- Advertisement -

Сақ сайыпқырандарынан қазақ хандарына дейін

600

- Advertisement -

Жалпы сақтан тамыр тартатын тарихымыз қазіргі жыл санауымыздан бұрынғы VIII-VII ғасырлардан бастау алады. Ол кездері Алтайдан Дунайға, Енесай шатқалдарынан Памир тауларына дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде «ат құлағында ойнаған» дала сайыпқырандары сақтар өмір сүрген. Олардың өзі бірнеше іргелі тайпаларды құраған. Сақтардың бірлестік негізін қалаған алғашқы көсемі Алып Ер Тоңға болыпты. Оны атақты Фердоусидің «Шахнамасында», жалпы шығыс елдерінде Афрасиаб деп атайды. Сақтардың ол кездегі діні – Көк Тәңірі, жазуы – түрікше. Оларды романдықтар – «сакие», қытайлықтар – «сай», ирандықтар – «сака», парсылар – «сақ», үнділер – «саку», эллиндіктер (гректер) – «скиф» деп атапты. Мұндай атаулар мен тарихи деректерді «тарих атасы» Геродоттан бастап Аристей, Страбон, Ктесий, Ксенефонт, Помпени Мела, Климент Александрийский, Полиэн (Палиша) сынды грек тарихшылары жазған және ішінара парсының Дарий I патшасы тасқа қашаттырған «Бехустин» жазбалары мен Персеполь және Хамадан мәтіндері біздің заманымызға жетті. Сақтардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі, олардың күнделікті пайдаланған ас-су, құрал-саймандары жайлы тереңірек, көбірек жазған Геродот пен Аристей. Олардың жазуынша сақтар әлеуметтік-ұлыстық тұрғыда үш топқа бөлінеді екен. Алғашқысы – Хаомаварлар, қымыз даярлаушылар! Екіншісі – Парадариялықтар (үлкен судың арғы жағындағы сақтар). Үшіншісі – Тиграхаудалар. Бұл – «шошақ төбелі бөрік киетіндер» дегені. Гректер өздерінше осылай атаған бұл үш ұлыстан тұратын ағайынды сақтардың әлгідей атауларының өзінен-ақ қазақ исі аңқып тұрған жоқ па? Тағы бір көңіл аударарлық жайт, «Мидия, Ассирия, Лидия жұртшылығы сақтарды «ишгуз» деп атапты» (О. Сүлейменов «Аз и Я» 252-бет.) деген де тарихи дерек желісі бар. Ишгуз (ишкуз) – үшкөз (үш Ата, яки үш жан), үш Оғыз (үш ру, үш тайпа), үш Жүз (үш жұрт, үш ұлыс) деген мағынада екендігінде дау жоқ.
Ілкі замандардан із тартатын Қазақ шежіресі тектік таралуын Алаштан бастайды. «Осыдан екі жарым мың жыл бұрын аталарымыз Хазар мен Алаш Алатау мен Алтай ормандарының арасын шиырлай көшіп жүріпті. Сол Алаштан қазақ шежіресі бойынша Жайылхан, Сейілхан атты екі ұл тарайды. Сейілханнан сегіз арыс түрікпен тараса, Жайылханнан Қазақ, Созақ, Ұзақ атты үш ұл туады. Шежіреде Созақтан қарақалпақ, ал Ұзақтан Қырғыз бен Хакас өреді. Қазақ атамыздан Жұман, Тұман атты қос ұл болып, оның Жұманынан Арыс пен Сабыр атты екі ұлы болады. Арыстың шын аты Анарыс болған деседі. Шешесі еркелетіп Арыс деп атап кетіпті. Арыстың дүние кезіп көп ілім алған адам екенін Майқы би бабамыз үнемі айтып отырады екен. Ол Еуропаның өнер мен білімі дамыған елдерінде, әсіресе, эллин (гректер) елінде болып, олардың өнері мен мәдениетінен көп нәрсе үйренген. Ол соңына мол пәлсафалық мұра қалдырған әрі ақын, әрі ахун болыпты. Оның «Дүние шексіз, алды да, арты да жоқ, хақиқатта да мөлшер жоқ және өткен күннің белгісі жоқ» деген сөзі қалған.
