Екі жарты -бір бүтін

Екі жарты -бір бүтін
ашық дереккөз
Екі жарты -бір бүтін

немесе Бибіш апайдың сыры

Жақында пойызбен Қаратаудан Таразға бет алғанмын. Бос орын болмаған соң, әуелі түрегеліп тұруға тура келді. Бізге жақын маңға жайғасқан, жасы жетпісті алқымдаған ана ашық кісі екен. Сөйлеп келеді. Әлден уақытта әлгі кісінің қасындағы кісі басқа вагонға ауысты да, босаған орын маған бұйырды. Ол кезде Тамдыға да жеткен жоқ едік. Таразға дейін талай жер болғандықтан, қолайлы жағдай туғанына қуанып қалдым. Оның үстіне, серігің әңгімешіл болса, жол қысқармай ма?

Апамыздың есімі Бибігүл екен. Туыстары мен таныстарының бәрі «Бибіш» атап кетіпті. Өзі ұзақ жыл Алматы қаласында тұрған. Жолдасы ертеректе өмірден озған көрінеді. Жалғыз ұлға ұнаған жалғыз келіні қатқылдау, мінезі жайсыздау болып кездесіп, енесін аса құрметтей қоймапты. Тумысынан көпшіл, кең пейілді кейуана тар жерде тығылып отыруға көндікпеген көрінеді. Содан Алматыдағы үйін әлпештеп өсірген баласына қалдырып, өзі осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Қаратауға қоныс аударыпты. Өзі жақсы кісіге қай жерден де бір кісілік орын табылады емес пе? Көршілерінің бәріне сыйлы, дастарханы үнемі жиналмайтын шаңыраққа айналыпты. Көрші жас келіндер Бибіш апайды өздеріне ақылшы санап жүрген сияқты. «Балаңыз келіп тұра ма?» деп сұрадым мен қарап отырмай. «Осы жаққа келген жеті-сегіз жыл ішінде бір рет қана келді. Келгісі келмейді дейсің бе, келіннің қабағына қарайды ғой» деп қойды апай. Бәрібір баласына кір жұқтырғысы келмейді. Бауыр етін жамандыққа қалай қисын? Осыдан екі жыл бұрын Бибіш апай бір тосын жағдайға тап болады. Үйдің есігі қағылады. Апай есік ашса, бейтаныс қария келіп тұр. «Құдайы қонақпын» дейді. Ақсақалды ішке кіргізіп, қою сүтін қатып, бабын келтіріп шайын береді. Қария да бұрын-соңды мұндай құрмет көрмегендей, шайды ұзақ ішіп, әрең жөніне кетеді. Бұл ештеңе түсінбей қалады. Ертеңіне әлгі шал тағы есік қағады. «Сізбенен азғантай сөйлесетін сөзім болған соң келдім», – дейді. «Кіріңіз, ол не сөз?» – дейді бұл. Шал кіреберісте күмілжіп, күйбеңдеп көп отырады. Біраз үнсіздіктен кейін «Мен... иә... сізді көптен біліп, естіп жүрмін. Сізбен бірге тұрғым келеді. Кемпірім екі жыл бұрын қайтыс болды. Естуімше, сіз де жалғыз. Екі жарты бір бүтін болсақ...» – дегенді қария әрең айтады. «Не.. не дейсіз... Кетіңіз... Мен... Мен сізді сыйлап, шай беріп, дәм ұсынып жүрсем. Ойыңыз қандай? Кетіңіз. Келмеңіз енді!» – деп күмілжіп, «сезімін» сездіре алмай тұрған қарияны Бибіш апай үйінен қуып шығып, «тарс» дегізіп есікті іліп алады. Сөйтсек, бұл қарияның бір қызы Бибіштің көршісі екен. Сол қыз бұл кісіні ертелі-кеш байқап жүріп, жалғыз қалған әкесіне қолай көріпті. Көп ұзамай кейуанаға сол қыз жолығады. Ағынан жарылып, сырын айтып, «Анамдай болыңыз», – деп кешке дейін жалынады. Жүрегі тас емес қой. Апай да жібіп, күлімсірейді. «Ойбу, қызым-ау. Бұл өзі ұят болды ғой. Алматыда ұлым бар, келінім бар. Оларға не бетімді айтамын? – деп, біраз қысылып отырады да, «әкеңді тағы жібер, сөйлесіп көрейік» дейді ақыры. Қысқасы, көрші қыз Бибіш апасын әкесіне қосып тынады. Екінші шешесі – Бибішті шынымен анасындай көріп, қызындай еркелейді. Қарияның жеті-сегіз ұл-қызы бар екен. Тіпті, Астанада тұратын баласы да әкесінің үйленгеніне арнайы келеді. Барлығы бұл кісіні ана орнына ана көріп, ә дегеннен өздерін баладай сезінеді. Қарияның аты – Жақыш. Екеу болып жүрген жақсы екен. Шалыммен кешке дейін сырласып, бір құман шайды бірге ішіп отырамын. Замандас болған соң, әзіліміз, әңгімеміз жарасады. Ал ұл-қыздарының маған деген құрметтері ерекше. Тіпті, Астанадағы баланың шақыруымен Елордада болып, қария екеуміз қыдырып қайттық. Бұрын түнде терезе, есік сықырласа елегізіп шығушы едім. Қазір үйіміз абыр-дабыр. Немерелер жүгіріп жүреді», – деп сөзін түйіндеді апай. «Балаңыз хабарласып тұра ма, бұл жағдайды біле ме?» – деп сұрадық. «Е, өз балам аман болсын. Екі-үш айда телефонмен хабарласып, жағдай сұрап тұрады. Оған шал тауып алғанымды айтпадым. Бәрібір келіп жатқан жоқ. Жүрегін ауыртып қайтем? «Құдай туғаннан сала ма, тумағаннан сала ма» деген. Шалымның ұл-қыз, немерелері менің жүрегімді елжіретіп, әжелік мейірімімді оятты», – дейді Бибіш апай. Таразға да келіп қалдық. Әңгіменің майын тамызған кісімен қоштасуға тура келді. Пойыздан түскеннен кейін Бибіш апайдың әңгімесін ой елегінен өткізіп, біраз ойланып, тұрып қалдым. Жанымнан жолаушылар асығыс өтіп жатыр...

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар