Облыс әкімдігінің мәжілісі облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың ең әуелі жиынға қатысушыларға Тараз төрінде дүбірлеп өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып, аянбай еңбек еткендері үшін алғысын жеткізумен басталды. «Тойға әзірлік барысында үш айдың ішінде біраз тірлік атқарылды. Республикадан бөлінген барлық қаржы толығымен игерілді. Тойдың өз деңгейінде өтуіне белсене атсалысқан барлық азаматқа алғысымды білдіремін» деді ол алғысөзінде.
Сонымен, мәжілісте қаралған 16 мәселенің ең бастысы – 2015 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы болды. Аталған мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. «2015 жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 187,2 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, бұл тұрғыдағы көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,0 пайызға төмендеді. Бұл кен өндіру өнеркәсібі және ашық кеніштерді игеруде өндіріс көлемдерінің 26,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 10,3 пайызға қысқаруына байланысты. Сонымен қатар, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 10 пайызға, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 2,9 пайызға өсу қарқыны байқалады. Өңірлер арасында өнеркәсіп өндірісінің төмендеуіне Жамбыл, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласында жол берілген. Өңірлер арасында жылдық жоспардың орындалуының төмен деңгейі «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Сарысу, Қордай, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Меркі, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша Мойынқұм, Сарысу, Шу, Жамбыл, «Құлан» бағдарламасы бойынша Сарысу, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында орын алған. Ал, Мойынқұм ауданында бірде-бір бас жылқы сатып алынбаған» деген дерек келтірді басқарма басшысы.
Облыс дамуының барлық көрсеткіштері бойынша жасалған баяндамадан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірқатар сұрақтарды алға тартты. «Биыл облыстағы барлық кедендік шекара бекеттерінің алынып тасталғаны белгілі. Осыған байланысты облыстың экономикалық жағдайы қандай да бір өзгеріске ұшырады ма? Бекеттердің болмауы жамбылдықтардың әлеуетіне қалай әсер етуде?» деген әкімнің сұрағына Жомарт Әмірханов әзірге бұл мәселеге қатысты ешқандай нақты жауаптың жоқ екенін, сараптау жұмыстарының есебі тек екі айдан соң берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол Қырғыз елінен көп мөлшерде көкөніс пен жеміс-жидектердің келуінен жергілікті бақша өсірушілерге кері ықпалы болуы мүмкін деген болжамымен бөлісті. Ал облыс басшысы: «Республикалық бюджетке түсетін кедендік салық азайғанымен, Қырғыздың «Дордой» сынды үлкен базарларының тауарлары жаппай Таразға ағылуының нәтижесінде мұнда сауда жасайтын кәсіпкерлер саны артып, соның нәтижесінде, облыс бюджеті біршама артады деген болжам болған. Алайда, бұл мәселемен дұрыс айналыспағансың!» деген ескерту жасады.
Облыс әкімінің қойған келесі сауалы теңгенің еркін айналымға жіберілуі жағдайында өңірдегі кәсіпкерлердің жағдайы қалай болуда және ол экономикалық ахуалымызға қаншалықты әсер етуде екендігі жөнінде болды. Өз кезегінде Жомарт Әмірханов өнімдері ішкі нарыққа бейімделген кәсіпкерлер айтарлықтай зардап шеге қоймайтынын, ал өнімдері экспортқа шығарылатын өнеркәсіптер үшін өте қолайлы жағдай туындағанын айтты. Өйткені, олар өз өнімін доллармен өткеріп, тиісінше мол қаражатқа ие болуда. «Елбасы тарапынан дағдарыс жағдайына қарамастан, өңірдегі өндіріс көлемін екі пайызға арттыру туралы тапсырма берілген болатын. Жыл аяғына дейін екі-ақ ай уақыт қалды. Алайда, өндіріс саласы әлі 8 пайызға төмен болып отыр. Жоспарды орындау мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?» деген Кәрім Нәсбекұлының сұрағына экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Экономикалық өсім көрсеткішін арттыруға алдағы уақытта екі жағдай оң ықпал етеді деп жоспарлап отырмыз. Оның біріншісі – ауыл шаруашылығы өнімінің нақты есебінің берілуі. Өйткені, ауыл шаруашылығы өнімінің түсімі жыл соңына қарай бір-ақ шығарылады. Биылғы астықтың мол болуы мен мал шаруашылығында жүзеге асқан бірқатар жобалар бұған мүмкіндік туғызбақ. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің несиелендіру жүйесі арқылы түсетін табыс көлемі де айтылған жоспарға қол жеткізуге жол ашпақ» деп жауап берді. Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа жүйесі, салық түсімдерінің орындалуы, екінші деңгейлі банк және микрокредиттік ұйымдардың түрлі жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруы сынды бірқатар мәселелерді пысықтап алған соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев инфляцияның шекті деңгейінің алынып тасталуына байланысты жасалатын жұмыс жоспарын құру керектігін айтты. «Елде орын алып отырған дағдарыс жағдайына және түрлі экономикалық ауытқушылықтарға байланысты жасалып отырған бұл қадам қарапайым халыққа қиындығын туғызбауы керек. Біз осы мақсатта арнайы жұмыс жоспарын құрып, мәселені назардан тыс қалдырмауымыз шарт. Қандай жағдай болғанда да халық қиналмауы қажет. Бүгін Үкімет бағаның шекті деңгейін алып тастады екен деп әркім ойына келгенін жасайтын болса, елдің ертеңі не болмақ? Әр нәрсенің де сұрауы бар. Күні ертең басқа жүйе енгізілсе, бәріне де жауап беретін біз боламыз. Сондықтан, менің орынбасарларым, тиісті басқарма, орган басшылары мен аудан әкімдері бірлесе отырып жұмыс істеуі керек», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Келесі кезекте Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нүркеновтің жыл басынан бергі тоғыз айда атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасаған әкімге де облыс басшысының сауалы көп болды. Түрлі көрсеткіштер бойынша атқарылмаған жұмыстар мен орындалмаған жоспарларды мысалға келтіре отырып, оған орын берген аудан әкімін жұмысына салғырт деп сөкті. «Аудандағы жерді, суды пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлік субъектілері неге Алматы облысына тіркелген? «Мойынқұмагроның» қалмақ тұқымды 1200 жылқысы көрші облыстың есебінде жүр. Шығыс кен басқармасы да өзге облыста тіркелген. «Альбасардың» жағдайы да солай.Сенің жерің мен суыңды пайдаланып, оның салығын өзге өңірге төлеуге неге жол бересің? Сол мәселеге мен араласып шешетін болсам, онда аудан әкімінің, орынбасарларының, басқаларының не керегі бар? Тағы да айтайын, ұйықтап жүрсің. Оянатын уақыт келді» деп салды облыс әкімі. Сондай-ақ, Мойынқұмда орналасқан көптеген өндіріс орындары мен зауыттардың арқасында облыс бюджетінің ең көп бөлігін осы аудан өтеуге қауқарлы және ең әлеуеті мықты аудан болуы керектігін ескертті. Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиевтің баяндамасын тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы бірінші кезекте аудан аумағында орналасқан «Амангелді Газ» ЖШС өндіріс көлемінің қаншалықты екеніне қызығушылық танытты. Алайда, өнім көлемін нақты айта алмаған аудан басшысына Кәрім Көкірекбаев «Амангелді Газ» жылына жалпы көлемі 354 миллион текше метр газ өндіретінін атап айтты. Негізгі жоспар бойынша 400 миллион текше метр газ өндіру қажеттігін де ескертті. Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиевтен облыс әкімінің келесі сұрағаны аудан бойынша тұрғын үй құрылысының қанша пайызға орындалғаны жөнінде болды. «Қараша айының 10-ынан бастап 2016 жылдың бюджетін қарауды бастаймыз. Сондықтан, барлық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері, өздеріңіздің жыл бойы атқарған жұмыстарыңыздың нақты есебін шығарып, барлық сауалға сақадай сай дайын болуларыңызды тапсырамын. Биыл барлықтарыңыз білесіздер, бюджет қаржысы екі есеге қысқарып, ешқандай жаңа құрылыс басталмайды. Ендеше, сіздердің атқарған жұмыстарыңыз бен дайындықтарыңызға қарап жұмыс істейтін боламыз» деген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановқа нақты тапсырма берді. Яғни, барлық басқармалар мен әкімдіктерге қанша қаржы берілгені және олар оны қалай жұмсағанын, келесі жылы кімге қанша қаржы беруге мүмкіндік болатынын жіті тексеріп, есебін шығару керектігі айтылды. Мәжіліс қарауына алдын ала ұсынылған өзге де бірқатар мәселелердің тиісті шешімі шығарылып, қаулы қабылданды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді