Тасқа басылған қазына

Тасқа басылған қазына
ашық дереккөз
Тасқа басылған қазына

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған энциклопедияның тұсауы кесілді

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Ақпарат және талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тойға тәбәрік ретінде «Қазақ болып қалыптасқан ғасырлар» атты кітап дайындап шығарған болатын.

Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойының алғашқы күні Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынды Тараз мемлекеттік педагогикалық институттың ректоры, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарова ашты. Ол өз сөзінде тарихтың ең маңызды құндылық екенін, Елбасымыз қолдау білдірген «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары аясында еліміздің тарихын тануға кең жол ашылғанын, Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу тарихына арналған осынау сүбелі еңбектің мазмұны өте жоғары екеніне тоқталды. Жаңа жинақ Елбасымыздың «Қазақ хандығы біздің елдігіміздің түп-тамыры» атты сөзімен (2014 жылғы Тәуелсіздік күнінен арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінен алынған) басталған. Облыс әкім Кәрім Көкірекбаевтың «Тойдан тәбәрік» атты мақаласы кітаптың мазмұнын байытып тұр. Кітап «Түп тамырдан тартқанда», «Қазақ хандығының құрылуы мен құрылымдық негіздері», «Ұлт осылай ұйысқан» деген үш бөлімнен тұрады. Кітапта Болат Көмеков, Мекемтас Мырзахметов, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбеков, Уалихан Қалижан, Ислам Жеменей, Сәйден Жолдасбаев, Нұрсан Әлімбай, Берекет Кәрібаев сынды бір топ белгілі тарихшы, зерттеуші, ғалым, жазушылардың сүбелі зерттеу еңбектері бар. Кітаптың құрастырушысы жазушы – Елен Әлімжан, редакторы – Тұрсынхан Толқынбаев. Кітаптың көлемі 39 баспа табақ, таралымы – 1000 дана. Кітап Тараздағы «DanAi» баспасынан жарық көрген. Тұсаукесер рәсімінде жиналған тарихшы-зерттеушілер, қаламгерлер бұл тарихи кітаптың құндылығынан сөз қозғап, өткеніміздің өнегелі жақтарынан, бабалар ерлігімен келген елдік тұрғысынан сөз сабақтады. Сонымен, «Қазақ болып қалыптасқан ғасырлар» атты тарихты кең қамтыған қазыналы кітап оқырмандарға жол тартты. Бұл еліміздің белгілі тарихшы-зерттеушілерінің тарихи тойға қосқан үлесі.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар