Цойдың сапары ой қосты

Цойдың сапары ой қосты
ашық дереккөз
Цойдың сапары ой қосты

Өңіріміздегі денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер бар

Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цойдың облыстағы жұмыс сапары Тараз қаласындағы №6 қалалық емхананың жұмысымен танысудан басталды. Облыс әкімдігінің шешімімен «Жаншуақ» медициналық орталығы сенімді басқаруына берілген емхананың бас дәрігері Дүйсекүл Керімбаева мекеме ғимаратының өткен ғасырдың елуінші жылдарында пайдалануға берілгендігін, сондықтан жұртшылыққа медициналық қызмет көрсетудің заманауи талаптарына жауап бере алмайтындығын айта келіп, мекемені сенімді басқаруға алған «Жаншуақ» медициналық орталығы емхананың қазіргі ғимаратына жапсарластырып, жобалық-сметалық құны 464 миллион теңгені құрайтын үш қабатты жаңа корпус тұрғызуды және қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыруды жоспарлап отырғанын әрі бұл ретте бюджет тарапынан да тиісті көмек күтілетіндігін жеткізді. Соңынан вице-министр аумақтағы 42578 тұрғынға дәрігерлік көмек көрсететін, 280-ге жуық адам еңбек ететін ұжымның өкілдерімен кездесу өткізіп, күрделі жағдайдың өзінде талап деңгейінде міндет үдесінен шығып жатқандықтарына ризашылығын білдірді. 

Вице-министр түс қайта облыстық аурухананың жұмысымен танысты. Мұндағы жағдаймен аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков таныстырды. Алексей Цой аурухана бөлімдерін аралап, қалыптасқан жағдаймен танысып шыққан соң, дәрігерлермен және мейірбикелермен ашық әңгімелесті. «Қазақстанның медицина саласы қазіргі таңда көп мүмкіндікке ие. Жүрекке, бүйрек пен бауырға жасалатын оталардың сапасы артты. 2017 жылы еліміз медициналық сақтандыру жүйесіне көшуді бастайды. Бұл жүйе барысында да медицина саласы дами береді», – деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі. Тараз қаласының орталық бөлігіндегі, химиктер кентіндегі, 11-12-13-інші шағын аудандардағы 65 мыңнан астам тұрғынды медициналық қызметпен қамтитын, 441 адам еңбек ететін және заманауи еңселі әрі сәнді ғимаратқа орналасқан № 5 емханада болғанында вице-министрді емхананың жұмыс барысынан бас дәрігердің орынбасары Бақыт Түсіпова хабардар етті. Оның айтуынша, мұнда алға жылжыған жұмыстар бар. Емхананың медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы 80 пайызға жеткен. Ағымдағы жылы екі дәрігер білім жетілдіру курсында мамандық деңгейін көтеріп қайтыпты. Биыл жаңадан 8 жас маман жұмысқа қабылданған көрінеді. Сондай-ақ, Бақыт Сейділдақызы емхана қызмет көрсететін аумақта ана мен бала өлімі деңгейінің айтарлықтай төмендегендігіне, медициналық қызметкерлердің жалақыларының қанағаттанарлықтай мөлшерде екендігіне тоқталды. Вице-министр осындағы денсаулық мектебі бөлмесін, тегін кеңес алу бөлмелерін аралап көріп, емхана жұмысына жоғары баға берді. Соңғы жылдары облыс орталығындағы медициналық мекемелердің материалдық- техникалық базасы айтарлықтай жақсарып, жаңа ғимараттарға көшіп-қонып жатқандығы белгілі. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой құрылысы аяқталуға жақын қалған №1 Тараз қалалық аурухананың жаңа ғимаратындағы құрылыс жұмысының жүргізілу барысымен танысты. Бас дәрігер Мавлюда Боқаева жобалық-cметалық құны 7 миллиард 911 миллион теңгені құрайтын, төрт блоктан тұратын 300 орындық көп профильді аурухана ғимаратын құрылыстың бас мердігері «Корпорация Сенім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үстіміздегі жылдың желтоқсан айында, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға беруді діттеп отырғанын және құрылыстың сапалы жүргізіліп жатқанын баян етті. Вице-министр Тараздың Сабалақов көшесі бойындағы құрылысы аяқталуға жақын облыстық перинаталдық орталыққа да атбасын бұрды. Ол мұндағы жансақтау және ота жасайтын бөлімдер орналасатын орындарды аралап көрді. Бұл мекеме – 200 орындық. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлзағира Байзатова айтып өткендей, мұндағы қондырғылар заман талабына сай, сауатты мамандар жеткілікті. Ота үстелінің өзі төртеу. Вице-министр осындағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Одан кейін Алексей Цойдың сапары Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылында жалғасты. Мұнда вице-министр алдымен аудандық емхананың жұмысымен танысты. Аудандық аурухананың бас дәрігері Сейітхан Жұмашев емхананың 250 орынға арналғанын, 51 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсететіндігін, жалпы ауданда 78 дәрігердің, 350 орта буын медицина маманының еңбек ететіндігін жеткізді. Ана мен бала өлімі саны соңғы жылдары мүлдем азайған. Соңғы жеті айда аудан аумағында 370 сәби өмірге келіпті. Вице-министр емхананы аралап шығып, қызылша ауруына қарсы қосымша иммундау жұмысының қалай жүріп жатқандығы жайлы сұрады. Емхана дәрігерлері бұл жұмыстың төрт-бес күн ішінде сәтті де, сапалы аяқталатынын айтты. Вице-министр аудандық аурухананың хирургия бөлімін, күндізгі бөлімді, мұражайды, босанған әйелдерге арналған бөлмелерді аралап көрді. Аурухана ұжымымен кездесу өткізді. Әңгіме барысында биыл ғана жұмысқа қабылданған жас мамандардың әлеуметтік жағдайы туралы сауалдар қойып, осы орайдағы өңір басшылары тарапынан қолданылған шаралардың барысына қанықты. Вице-министр өз кезегінде оларға еліміздің денсаулық сақтау саласының бүгінгі жетістіктері мен алда тұрған міндеттер туралы баян етіп, аурухана ұжымының жұмысына табыс тіледі. Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цойдың облыстағы сапары барысында облыс әкімдігі денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Ерлан Масалимов бірге жүрді.

Сапарғали Әлібай,  Есет Досалы. «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар