- Advertisement -

ҰЛТ ТЫҚ РУХтЫ көтеру

164

- Advertisement -

Тарих танымынан басталады

9Сәмен
ҚҰЛБАРАҚ,
филология
ғылымдары-
ның докторы,
профессор.

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тәуелсіз елімізде, оның ішінде Жамбыл жерінде кең көлемде атап өтілуінің өзіндік терең тағылымы бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алдымен экономика деуінің мәнін күнделікті тіршіліктен жақсы сезінсек, оның екінші қанаты – мемлекет құрушы негізгі ұлттың рухының биік, мықты болуының қаншалықты маңызды екенін қазіргі уақыт айрықша аңғартып отыр.
Елдің экономикалық мәселелерінде күрмеуі мол қиындықтар әлі де жеткілікті, оның үстіне әлемдік дағдарыс, көрші елдердегі түрлі аумалы-төкпелі жағдайлар күшейіп тұрғанда – мемлекеттілігіміздің тарихына ден қоюымыз, ең алдымен, өзімізді мықты халық, ұлт ретінде сезінуіміздің қажеттілігінен, қазақ елі деген ғайыптан пайда болған жасанды құрама емес, терең тарихы бар, жан беріп, жан алысқан тағдырлы күресі бар, сол азаттық жолындағы күресте өзінің табандылығымен, мықтылығымен ұлы далада байтақ атамекенін сақтап қалған рухты ел екенін санамызға тереңірек сіңіре отырып, өзге іргелес жұртты да, бүкіл әлемді де соған мойындату болса керек. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдығы қаз-қатар үйлерді тігіп тастап, той тойлаудың жылы емес, рухани тұрғыдан толысудың, тұтастанудың жылы болуы қажет.
Қазақ мемлекеттілігінің тарихын Ұлы дала тарихынан бөліп қарастыра алмаймыз. Сондықтан да бұл мерейлі мерекеден түйінделетін бірінші толғамды ой – қазақ халқы ежелден осы Ұлы даланың байырғы, әрі тұрақты мекендеушісі екенін тарихи тұрғыдан тану, таныту болмақ. Әрине, мұны өзіміз білеміз дегенмен, мойындағысы, танығысы келмейтін астамшыл пиғылдардың бар екені қазір жасырын емес. Іргелес алып державалармен қаншалықты көп векторлы саясат жүргіздік дегенмен, олардың ішінде қазақ жеріне көз тігу, оның байлықтарының дәмін тамсана сезіну пиғылы бар екені белгілі.
Тәуелсіздік жылдарындағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың үлкен жұмыстарының бірі – шекарамызды бекітуі, заңдастыруы болды. Енді осы ата-бабамыздан аманатқа қалған ұлан-байтақ кеңістіктің иесі ретінде, тәуелсіз Қазақ елінің мемлекет құрушы ұлт ретінде рухани толысуымыз, тұтастануымыз, рухы мықты ел ретінде сезінуіміз күн тәртібінде өткір тұр. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі тойы осындай рухани сілкіністер әкелсе, жас ұрпақтың сана-сезіміне жасындай жарқыраған тың бетбұрыстар әкелері анық.
Екіншіден, халықтың өзін-өзі тануы әлдебір үстемшіл идеологияның әсер-ықпалынан ада жаңаша көзқараспен зерделенуі – уақыт талабы. Бұл тұрғыда тарихшы, қоғамтанушы ғалымдардың иығына үлкен жүк түсетіні белгілі. Бірақ бұл олардың ғана жұмысы емес, көзі ашық, көкірегі ояу, білімі терең, парасатты ұлтжанды бүкіл зиялы қауымның тізе қоса отырып атқаратын ортақ абыройлы міндеті. Оған өнер адамдары да, қанатты қалам иелері де атсалысуы тиісті. Ең болмағанда, қарапайым халық күнделікті баспасөзде шығып жатқан белгілі ғалымдардың, қайраткерлер мен ақын-жазушылардың тұшымды мақалаларын, ой-толғаныстарын оқып, өз жадын жаңғыртуы, рухани оянуы мейлінше маңызды.
Осы ретте тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев айтпақшы, халық жадын оятудың заманауи әр алуан амал-тәсілдері бар. Соның бірі – мемлекет қолға алып отырған қазақ тарихына қатысты көп сериялы фильм түсіру. Бұл өте қуанарлық және құптарлық жағдай. Сонымен қатар бұл қыруар жұмыс өнер адамдарының мойнына (сценарисі, режиссері, актерлері, суретшілері, т.б.) үлкен жүк, жауаптылық артады. Кеңестік кезеңдегі «Қыз Жібек» фильмі неге классикаға айналды? Ең алдымен, онда ұлттық рух, қазақы салт-дәстүр, қазақ елінің, жерінің байтақтығы мен көркемдігі, соларға деген мәңгілік сүйіспеншілік – фильмнің өн бойынан есіп тұрды. Сол себепті де Қазақ хандығының 550 жылдық тарихы туралы түсірілетін фильмнен де осы талапты күтеріміз анық. Қазақ тарихының шынайы бейнеленуі, ел болу жолындағы үлкен еңбек сіңірген тарихи тұлғалардың ірі, кесек образдарының жасалуы, олардың басындағы жақсы қасиеттер мен түрлі қайшылықтардың терең ашылуы, психологиялық тереңдік пен ел болу, бірігу жолындағы ішкі рухтың мықтылығы көрінуі тиісті деп білеміз. Әлемдік дағдарыстың күшеюіне байланысты еліміз үнемдік экономикаға көшті. Сондықтан да алдыңғы кезекте Қазақ хандығының іргесін құрушы Керей мен Жәнібек хандар, Қазақ хандығының ақырғы ханы Кенесары туралы фильмдер түсіріледі деген ақпарат естілді. Бір жағынан бұл да дұрыс болар. Бірақ қалың көпшіліктің күтер тілегі – шынайылық пен ұлттық рухтың асқақтығы болса дейміз.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі – тек ел билігін жүргізген хандармен шектеледі деп келте қарауға болмайтын тәрізді. Бұл қазақ халқының арғы-бергі тәуелсіздік үшін күрес жолы, талайлы тағдыры. Бұл жолда ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, қазақ халқы «мың өліп, мың тірілді». Ендеше, бұл мерекенің аясында халық батырлары, әділдікті ту еткен рухты билер мен шешендер, халықтың өзге де ел жадында қалған қарапайым өкілдері жөнінде, олардың қазақ елінің дамуына, күшеюіне сіңірген қайрат-жігері, үлесі туралы да мүмкіндікке орай айтылуы қажет. Қазақ елі туралы әңгіме, әрине, 550 жылдық тарихпен шектелмейді. Қазақ жерінде біздің дәуірімізге дейінгі қаншама тарихи жәдігерлер бар. Оларды да жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан зерделеу де маңызды. Осы ретте жергілікті өлкетанушылардың материалдары да құнды. Мәселен, біз білетін Жамбыл ауданының тұрғыны, тарихшы Әмірхан Мырзаев Қаратау өңірінде зерттелгені бар, ғылымға енбеген немесе толық зерттелмегені бар тастағы суреттер мен таңбалар ондаған мыңның үстінде деп болжам жасауға болады деп жазады. Сонда барып, көненің көзін тауып, суретке түсірген өлкетанушының еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Өлкетанушы Ә. Мырзаев петроглифтердің әр өңірдегі санына дейін нақты болжамдар айтады. Кіші Қаратаудағы Теріс петроглифтерінің өзі мыңның үстінде десе, Кемер петроглифтері 500-дей, Үлкен Шабақты өзенінің жоғары жағындағы Байжон қыстағы петроглифтері 300-дің үстінде, Қаратаудың Үлкен Тұра етегіндегі Жүзімді петроглифтері жарты мыңға жуық, Келіншек тауындағы Арпаөзен, Қойбағар әлі толық зерттелініп біткен жоқ. Оған қоса жалғыз жарым, 5-10, 40-50, 80-90-нан асатын суреттер мен таңбалары бар тау шатқалдары қаншама дейді. Бұл петроглифтердің айтатын сыры тереңде. Біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырда салынған деп болжам айтатын Кіші Қаратаудың Елікті сайындағы сирек кездесетін тәжі бар мосқал адамның тасқа қашалған суреті өлкетанушыны айрықша қызықтырады. Осындай тасқа қашалған әр алуан суреттер мен таңбалардың сырына үңіле отырып, өлкетанушы Қаратау өңірінің ежелгі адамдардың қоныс мекені болғанын дәлелді алға тартады. Өлкентанушы Б. Мырзаевтың еңбегінің екінші бір құнды жағы бұл жұмыстарды ол жалғыз атқармайды. Мектеп оқушыларынан өлке тарихына қызығатын шәкірттерді топтастыра білген. Бұл жас ұрпақтың өз елінің тарихына қызығушылығын арттыратынын ескерер болсақ, ұлтжандылық, қазақстандық патриотизм дегеннің бастауы да осыдан өрбімей ме? Өлкетанушының осы петроглифтерге байланысты көтеретін көкейкесті мәселелері де бар. Кейбір құнды жәдігерлер жойылып барады немесе жойылу үстінде. Бұл жерде мыңдаған жыл табиғаттың әр алуан құбылысына төтеп берген сурет, таңбалардың адам қолымен бұзылуда екенін өлкетанушы қынжыла айтады. Бұдан туатын басты мәселелердің бірі – құнды жәдігерлерді қорғау жайы болса қажет. Осы ретте облыс әкімдігінің мәдениет басқармасына үлкен ұсыныс-тілек бар. «Туған өлке ғажайыптары», немесе «Ұлы дала тарихы» деген атпен тасқа қашалып жасалған суреттер мен таңбалардың неге фотоальбомын жасамасқа?! Ал туған өлкенің тау-тасын кезіп, әр шатқал-сайына үңіліп жүрген Ә. Мырзаевтың еңбегі бұған жақсы материал емес пе? Көрнекті фотоальбом шығару біріншіден, өлкетану тарихында тамаша қадам болса, екіншіден, біздің өлкеміздің ықылым заманнан жеткен құнды ескерткіштері ғылыми айналымға түседі. Бұл ел тарихына қосылған зор үлес болар еді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде де Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі мерекесін кең көлемде өткізу үшін үлкен іс-шаралар жоспарлануда. Халықаралық ғылыми конференция, белгілі тарихшы ғалымдармен кездесу, дөңгелек үстелдер, жыр мүшәйрасы, оқырмандар конференциясы, студенттердің ғылыми жобаларын өткізу тәрізді тағы басқа іс-шаралар жоспарлануда және оның орындалуы кестеге сай атқарылуда. Мұндай іс-шаралар әрбір факультетте, кафедрада, студенттер арасында да жан-жақты, мазмұнды атқарылуы қолға алынуда. Мұндағы басты мақсат – мемлекеттілігіміздің тарихының тым тереңде жатқанын, қазақ деген халықтың Ұлы даланың байырғы тұрғыны екенін, сондықтан да кейбір айтылып қалып жатқан пікірлердің жаңсақтығын байыпты ұғындыру болып табылады. Сонымен қатар бұл іс-шаралардың барлығы жастардың бойында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әрбір шығып сөйлеуінде үнемі айтып жүретін қазақстандық отаншылдық сезімін одан әрі дамуына, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға, тілге, ата дәстүр-салтқа сүйіспеншілігін арттырып, қазіргі тәуелсіз Қазақстанның ұстанып отырған бейбітшілік, тату-тәттілік саясатының қазақ халқының ділінде бұрыннан орныққан асыл қасиет екенін дәріптеуге бағытталады.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support