Ақпарат кеңістігінде шекара жоқ

Ақпарат кеңістігінде шекара жоқ
ашық дереккөз
Ақпарат кеңістігінде шекара жоқ

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында «Ақпарат қауіпсіздігі туралы» республикалық семинар-кеңес өтті. Оны ҚР Премьер-Министрінің кеңсесі жанындағы «Облыстардағы ақпарат қауіпсіздігі жұмыстарына байланысты мамандарды дайындау және кәсіби біліктілігін арттыру» орталығының директоры Ақжүніс Оразалина жүргізді. Ол кіріспе сөзінде барлық аймақтардан келген өкілдерді, журналистерді ашық пікір алмасуға шақырды.

Басқосуда сөз алған Қызылорда облысы әкімдігі аппаратының бас инспекторы Ержан Момбеков ақпарат кеңістігіндегі жаңашылдықтарды мекемелерге кеңінен насихаттау тұрғысында нәтижелі жұмыстарға қол жеткізгендерін, ақпараттандыру жөнінде облыста арнайы орталық құрылғанын айтты. Сондай-ақ, Ержан Жақыпұлы ақпараттандыру орталығының ықпалымен 14 бағдарлама жасалып, жемісті жұмыстар жүргізілгенін, «IT» ақпараттандыру жобасы бойынша қызылордалықтар биыл республика бойынша көш басында тұрғанын сөз етті. Алматы облысы әкімдігінің өкілі Шыңғыс Орманов та өзі еңбек ететін аймақтың ақпарат кеңістігіндегі ахуалынан сөз қозғады. Ақпараттық технологияны меңгергендер көбейіп келеді екен. Жаңашылдықты жатсынбағандарға бүгінгі жаңа технология қиындық туғызбайды. Ақжүніс Мұхаметқалиқызы өзгелерге Қызылорда мен Алматы облысын үлгі етіп, семинарға қатысушыларға әр облыстың озық тәжірибесін үйрену қажеттігін ескертті. Ақпараттық технологияның қолданысқа еркін енуі, әлеуметтік желілердің сауатты, баршаға қол жетімді болуы семинардың негізгі өзегіне айналды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Қыдыр Бегалиев те ақпараттық қауіпсіздікті жолға қою жөнінде ойын ортаға салды. Жиынды Ақжүніс Оразалина қорытындылап, семинарға қатысушыларға және БАҚ өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар