«Қазақстан-2050» Стратегиясынан туындайтын міндеттерді жергілікті жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары облысымызға келді. Халық қалаулыларының жұмыс кестесі қауырт. Соған қарамастан тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған. Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев облысымызға жұмыс сапары аясында Тараз қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірі – «Ауыл береке» базарында болып, саудагерлердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Жалпы сыйымдылығы үш мың сауда орнын құрайтын бұл базардың аумағы 13 гектар. Қаншама жан осы жерден нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап, бағуда. Девальвациядан кейін бағаның тұрақтылығы жіті қадағалануда. Дегенмен, азық-түлік бағасының бұрынғыдан жоғарылағаны ешкімге жасырын емес. Осы орайда, Б. Ертаев сұранысы мол өнімдердің, соның ішінде ұн мен қанттың бағасына жіті көңіл бөлді. Сондай-ақ, ол «Ауыл берекеде» нанын тауып жүрген саудагерлермен тілдесіп, базардың ішкі жағдайымен де танысты. Тауарлардың қай елден және қандай бағамен тасымалданатынынан бастап саудагерлердің базар әкімшілігіне төлейтін ақшасына дейін Мәжіліс депутатының назарынан тыс қалған жоқ. Бұрнағы күні Б. Ертаев Т. Рысқұлов және Меркі аудандарында орналасқан әскери бөлімдердің жұмысымен танысып, Меркі ауданында қоғамдық қабылдау өткізді. Ал, кеше Тараз қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында болып, әскерилермен кездесті. * * * Күні кеше ғана республика жұртшылығы Қазақстан халқының бірлігі мерекесін шат-шадыман көңілмен тойлағаны белгілі. Ұлы достық ұлағатымен қанаттанған ұлан-ғайыр даламызда думан дүбірі басылған жоқ. Тараз қаласындағы «Достық» үйінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев, Юрий Тимошенко, Надежда Нестерованың қатысуымен өткен жүздесу де әсерге толы болды. Халық қалаулылары Елбасының салиқалы саясаты туралы сөз қозғады. Татулық тірегіне, достық дәнекеріне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне кеңінен тоқталды. Кездесуге қатысушы этномәдени бірлестіктер өкілдерімен сұхбат құрып, сауалдарына тұшымды жауаптар берді. * * * Парламент Мәжілісінің депутаттары Жексенбай Дүйсебаев пен Алдан Смайылдың облысымыздағы жұмыс сапары жергілікті тарихи-мәдени жәдігерлер мен ескерткіштерді аралаудан басталды. Алдымен, «Қарахан баба», «Тектұрмас», «Айша бибі» сынды көнекөз кесенелерге саяхат жасады. Бұдан соң Мәжіліс депутаттары облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды. Онда еліміздің ортағасырлық кенттерінің iшiндегi ең белгiлiсi, ең көнесi саналатын Тараздың өткеніне көз жүгіртті. Ұлы Жiбек жолын жалғап жататын сауда және мәдениет орталығы iспеттес Тараз қаласының орта ғасырлардағы тарихымен танысты. Депутаттар бұрынғы базар орнында жүргізіліп жатқан қазба орнын да аралап көрді. Тарихи нысандарды аралау сапары тау бөктерінде орналасқан маңызы зор Ақыртас археологиялық кешенін көрумен жалғасын тапты. Осы қалашыққа апаратын жолдың біраз бөлігінің жөндеуден өтуі керектігін сөз еткен Алдан Смайыл: «Жамбыл облысы басқа өңірлермен салыстырғанда көне жәдігерлерімізді құнттап, өз деңгейінде қарап отыру жағынан көш бастап тұр. Бұл қуантарлық жағдай. Алайда осы Ақыртасқа келетін жолдың сапасы сын көтермейді екен. Осы мәселені шешу керек. Себебі, Жамбыл облысын туристік индустрия орталығына айналдырудың негізгі жұмысы осындай қадамдардан бастау алуы керек» – деді. Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарларының екінші күні М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың инженерлік ғылыми зерттеу лабораториясының жұмысымен танысты. Мұнда оларды оқу орны студенттерінің инновациялық жаңалықтары қуантып тастады. Студенттер оқытушыларымен біріге отырып, қымыз өндірудің жаңа технологиясын меңгеруде. Сондай-ақ, студенттер бие сүтінен балаларға құрғақ тағам ойлап тауыпты. Бұл жаңалықты Үкімет қолдаса, отандық сүтіміздің бәсекеге қабілеттілігінің артарына сенімді. Мұнан соң, Абай атындағы гуманитарлық колледжінің білімгерлерімен кездескен депутаттар теория мен тәжірибені ұштастырып отырған жүйелі жұмыстың нәтижесін көрді. Ал, облыстық драма театрға атбасын тірегенде осыған дейін қордаланып келген түйткілді мәселенің барлығын өнер ұжымы депутаттарға түгел жеткізді. Орыс және қазақ театрларының бөлек ғимаратының болуы, қазақ театрына атау беру мәселесі, театр қызметкерлерінің жалақысы мен баспана жайын қазақ драма театрының бөлім меңгерушісі Асқарбек Сейілхан айтып берді. «Сіздердің ашық айтқан мәселелеріңізді жазып алып кетеміз. Дегенмен еліміздегі театрлардың жағдайы тым төмен деп айтуға болмайды. Біз жұмыс сапарымызбен жүріп, бірнеше облыстардың театрларын көрдік. Жаңа театрлар салынып жатыр. Сіздерде де жаңа ғимарат салынып қалар» деді. * * * Қазақ журналистикасының қазіргі қарымы қандай? Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысын, қоғамдық-саяси даму үдерісін тілшілер қауымы терең талдап көрсете алып жатыр ма? Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруда қандай шаралар жүргізген абзал? Міне, осындай өзекті мәселелер Парламент Мәжілісінің депутаттары Алдан Смайыл мен Жексенбай Дүйсебаевтың «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында жергілікті журналистер қауымымен кездесу барысында кеңінен талқыланды. Басқосуды партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік жүргізіп отырды. – Өзім де журналист болғаннан кейін облысқа сапарым барысында сіздермен жүздесіп, ой бөліскенді жөн санадым,- деді сөзінің басында қаламгер һәм қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Зейноллаұлы, – Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде баспасөз мәселелерімен айналысып келемін. Жұмыс барысында біз Астана қаласында отандық журналистиканы дамыту мәселелері бойынша бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрлігі, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен еліміздегі қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен бірнеше дүркін кездесу өткіздік. Сонда жаңа тұрпатты журналистердің жетіспейтіндігі өткір қозғалды. Бұл әсіресе телевизия саласында айқын сезілуде. Қазіргі заманғы шетелдік телеарналарда жұмыс істеп жүрген мамандардың деңгейіндегі режиссерлер, терең аналитикалық талдау жасайтын журналистер тым аз. Елімізде журналист мамандар даярлап жатқан жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы да өте нашар. Онда дәріс беріп жүрген ұстаздар біліктілігінің мәз еместігі де айтылуда. Осындай жағдайда отандық журналистиканың деңгейін жаңа сатыға қалай көтеруге болады? Осы мәселе төңірегінде пікір алмассақ деп едік. А. Смайыл мәселені шешудің бір жолы ретінде Мәжіліс депутаттары Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығы жанынан арнайы курстар ашу жайын көтеріп жатқандығын тілге тиек етті. Бұл бастама Байланыс және ақпарат агенттігі тарапынан да қолдау тауып отыр екен. Ал, депутат Жексенбай Дүйсебаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы батыл бастамалар мен шаруаларды мемлекеттік қолдаудың тиімділіктері туралы әңгімелеп берді. Ол өз сөзінде мерзімді басылымдарды қалт жібермей оқып отыратынын, саладағы мәселелерді өткір қозғап жүрген журналистердің де аз емес екенін айтты. «Сіздер мен біздердің бағытымыз, мақсат-мұратымыз бір, ол – тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу» деді Ж. Дүйсебаев. Кездесу барысында облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы халық қалаулыларының сөзін одан ары жандандырып, көкейде жүрген келелі мәселелерді қозғады. Кездесуде сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік, «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары Ақылжан Мамыт, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының редакторы Жалғас Саңғыл ұсыныс-пікірлерін ортаға тастады. Халық қалаулылары мұнан соң партия филиалы ғимаратында азаматтардың жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізіп, «Тараз-Арена» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Ал, кеше депутаттар Байзақ ауданына жол тартты.
Назгүл Әбушәріпқызы, Гүлжан Рахман, Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді