Елбасы осыдан біраз жыл бұрынғы халыққа Жолдауында алдағы он жылда қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы қажеттігін айтқан. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмысқа қарап, бұл межені еш күмәнсіз бағындыратынымызға сенім мол. Осы орайда алға қойылған бұл міндеттерді жүзеге асыруда дене тәрбиесі мен спорт ерекше маңызға ие. Жан-жақты дамыған тұлғаның қоғамдағы құбылыстарға көзқарасы, басқа адамдармен қарым-қатынасы, еңбекке деген ынтасы оның қоғамдағы орнын анықтауға септігін тигізеді. Олардың физикалық, психологиялық қабілеттері дене тәрбиесімен, спортпен айналысу барысында дамып, қалыптасады. Өзіне талап қоя білу, өзгені сыйлау сияқты қасиеттер де осы кезеңде дамиды. Спортта жетістіктерге жету үшін жүйелі түрде дене шынықтырумен шұғылдану, ынта-жігер, қоғамдық пайдалы мақсаттарға ұмтылыс қажет. Бір спорттың түрімен ұдайы айналысқан жасөспірімнің жеке күн режімі қалыптасады, ол өз уақытын тиімді пайдалануды үйренеді. Спорттық жарыстарға қатыса жүріп, аға буын, майталман спортшыларға қарап бой түзейді. Еңбексіз еш нәтижеге қол жеткізуге болмайтынын түсінеді. Ұйымшылдық, ынтымақтастық, темірдей тәртіп, кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге көмек қолын созу, өзара сыйластық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Спорттық жаттығулардың қиындығына төселе келе, өзіне деген сенімділік пайда болады, қарсыласын сыйлауды, жеңілісті мойындай білуді, жеңіске масаттанбауды үйренеді. Спорт жастарды төзімділікке, батылдыққа, ептілікке тәрбиелейді. Спортпен саналы түрде айналысатын жастар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Олар қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, өз пікірлерін ашық айта алады, өзгенің пікірін тыңдай біледі. Үлкен жетістіктерге жетіп, түрлі деңгейдегі жарыстарға шығып жүрген спортшылар ел таниды, өзге халықтардың салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен танысады, елімізді өзгелерге танытады. Дегенмен жасөспірімдерге спорттық жаттығулармен бейберекетсіз айналыса беруге болмайтынын білген жөн. Жаттығуларды шамадан тыс орындау, зорығуға (утомление) ұрындырады. Спортпен шұғылдану барысында тәжірибелі маманның көмегіне жүгінген абзал. Спортпен өз бетінше айналысқан кезде қалыптасқан қате қимылдарды (стереотип) жою кейін өте қиын болады және бұл қимылдар көптеген келеңсіздіктерге ұрындыруы мүмкін. Жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуде ұлттық спорт түрлерінің маңызы өте жоғары. Қазіргі жастарға «Шекпен киіп, өгіз мінген бабаларымыздың» өр рухы жетіспей жатқанын мойындауымызға тура келеді. Қажымұқан атамыз жалғыз жүріп-ақ спорт арқылы қазақты күллі әлемге таныта алды. Қазақ жастары ежелден жамбы атып, көкпар тартып, аударыспақ ойнап, жаяу жарысып, қай кезде де елін жаудан қорғауға дайын болған. Ұлттық рухпен қуаттанған жан-жақты дамыған тұлға – ол болашақ еңбек адамы, болашақ жауынгер. Бүгінде біздің алдымызда 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын 30 пайызға жеткізу міндеті тұр. Бұл дегеніңіз – сергек жандар қатары 5 миллион адамнан асады деген сөз. Саламатты өмір салты дегеніміз – белсенді іс-қимыл күнделікті жаттығу, жүгіру, жүзу немесе спорт үйірмелеріне қатысу. Қала тұрғындары ауыл адамдары тәрізді мал жайып, су тасымайды, шөп шаппайды, қар күремейді. Сол үшін дене қимылын спортпен ұштастыруымыз керек. Аптасына ең кемі үш мәрте жаттығып тұрмасақ, жалқаулықтың, немқұрайдылықтың салдарынан әртүрлі ауруға бой алдыруымыз мүмкін. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, деніміз сау, жүрісіміз ширақ болсын десек, спортты серік етейік!
Әбіш БЕСТЕРЕКОВ, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді