- Advertisement -

Азаттық жолындағы арпалыс

159

- Advertisement -

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,  ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті,  профессор.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті,
профессор.

Қазақ қоғамында көрініс тауып, тарих тезінен өткен мемлекеттілік идеясы мен практикасын бірнеше кезеңдерге бөліп қарауға болады.
Бірінші кезең. Әлгінде ғана өмірге келген қазақ мемлекеттігі бөтен емес, көрші Мауереннаһр билеушісі Мұхаммед Шайбани ханмен Сыр бойындағы Түркістан, Отырар, Сығанақ, Сауран, Созақ сияқты қалалық орталықтар үшін ауыр күреске түсіп, бұл күрес осы өңірге біржола орнығумен, артын ала орталық және батыс қазақ жерлерін Қазақ хандығы төңірегіне жинаумен аяқталды.Шамамен үш ғасырға жуық мерзім дербес мемлекеттік құрылым ретінде өмір сүрген қазақ хандығы әкеден балаға өтетін мұрагерлік билік түрі болатын. Ол қазақ еліне етек-жеңін жиып, өзін тұтас ел ретінде сезінуге, жер ауқымын анықтап, шаруашылығын түзеуге, өзін төңірегіндегі көршілеріне танытуға мүмкіндік берді, қоғамдағы жеке тұлғалардың отан, отбасы, ұрпақ туралы сезімінің, ұлттық тіл мен мәдениеттің қалыптасуына жағдай туғызды. Жәнібек ханның кемеңгер ұлы Қасым хан өзінің «Қасқа жолы» атанған ережесін мемлекеттің заңдық негізі ретінде жариялап, ал шашыранды қазақ рулары орын тепкен жерлерге «Қазақ жері», оған иелік жасаған халыққа «Қазақ елі» деген атты біржола орнықтырып, ұлттық мемлекеттіліктің түр сипатын анықтады. ХV және ХVІ ғ.ғ қазақ хандары Еуразия кеңістігінде жүрген территория анықтау ісінде белсенді рөл атқарды.Жәңгір ханның ұлы Тәуке ханның тұсында (XVIII ғ.) қазақ хандығы дербес құрылым ретінде өрлеу кезеңінде тұрды.
Қазақ хандығы аяғына тұрып, күш алмай жатып-ақ шығыс жақ бетіндегі Жоңғар хандығы тарапынан төнген қауіппен үш ғасырға жуық мерзім бетпе-бет келді. Бұл қазақ мемлекеттілігі тарихындағы екінші ауыр сын кезеңі еді. Орталық Азиядағы басым түрде көшпелі мал шаруашылығына сүйенген ойрат және қазақ қоғамдары кең жайылымдар мен сауда жолдары үшін ақтық айқасқа түсті. Міне осы ұзаққа созылған қанды шайқастар барысында хандық кезеңде қалыптаса бастаған ұлттық құндылықтар өз жемісін берді: ұлттық сана, мемлекеттік бірегейлік (идентичность) сияқты құндылықтар аса қауіпті сыннан өтті. Ұлттың таңдаулы да белсенді күштерінің ұйымдастыруымен және басшылығымен халық өзін-өзі жойылып кетуден сақтап қалды.
Қалмақтар мемлекеті Орталық Азиядағы зор саяси күш ретінде тарих сахнасынан ысырылды. Оған жеткізген ең алдымен ойраттардың өзара алауыздығы еді. Өзара ынтымағын жоғалтқан іргелі ел қытай және орыс мемлекеттеріне қарап, дербестігінен айрылды. Ойраттың Сейсен ханы ұрпағына арнап «мен өлген соң топырағым кеппей жатып-ақ бет-бетіңмен кетесіңдер-ау» деп налыған. Айтқаны келді. Бұл жағдайға куә болған Бұқар жырау «қалың қалмақ бүлінді, ханын шапқан қара оңбас» — деді. Яғни, қалмақтар ұлт ретінде өз мемлекеттілігін құндылық ретінде бағалай алмады, бұл жағдай бізге сабақ болуға тиіс деген ойды білдірді.
Хандық кезеңінің соңына қарай (17-18 ғ.ғ.) қазақ қоғамы халықаралық геосаяси ойынға тартылды. Батыстан Ресей, шығыстан Цин империясы, іргемізден Хиуа және Қоқан хандықтары Қазақ жерін бөліске салудан үміттенді.
Жоңғар қаупінен аман шыққан қазақ қоғамы келесі жетпіс жылдық мерзімде (1731 ж. дейін) дербес өркендеу жолына түсе алмады. Неге? Алтай мен Жайықтың арасында созылып жатқан қазақ жері мен елін жинап, ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын қуатты мемлекеттік аппарат құрылмады, елдің өмірін жаңа сапаға көтеретін экономика тым әлсіз күйде болды.
Қазақ қоғамының мұндай берекесіз күйде тұрғанын байқаған Ресей үкіметі тез арада оны өзіне қосып алу әрекетіне көшті. Әрине, қазақ халқын қоғамдық өмірдің жаңа сапасына көтеру үшін емес, оның жерінің асты-үсті байлығын орыс мемлекетінің қажетіне жаратып, ал қазақ халқын осы мақсатта арзан жұмыс күші ретінде пайдалану үшін. Өз кезегінде қиын жағдайға тап болған қазақ халқы жеріне көз тіккен басқа пиғылдағы күшпен егеске түсіп, өз мүддесін қорғап қалуға даяр ма еді? Жоқ, даяр емес-тін. Сөйтіп, Ресей патшалығы құрамындағы кезең басталды.
Елдің тағдырына байланысты ендігі уақытта «Не болады?» деп Асан ата қойған сауалға (ХVІ) жауапты Бұқар жыраудан (ХVІІІ) соң Мұрат, Дулат және Шортанбай (ХІХ) сияқты ойшылдар да іздеді. Батыстан төніп келе жатқан қауіпке қарсы тұра алатын күшті көре алмай олар да заманына зар айтып уайымға берілді. Мұрат ақын «іштей шіріп өлер» деп кейінгі ұрпаққа мүсіркей қарады.
Дегенмен, бұл сауал мүлде жауапсыз қалған жоқ. Оған алғаш жауап қатқан Шоқан Уәлиханов болды. Ол қазақ елі Ресей мемлекеті шаңырағы астына зор үмітпен келді, халыққа керегі азаттық пен білім, орыс билігі осы екеуін бере алса, онда қазақ елі оған разы болмақ деді. Ш.Уәлихановтың бұл айтқаны заман тудырған сауалға берілген жауаптың бірі болатын.
Асан ата сауалына жауапты Абылай ханның тағы бір немересі Кенесары хан да берген еді. Ол «Азаттықты қылыштың жүзімен ғана алуға болады!», — деген ұстанымда болып, осы жолда мерт болды.
Бұл екі жауапты қарсы қоюға ешқандай да негіз жоқ. Өйткені адамзаттың осы уақытқа дейін жүріп өткен жолы бұл екі жауаптың да өмірлік құқы бар екенін көрсетіп отыр.
«Не болады?», деген Асан атаның сауалына жауапты ХХ ғасырдың басында Абай Құнанбайұлының сын мектебінен шыққан жаңа буын – алаштық топ та (Әлихан Бөкейхан бастаған) іздеді. Бұл буынның ерекшелігі құр уайымнан іргесін алыс салып, білімді құрал етіп, халықты мақсатты күреске шақыруында болды. Олар ХХ ғасырдың басында бүкіл әлемді құшағына алған азаттық күрестің қатарына қазақ елін де тартты – оның идеологиясы мен бағдарламасын негіздеп, оған халықты иландырып, соңына ертті. Бұл ұлт тарихындағы азаттық үшін күрестің аса маңызды кезеңі болды.
Бұл ұлт тарихында бұрын байқалмаған жаңа жағдай еді. Алаш қозалысы аталған азаттық үшін күрестің қатарына мүлдем қарама-қайшы саяси ұстанымда тұрған Әбілхайыр хан (ХVIIIғ.) мен Абылай ханның (XVIII ғ.) ұрпақтары, Шақшақ Жәнібек батыр (Бірімжановтар әулеті бастау алатын) мен Құнанбай қажы Өскенбайұлының ұрпақтары келіп қосылды. Егер Ш.Уәлиханов ерте опат болмағанда досы Григорий Потанин сияқты Алаш партиясының қатарынан табылатындығы анық еді. Алаш қозғалысына байланысты қалыптасқан бұл жағдай қазақтың ұлт ретінде екпінді, өз жолында тұрғандығының нақты көрінісі болды. Алаштықтар азаттықты білімге де, қаруға да сүйеніп қорғауға даяр тұрды. Басқа жол да жоқ еді.
Сөйтіп, ХІХ ғасырда Кенесары хан тұсында байқалған ортақ ұлттық мүдде төңірегінде саяси тұтастыққа ұмтылу, ХХ ғасырдың басында Алаш қозғалысына байланысты тағы да көрініс тапты.
Алаш бастаған күрестің зор мүмкіндігін ресейлік империялық күштер (арасында большевиктер де бар) қатесіз таныды. Бұл үрдіс Ресейді империя ретінде ыдырау жолына салатын үрдіс болатын. Сондықтан да ақгвардияшылар Алашорда үкіметін ашық түрде мойындаудан бас тартса, Ленин мен Сталин басқарған Совет үкіметі ұлттардың өздерін өздері билеу мәселесінде жаңылтпашпен ғана теңеуге келетін түрлі теориялық құйтырқы жолға түсті. «Капитализмді айналып өтіп, социализмге жету», «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» сияқты концепциялар сол большевиктік ұстанымның көрінісі еді.
Алаш қозғалысының жеңілісіне куә болған келесі ұлттық зиялылар буыны халықтың ауқатты емес буынынан шыққандар болатын. Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасұлы, Т.Жүргенов сынды тұлғалардан тұрған бұл буын да Алладан берілетін қабілет пен таланттан кенде емес білімді де тегеурінді ұрпақ-тын.
Бүгінгі кезеңде міне осы екі зиялылар буынын өзара қарсы қойып көрсетуге құштар зерттеушілер бар. Мұндай ұстаным (егер біз оны ұстаным деп қабылдасақ?) советтік тарихтың 20-30 – шы жылдарындағы қоғамдық-саяси процестерді өз арнасында терең түсіне алмағандықтан туындайды.
Сонымен бірге, ұлт мәселесінде амбиваленттік (қайшылықты) ұстанымда тұрған совет үкіметі ұлттардың өз мемлекеттігіне деген құқын біржола жауып тастай алған жоқ. Сондықтан да одақ құрамындағы қазақ сияқты ұлттарға советтік мазмұндағы автономия берді. Ол Мұстафа Шоқай айтқандай «қуыршақ» мемлекеттілік болатын. Қазақстан экономикасы біртұтас одақтық экономикалық кешен құрамында басым түрде шикізат көзі болып қала берді, ал мәдениет саласында қарқынды түрде ассимиляция үрдісі жүріп жатты. Дегенмен, советтік автономия біріншіден, мысқалдай болса да ұлттық болмысты қорғауға мүмкіндік қалдырып, екіншіден, одақтық құрылым жағдайында қазақ елі мемлекеттік басқару жүйесіне тартылып, өзін-өзі билеуге қажет тәжірибе жинақтау мектебінен өтті. Д.Қонаев, Ж.Тәшенов бастаған саяси топтың мемлекеттік қызметі міне осындай күрделі де қайшылықты жағдайда жүрді. Елді сақтау олардың өзекті мақсаты болды.
Қазақстан коммунистік партиясының 1986 жылғы 16 желтоқсандағы пленумының шешімімен келіспей (Д.Қонаевтың орнына Г.Колбинді сайлаған) Алматыдағы орталық алаңға шыққан жастардың қарсылығын саналы әрі мақсатты әрекет есебінде емес, кездейсоқ, стихиялы қадам ретінде бағалайтындар бар. Бұл, әрине, жаулық пиғылдан туған пікір. Өзінің ауыр әлеуметтік және саяси жағдайын терең ұғынған қазақ жастары осы қадамға баруға мәжбүр болды, сондай-ақ бұл оқиға советтік биліктің қазақ жерінде жүргізген саясатының терең дағдарысқа келіп тірелгендігінің нақты көрінісі-тін. Алаңға шыққан жастардың қолдарында «Ешқандай ұлтқа басымдылық берілмесін!», «Әр республикаға өзінің басшысы!» деген мазмұндағы ұрандар ұлттың шынайы мемлекеттік дербестікке ұмтылысының айғағы еді.
Кез-келген ұлт үшін тәуелсіздіктің басты өлшемі – оның өз өмірін өзі билеу мүмкіндігіне ие болуы. Патшалық Ресей, оның мұрагері Совет үкіметі қазақ еліне ондай мүмкіндік берген жоқ. Қазақ қоғамынан бірде-бір реформатордың шықпауы соның айғағы. Яғни, қазақ ұлты өзі қалағандай бағытта және мазмұнда өсіп-өркендеу мүмкіндігінен айырылған еді.
Ұлт ретінде өзіміз қалағандай бағыт және мазмұнда даму мүмкіндігіне біз 1991 жылдан бергі уақытта ғана қол жеткіздік. Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен қазақ жерінде бүгінгі сұраныстарға жауап бере алатын, әлемдік қауымдастық мойындаған мемлекеттік құрылым өмірге келді. Халқымыздың ұлы арманы — дербес мемлекет құру өмірлік шындыққа айналды.
Алматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support