Мәйекті сөзді мәнерлеп оқыған

Мәйекті  сөзді  мәнерлеп оқыған
ашық дереккөз
Мәйекті сөзді мәнерлеп оқыған

ТарМУ-дың магистранты өнеріне тәнті етті

Астана қаласындағы «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетінің базасында өткен, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талантты жастарды іздеп табуды мақсат еткен көркемсөз оқу шеберлерінің дәстүрлі Оралхан Бөкей атындағы республикалық байқауында тағы бір тараздық жерлесіміз топ жарып, бірінші орын жүлдесін жеңіп алды. Байқаудың қалалық, облыстық кезеңдерінде алдына қара салмаған Қонысбай Ембергенов республикалық сында да әулиеаталықтар сенімін ақтады. Ол «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігі жанындағы «Болашақ» жастар шығармашылығы секторына жетекшілік етіп, бірқатар мәдени-әдеби шаралар өткізіп біраз тәжірибе де жинақтаған екен. Республикалық байқауға да аталмыш бірлестік атынан қатысыпты. Бірлестік жетекшісі Ринат Нұрақбаев шәкіртінің Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстың жүлде қорына олжа салғанын жақсы ырымға балап отыр. Ата жұртын аңсап оралған қарақалпақстандық отбасынан шыққан Қонысбай Ембергенов, әсіресе, қазақ көркем әдебиеті үлгілерін жасынан жадына тоқып өскен. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Бүгінде ТарМУ-дың магистранты. Ата қонысын аңсап жеткендіктен де оның елді, жерді сүю сезімі ерекше. Жоғарыда аталған байқауда да жерлесіміз, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың отаншылдық рухында жазылған «Сен қазақсың!» атты толғауы мен Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесін нақышына келтіре көркемдеп оқып беруі оны бірінші орынға шығарып отыр.

«Ақ жол – Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар