«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ (дастаннан үзінді)

Қазақ (дастаннан үзінді)
ашық дереккөз
Қазақ (дастаннан үзінді)

Арын САРДАРҰЛЫ.

Бұл халық табиғаттың төлі еді, Татқаны төрт түліктің сөлі еді. Көңілін ашатұғын астанасы – Асқар тау, Айдын теңіз, көлі еді.

Жайнаған жәннат сынды даласы еді, Мың бұлақ, мың сан шөпті саласы еді. Саласын – Байтағым, – деп ұлықтаған, Қазақ та адамның бір баласы еді.

Атасы – Күн-Тәңірі аспан еді, Анасы – Жер-Тәңірия дастан еді. Сондықтан Ғаламменен туысуда, Бұ қазақ адамзаттан асқан еді.

Жел, Жұлдыз, Ай, Күн сырын жіліктейтін, Қол жуған судың өзін сілікпейтін. Жан менен Жердің нәрін бір көрудің, Жүйесін – қарапайым білік дейтін.

Сондайлық болмысынан ақын еді, Сондықтан ақиқатқа жақын еді. Содан да басқыншыдан қорғанды тек, Ал қашан кімнің қандай қақын жеді?!

Алдымен сөздің оғын мірдей тұтты, Саңлағын сөз ұстаған пірдей тұтты. Елім – деп еңіреген ерлерінің – Киесін құдіретпен бірдей тұтты.

Аттамаған әрқашан ар-әдепті, Қазақта небір қилы заман өтті. Қашаннан батыр болмыс, қайсар халық, Талай-талай зұлматтан аман өтті.

* * * Жетпеген жаудың аяғы, Скифтер құсап баяғы. Қаладан тегіс ауысып, Даласымен қауышып. Астанам деген даласын, Баспанам деген даласын. Далалық қылып өсірген, Жөргектен өршіл баласын. Тек ардың жолын ойлаған, Саңлақтың асын тойлаған. Тағдырын түгел қисса қып, Талғамға таза бойлаған. Намысы оттай маздаған, Болса да кезі боздаған. Аярлыққа көзі жетсе егер, Ашуы шындап қоздаған. Намыспен сонда кернеген, Шектен тыс «көзсіз» ерлеген. Жапырып қандай нөпірді, Жасындай соғып жерлеген. Солайша есеп айырған, Басынған талай керменен. Сүйекке түскен таңбаны, Тазартқан қанмен, терменен! Беу, біздің батыр Бабалар! Бас иіп өтем сендерге, Дұға қып өтем сендерге, Әлемге бүгін танылған, Дарысын бақ-құт енді елге!

Ұқсас жаңалықтар