Тараз химиялық паркі
Инфрақұрылымдарды жүргізу жұмыстары басталды Бүгінде ел аумағындағы алып құрылыстардың бірі, экономикалық маңызы зор мегажобаның бірегейі – «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» болып отыр. Бұл – нәтижелілігі жоғары технология негізінде жаңа химия өндірісін қалыптастыру мақсатында құрылыс жұмыстары басталған еліміздегі оныншы еркін экономикалық аймақ. Шамамен 16-21 зауыттың шоғырына айналатын алып өндіріс аудан аумағында, Шу қаласынан он бес шақырым қашықтықта орналасқан. Құны 2 725 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба болашақта 2500 адамды жұмыспен қамтитын болады. Нақтырақ айтсақ, химиялық өндіріс жобасы 2023 жылы жүзеге асып, толық қуатында іске қосылады деп күтілуде. Ал әзірге келешек кәсіпорынның 505 гектар аумағының ішкі-сыртқы инфрақұрылымы жүргізілуде. Осы орайда, тегеурінді тірліктің бүгінгі жағдайы, жалпы жұмыс барысымен таныстыру мақсатында «Тараз химиялық паркі» басқарушы компаниясының мұрындық болуымен республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өтті. Басқарушы компания төрағасының орынбасары Николай Бакаев журналистер тобына жол көрсетіп, құрылыс аумағының кіреберісінен бастап, төңіректегі атқарылып жатқан жұмыстарды түгелдей таныстырды. «Тараз химиялық паркі» акционерлік қоғамымен арадағы келісімшартқа сәйкес, инфрақұрылым құрылысын «КАТЭК», «Өркен», «KazHiTechEuroBuilding», «ISS Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қолға алған. Ұзындығы 5,8 шақырым болатын кіреберіс автомобиль жолының құрылысы мәресіне жетіпті. Бүгінде автомобиль және темір жолдарына қарасты екі көпір соғылуда. Бұл нысандар қазан айының соңына дейін аяқталуы ықтимал. Зауыт аумағына тартылған 6,4 шақырым темір жол жұмысы 92 пайызға орындалып отыр. Николай Бакаевтың айтуынша, бұл темір жол желісі Тараз бен Шу қалалары аралығындағы 37-31 темір жол учаскесінен бастау алатын болады. Онда алдағы уақытта аумағы үш шақырым болатын екі кіреберіс жолы қамтылған станса бой көтереді. Автоматты газ тарату стансасының 9,75 шақырымдық магистральды газ құбыры желісі де сақадай сай әзір тұр. Сыртқы инфрақұрылымның тағы бірі магистральды су құбырының құрылыс жұмыстары 40 пайыз көлемінде жүргізіліп отыр. Әрқайсысы 35 шақырым болатын екі желіден тұратын бұл су жүйесі Тасөткел су қоймасынан бастау алмақ. Тиісті мердігерлер екі желіні қосқанда 70 шақырымды құрайтын жүйенің 50 шақырымына су құбырларын тартып, дайындық жүргізуде. Өндіріс орнына тартылған су құбырларының бірі ауызсуға, екіншісі өндірістік мақсаттағы қолданысқа арналған. Аймақта су тазалау-өңдеу техникасы, сорғы стансасы іске қосылатын болады. Зауыттардан шыққан тұрмыстық және өндірістік қалдықтарға арналған тоғандардың орны әзірленіпті. БАҚ өкілдерімен болған экскурсия барысында Н.Бакаев өндіріс қалдықтарының қоршаған ортаға залал келтірмеуі мақсатында қолға алынған шаралары туралы да түсіндіріп өтті.
Сыртқы электрмен жабдықтау жұмыстары да ақырғы сатысына жеткен. Шу ауданына қарасты Пс-500 қосалқы стансасы зауытты электр энергиясымен қамтамасыз етеді. АЭА аумағына екі бірдей электр тарату желісі тартылған. Олардың әрқайсысының ұзындығы – 2,9 шақырым. Өндіріс аумағында ондағы барлық зауыттарға электр тарататын 220кВт-тық қосалқы стансаның құрылысы жүріп жатыр.
Жалпы, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы инфрақұрылымы нысандарының құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асады. Жұмыстың алғашқы кезеңінің жоспарына сай 2016 жылдың соңғы маусымында сыртқы инфрақұрылым түгел аяқталуы тиіс. Яғни 505 гектар жердің 208 гектарына тиесілі құрылыс жұмыстары мәреге жетпек. Ал екінші кезең қорытындысы 2018 жылдың тамызына жоспарланған.
Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді