СТЕПНОЕ АУЫЛЫНА ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ АТЫ БЕРІЛСЕ

СТЕПНОЕ АУЫЛЫНА ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ АТЫ БЕРІЛСЕ
ашық дереккөз
СТЕПНОЕ АУЫЛЫНА ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ АТЫ БЕРІЛСЕ
Қордай ауданында кеңес өкіметінен аты қалған – жалғыз Степное ауылы. Көшелеріміздің де 99 пайызы орысша. Бірақ ауылда негізінен қазақтар тұрады. Ол 638 үйді құрайды. Ауыл әкімі ол жөнінде жақсы біледі. Ауыл әкімшілігінде ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ. Сұраншиев бастаған әр ұлт өкілдерінен құрылған 21 адамнан тұратын қоғамдық кеңес бар. Соның 19-ы қол қойып, ауылды «Дінмұхамед Қонаев ауылы» деп өзгертуді талап еткенбіз. Ол қағаз ауыл әкімшілігінде бар. Бірақ өтініш 2011 жылы жарияланған мораторийге байланысты кейінге қалдырылған болатын. Елбасының «Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» деген сөзі – бәрімізге, соның ішінде шенеуніктерге де айтылған сөз. Сонау И. Юсуповтың тұсында ОҚ облысындағы мақта егетін аудандар Өзбекстанға өткен болатын. Міне, сол аудандарды Д. Қонаев Қазақстанға қайтарды. КПСС ОК-нің қылышынан қаны тамып тұрған кезінде Маңғыстау облысын Түрікменстанға беру туралы шешіміне де қарсы шыққан осы Д. Қонаев болды. Ұлтына, жеріне деген сүйіспеншілік деп осыны айт! Біз осы отансүйгіштік қасиет жастарға үлгі болсын дейміз. Бұл дегеніміз – патриоттық тәрбие. Әрине, Қонаевтың барлық істегендерін бір парақ қағазға сыйғызу мүмкін емес. Бүгінде кәсіпкерлер мен шенеуніктер көшелерге, мектептерге, мешіттерге әкелерінің аттарын беруде. Ал сонда Д. Қонаев есімі олардың әкелерінің аттарынан кем бе?! Біздің өтінішіміз төрт-бес жылдан бері ескерусіз қалған соң «Ақ жол» газетіне жазуға тура келді. Ауылдың атын Д. Қонаев ақсақалдың атымен атауға ауыл халқының 80 пайызы, яғни төлқұжат нөмірі, аты-жөні, тегін көрсетіп өз еркімен 495 адам қол қойып беріп отыр.

Елтай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

Степное ауылы, Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар