- Advertisement -

Хан Кененің ізі қалған Кекіліксеңгір

287

- Advertisement -

000++00211«Наурызбай шыға шабады.
Кекіліктен зырқырап.
Билері шапты қасқа атпен,
Құйындай шаңы бұрқырап».
Нысанбай жырау жырлаған Кекіліктауға Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ақ жол» газетінің экспедициясы арнайы сапарға барған едік. Жақындаған сайын құз-бедері айқындала түсетін әйгілі Әулиешоқыны сонда көрдік. Майтөбедегі Кенесары ханның ескерткішіне тағзым жасадық.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының соңғы шайқасы Кекіліксеңгір тауының бөктерінде өткені тарихтан белгілі. Осы жерде азаттық үшін арпалысып өткен, әділет үшін шайқасқан Кене жау қолына түсіп, көз жұмған. Оның өлімі және жерленген жері туралы ел аузында неше түрлі аңыз бар. Тіпті, зерттеушілердің өзі әлі күнге ортақ бір тұжырым жасай алмай келеді.
«Біз Орман манаптың әскерімен бетпе-бет келіппіз. Екі жақ Шу өзенінің бойындағы Қарақоныс жазығының күн шығыс шеті Кекіліктау етегінде кездесіппіз. Кекіліктің Әулиешоқы аталатын басында Орман қолы. Ежелден қан жосыған деп саналатын Майтөбе адырының басында біз… Сол жағымызда қалың бұйратты Алмалысай жазығы, одан әрі Шу өзені… Олар биікте, біз төмен. Әулиешоқының басындағы Пішпектік құшбегі Әлішер датқа мен Орман манапты өңімдегідей анық көріп тұрмын…»
Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты кітабында осылай деп суреттелген Майтөбе –Қордай ауданындағы Әулиешоқының етегінде. Тура төбеден құз-жартасы қарауытып, Әулиешоқы төніп тұр. Оңтүстігінде қырғыздардың айылдары, ал жолдың сол жағында кіші Майтөбе жатыр. Бұл төбеге хан Кене туын тіккен… Өскелең ұрпақ тәуелсіздік алғаннан кейін кіші Майтөбеге хан Кене және қырғыздармен болған шайқаста қаза тапқан ерлердің рухына арнап ескерткіш белгілер қойды. Ішіндегі еңселісі Кенесарыға арналған. Наурызбай Қасымұлы да ұмыт қалмапты.
1994 жылы Тоқмақ облысы, Шу ауданындағы ашық аспан астындағы археологиялық музейдің директоры Е. Төрехановтың «Кенесары ханның сүйегі Алмалы айылында жатыр» деген сөзі түрткі болып, академик Манаш Қозыбаев бастаған қазақ-қырғыз зерттеушілері Алмалыда қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Бірақ, бұл жұмыс нәтижесіз болып шыққан. Алмалы немесе Алмалы сай атауы қырғыз тарихшысы Б. Солтоноевтың да еңбегінде ұшырасады. Ол хан Кене мен Наурызбай батырдың тұтқындалуын былайша суреттейді: «Тынай қырғызынан Дайырбек, Калча дегендер таң атарда Норузбайды кармаган. Жана тынай кыргызынан Кармыштын балдары Текиликтин тоосунда Кене ханды шашкеде кармаган. Кенесары мен Норузбай: «Башынарга ээ бола турган кыргыз болсоңор 12 киши экенсиңер, баарыңарга тойгондай дилде берейин, бизди элибизге алып баргыла», – дегенде болбостан алып келип, Токмоктун тоосу Алмалынын оозуна уч кун багып туруп анан соң Жантайга кабар берген». («Қызыл Қыргыз тарихы». 2 том).
Б. Солтоноевтың туындысында келтірілген мәліметтердің басқа деректерге қайшы тұсы көп. К. Степняктің (Ә. Бөкейханов) «Смерть Кенесары» еңбегінде хан Кене Кекіліксеңгірде емес Алмалыда қолға түсті деп жазған. Х. Досмұхамбетовтың да тұжырымы осыған жақындау. «Кенесары мен Наурызбай да қашқан. Қырғыздар қуып, Шудың күн шығыс жағындағы Кекіліктен он-он бес шақырым жердегі Алмалы сай – Су Алман деген жерде аты тұрып қалған Кенесарыны ұстап алған. Наурызбай да сол шамада Кенесарыдан бөлек ұсталған» деп көрсетілген Досмұхамбетовтың «Кенесарының соңғы күндері» атты жазбасында.
Негізі зерттеушілердің бұлай деп тұжырым жасауына 2007 жылы Кабардин-Балкар республикасы Нальчик қала­сының тұрғыны Юрий Шахмұрзаевтың Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа жазған хатта көрсетілген деректер түрткі болған секілді. Себебі, хат иесі әкесі екеуінің Қарасай ауылы маңынан Кенесарин деп жазылған тасты тауып алғанын жазады.
Деректердің бір-біріне кереғар тұстары көп. Соның бірі – қырғыз жазушысы Ж. Токтоналиевтің «Хан Орман» атты кітабында Кенесарыны Мықанның қара сазында қолға түсті деп жазылса, ханды қолға түсірген Дайырбектің шөпшегі Амангелді бұл оқиға Қарабұлақта орын алған деп айтқан. Орыс саяхатшысы В. М. Винниковтың жазбаларында Кененің басы Шу өзенінің жағасындағы Қарақоныста алынғаны көрсетілген.
Ал көнекөз қариялар хан Кененің сүйегі Он бір жылғада жатыр дейді. Майтөбеден Он бір жылға анық көрініп тұрады екен. Негізі тарихи деректерде де Он бір жылға деген атау кездеседі. Бірақ, бұл жердің атауы Кенесары ханның есімімен байланыстырылмаған. Қырғыздар Он бір жылғаның солтүстік шығысынан күн батысқа дейін ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Беріктас жотасы Абылай ханның дәуірінде қазақ-қырғыз шекарасы болып бекітілген дейді. Беріктас дегендері Әулиешоқы болса керек-ті. Себебі, «Беріктастың басын бұлт шалса, жауын жауады» деген сөз бар екен қырғыздарда да.
Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының ақсақалдары Кенесары қолының соңғы шайқасы кіші Майтөбеде емес, үлкен төбеде болғанын айтады. «Ертеректе Қарасай ауылының қариялары үлкен Майтөбенің тұсына келгенде тоқтап, Құран оқымай кетпейтін. Бала емеспіз бе, жүгіріп барып, біз де қол жаямыз. Қол жайып отырып, шалдардан «бұл жерге неге Құран оқисыздар» деп сұраймыз. Сонда олар «осы жерде Кенесарының жасақтары қырғыздармен соғысып, қырылған» дейтін.
Қай Майтөбені айтқаны белгісіз, бірақ белгілі тарихшы Е. Бекмаханов Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасына сүйене отырып: «Хан Кененің қырғыздарымен соңғы соғысы Кекіліксеңгір тауының етегіндегі Майтөбеде болды» деп жазады. Бір анығы – қос төбе де осы Кекіліктауының етегінде. Қай төбеде болса да, шайқастың осы маңда болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, Нысанбай жыраудың жырында да осы маңдағы елді мекендердің атауы аталады.
«Билер шығып жолыққан
Қызылсу, Самса бауырынан.
Наурызбай шығып жолыққан
Кекіліктің тауынан.
Айқасқанда екеуі,
Өшігіскен жауынан
Билер барып жығылды
Күрең қасқа аттың сауырынан.
Қыстай шауып жол болған
Шу менен таудың арасы.
Бұл сапарда жар болды», деп жырлаған.

Көсемәлі Сәттібайұлы,
Құрманбек Әлімжан,
Ардақ Үсейінова,
Ақәділ Рысмахан (фототілші).

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support