- Advertisement -

тарих-и-рашиди тағылымы

219

- Advertisement -

1264667752 Жүніс хан Мауараннәһрге кеткен соң ұлыс түгелдей Есенбұға ханға бағынады. Бірнеше жыл осылай өтті. Хан жастығы мен кәмелетке толмауы себеп әмірлерді қорлауға тырысатын. Тұрфандық ұйғыр тайпасынан шыққан «Темір» атты біреуді өзінің орынбасары етіп сайлады. Оның тәрбие ісіне қатты көңіл аударды. Сондықтан өзге әмірлер оның мәртебесінің өсуін, әрі өздерінің аяқ асты қор болып жүргендеріне шыдамай, бір күні хан мәжілісінде «Темірді» қолға түсіріп, паршалап, көзді ашып-жұмғанша жан-жаққа бытырап кетті. Хан қатты үрейленіп, өзі де қашып кетті.

ЕСЕНБҰҒА ХАНҒА ӘМІРЛЕРДІҢ ҚАРСЫЛЫҚ КӨРСЕТКЕН КҮНДЕРІНЕН

Бұл хабар Қашғардағы Әмір Сейіт Әлінің құлағына жетті. Әмір Сейіт Әлі Моғолстанға барып, Ақ Қияс жерінде тауып, оны бірнеше адамымен алып келіп, Ақсуды ханға тапсырды.
Қалайда моғол әмірлерінің әрқайсысы бір қызметке ие болды. Әмір Мұхаммед Шаһ «Атбасыға» қоныстанады. Сол уақытта хат жазыса отырып, бір-бірімен уәделесіп келіскен соң әмір Сейіт Әлі өз немере інісін араға дәнекер етіп, Ақсудағы хан жанына барды. Содан өмірінің ақырғы күніне дейін құрметті әрі ауқатты болды.
Тағы бірі, әмір Кәрімберді – ол да дулат еді. Моғолстан шекарасында «Ферғана» және «Әндіжан» бағытында «Алабұға» аумағында бір төбенің үстінде қорған салды. Күні бүгінге дейін оның орны көрініп жатыр. (Әмір Кәрімберді) Әндіжанға және мұсылмандарға шабуыл жасап тұрған.
Әмір Хакберді Бекжек Ыстықкөлдің «Қойсу» жерінде қорған салған. Ыстықкөлдің аралында бала-шағасы мен әйелін қалмақтардың шабуылынан аман сақтау үшін орналастырып, өзі Түркістан және Сайрамды ойрандауға кірісті.
«Жорас» әмірлері мен «Барин әмірлері» Исан Тайшының баласы Амансанжы Тайшы қалмаққа кетті. Тағы басқа топ қалушы, балғашы және бірнеше тайпалар Әбілқайырдың жанына Өзбекстанға кеткен еді.
Күнжі әмірлері, тағы басқалары Моғолстан даласында түгелдей дағдарысқа ұшырап, абыржып қалған болатын. Бірақ Есенбұға хан Ақсуда табан тіреген соң, бірінші болып әмір Мұхаммед шаһ ханның алдына барды. Одан кейін қалың бұқара ханға қайта орала бастады. Хан да жасаған істерге өкініш білдіріп, халықпен жақсы қатынасқа кірісті. Сонымен, толық өз күшіне енген соң, біріншіден, Сайрам, Түркістан, Ташкентке жорық жасап, ойрандап, қайта оралды. Бұл жорық 855 һижри қәмәри (1451 милади) жылдан бұрын жүзеге асты. Сол жерге осы дәстүр бойынша тағы бір рет шабуыл жасады.
Сол кезде Сұлтан Әбусаид мырза Мауараннәһрда патша болатын. Ол ханды қуып, тарихи кітаптарда Тараз деп жазылған «Йанкіде» оған жетіп, соғыс басталып кетті. Моғол қашып кетті, мырза Әбусаид өз уалаятына қайта оралды.
Мырза Сұлтан Әбусаид Хорасанға барып, оны алғанда, Есенбұға хан Әндіжанға бет алды. Әндіжанды мырза Сұлтан Әбусаидтың атынан Мырза Әлі кішік деген әмір билеп тұрған. Ол Әндіжанның қамалына тығылды. Есенбұға ханның әскерінің көптігі соншалықты үш қатар сап түзеп Әндіжанды қоршап алды. Әр жағынан жер асты үңгір қазды. Сөйтіп, сыртқы қамалды жаулап алды. Содан Мырза Әлі кішік хан сарайында қалды. Ең соңында көп сыйлықтар алып, татуласуға келді. Хан Әндіжан уалаятының тұрғындарын түгел тұтқындап қайтты. Қазіргі заманға дейін тұтқынға алынған сол елдің ұрпақтары Қашғар мен моғол жерінде тұрады.
Сұлтан Әбусаид мырза бұл хабарды естіген соң, Есенбұға ханға тойтарыс беруге дәрменсіз еді. Өйткені ол Моғолстанға барса, Есенбұға хан Моғолстан шекарасына кетіп қалар еді. Самарқан әскерлеріне кең-байтақ далада Есенбұға ханның қай түкпірге тығылып қалғанын табу қиын болар еді. Сондықтан олар амалсыз кері қайтар еді. Ал әскерлер кетісімен, Есенбұға хан да өз жұртына қайтар еді. Сөйтіп, Есенбұға ханды жазалау мүмкін болмас еді.
Екіншіден, Есенбұға ханның әскерінің көптігінен сұлтан Әбусаид әмірлері оларға қарсыласуға шамасы келмейтін еді. Сұлтан Әбусаид осы әскерімен Иракқа бет алуға мүдделі еді. Алайда ол жоғарыда айтылғандай Есенбұға ханның кедергісінен Иракқа бара алмады. Сондықтан Иракқа адам жіберіп, Жүніс ханды алдырды. Ол Иракта жүрген мүсәпір еді. Ол Есенбұға ханның үлкен ағасы болатын. Бұл жөнінде бұрынырақ айтылған, алдағы уақытта тағы айтыла жатады. Есенбұға ханға қарсы қоюға Жүніс ханды жіберді. Солайша екі бауыр бір-бірімен тартысып жатса, уалаяттың шекарасы тыныш табар еді. Әрі моғол әмірлері ханнан бөлініп әрқайсысы өз бетінше кетіп, қорған тұрғызған болатын. Ханға да бағынбайтын. Хан да оларға тиіспей жүрген себебі – бір күн болмаса бір күні өзіне қайта оралар деген үміті бар еді.
Сол заманда Әбілқайыр хан қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп отырған кез еді. «Жошы» ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, Шу маңы мен «Қозыбасыны» тапсырған еді. Ол аймақ Моғолстанның батыс шегі еді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында көп келіспеушілік туды. Олардың көбісі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына барған еді. Олардың саны екі жүз мыңға жететін. Олар өзбек-қазақ деп аталды. Алғашқы қазақ сұлтандарының үкіметі 870 һижри қәмәри яғни 1465 милади жылы құрылған. Алла біледі. 940 һижри қәмәри яғни 1533 милади жылға дейін қазақтар толықтай билік тізгінін ұстап тұрды. Өзбекстанның басым бөлігін Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Өз биліктерін жүргізген еді. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарып, қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскері мың мыңнан көбірек еді, яғни миллионнан. Жошы ханнан кейін сол жұртта одан ұлы хан болмаған еді. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мамаш хан биледі. Одан соң немере бауыры Таһир хан биледі. Таһир хан заманында қазақ күйзелді. Одан кейін бауыры Бойдаш хан билікті қолға алды. Қазақ Бойдаш хан кезінде жиырма мың болып қалған еді.
940 һижри қәмәри яғни 1533 милади жылы Бойдаш дүние салды. Қазақ жаппай әлсіреді. Қорытып айтқанда Есенбұға хан дәуірінен бастап, Рашид хан заманына дейін моғол мен қазақ арасында достық пен татулық болған. Бірақта Рашид сұлтан оларды бұзды. Бұл ахуал жайы Рашид хан шежіресінде айтылады. Иншалла.

ҚАЗАҚТАР ЖӘНЕ ҚАЗАҚ СҰЛТАНДАРЫНЫҢ ТІРШІЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ; БҰЛ АТАУДЫҢ ОЛАРҒА БЕРІЛУ СЕБЕБІ ХАҚЫНДА ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ІСТЕРІНІҢ САЛДАРЫ

Әбілқайыр хан – Қыпшақ даласында түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір сұлтандар одан келер бір пәленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды./184/ Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. Сол уақытта Моғолстан хандығын билеу кезегі Есенбұға ханға жеткен еді. Есенбұға хан оларды қатты құрметтеп, оларға Моғолстанның бір шетін белгілеп берді. Олар осы жерден қауіпсіз жайлы қоныс тапты. Сөйтіп тыныш өмір сүріп жатты.
Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Әркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүру үшін Керей хан мен Жәнібек ханды паналады, олар осылай күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп жырылып қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан, оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат оларға осылай таңылды.
Керей хан қайтыс болғаннан кейін хандық таққа оның ұлы Бұрындық хан отырды. Жоғарыда аталған Қасым хан Жәнібек ханның баласы болатын әрі әкесі сияқты барлық іс жағынан Бұрындық ханды тыңдап, соған бағынатын еді. Керей ханның Бұрындық ханнан басқа да көптеген ұлдары болған. Жәнібек ханның да Қасым ханнан басқа балалары болған. Соның бірі Әдік сұлтан еді. Жүніс ханның төртінші қызы Сұлтан Нигар ханымды Мырза Сұлтан Маһмұд ибн Сұлтан Әбусаид мырза қайтыс болған соң, Әдік сұлтанға берді. Ташкент ойрандалған кезде Әдік сұлтан Шаһибек ханнан қашып шығып, қазақтарға кетті. Сұлтан Нигар ханым да оның соңынан ілесті. Әдік сұлтан сол күндері дүние салды. Содан Сұлтан Нигар ханымды Қасым хан некелеп алды. Әдік сұлтаннан кейін Қасым хан билікке қол жеткізді. Сөйтіп Бұрындық ханға хандықтың атынан басқа ештеме қалған жоқ. Ең ақырында Бұрындық ханды қуып жіберді. Сонымен Бұрындық Самарқанға кетіп, жат өлкеде өлді.
Алайда Қасым хан Қыпшақ даласын түгелдей өзіне қаратып алғаны соншалықты Жошы ханнан кейін ешкім де ол сияқты мұндай билікке қол жеткізген емес. Мысалы әскерінің саны мың-мыңнан (миллион) асатын еді. Ақырында 924 һижри қәмәри (1518 милади) жылы қайтыс болды. Қазақ сұлтандарының арасында тартыс басталды. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мамаш хан хандық таққа отырды. Ол шайқастардың бірінде тұншықпадан өлді. Одан кейін Әдік сұлтанның ұлы Таһир хан таққа отырды. Ол қатігез адам болатын, қаталдығы өз шегінен шыққан соң елінің саны төрт жүз мың бола тұра одан бірден безіп, бытырап кетті. Оның қарабасы қырғыздардың арасында жалғыз қалды, мүшкіл жағдайда қаза тапты.
Отыз мыңға жуық адам тағы да Моғолстанға жиналды. Таһир ханның бауыры Бойлаш хан таққа отырды. Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан міне бүгін төртінші жыл болып барады, ешбір жерде із де қалмапты. Отызыншы жылдары 930 һижри қәмәри (1524 милади) жылы қазақ саны мың-мың (миллион) болатын. Қырық төртінші жылы 944 һижри қәмәри (1537 милади) жылы сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған. Олар жөніндегі кейбір оқиғалар ханға қатысты әңгімемізде келтіріледі. Ал қазақтың қысқаша ахуалы баяндап өткендей болды.
Қасым хан хандық атағының жарлығын өзіне алмай-ақ жатқан кезде оның үстемдігінің күштілігі соншалықты жоғары болғандықтан, Бұрындық ханды ешкім ауызға да алмайтын. Алайда Қасым хан Бұрындық ханның жанында болуды қаламайтын. Өйткені оның жанында болатын болса, оны құрмет тұтуға тура келді. Егер де құрмет көрсетпеген жағдайда сынға ілінетін еді. Ал құрмет тұтқан жағдайда, өзі іштей оған бағынғанын мүлдем ұнатпайтын. Сондықтан Қасым хан одан іргесін аулақ ұстайтын. Бұрындық хан Сарайшыққа қоныс тепті. Қасым хан одан мүмкіндігінше қашық жүрейін деп Моғолстан шекарасына кетіп қалды.
Қасым хан Қараталда қыстап, ерте көктемде өзінің туған өлкесіне қайта оралмақ болған еді. Сонда бұған Кетебектен бір кісі Сайрам әкімімен бірге келіп, Сайрамның кілтін оған алып барып, оған тарту етті. Қасым хан оны қабыл алып, содан моғолдар Йәнги деп атап жүрген Тараз жаққа бет алды. Өзінен бұрын ол әмірлерінің бірін жіберді. Кетебек оған Сайрамды тапсырды және өзі оның қызметіне кірді. Әрі Ташкентті алуды үгіттеді. Қасым хан қалың қолмен Ташкентке бет алды. Сүйіншік хан Ташкент қамалына тығылды. Қасым хан сонда барды. Ташкент қамалында бір түн түнеп, қайтты. Ташкент маңына шабуыл жасап, тапқанын тонап кетті. Сайрам айналасындағы жайлауда малын жайды. Оған қатысты басқа жағдайлар ретіне қарай айтылады.

«Тарих-и Рашиди». Үшінші басылым.
Парсы тілінен қазақшаға аударған шығыстанушы,
филология ғылымдарының докторы,
С.Демирел университетінің профессоры Ислам Жеменей.

Алматы 2015,
«ҚазАқпарат» баспасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support