- Advertisement -

ТАРИХҚА – ТАҒЗЫМ, БОЛАШАҚҚА – БАҒДАР

106

- Advertisement -

Сайл++ау-–-2015Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы сияқты маңызды оқиғалардың бәрі де қоғам мен жастар арасында отансүйгіштік сезімінің қалыптасуы мен тереңдеуіне ықпал ететін шаралар екені анық. Соның ішінде, тарихи жадымызды қайта жаңғыртып, жастарымыздың бойында тарихи сана қалыптастыруда, әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтудің орны бөлек екендігі даусыз. Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық тарихы жөніндегі көптеген іс-шаралар қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде кеңінен атап өтілуде.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде республика Үкіметі бекіткен Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасы аясында және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткен «Қазақ хандығы мыңжылдықтар тоғысында: тарихи сабақтастық және қазіргі кезең» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция осындай ауқымды іс-шаралардың бір парасы. Аталмыш форумның жұмысына Қытай, Германия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан сияқты алыс-жақын шет елдерден және елімізге танымал маман ғалымдар қатысып, еліміздің тарихи қалыптасуы мен дамуына қатысты тың деректерді ортаға салды. Бұл ғылыми мәжіліс Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясының қазақстандық моделін әлемге танытуға, еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы беделін арттыруға бағытталды.
«Мәңгілік Ел» – бұл бір ғана мерзімде болып өтетін науқандық ұғым емес. Оның бастау көзі сонау ата-баба ат арытып, әлемдік дамуға бет алған кезеңдегі ұлт келешегінің биік мұратын, бағыт-бағдарын айқындайтын рухани құбылыс екендігі даусыз. Ендеше, Қазақ хандығының 550 жылдығы жайлы сөз қозғағанда бүгінгі таңдағы Елбасы ұсынып отырған «Мәңгілік Ел» идеясына тарихымыздан нақты орын беріп, тарихи сабақтастық тұрғысында қараған дұрыс болар, сірә. Айналып келгенде іргетасы 550 жыл бұрын қаланып, күні бүгінге дейін шаңырағы шайқалмаған қазақ ұлтының келешек дамуының түп қазығы «Мәңгілік Елдің» баяндылығын білдірсе керек.
Бір аптаға созылған экспедицияның зерттеу жұмыстары Ұлы Жібек жолының Жамбыл облысы арқылы өткен бөлігінде жүргізіліп, облыстың Сарысу, Талас, Мойынқұм, Шу аудандарының жерін басып өтті. Карталар жасалды. Экспедиция мүшелері 4 ортағасырлық қаланың, 5 хандық дәуірге жататын тарихи-мәдени ескерткіштердің орындарында болып, ұлы көштің жолындағы белгісіз болып келген жер-су аттары мен аңыздарды жергілікті тұрғындардың аузынан жазып алды.
Мойынқұм ауданындағы Хантауынан осы уақытқа дейін халық аузында айтылып келген «Керейдің қыстауы», «Орта хан тағы» деп аталатын тарихи орындар, археологиялық ескерткіштер ашылып, есепке алынды. Бұл экспедиция жұмысының басты жаңалығы болды. Сонымен қатар, зерттеу кезінде Хантауында орналасқан әртүрлі тарихи кезеңдерден сақталған обалар, қорымдар ашылды. Сұңқар тауының жанындағы биіктікте орналасқан Қарауылтөбенің орны табылып, оның Шу өзенінің бойындағы ортағасырлық қалалармен байланыста болғандығы анықталды. Соның ішінде, Шу өзенінің ортаңғы ағысындағы Шәрі және Қойшыман қалашықтары Жәнібек пен Керей хандар салдырған қалалардың орындары болуы мүмкін. Өйткені, бір-біріне жақын орналасқан бұл ескерткіштер қазіргі Мойынқұм кентінің батысында орналасқан Тұлпарсаз жазығынан шығысқа қарай небәрі 15 шақырым жерде жатыр. Ал Керей мен Жәнібектің көші табан тіреген Қозыбасы тауы да осы жерден алыс емес. Белгілі ғалым М.Елеуов бұл қалалардың орнынан табылған заттай деректердің ХV ғасырға жататындығын анықтаған. Олай болса, Шәрі мен Қойшыманның Керей мен Жәнібектің алғашқы ордасы болуы әбден мүмкін. Тек жазба деректерде олар туралы ешқандай мәлімет сақталмаған. Ел аузында жүрген аңыз-әңгімелерде бұл болжамды растайтын мәліметтер кездеседі.
Бұрын-соңды тарих ғылымында аты айтылғанымен, нақты ғылыми деректермен негізделмеген «Керей ханның қыстауын» табуы – экспедиция жұмысының жемісті болғандығының айқын айғағы. «Керей қыстауы» орта ғасырлардағы және хандық дәуірдегі қазақ тарихы үшін тың жаңалық болып отыр. Бұл Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойы қарасаңындағы «Ұлы көш жолымен» тарихи-археологиялық экспедициясы құрамында болған тарихшы-археологтардың тарих ғылымына қосқан үлесі болары сөзсіз.
Қазақ тарихының ежелгі және ортағасырлық дәуірлердегі тарихын зерттеуде жазба деректердің орны ерекше. Осы ретте Мұхаммед Хайдар Дулатидың Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі мәліметтері «Тарих-и Рашидиге» дейін ешбір деректе кездеспеген. Міне, Қазақ хандығының құрылу тарихы туралы осындай құнды деректі бүгінге жеткізген ұлы тарихшы М.Х.Дулати есімін иеленген Тараз мемлекеттік университеті ғажайып тарихи тұлғаның өмірі мен еңбегін қазақ жұртшылығына, ғылымына жақындата түсуде көптеген жақсы істердің ұйытқысы болып келеді. Университеттің бас ғимаратының алдына ұлы бабамыздың еңселі ескерткіші орнатылған. Университетте «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, ол 1997 жылдан бастап ұлы тарихшының өмірі мен мұраларын жан-жақты зерттеуге, насихаттауға белсенді атсалысуда.
Конференцияның Қазақ хандығы ту тіккен Шу-Талас өңірінде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз жерінде, оның ішінде Қазақ хандығының құрылуы жөнінде алғашқы жазбаша дерек қалдырған ұлы тарихшы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ұйымдастырылуы жиынның ғылыми-тәжірибелік мәні мен мазмұнын арттыра түсті. Пленарлық баяндамаларда халқымыздың тарихындағы Қазақ хандығының маңыздылығы тың деректер негізінде ғылыми тұрғыда зерделеніп, отандық тарих ғылымының дамуына және қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталған пікірлер мен ұсыныстар жасалды. Солардың ішінде тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков Қазақ хандығының қалыптасуының этностық негіздері тақырыбында сөз қозғады. Ол өз баяндамасында хандықтың құрылуын, оның дамуы мен қалыптасу үдерісін айшықтап айтып берді.
Ал Бейжің университетінің Археология және мұражайтану институтының профессоры Лин Мэйсун қазақ даласындағы ежелгі тайпалардың бірі Учаньму елінің жәдігерлері және Тасмола мәдениетінің ерекшелігі туралы сөз қозғады. Ғалым: «Біз жуырда Учаньму мәдениеті Оңтүстік Қазақстандағы жаңа дәуірден бұрынғы Тасмола мәдениетіне жататыны туралы деректерді байқадық. Учаньмулар шығысқа қарай Моңғол үстіртіне көшкен соң, ғұн тәңірқұттары алып обалар тұрғыза бастады. Учаньмулардың шығысқа қарай Моңғол үстіртіне көшуі ғұндарға Орта Азия өркениетін жеткізіп қана қоймай, Хань патшалығы тұсындағы қытай көркемөнеріне де ықпал жасады», – деп атап көрсетті.
Германиядағы Бонн университетінің профессоры Нұрлан Кенжеахмет «Мұхаммед Шайбани мемлекеті және Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының Қытай деректемелерінде аталуы» тақырыбындағы баяндамасында: «Тарихшылардың көбі 1446 жылы Сығанақты Әбілқайыр басып алған соң, бүкіл Дешті Қыпшақ оның қол астына бірікті деп пайымдайды. Осы арада ескере кететін жайт, 1428 жылы Әбілқайыр Чимги Тұрада (қазіргі Ресейдің Тюмень қаласы маңында) хан тағына отырғаннан Сығанақты басып алғанға дейін оның билігі Барақ ханның бұрынғы иелігіне жүрмеген. Оны Махмұд хан билеген. Осыны ескеру керек», – деп тың деректерден хабардар етті.7-ханство
Конференцияға қатысушылар Қазақ хандығының құрылу мәселелерін жаңаша зерделеп, жастар бойында отаншылдық пен патриоттық сезімдерін арттырудың, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу және даму кезеңдерін жаңа әдіснамалық, әдістемелік негіздерде ғылыми пайымдамалар жасауға бағытталған нақты ұсыныстар берді. Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова Президент Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» мемлекет-тік бағдарламаларының арқасында ұлтымыздың мәдени мұрасын сақтауға жағдай жасалғандығын, Қазақ хандығының тарихы мен мәдениетін шынайы зерттеуге жол ашылғандығын сөз етті. Сонымен бірге, Шығыстану институты археографикалық экспедицияларының шетел мұрағаттарынан, кітапханалары мен музейлерінен тапқан материалдарының жаңа дереккөздер екендігі, олардың жариялануының әлемдік тарих ғылымындағы маңыздылығына тоқталды.
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Б.Кәрібаев «Қазақ хандығының құрылған датасы туралы тұжырымдарға талдау» тақырыбындағы баяндамасында Қазақ хандығының құрылған жылы жөнінде өз пікірлерін білдірген зерттеушілердің ойларын үш топқа бөліп қарастыруды ұсынды. Яғни күні бүгінге дейін тарихшы ғалымдардың ортасында әлі де болса дау туғызып келе жатқан деректер бар. Атап айтсақ, ғалымдардың бір тобы 1455, 1456 немесе XV ғасырдың 60-жылдары құрылған деген пікірге тоқтаса, енді бірі Керей мен Жәнібек хандар 1459-1460 жылдары бөлініп, 1470-1471 жылдары хандық құрды деген мәселені алға тартады. Ал ғалымдардың үшінші тобы Қазақ хандығы XV-XVI ғасырдың орта шенінде және XVI ғасырдың 30-40-жылдары құрылған деген тұжырымды ұстанып отыр. Ғалым жоғарыда айтылған мәселелердің түп төркінін саралай келе, тарихи ақиқатқа әлдеқайда жақын, әрі хатқа түскен дерек тек М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде екендігін алға тартты. Демек, бұдан шығатын қорытынды хандығымыздың іргесі қаланған нақты кез 1465 жыл деп айтуға толық негіз бар.
Пленарлық мәжіліс жұмысы секциялық отырыстарда жалғасын тапты. Оларда да жоспарға сай ғылыми салмағы бар елеулі мәселелерді көтеріп, нәтижесінде ғалымдар мынадай ортақ ұсыныстар жасағанды дұрыс көрді. Мәселен, Қазақ хандығы Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған қазақтардың Сыр өңірінен Шу өзені бойындағы Қозыбасы алқабына дейін жүріп өткен Ұлы көш жолындағы тарихи орындарды, жер-су, елді мекен аттарын ғылыми тұрғыда сараптау мақсатында республика көлемінде тарихи-археологиялық, мәдени-танымдық экспедиция ұйымдастыру қажет. Сонымен бірге, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің тізіміне Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәдени-тарихи орындарды анықтау, есепке алу, тіркеу жолдары қарастырылып, алдағы уақытта бұл ескерткіштерге жол бағытының көрсеткіш белгілерін орнату мәселесі қамтылуы тиіс. Бұған қоса тарихшы-археолог ғалымдар бірігіп Керей мен Жәнібек хандар тұсындағы алғашқы Қазақ хандығының ордасы болған Шәрі, Қойшыман қалалары мен Керей хан қыстауының орындарында археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастыру және жоғары оқу орындарында тарихшы мамандарды дайындауда «Қазақ хандығының тарихы: деректері, тарихнамасы және зерттеу методологиясы» пәнін енгізу туралы ұсыныс жасады.
Күні кешеге дейін бұралаң жолда, бұрмалауға көп ұшыраған ұлттық тарихымыз өзге елдің мүддесі, көзқарасы тұрғысынан жазылды. Ең өкініштісі, көптеген дәл тарихи деректерге, дәлелденген ғылыми зерттеулерге, батыл ойлар мен тың көзқарастарға жол берілмеді. Енді өз тізгініміз өз қолымызға тигенде, төл тарихымызды өзіміз тереңдете зерттеп, ғылыми дәлел-дәйекпен жазуымыз қажет. Сол жаңа көзқарас тұрғысынан жазылған тарих қазақ ұлтының мақтаныш сезімін туғызуы тиіс, өзге халықтар біздің шынайы тарихымызға құрметпен қарауы қажет. Өйткені, ұлт тәуелсіздігінің алтын діңгегі ұлттық тарихымызда жатыр. Ал ұлттық тарихымыз – халқымыздың мәңгілік бойтұмары! Міне, сондықтан да алдымызда мәртебесі биік мерейлі міндеттер тұр.

Махметғали САРЫБЕКОВ,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры.

Тараз қаласы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support