Болат РЫСМЕНДИЕВ, Талас ауданының әкімі.
Беларусь Республикасы – Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттің бірі. Көп жағдайда мүддеміз, мақсатымыз үйлесіп жатқандықтан барыс-келіс жасап, бір-бірімізден үйрену, көмектесу қалыпты жағдайға айналуы – заңдылық. Екіжақты уағдаластыққа сәйкес аталмыш елдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатымен үстіміздегі жылдың 18 қыркүйегінде жұмыс сапарымен сол мемлекетте болып, ең әуелі Брест қамалына ат басын тіреп, ондағы Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойып, ел қорғау жолында шаһид болған бауырларымызға құран бағыштадық. Сапарымыз Гродно облысында жалғасты. Облыс орталығы Гродно қаласының әсемдігінде мін жоқ. Қала әкімдігінде делегацияны губернатор Владимир Кравцов қарсы алды. Өңір басшысы жылы шыраймен қабылдап, облыста 93 ұлт пен ұлыс өкілінің тұратынынан хабардар етті. Халық саны 1 миллионға жетіп жығылады, Гродно қаласында 50 мың тұрғын бар көрінеді. Ілгерідегі Қаратау қаласының халқымен шамалас шаһардың өнеркәсібі өрлеген. Жалпы, аталған облыс өнеркәсіпті, аграрлы аймаққа жатады екен. Өзіміз ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан болғандықтан, мені қызықтырғаны жер, оның игерілуі, егістікте қолданылатын технологиялар болды. «Агрокомбинат Снов» деп аталатын ұжымшарда болдық. Шаруашылықта 2600 гектар-ақ егіс алқабы бар екен. Биыл бидайдың әр гектарынан 80-90 центнер дән алынған. Бізге түсіндірулеріне қарағанда, жаздағы ыстық 35 градусқа жетіп, өнімділік 10-15 пайызға төмендеген. Әйтпесе, жыл сайын гектарына 106-107 центнерге дейін астық өнімін алады екен. Біздің түсімізге кірмейтін өнім. Жасыратын не бар, біздер 10-20 центнерден дән алсақ, қуанып қаламыз. Беларусь жері қаратопырақты, таяқ шаншысаң тал болып шығады. Су мен жауын-шашыны мол. Беларусьтар сүйем жер қалдырмай еңбектенеді. «Не ексең, соны орасың» демекші, алқапқа тек жоғары сұрыпты дән себілуіне аса қатты мән беріледі. Енді егістік жерді өңдеуге, құнарландыруға келгенде агротехникалық талаптың сақталуы қатаң бағаланады. Әсіресе, жердің сорланбауы үшін қаражатты аямайды екен. Қысқасы, ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы гроднолық әріптестерімізден көп нәрсе үйреніп, көңілімізге тоқып қайттық. Алдағы уақытта барыс-келісті жиілетіп, озық тәжірибелерінен үйреніп, өндіріске енгізуге ұмтылып отырған жайымыз бар.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді