«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарих қатпарларынан сыр шертті

Тарих қатпарларынан сыр шертті
ашық дереккөз
Тарих қатпарларынан сыр шертті

№1 Жүйке аурулар интернат үйіндегі қызмет алушылардың қолөнер көрмесі көпшілікті тәнті етті

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Хандықтың тойы күн сайын таяп келеді. Оған арналған әртүрлі мерекелік іс-шаралар легі жыл басынан бастау алып, жалғасын табуда. Өңірімізде тойланғалы отырған осынау мерейтойға облысымыздағы әрбір мекеме, ұжым барынша өз үлестерін тигізуде. Сондай мақсатпен жуырда №1 Жүйке аурулар интернат үйінде қолөнер көрмесі өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген көрмеге ондағы қызмет алушылар арасындағы еңбекке икемділерінің өздерінің қолдан жасалған түрлі бұйымдары қойылып, көрушілердің ыстық ықыласына бөленді. Көрмеге арнайы шақыртылған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков, бірқатар әлеуметтік орталықтардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қызмет алушылардың ата-аналары қатысты. Қонақтар алдымен қызмет алушылар мен әлеуметтік қызметшілерден құралған оркестрдің орындауындағы белгілі шулық күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күмбірлеген күйді тыңдап, көңілдерін бір серпілтіп алды. Содан соң олар ертедегі мамыражай қазақ ауылының кейпімен танысты. Ғимараттың кеңдеу ауызғы бөлмесі расында да бейне бір қазақ ауылынан берекелі тіршілігінен хабар беретін көріністерге толы болды. Әсіресе, ақ жаулық, кимешек киген әжелердің жүн түтіп, ұршық иіріп отырғаны, тақиялы балалар асық атып, кілем үстінде күш сынасып жатқан жас спортшылардың бір-бірін жамбасқа салып жығулары да бәрі-бәрі әсем көріністің көркін келістірді. Сондай-ақ, қазақы киіз үйде саумал сапырылып, бауырсақ пен қымыз ұсынылғаны көңілге әдемі әсер сыйласа, Күлтегін бабамыздың өсиеті жазылған тастың сұлбасы мен «Жеті жарғының» қолдан жасалған үлгілері терең тарих қатпарларынан сыр шертті. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би болып киінген қызметшілердің үш абыздың әсерлі батасын көпшілікке жолдағаны да көңілге қонды. Бұдан кейін қонақтар қолөнер бұйымдарының көрмесімен танысты. Ондағы қызмет алушылардың қазақи нақыштағы ағаштан, бисер моншақтан, қағаздан, және пенопластан жасаған түрлі бұйымдары мен қатар тоқыма заттары да көрушілердің қызығушылығын туғызды. Айталық, қызмет алушы Айсұлу Ермекова мен Ирина Никитинаның биссер және моншақтан тоқылған сәндік бұйымдары талайдың таңданысын тудырып жатса, қылқалам иесі Талғат Шахабаевтың қиял-ғажайып өнердің түрлерінен хабар беретін түрлі картиналары да өз көрермендерін қуанта білді. Несіпкүл Махмутова, Гүлзат Райымбекова, Ира Бубненколардың тоқыма бұйымдары да жоғары сұранысқа ие болды. Ал Александр Кононович пен Дамир Мукашевтің ағаштан қашап жасаған және құрастырмалы жабдықтары да елеусіз қалмады. – Қазіргі таңда біздің интернат үйінде 503 науқас қызмет алып жатыр десек, оның 202-сі өздерінің еңбекке икемділігін байқатып отыр. Олар сондай қабілеттерін пайдаланып, осы көрмеден орын алған түрлі бұйымдарды жасаумен айналысып келеді. Қызмет алушылардың мұндай шығармашылық жұмыстарымен айналысуларына барлық жағдай жасалынған. Былтыр ғана пайдалануға берілген бұл ғимарат ішінде кітапхана, спорт зал, ағаш және тоқыма шеберханалары секілді бөлмелер әрі соған қатысты жұмыс жасайтын үйірмелер бар. Қызмет алушылардың бір парасы өнерге жақын болуы біз үшін де, ата-аналары үшін де қуанышты жайт. Өйткені, олардың мұнда құр жатпай, қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінулері біз үшін өте маңызды, – дейді №1 Жүйке аурулары интернат үйінің директоры Мұрат Бердалиев. Өз кезегінде директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Сайлауқызы аталмыш шараның мән-маңызына тоқталып, бұл көрмені жоғары деңгейде өткізу үшін толықтай екі ай мерзім ішінде тынымсыз дайындық жұмыстарын жүргізгендерін тіліне тиек етті. Соңыра, көрмеден алған өз әсерімен бөліскен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков ұйымдастырушы топқа үлкен алғысын арнап, жүйке ауралары бар науқастармен мұндай шараларды өткізу оңай шаруа еместігін алға тартты. Өзге қонақтар да өз ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

Ұқсас жаңалықтар