Ақыры әңгіменің ауаны Арыс бабамызға ауысқан екен, осы жерде ұлтжандылық сезімнің жетегімен тақырыптан сәл ауытқып, тарихи жәдігер ретінде сана серпілтер бір сәйкестікке оқырман көңілін бұра кеткенді жөн көріп отырмын. Ол сәйкестік бір жағынан – грек тарихшылары Геродот, Плутарх, Диогеннің жазбалары мен көне грек жазушысы Лукианның «Скиф немесе қонақ» атты әңгімесіндегі «жеті ғұламаның» бірі атанған Анахарсис патшазада (б.д.д. 620-555 жылдар) болса, екінші жағынан Қазыбек би Тауасарұлы ұсынған қазақ шежіресіндегі Жұманның ұлы Арыс (шын аты Анарыс) бабамыздың ғұмырнамасы туралы деректерден туындап отыр. Екеуінде де Анахарсистің (Арыстың) анасы грек қызы болғандығын жазады. Екеуінде де Анахарсис (Арыс) патшазада эллин елінде болып, олардың өнерін, салт-дәстүрін, билік жүргізу заңдылықтарын терең меңгергенін, сол ілімін сақтардың тұрмыстық өміріне енгізуге тырысқаны баяндалады. Онымен қоймай, інісі Иданфирс патшаға «елді қалай дұрыс басқару керек» екендігін айтамын деп қазаға ұшырағаны туралы жазылады. Бұл жерде грек тарихшыларының «сұңғыла Солонмен сөз жарастырған Анахарсис» деп отырғаны қазақ шежіресіндегі Жұманның ұлы Анарыс (Арыс) бабамыз екені даусыз! Өйткені, екеуінің де өмірі мен оқиға желілері бір-бірінен айнымай дәл келуі таңқалдырады. Таңқалдырып қана қоймай, осындай дүйім дүниеге аты мәшһүр ататегіңнің болғанын ойға оралтып, арада екі мың алты жүз жылдай өтсе де, сол бабамыздың қанымен жұмыс істеп тұрған жұдырықтай жүрегіңнің соғуын жиілетіп, тұла бойыңды түгелдей шымырлатады…
Арыс бабамыз ұстазы данышпан Солон өмірден озған соң, эллин елінен елге оралады. Ол он екі жыл өмір сүріп барып қызғаныштың кесірінен өз бауырының қолынан қапыда қаза табады. Осы аралықта одан алты ұл бала (Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал) қалады, олардың үшеуінің ғана ұрпағы көп болады. Олар қазіргі жүрген барлық исі қазақтың аталары – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Геродот өз жазбаларында («Тарих» IV-кітап) Анарыс бабамыздың бабасын, атасын, әкесін жазып қалдырған. Бірақ өкінішке қарай, бәрін өз тіліне қарай бұрмалап: «Анахарсис – скиф патшасы Спаргапиптің шөбересі, Ликтің немересі, Гнурдың баласы» (сонда, 76-бап) деп үлкен өзгеріспен жазған. Дегенмен, бұған да тәубе! Қазіргі қолымызда бар көптеген тарихи құнды деректер мен тасқа қашап қалдырылған баға жетпес көненің көзі – жәдігер жазуларды бір-бірімен салыстырып, ой елегінен өткізген сайын «қазақ» этнонимінің шығу тарихы тереңде жатқандығына көзіміз жете түседі. Жалпы «қазақ» атауының қалай шыққаны туралы пікірлерді екшегенде, оның қисынға келетін бірнеше нұсқаларын атап өтуге болады. Олар: «қас сақ», «қос оқ» (қыпшақ руының таңбасы), «ақ қаз», «қай сақ» (көне парсы тілінде «қай», «кей» сөздері хандық дәрежедегі лауазымды білдірген) сөздері. Бұл сөздер қазақтық болмысымызға ұлттық-тектік тұрғыдан алғанда өте жақын тұрған ұғымдар. Және осы сөздердің әрқайсысына да көңілге қонымды әрі қисынды ойлар мен пікірлерді сағаттап айтуға да болар. Десек те, осылардың ішіндегі бізге жақын көрініп, жүрекке жылы тиетін сөз ол – «қас сақ» сөзі.
Ш.Уәлиханов: «Қазақ» сөзінің арғы мәні – жан мен тәннің рухтық беріктігін білдіретін еуропалық серілікке тән» (2-том, 208-бет) десе, Әлкей Марғұлан: «Қазақ» – мықты, алып, жойқын дегенді білдіреді» деп, «Таңбалы тас жазуларында» жазып қалдырған. Әзірбайжан ғалымы Кероғлы: «Қазақ» сөзі қас-сақтан шыққан», – дейді. Жалпы бұл ғылыми тұжырымдарға алып-қосарымыз жоқ. Енді, «қазақ» этнонимінің шығуына бірден-бір қатысы бар саналатын басқа да сөздерге жеке-жеке қысқаша тоқталсақ. Көптеген тіл және тарих саласындағы ғалымдарымыздың назарын өзіне көбірек аударған сөз ол – «қос оқ» сөзі. Атап өткеніміздей, «қос оқ» (қос жебе, қос пышақ болуы да мүмкін) түркі тайпаларының ішіндегі көне этностардың біріне жататын қыпшақ руының таңбасы. Ол қысқаша келген екі тік сызық. Араб әліпбиімен айтар болсақ, қос әліп. Кейінгі кезеңдерде қосылған жанама атау екені белгілі. Оның нағыз атауын әлімжеттік, жаугершілік заманда бес қаруын бойынан тастамаған бабаларымыздың жебемен, пышақпен байланыстыруы шындыққа жанасатын қисын. Жасанған жау келгенде оған қарсы тұрар ұлдарының (ер-азаматтарының) санымен де екі ұлы болса – «қос оқ» деп, он ұлы болса – «он оқ» деп айтылып кетуі мүмкін. Бұл қазақтың арғы-бергі тарихи шежіресінде кездесетін жайттар.
Тағы бір қисын сол қос сызық, екі жебе емес, екі пышақ (түрікше – «ікі пчак») болуы кәдік. Біраз түрколог ғалымдарымыз осы пікірді қолдайды. «Ікі пчак» қыпшақ сөзінің этнонимі болып қалыптасуына ықпал еткен» дейді олар. Зады, «қыпшақ» этнонимі «қазақ» этнонимінен мән-мағынасы жағынан көп алыс жатқан жоқ. Түрлі себептермен екеуіне де ортақ «қос оқ» сөзін айтпағанның өзінде көне түркі тілінде «қыпшақ» деп діңгегі қуыс ағашты айтады. «Сонау бір қуғын-сүргін замандарда Қыпшақ атамыздың анасы айы-күні жетіп толғақ қысқанда, оңтайлы жер таппай ағаштың қуысында босаныпты» дейді кейбір аңыздарда. Содан ағаш қуысында кіндігі кесілген бала Қыпшақ атанып кетіпті. Тегінде әлі күнге дейін оңтүстік өңірлерде, Сырдария бойындағы ағайындар ағаштың майда бұтақтарын «шақ» дейді. Олардан күзде «Бір машина шақ түсіріп алдым» деген сөзді жиі естисің. Бұл жерде «шақ» сөзі сол атам заманғы ағаш мағынасынан айнымай, қасиетті де көркем түркі тілінің мыңдаған жылдарға жалғасып жатқан ғажап жасампаздығын дәлелдеп тұрғандай.
Сақ дәуірлерінен көп кейін орыс жылнамашылары қалдырған деректерде: «Ердада (Редедя) хан бастаған «қос оқ» (косок) халқы XI-XII ғасырларда Чернигов өлкесінде өмір сүріп, олар өздерін «көп үй» (ковуй) жұртымыз деп атап кетті» деген тайға таңба басқандай жазбалар бар. Қазіргі таңда Кіші жүздің ішіндегі Шеркеште Қосым, Табында Қосел, Көбей руларының бар екенін ойласаң, осылар сол «қос оқ», «көп үй» жұртының тікелей ұрпақтары болар деген пікірге келесің. Түптеп келгенде, әйтеуір бекер емес екеніне көзің жете түседі.
Тағы бір «қазақ» атауының шығуына қатысы бар дейтін «қай-сақ» сөзіне де аз-кем тоқталсақ. Әңгіме басында айтқандай, «қай», «кей» сөздері көбіне шығыс әдебиетінде шахтардың, патшалардың аттарының алдына қосылып айтылатын қосымша сөздер ретінде беріледі. Мысалы: Кей-қауыс, Кей-қысырау, Қай-сақ (сақ көсемі) т.б. жерлерде пайдаланылған. Күні кешеге дейін өздерін шығыстанушымыз дейтін бірсыпыра орыс ғалымдары біздерді көрші бауырымыз қырғыздармен әдейі шатастыра қосақтап «қырғыз-қайсақтар» деді. Ол аз болса, тарихи әділдікті белден басып, бізді тіпті, «қырғыз» деп те жіберді. Неге екенін қайдам әйтеуір, солар қалай атаса да, бәрібір арғы ішкі жан дүниелерінде «ей, бұлар жабайылар ғой» деген секілді кемсітушілік – құйтырқы арам пиғылдарының бір шеті қылтияды да тұрады. Кемсітушіліктеріне шын негіз болса мейлі ғой. Әйтпесе, «жығылып жатып сүрінгенге» күлгендей, біз атпен жүргенде олар жаяу жалпы, біз шығыс моншасына түсіп, жібек жамылып жүргенде олар ағаш бөшкедегі «моншасына» түсіп, тері шалбармен жүрді емес пе? Әділдігіне жүгінсек, кімге кім күліп, кімді кім кемсіткендей?!
Әңгіме ауанын «сол «қас-сақ» (қазақ) атауы шамамен қай дәуірлерден бастап айтыла бастады екен» деген ойдың арнасына бұрсақ. Бұл бір жағынан – арқауы үзілмеген «Қазақ шежіресіндегі» ататектік деректерге, екінші жағынан – тағы да сол сақ дәуірінен жеткен жәдігер жазбаларға иек артып, осынау салмағы ауыр сауалымызға нақты да дәйекті деректерден жауап іздеп көрсек.
Тарихи шындықтан ауытқымас үшін, біз баянымыздың басын әлем тарихшыларына аты мәлім тұлға, сақ бірлестігінің алғашқы көсемдерінің бірі – Ишпақай (б.д.д. 720-670 жылдар) бабамыздан бастағанды жөн көрдік. Осыған сәйкес Ассархадон патша тұсында ассириялық шежірешінің жазып қалдырған бір дерегіне көңіл аударсақ. Онда «… біздің эрамызға дейінгі VІІ ғасырдың жетпісінші жылдары Солтүстік Каспий далаларынан Каспий теңізінің батыс жағалауымен (Дербент қаласы арқылы) көшпенділер қаптап келді. Оларды бастап келген көсемінің аты – Ишпақай, ал тайпа бірлестігінің аты – «ишкуз» деп жазылған. Ишкуз – сақ тайпаларының ортақ атауы. Олай болса, сақ тайпаларының арасында өжеттілігімен керек десеңіз, жанкештілігімен көзге түсіп, жорықтас қандастарының ішінде үлкен бедел мен атаққа ие болған «қас сақ» (нағыз сақ) тайпасынан шыққан қазақ бабаларымыздың да жүргені анық. Бұл деген – «қас-сақ» – «қазақ» атауы б.д.д. VII ғасырдың соңынан-ақ айтыла, атала бастады деген сөз! Осыдан бір-екі ғасыр ғана кейін өмір сүріп, сол сақ бабаларымыздың қолынан ас-су ішкен Геродот, Аристей кейін Страбон дегдарлардың жазып қалдырған аса құнды тарихи деректерінде де «қадау-қадау сақ тайпаларының ішінде іргелі «қас» тайпасының да болғаны» туралы айтылады. Бұл енді, қанша қыңырланамын десең де, бұлтартпас айғақтар! Дегенмен де бұл әлі қанша нақты болғанымен бір жақты ғана мәлімет. Көңілімізді күпті еткен ақиқатқа толық көз жеткізу үшін біз енді Шәкәрім қажы мен Мұхамеджан Тынышбаев деректеріне негізделген және сонымен бірге өз заманының аса білгір тарихшы- оқымыстысы Қазыбек бек Тауасарұлы жазып қалдырған «Қазақ шежірелеріне» қарай ойыссақ. Бұл жерде әрине, «қазақ» атауының бірден-бір бастау алуына Қазақ атамыздың дүниеге келуі тікелей байланысты екенін айтпасақ та түсінікті.
Біз бұл тарихи баянымыздың бас жағында «қазақ» атауының шығуына байланысты бірнеше тарихи пікірлерді екшегенде, Арыс (Анахарсис) бабамызға бекерге тоқталғанымыз жоқ. Өйткені, «Арыс бабамыз Қазақ атамыздан туатын Жұманның Арыс, Сабыр атты қос ұлының үлкені». (Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқианнан өзіме шейін». 34-36 беттер). Жалпы Қазыбек бек Тауасарұлы бабамыз жазып қалдырған бұл тарихи шежіреге сенбеске лажың жоқ. Мырзатай ағамыздың (Жолдасбеков) Қазыбек бек Тауасарұлының бұл кітабына «құндылығы мен маңыздылығы жағынан М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінен бір де кем емес» деп баға беруі, ол шежіреге деген сеніміңді одан сайын арттыра түседі.
Қош, сонымен, «Тәңір жарылқағыр көне грек тарихшыларының» арқасында әлемге танымал Анахарсис (Арыс) бабамыздың туған жылы мен қайтыс болған жылдарын (ары-бері бес-он жыл) анық білеміз. «Анахарсис Архонт Эвкраттың тұсындағы XXXXVII Олимпиада өтіп жатқан сәтте Афиныға келген» (Диоген. «Ғұмырнама», «Скиф Анахарсис» тарауы). Бұл шамамен б.д.д. 594-жыл. Оның сонау Скифиядан Солонды (б.д.д. 638-559ж.) іздеп, оны өзіне ұстаз тұтқаны, оның жанында б.д.д. 594-559 жылдар аралығында бірге болғаны жазылады. (Сонда, «Скиф Анахарсис» тарауы).
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп бүкіл түркі жұртшылығы төбесіне көтере қадірлейтін Майқы би бабамыздың Өсиеті мен осы жолдар авторының барлық тарихшы ғалымдарымызға дерлік етене таныс нақты тарихи деректермен дәлелдеуге тырысқан нәтижесінің арасы – 300 жыл. Яғни, Майқы би бабамыз: «Біз қазақпыз – дегелі бір мың жылдай» десе оған біздің екі мың жыл санауымызды қоссақ, бізге дейін үш мың жыл болады екен.
Сонда салыстырмалы түрде айтар болсақ, «қазақ» атауы Түрік қағанатынан тұп-тура бір мың екі жүз жыл бұрын айтыла бастаған екен. Жалпы, тарихта кейбір ру, тайпа аты сол замандардағы қоғамда болып жатқан әлеуметтік-саяси жағдайларға байланысты бірнеше ғасырлап тарих сахнасынан шығып қалады да, өз кезеңі келгенде сахна төріне қайта көтеріледі. Өйткені, аттың жалы, түйенің қомында өтіп жатқан көшпелі өмір тіршілігі бірде басқа елді бажағында ұстаса, бірде өзі басқаның бажағы болып кетуі мүмкін. Билік тізгіні басқа жұрттың қолына көшкен ондай тайпаның көптеген азаматтық және әлеуметтік құқықтары әрине, шектеледі. Міне, дәл осы кезде ол жұрттың есімі де тарих сахнасынан шығып қалады. «Қазақ» атауы да осыған ұқсас жағдаятта, басқа рулық бірлестікте мыңдаған жылдар бойы «өз қайнауы өзінде болып» тарих сахнасының төріне көтеріле алмаған.
Тегінде біздер көңілге келсін, келмесін тарихи құндылықтарымызды тиянақтап тіркеп-хаттауда әу бастан-ақ аса бір құлықты болмағандаймыз. Сондай құнтсыздық пен немқұрайлылығымыздың кесірінен өкінішке қарай, көптеген тарихи тағдыр-талайымызды жадымыздан өшірдік. Бұл үлкен өкініш, тіпті, қасірет десе болғандай… Себебі, қазіргі таңда толығымен бірізділікке түскен ұлттық «тарихи өзегіміз» жоқ. Азды-көпті қолымызда бар тарихи жәдігерлер хронологиялық және деректік нақтылығы жағынан көбіне біріне-бірі сәйкес келмей сабылтады. Осыдан болар кейбір жағдаяттарда өзімізді-өзіміз әбден шатастырып болдық. Сондықтан да, амал жоқ соңғы жылдары тарихына ықтияттау қарайтын көрші елдердің «бақшасына қайта-қайта түсіп», өзімізді өзгелердің бұрмаланған тарихынан іздейміз. Әсіресе, грек тарихшылары мен қытай тарихшыларына көбірек тәуелдіміз. Олардағы сөздік атаулардың бұрмаланғаны соншалық, көптеген көне тайпалар мен этностарды, кісі аттарын танып-білуде әлі күнге дейін кімнің кім екенін анық ажырата алмай пұшайман болудамыз. Дегенмен, «көш жүре түзелер» деп мақал шығарған қазақтың күні жеткенде «төл тарихы да түзелер» деген сақа сенімнің басым екендігін несіне жасырайық.
Қазақтың 2700-3000 жылдай тарихы бар екеніне көзіміз жете түскен сайын, ойымызды осы Атамекен қарашаңырағымызда осыншама жылдар бойы «қандай бірлестіктер мен мемлекеттер дәуірледі екен» деген маңызды сұрақтың мазалайтыны мәлім.
Әлқисса, қысқаша шолуымыздың басын сонау б.д.д. VII-II ғасырларда Шығыс Еуропа мен Азияның теріскей өлкесін түгелге жуық ат тұяғымен таптаған сақ (ишкуз) дәуірінен бастасақ, арғы 3500 жылдық тарихы бар Тарғытай бабамызды айтпағанда, Ишпақай көсем басшылық жасаған Сақ бірлестігінің болғанын білеміз. Қазіргі күнімізден 2700 жыл бұрын адамзат тарихының даму өркениетіне өзінің сүбелі үлесін қосқан іргелі мемлекет болатын.
XV ғасырдың орта тұсында (1456 жылы) «қазақ» атымен іргелі мемлекет құрып, «қазақ» сөзін ұлттық мүддеге айналдыра қайта жаңғыртқан Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандар болды. Әбілқайыр ханның қаталдығы мен қысастығына шыдамаған өздеріне қарасты «екі жүз мың жанмен» (М.Х.Дулати) олар Жетісу өлкесіндегі Моғолстан хандығына бет алды. Бұларды Моғолстан ханы Есенбұға үлкен құрметпен қарсы алып, Шу өзені бойынан және Қозыбасы аймағынан жер бөлді. Бұл арада Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Осы жерде «Хандар кестесіне» (Қ.Салғараұлы) зер сала кетсек: «Орыс ханнан жеті ұл, бес қыз туады. Сол жеті ұлдың үлкені – Тоқтақия да, екіншісі – Құтылығ-Бұқа. Осының Тоқтақиясынан Болат, одан Керей. Ал Құтылығ-Бұқадан Құтуужақ, одан Барақ (кей деректе Құйыршық), одан Жәнібек. Сонда Керей Орыс ханның шөбересі, ал Жәнібек шөпшегі болып келеді». Осылайша Керей мен Жәнібек тарих қойнауында қалып, көмескі тартса да көңілден көшпеген қасиетті бабалар атауы – «қазақ» сөзін тарих төріне қайта шығарды. Ал тәуелсіздік алып, егемен Қазақстан аталғалы қос буыннан тұратын «қазақ» сөзі бүкіл шартарапқа тарап, одан сайын ел абыройы асқақтай түсті. Көнеде «қас сақ», кейіннен «қазақ» аталуымен, қазіргі жер басып жүрген исі қазақтың сол кешегі жауынгер сақтардың заңды мұрагер – ұрпағы екендігі кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады.
Еліміз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осынау ұлан асыр той өткенімізді таразылауға, тарихымызды түгендеуге мүмкіндік берді. Олай болса, Қазақ хандығының құрылып, тарих төрінен орын алғанына 550 жыл болғаны ел жұртымыздың мерейін өсіріп, марқайта бермек.

Бектай Әлімбай,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support