастың 70 пайызын дәрілік шөппен емдейтін тәуіп. «Ақ әулиенің» қолданар емі өзге емшілерден бөлек. Алдына келген сырқатты қарамас бұрын құран оқиды. Содан соң таспих тартып, дем салады да, қамшы мен пышақпен аластайды. Айдаһардың қабығының бір түйірін қоңырсытып иіскетеді. Мұнан кейінгі кезек кәріжілік пен бармақтасқа тиеді. Мұның сырын сұрағанымызда «Ақ әулие»: «Аллаға шағынып сөз айтылады, сол кезде аруақтар аян береді. Менің міндетім – айтқанды қайталау ғана. Яғни, кімнің қай жері ауыратынын, кеселі неден пайда болғанын, оның ем-домының қандайлығын аруақтар сыбырлап тұрады», – деп тарқатады. Әр адамның жасы бір жарым ғасырға дейін жету керек, ал біздің ұзақ жасар жасымыз көбіне жүзге жете бермейді дейтін Мәрия өзінің түрлі сырқаттардан арылтуға көмек тигізе алатынын айтады. Оның ішінде жүрек және қан тамырлары дерттерін емдеуге, бүйрек пен бауырға байланған тасты түсіруге, өкпе ауруларынан айықтыруға, әйелдер аурулары мен еркектік белсіздіктерді жоюға, түрлі ісік ауруларынан арылтуға ықпал ете алатынын сөз етті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар