- Advertisement -

«АЛТЫН ШЕЖІРЕ» НЕНДЕЙ СЫР ШЕРТЕДІ?

325

- Advertisement -

Тар аядағы ғылыми қауым осы күнге дейін «Алтын шежірені» моңғолдың көне жазба, тарихи-әдеби мұрасы тұрғысында бағалайды. Расында да, ол өз түпнұсқасында «Лу. Алтан товч» деп аталатыны шындық. Оның қазақша сөзбе-сөз мағынасы «Лұбсынданзынның Алтындай аз сөзді кітабы», яки «Алтын түйін» деген ұғымды білдіреді.

Абай Мауқараұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Кітаптың жазылғанына үш жүз жылдан астам уақыт өтсе де, оның нағыз қолжазбасының табылғанына 70-тей жыл, ал ғылыми қауымға белгілі болғанына 60-тай ғана жыл толды.
«Алтын шежірені» алғаш рет қазақ тілінде 1994 жылы моңғолиялық қаламгер Жүкел Қамайұлымен бірге тәржімалаған едік. Сол кезде аударманың алғашқы біршама тараулары «Халық конгресі» газетінде «Көне дүние күмбірі» деген айдармен белгілі жазушылар Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков ағаларымыздың қолдауымен қазақ оқырмандарына ұсынылған-ды.
Көзі қарақты зиялы қауымның ой-пікірлері мен уақыт тынысының өзгерістеріне сай аударманы түгелдей жаңалап өңдеп, қайта қарау барысында кітаптың мүлде жаңа қырлары ашылғандай көрінді. Ол – сөз басында айтқанымыздай, бұл көне әдеби мұраның тек моңғолдарға ғана тән емес, ежелгі қазақ жұртына да, күллі көшпелі түркі тектес халықтарға да қатысты екендігі.
«Алтын шежіреде» кейін қазақ хандығының құрамына кірген көне тайпалар – Керей, Қоңырат, Меркіт, Найман, Жалайыр тағы басқалардың алуан тарихы Темүжін-Шыңғыс хан өмірімен сабақтас өріледі.
Темүжіннің туған анасы Әуелін бегім шын мәнінде Меркіт Шіледудің қалыңдығы еді. Оны төркінінен алып келе жатқанда Есукей батыр жолай тартып алған-ды. Темүжіннің нағыз тегі кім екеніне Әуеліннің өзі де күмәнді. Сұлу бегім қолды болған сәтте «Күйеуім еді Шіледу, кекіл-шашы желбіреп жел өтінде жалғыз қалды-ау» деп зарлайды. Әуелін босанған кезде, Есукей Татардың Темірші батырын қолға түсірген еді, құпия бір мағынамен жаңа туған сәбиге Темүжін деп ат қояды.
Темүжіннің бала кезінде атастырған қалыңдығы – Қоңырат тайпасының хас аруы Бөрте бегім. (Әкесі Есукей осы құдалықтан келе жатқан жолда татарлар оған у беріп өлтіреді).
Темүжін үйлене сала Бөрте бегімді Меркіт тайпасының жігіттері тартып әкетеді. Бөртені әлденеше айдан кейін Керейлердің көмегімен меркіттерден құтқарып әкеледі. Сөйтіп, Темүжін – Шыңғыс ханның тұңғышы Жошының да тегі күмәнді болып қалады. Шыңғыс ханның Меркіт пен Татар тайпасын аяусыз қыруының негізгі себебі осы.
Темүжіннің ұлы қаған болуына да ең алғаш есік ашқандар – осы Керей тайпасы. Темүжін Бөрте бегімнің жасауына әкелген қара бұлғын ішікті Керейдің кәрі ханы Торыға сыйға тартып, дұшпандарын жеңуге көмек сұрайды. Сонда Торы хан қара бұлғын ішікке қатты разы болып: «Қара бұлғын ішіктің құнына қаңыраған еліңді құрастырып берейін» деп уәде етеді. Сөйтіп, Темүжіннің әкесі Есукейден бері еліне дұшпан болып келе жатқан өз тайпаластары тайшылар мен бөгде меркіт, татарларды Керейдің Торы ханының әскерлерімен бірлесе отырып тас-талқан етіп жеңуі оның Шыңғыс хан аталып, ұлы хан болуына жолының ашылғаны еді. Сонымен, Шыңғыс ханның туғаннан өлгенге дейінгі тағдыры осы көне түркі тайпаларымен байланысып жатыр.
«Алтын шежіреде» түркі тіліндегі жер аттары сол тілде сөйлейтін тайпалардың мекені екендігі нақты жазылған. Мысалы, қазір Моңғолияның қиыр шығысы болып аталатын аймағы жөнінде кітапта «Қалқа өзенінің Бұйра көліне құятын сағасында көп малды Қоңырат деген ел бар» делінген. Меркіт тайпасы талқандалғаннан кейін, оның жерін Шыңғыс хан өз жақтастарына бөліп береді: кітапта «Торқан сары ұрпағы – бұрынғы меркіттердің жері болған Шіліңгір өзенін мекен етіп, ие болсын, оны ұрпағынан-ұрпағына дейін мұра қылсын» деген арнайы жарлық бар. Бұл жер қазір Моңғолияда Сэлэнгэ дариясы деп аталады. Ал Керей тайпасы мекендеген Толы, Орғын, Тамыр атты өзендер мен Кентау, Керулен деген жер-су аттары әлі өз мағынасын жойған жоқ. «Алтын шежіредегі» Найман тайпаларының мекені Алтынды тау немесе Алтай жоталары деп аталған. Ол өлкеде қазір баянөлгейлік моңғол қазақтары өмір сүруде. Мұнда Алтай аты сол бұрынғы қалпынша сақталған.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support