Ауылдың айтқышы

Ауылдың айтқышы
ашық дереккөз
Ауылдың айтқышы

Ақсу ауылында Оқа Алтаев деген тілінің тікені бар кісі тұрады. «Айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, тіке айтатын болғандықтан, талай кісі Оқа бар жерде абайлап сөйлейді.

«Өртенбегенде қайтетін еді...»

Оқа бір жылдары колхоздың шабындығына қарауыл болады. Онда мардымды су жеткізілмей, жыл сайын көктемгі жауын-шашынмен шыққан шөп орылатын көрінеді. Бір күні шабындықтың үлкендеу алқабы өртеніп кетеді. Колхоз басшылары, жақын жерде отырған шопандар өрт шыққан жерге жиналып қалады. Барлығы «Өрт неден шықты, өрт неден шықты?» – дей беретін көрнеді. Сонда Оқа жанындағы қарт шопан Аманхан Сабырқұловқа айтқан болып, колхоз басшыларына естірте «Бұл алқап өртенбегенде қайтеді? Бірнеше жылдан бері су көрген жоқ. Шөлдеп өлгенше, өртеніп өлейін деген шығар», – депті. Қарауылдың орынды уәжіне колхоз басшылары да қарсы жауап айта алмапты.

«Бір мүшек тұз беріңіз...»

Кеңшарлар мен колхоздардың бұрынғы қуаты қалмай, кей жерлерде қожалықтар құрыла бастаған қиын шақта Оқаның қарт анасы өмірден озыпты. Оқаның жұмысы бәрібір колхозда. Басына түскен жағдайға байланысты колхоздың басшысына көмек сұрап баратын көрінеді. Колхоз басшысы жағдайдың қиын екенін айтып, жылы сөзбен шығарып салмақшы болады. Сонда тапқыр Оқа: – Басеке, бір мүшек тұз тауып бере аласыз ба, тым болмаса, – деп өтініпті. – Е, тұзы несі, сонша тұзды қайтесің? – деп төраға елеңдеп қалады. – Енді қайтеміз? Менде жағдай жоқ, колхозда мүмкіндік жоқ. Жағдайымыз оңалғанша марқұмның денесін тұздап, шыдата тұрайын дегенім ғой, – депті Оқа. Сөз сүйектен өтеді емес пе? Мынандай ауыр сөз айтылып кеткеннен кейін колхоз басшысы да тез өзгеріп қалыпты. Жылдам бас есепшісін шақыртып жаназаға жиналған көпшілікке дастархан жаюға жететіндей қаражатты таптыртып, Оқа Алтаевтың қолына ұстатқан екен.

«ТОО-ның» емес, «О-ның» жүгерісі»

Сол Оқа бір жылы ЖШС-ның жүгері алқабына қарауыл болады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жүгерісін түнімен көз ілмей күзетіп жүргенде өз үйінің шарбағына еккен кішкентай жүгерісіне ұры түсіп, есіл еңбекті бүлдіріп кетеді. Содан Оқа шарбағындағы жүгерінің тұсына биік қада қағып, «Бұл бәріңе жете беретін «ТОО-ның» жүгерісі емес, бала-шағасына нәсіп іздеген «О-ның» (Оқа дегені) жүгерісі» деп жазып, іліп қойыпты. Содан кейін Оқаның жүгерісіне ұрылар жоламайтын болыпты.

Ақсу ауылының тұрғыны Сәт Мәлібековтің айтуы бойынша дайындаған Есет Досалы.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар