- Advertisement -

Қазақтың қилы тарихы

220

- Advertisement -

2++79
Қойшығара
Салғараұлы,
тарихшы, жазушы.

 Әбілхайыр ханның өмір жолының кейбір тұстары Абылайға ұқсайды. Орта жүздің ханы Әбілмәметтің қарауында жүрген Абылай сұлтандай Әбілхайыр да алғашында Шейбан тұқымы Суфи-оғлан баласы Жұмадық ханның қарамағында сұлтандық лауазыммен оның әскерінің бір бөлігін басқарады. Кейін Жұмадық хан Ноғай ұлысының ішкі ісіне орынсыз араласамын деп маңғыт және өзбек тайпалары көсемдерін өзіне қарсы қойып алады. Сөйтіп жүргенде Ноғайдың атақты биі, Едігенің баласы Қазы өлтіріледі. Оның өлімін қарсыласы Жұмадықтан көрген өзбек пен ноғайдың шонжарлары күш біріктіріп, хан әскеріне қарсы шығады. Осы соғыста Жұмадық хан мерт болады.

Осынау аласапыран айқаста жеке ерлігімен бірге саясатшылығымен де көзге түскен Әбілхайыр сұлтан Жұмадық ханның қарсыластарымен тез тіл табысып, көп ұзамай ноғайдың биі, Едігенің немересі Уақастың қолдауымен Батыс Сібірдегі Тұра қаласында хан тағына отырады. Бұл баяғы негізін қазақ даласынан шыққан Тайбұға батыр қалаған Тұра немесе Чимги-Тұра қаласы болатын. Осы Тұра қаласы Әбілхайыр қашан ордасын Орда-Базарға көшіргенше Әбілхайыр хандығының астанасы болды. Бұдан кейін астана Сығанақ қаласына көшірілді.
Көшпелі қоғамның заңы бойынша Әбілхайыр да өзін қолдап хан көтерген шонжарлардың мүдделеріне сай саясат жүргізіп, көрші елдерге қарсы жорық жасап, жаңа жерлерді жаулап алуға тиісті болды. Мұның сыртында ол өз ұлысындағы билікке таласқан саны көп Жошы әулетімен табанды әрі шиеленіскен күрес жүргізуге тура келді. Ол осы күресте алдымен Тобыл бойын мекендеген Шейбанның ұрпағы Махмуд қожа ханды, содан кейін көп ұзамай Сырдария бойында Тоқа-Темірдің ұрпағы Махмұд хан мен Ахмет ханды талқандады.
Әбілхайыр Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды жаулап алуға ерекше мән берді. Сөйтіп ол қырғын шабуыл жасап, Сырдария мен Қаратау бауырындағы бірқатар қалаларды: Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын жаулап алды. Ол бұл өңірдің мал қыстатуға ерекше қолайлылығымен бірге Орта Азияның отырықшы елдеріне жорық жасауға стратегиялық жағынан тиімділігін де көре білген еді. Оның кейін Ақсақ Темір ұрпағына қарсы жасалған жорықтарының осы өңірден басталуының сыры да осында.
Жоғарыда айтқанымыздай, Әбілхайыр қырық жыл хандық құрды. Өз заманында жеңістен-жеңіске жетіп дүркіреп тұрған даланың осындай қаһарлы ханының бағын жойқын күшпен шабуыл жасаған сыртқы жау – ойраттар қайтарды. Үз-темір тайшы басқарған ойраттармен Көк-Кешен тұсында болған шайқаста Әбілхайырдың әскері ойсырай жеңілді. Ханның өзі қашып барып, Сығанақ қаласына тығылды.
wHZ++cokm8vRMОсы жеңілістен кейін-ақ бұрын Әбілхайырдың қаһарынан қаймығып келген, бірақ іштей оған бағынғысы жоқ Жошы әулетінің ұрпақтары көнекті сыртқа сала бастады. Солардың алғашқыларының бірі болып, Барақ ханның балалары Керей мен Жәнібек өздеріне қараған елмен Әбілхайыр хандығынан бөлініп шығып, Моғолстанның ханы Есенбұғаға барады. Есенбұға оларды қуана қарсы алып, олардың иелігіне Шу және Қозыбас өзендерінің бойын бөліп береді.
Есенбұғаның Керей мен Жәнібекті бұлайша қуана қарсы алуының да өзіндік себебі бар еді. Бұл кезде ол інісі Жүніспен соғысып жатқан. Осындай сындарлы шақта Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуі Есенбұғаға көктен түскен жақсылықтай көрінді. Бұлардың бөлініп келуі, біріншіден інісі Жүністі қолдап отырған Әбілхайырдың күшін азайтса, екіншіден, Керей мен Жәнібек сұлтандардың соңына ерген батыр жауынгерлерін Жүніске және Моғолстанға сол кезде қысым жасай бастаған ойраттарға қарсы нақты тойтарыс берер әскери күш ретінде пайдалануға мүмкіндік туғызды. Сөйтіп Есенбұға ханның иелігі мен Жүніс ханның иелігі арасындағы жерден үлес алған Керей мен Жәнібек осында өз хандықтарын құрады. Ол өзіңізге тарихтан белгілі Қазақ хандығы болатын.
Міне, түпкі тегі бір екі халықтың өзбек және қазақ болып ресми түрде екіге бөлінуінің тарихы қысқаша шолып айтқанда осындай. Бірақ бұл кезде Моғолстанға қоныс аударған қазақтар не этикалық, не әлеуметтік-тұрмыстық белгісі жағынан өздері бөлініп шыққан өзбектерден ешқандай айырмашылығы болмайтын. Сондықтан да болар ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басындағы оқиғаларды баяндаған Шығыс тарихшыларының шығармаларында қазақтарды өзбектер деп, керісінше өзбектерді қазақтар деп сапырылыстырып айта беру тән болған. Мысалы, ХVІ ғасырдың басында жазылған Мұхаммед Салықтың «Шайбани-нама» атты тарихи поэмасында өзбектер көп ретте қазақтар деп аталады. Ал Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстанға келген қазақтарды кейде өзбектер дейді. Мұның бәрі – ол кезде өзбектер мен қазақтардың жоғарыда айтқанымыздай, не этикалық, не әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда ешқандай айырмашылықтың жоқтығын көрсетеді.
Өзбек пен қазақтың шын мәнінде ажырасып, тарихи тағдырларының өзгешеленіп, дамып, өркендеу жылдарының екі айырылуы ХVІ ғасырдың алғашқы онжылдығынан басталады. Бұл кезде өзбектер жаппай отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналыса бастайды да, қазақтар бұрынғы сол көшпелі тіршілігін сақтап, мал шаруашылығын өрістете береді. Сөйтіп осыған байланысты өзбектер мен қазақтардың арасындағы бұрынғы туыстық және мәдени-тұрмыстық қатынастар да бұзыла бастайды.

003«Қазақтың қилы тарихы».
Роман-эссе. Алматы,
«Жалын», 1992.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support