- Advertisement -

Асфендияров университеті Әулиеатада

94

- Advertisement -

Үстіміздегі жылдың шілде айында облыс тұрғындарының денсаулығын жақсарту және емдеу-сауықтыру мекемелерін жоғары білікті мамандармен жеткілікті қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі мен С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті тарапынан өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылғаны белгілі. Бұл құжатта, атап айтар болсақ, жергілікті жердегі медицина қызметкерлерінің әлеуетін арттыру, әлеуметтік медицинаны дамыту, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде диагностикалау мен емдеудің жаңа технологияларын, телемедицинаны, басқа да мамандандырылған көмек түрлерін енгізу шаралары қарастырылған. 

Екіжақты келісімге негізделген жұмыстар нақты жүзеге аса бастады. Тараз медициналық колледжі жанынан С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті филиалының ашылуы – соның нақты айғағы. Ендігі жерде бұл оқу орнының студенттерін емдеу мекемелерінде интернатурадан өткізу, резиденттер мен жоғары курс білімгерлерін аймақтық деңгейде даярлау, медицина мамандарының кәсіби біліктіліктерін көтеру ісі тікелей жергілікті жерде жүзеге асырыла бастайды.
Таразда еліміздегі іргелі медициналық оқу орнының филиалы ашылуы – елеулі оқиға, үлкен қуаныш. Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жиналғандардың қуаныштарымен бөлісіп, жаңа нысанның Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында, Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс ашылып отырғанын тілге тиек етті. Облыстың денсаулық саласына айрықша көңіл бөлініп келе жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі-үш жыл көлемінде өңірімізде 46 емдеу мекемесінің ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Ал биыл Тараз қаласында 300 төсектік қалалық көпсалалы аурухана, 200 төсектік перинаталдық орталық, Байзақ ауданында 60 төсектік туберкулезге қарсы диспансері іске қосылады деп күтілуде. Меркі ауданы мен Қаратау қаласында 150 келушіге арналған емханалардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыстың емдеу-алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы да жаңа істерге өріс ашуда. Ал өңірде ұлттық медициналық университет филиалының ашылуы денсаулық сақшыларының жергілікті жерде-ақ кәсіби біліктіліктерін жетілдіруіне мүмкіндік бермек.
Бұдан кейін аталған университеттің ректоры, медицина ғылымдарының докторы А. Ақанов осынау игі іске қолдау, көмек көрсеткені үшін облыс басшылығына ризашылығын жеткізіп, филиалдың атқаратын міндет-мақсаттарына да тоқталып өтті.

Жалпы, медициналық білім беру саласы екі үлкен маңызды буыннан тұратыны белгілі. Оның бірінші бөлігі бакалавриат бойынша университет базасында бес жыл оқып теориялық білім алған білімгерлердің басым бөлігіне ендігі жерде екінші кезекте интернатура мен резидентурадан өтіп, біліктіліктерін жетілдіру үшін осы филиалға жолдама беріледі деп күтілуде. 

Шашу шашылып, лентасы қиылғаннан кейін Ерқанат Нұрбапаұлы бастап, сала ардагерлері, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары филиалға арналған ғимарат бөлмелерін аралап көріп, оқу-әдістемелік ұйымдастыру жұмыстарымен де танысты. Қазірдің өзінде бұл іске университеттің 18 білікті маманнан тұратын профессорлық-оқытушылық құрамы жұмылдырылып отыр. Олар өз кезегінде тек оқу орнының студенттерін ғана емес, емдеу-алдын алу мекемелері қызметкерлерінің біліктіліктерін жетілдіруге де өзіндік үлестерін қосатын болады. Университеттің бас-аяғы жүзден астам студенті жаңа ашылған филиалда интернатурадан өту жұмыстарын бастап та кетіпті.

 

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support