Ел қонбаған жер жетім

Ел қонбаған  жер жетім
ашық дереккөз
Ел қонбаған жер жетім
[caption id="attachment_27972" align="alignleft" width="159"]Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының  докторы, профессор. Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының
докторы, профессор.[/caption] Қазақ тарихының тамыры тереңде жатыр. Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Біз – Орта Азиядағы ежелден келе жатқан мемлекеттердің біріміз. Ол – даусыз. XV ғасырда Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі аймақты алып жатқан Ақ Орданың орнына Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын Шайбанның ұрпағы болып келетін Әбілхайырдың хандығы құрылады. Ол билік құрған 40 жылдың ішінде Дешті Қыпшақтағы бытырап жатқан тайпалардан бір орталыққа бағынған мемлекет құруға тырысты. Алайда 1457 жылы Сығанақ түбінде Өз-Темір тайшы бастаған ойраттардан жеңілуі және ішкі талас-тартыс кезінде Әбілқайырдың үлкен ұлы Шах-Будаг-сұлтанның өлтірілуі Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды қудалауға алып келді. Осы жөнінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде былай деген еді: «...1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады». Осылайша Еуразияның шетсіз де шексіз ұлы даласын ертеден мекен еткен түрік тектес көшпелі тайпалардың бірыңғай этникалық тобына жіктелген қазақтар XV ғасырдың ортасында Шу мен Таластың алқабында хандықтың туын тігеді. Көне тарихқа үңілсек, Талас пен Шу өзендерінің аңғарлары ерте заманнан түріктерге құтты қоныс, жайлы мекен болған. 1991 жылға дейін жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде бұл өңірде ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің саны 143-ке жетіп отыр. Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды деп айта аламыз. Түрік қағанаттары кезінде Талас пен Шу өңірінде салынған ондаған қалалар мен елді мекендердің сұсты қамалдары мен зәулім мұнаралары олардың құдіретін бүкіл әлемге әйгіледі. Батыс Түрік қағанатының орнына келген Түркеш, Қарлұқ және Қарахан мемлекеттерінің тұсында да Талас пен Шу өңіріндегі қалалардың саны өсіп, мықты қорғаныс жүйесі әрі осы мемлекеттердің орталығына айналды. Алайда ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Ақсақ Темірдің Орыс, Тоқтамыс сияқты Алтын Орда хандарымен жиі-жиі тақ үшін тайталастары, сондай-ақ Ақсақ Темірдің Моғолстан билеушілерімен шайқастары қалалар мен елді мекендерді біржолата тоздырды. Әсіресе, Тараз, Баласағұн, Құлан, Меркі, Аспара сияқты қалалары бар өңірді құлазытып, қиратқан Әмір Темір болды. Ол алдымен Ақ Орда, Моғолстан, одан соң Алтын Орда сияқты түрік тілдес халықтардың мемлекеттік құрылымын әлсіретіп, кейін олардың жойылуын жақындатты. Тіпті Әмір Темір шапқыншылығының күшті болғаны соншалықты Тараз қаласы жойылып, оның орнына Янги Тараз (Жаңа) деген атаумен жаңа қала пайда болады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың еңбегіне назар аударсақ: «Янги (Жаңа) - бұл Моғолстанға белгілі жер. Мауераннахрдегі көптеген адамдар осы Янгидан шыққан. Олардың бәрін янгилықтар деп атайды. Янги деп атайтын аймақта бірнеше қаланың орны сақталғаны белгілі». ХV ғасырда да Тараз өңірі өзара қырқысудың сахнасына айналған. Алайда Талас және Шу аймағындағы қалалардың толық жойылғанына қарамастан өңірдегі отырықшылық пен жер өңдеу шаруашылығы дамуын тоқтатпады. Осыған байланысты XVI-XVIII ғасырларда Аспара, Тараз, Бурана, Садыр қорған, Қойшыман және Шәрі сияқты қалалар өз мәртебесінен айырылса да, тіршілік нышанын сақтап қала білді. Осындай қасиетті де, киелі жерде Қазақ хандығының құрылуы заңды құбылыс болып табылады. Яғни, Жәнібек пен Керей сұлтан бастаған тайпалар өздеріне қаны да, жаны да жақын Моғолстан мемлекетіне жақындап барып, Таразды айналып өтіп, Құлан мен Меркіні, Аспараны артқа тастап, Шу бойындағы Қозыбасыға келіп өз хандықтарының туын тігеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и XezVsnP4TIcРашиди» атты еңбегінде көрсетілгендей Қозыбасы қазіргі Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауында орналасқан. Бұл жерге қазақтар келіп ханның ордасын тігіп, туын көтерген соң «Хантау» деген атау алады. «Хан тауының» далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Кіші тағы», «Ханның оры», «Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені» деген жер-су атаулары әлі күнге дейін халық арасында тарихи маңызын жоғалтпаған. Мәселен, әділ әрекетімен дана саясаттың арқасында ел жадында қалып, аты аңызға айналған біртума ханымыз Жәнібектің тұрақ жайы – Керегетас деген жерде болған. Күні бүгінге дейін «Хан қорасы» деп аталатын осы қасиетті мекен-жай қазіргі Мойынқұм ауданының Қарабөгет ауылынан – 15, Ақбақайдан 50 шақырымдай жерде жатыр. Профессор М.Елеуовтің халық арасынан алған аңыздарына сүйенсек, Керей мен Жәнібек бастаған қазақтар Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшіп, қыс түсе қазіргі Мойынқұм өңіріне жеткен. Құмды қыстап шыққан ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін қазақ деп атапты. Қазақ сөзі ол уақытта өзінің руы мен тайпасынан бөлініп кеткен кез-келген еркін адамның жағдайын анықтау үшін қолданылатын. Тұлпарсаз – Шу өзенінің жағалауындағы саз. Аңыздарда Жәнібек сұлтан осы Тұлпарсазда өткен көкпарда тақымындағы көк серкені жан баласына алдырмаған шабандоз, әрі ат жалында ойнайтын адам болған көрінеді. Осыдан кейін Керей мен Жәнібек Қозыбасыға қарай көшіп бара жатқанда Бас Ақтөбеге шығады да төбе басында бір-біріне іргелес жатқан ескі қала жұртын көреді, сонда Жәнібек сұлтан тұрып: «Алла екеумізді ажырамасын деп осы ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар, қаласаңыз, біріне сіз ал екіншісіне мен қоныстанып қала салайық», деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, Алла сәтін салған күні батысқа – Түркістанға жол жүруіміз керек», депті. Аңызға қарағанда Керей мен Жәнібек сұлтан бастаған қазақтар Шудың бойында ширек ғасырдай мекендеп, жаз жайлауы Қозыбасы, Хан тауы мен Жамбыл тауларында, қыстауы Шудың бойы мен Мойынқұм болған, ал олар қоныс тепкен Шәрі мен Қойшыман үлкен қалалардың қатарына қосылған екен. Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей Хан тауына жерленсе, Шәрі мен Қойшыаман қалаларын қалмақтар жойып жіберген. Дегенмен, М.Елеуов өзінің көп жылғы қазба жұмыстарына сүйене отырып, Шәрі қаласын Қазақ хандығының алғашқы ордасы болуы мүмкін деген тұжырымдама жасайды. Сонымен қатар, тарихшы-археолог М.Елеуов аңыздарда кездесетін Жамбыл, Хантау, Майжарылған, Қойжарылған таулары мен Сұңқар шоқысы, Мойынқұм, Арқа, Тұлпарсаз, Жыландысай, Қозыбасы сияқты жер-су атауларын экспедиция кезінде анықтап, кейін осының бәрін картаға түсірген. Осылайша Жаңа Тараз, Шәрі, Меркі, Аспара, ежелгі Баласағұн өңірінде қазақ ұлысы шаңырақ көтерді. Қазақтың халық болып бүтінделуіне үлкен еңбек сіңірген Қасым хан (1511-1523) ежелгі қазақ жерінің негізгі аумақтарын өз қол астына қаратып, қазақ елінің орасан зор аймағын қалыптастырды. Бұл кезде оның шекарасы оңтүстікте Сырдария өңіріне, Оңтүстік Шығысында Шу, Талас сияқты өзендердің алқабына, Солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көліне, батысында Жайыққа дейін жетті. Алайда Қасым хан өлгеннен кейін басталған аласапыран кезінде Шу мен Талас өңірі Қазақ хандығын мүлдем жойылып кетуден аман сақтап қалады. Қасым ханның кезіндегі жетістіктерден айырылып қалған Тахир (1523-1533) мен Бұйдаш (1533-1537) хандардың билігі тек Талас пен Шу өңірінің аумағында ғана сақталды. Мәселен, 1537 жылы Бұқардың ханы Убайдаллах қазақтарды «орасан зор әскермен Сайрамнан Никинге дейін қуып келеді». В.П.Юдиннің пікірінше Никин деп отырғанымыз Янги (Жаңа Тараз) деген қаланың бұрмаланған атауы. Кейін осы қалашықты 1631-1634 және 1723 жылдары Сайрамға бірнеше рет жорық жасаған қалмақтар талқандап кетеді. Тіпті Тахир хан өзін қорғау үшін бұл өңірге Жатан бекінісін салады (Бұл бекініс кейбір тарихшылардың пікірі бойынша Меркі маңында салынған). Қазақ хандығын қайтадан қалпына келтіруге атсалысқан Хақназар (1535-1580), Тәуекел (1582-1598), Есім (1598-1628), Жәңгір (1628-1652) хандардың тұсында да Талас пен Шу өңірі өзінің маңызын жоғалтпады. Мұны Әулиеатаның маңайындағы ірі суару жүйесінің қолданысқа енгізілгені дәлелдей түседі. Талас өзенінен шыққан арықтарға жаныс, ботбай, шымыр, аққойлы, қаңлы, тілеу сияқты ру аттары берілген. Яғни бұл кезде көшпенділердің отырықшылыққа өту үрдісінің жүргені және егіншілік мәдениетінің өркендеп, егін аумағының өсе түскені байқалды. Жалпы қазақ-жоңғар соғысына қатысты ең маңызды оқиғалар мен шайқастардың Талас пен Шу өңірінде өткені белгілі. 1723 жылы қазақ жеріне басып кірген жоңғарлар Жетісу өлкесімен қатар Талас, Шу өңірлерін бірінші болып талауға түсіреді. «Қаратаудың басынан көш келеді» деген сөзден басталатын «Елім-ай» дастаны да осы Тараз өңірінен шыққан. Қазақтарды тарих сахнасынан жойылып кетуден сақтап қалу үшін батырлар мен билердің жауға берген алғашқы соққыларының бірі осы өңірде ұйымдастырылған. 1729 жылы жазда Балқаш көлінен оңтүстікке қарай 120 шақырым жердегі «Аңырақай» шайқасында басқыншыларға шешуші соққы беру үшін қазақтың жасақтары шешуші шайқас алдында Хантау мен Сұңқар тауына (кейін бұл тау Әбілхайыр тауы атанады) жиналады. Бұл таулардың бауырында «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқастың солтүстігінде Балқаш, оңтүстігінде Отар даласы, батысында Шу, шығысында Күртіге дейінгі аралықтағы бедерлі жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Шайқастың соңғы шешуші сәтінде қазақ жасақтары Итішпестің Алакөлі (Балқаштың Алакөлі емес) маңында ірі жеңіске жетеді. Балқаштан оңтүстікке қарай 120 шақырым жердегі бұл көл қазір Сорқұдық деп аталады. Сонымен қатар, жоңғармен соғыста қазақ батырлары Талас пен Шу аймағында басқа да ірі жеңістерге жетіп отырған. Мысалға, Саңырық батыр бастаған жасақтың Талас бойын жаудан тазартудағы, әсіресе, Ақкесене мен Көккесене деп аталатын екі мұнара түбіндегі шайқастағы ерлігі жыр-дастанға айналды. Тарихшылар мен археологтардың зерттеуі бойынша ертеде сауда-саттық қарым-қатынас Шу өзенінің орта тұсы Көктерек елді мекені тұсымен жүрген. Сонымен қатар, бұл жолмен тарихи сын кезеңде қазақ жүздерінің басын қосу мақсатында Абылай хан да сарбаздарын бастап жүріп өткен. Сол кезден бастап, ел арасында бұл жол «Хан жолы» немесе «Абылай жолы» деп аталады. Бұл дерек ірі археолог-ғалым Әлкей Марғұлан еңбегінде де көрсетілген. Осы жол маңызды сауда-саттық жолы болды. Ақмола, Қараөткел, Қоянды, Атбасар, Қызылжар жәрмеңкелеріне бару үшін Жетісу қазақтары, қырғыздар, қытайлар осы жолды пайдаланды. Сондай-ақ, «Хан жолы» бойында ат ауыстырып, демалып, сапарларын жалғастыру үшін бекеттер жүйесі жасалынды. Ал, 1774 жылы Абылай хан өзінің ұлы Әділ сұлтанды Ұлы жүзге билеуші етіп тағайындаған кезде оған Талас аңғарынан қала салып берген. Кенесары бастаған қазақтардың тәуелсіздік үшін жорықтарының ізі де Шу өңірінде сайрап жатыр. Ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Кенесары хан Бетпақдаланы басып өтіп, Шу бойымен оңтүстік-шығысқа қарай беттейді. Тарихшылардың айтуы бойынша, Жетісу өлкесіне келген Кенесары Меркіге келіп, сол жердегі қоқандықтардың бекінісін шабуылдамақ болады. Осы кезде бекініс басшысы Мұхаммедәлі Кенесары ханның алдынан шығып, оған Қызылмұрын деген атақты арғымағын сыйға тартады. Осыдан кейін Меркіні жайына қалдырған Кенесары Шу бойына келіп Иткешу деген жерде қыстайды. Сол жерден Кенесары қырғыздарға үш рет жорық жасаған. Осы жорықтар барысында хан сарбаздарын бастаған қолбасшы Ағыбай батырдың Шу өзенінен өткен жері Ағыбай өткелі деп аталып кетті. Бұл өткел қазіргі Кеңес ауылы мен Бірлік ауылының орта тұсындағы Шу өзенінің бойында орналасқан. Жалпы алғанда Талас пен Шу өңірінің қазақ хандығы кезіндегі атқарған рөлі ерекше. Оны жазып тауысу – мүмкін емес. Ең өкініштісі, сонда Қазақ хандығының құрылуы да, оның соңғы ханы Кенесарының ажал құшуы да осы өңірмен тікелей байланысты. Тараз.

Ұқсас жаңалықтар