- Advertisement -

Қазақ хандығының тарихы

148

- Advertisement -

Құрылуы, қалыптасуы және дамуы

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнап облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Қазақ хандығының тарихы: құрылуы, қалыптасуы және дамуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған өңірдің зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, тарих пәнінің мұғалімдері және студенттер қатысты.

Тарихи тойды мерекелеудің мәні мен оның бүгінгі таңдағы маңызын ашу, іргесін Жәнібек пен Керей қалаған қазақ хандарының ел басқарудағы ерен еңбегі мен тұлғалық болмысын танып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі сарабдал саясатын насихаттау және жас ұрпақтың рухын оятып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсаттарына негізделген жиын барысында тақырып аясындағы алуан ойлар ортаға салынып, пікірлер жан-жақты айтылды. Конференцияны «Қазақстан» РТРК АҚ облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген жүргізіп отырды. Жиында алдымен облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сөз алып, Астанада басталған

Х.Әбжанов
Ж.Дәдебаев

 

торқалы тойдың алдағы қазан айында облысымызда жалғасын табатынын алға тартып, жиналғандарды дайындық жұмыстары мен мерейтой қарсаңында өтетін мерекелік шаралардың барысымен таныстырды.


– «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр», деп Елбасымыз айтқандай, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізудегі басты мақсаттардың бірі – қазақ халқының тарихи құндылықтарын, қол жеткізген жетістіктерін көрсетіп, тарихы сонау тереңнен басталатын жұртымыздың өткенін ұмытпай, бүгінін бағалап, болашаққа нық сеніммен қарау болып табылады.
Тарихи той дүбірі Елордамыз Астанадан бастау алса, алдағы уақытта Тараз төрінде жалғасын таппақ. Оған көне Тараз шаһарындағы дайындық жұмыстары көңіл тоярлықтай қарқынмен атқарылуда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының көпшілігі аяқталуға жақын. Елдігімізді танытатын той қарсаңында қала көшелері қайта жаңғыртылып, түрлене түсуде. Бұл той – салтанатты және мерекелік думан-cауықтармен қатар, есте қалатын игі істерге де толы болады. Еліміздің барлық облыстарының атсалысуымен қаламыз күн санап құлпырып келеді. Жамбыл жерінде тойланғалы отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы барша қазақстандықтардың, барлық ұлттардың ортақ мерекесіне айналмақ, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.
Бұдан кейін баяндамашыларға кезек берілді. Алғашқы болып «Қазақ хандығы әлемдік тарих толқынында» тақырыбында ой қозғаған ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов әлемнің тарих кеңістігіндегі Қазақ хандығының мән-жайын өз баяндамасына арқау етті. Ханкелді Махмұтұлы хандықтың тамыр алар тереңіне бойлап, оның бастауы мейлінше бай екенін қаперге алды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, Қазақ хандығы кем дегенде 20 мемлекеттің және екі империяның мұрагері болып табылады.

Ж.Дәдебаев
Ж.Дәдебаев

– Сақтар – ежелгі гректермен, парсылармен, үйсін, қаңлылар, байырғы түркілер – Қытаймен бәсекелескені, қыпшақ тілі халықаралық қатынастарға септескені, Ұлы Даланың ұлттық мемлекет ретінде тарихтың алтын құрсағында тербетіле дүниеге келгенін әйгілейді. Дала демократиясы, толеранттылығы, шаруашылық-мәдени кешені аспаннан түсе қалған жоқ. «Дешті-Қыпшақ» деген сөздің Еуропада, Азияда, Африкада көрініс тапқаны Қазақ хандығының бастаулары мен тарихына ендігі жерде әлемдік биіктіктен қарау керектігін байқатады.
Қазақ хандығы әлемдік, құрлықтық және аймақтық тарихтың күрделі кезеңінде құрылды. XV ғасырда Орта ғасыр мен Жаңа заман аралығындағы Батыс Еуропа ренессанс дәуіріне аяқ басты. Шығыс халықтары көшпелі империялардың құлдырауын бастан кешті. Африка мен Америкада отарлық иеліктер пайда бола бастады. «Сол күндері Әбілхайыр хан Дешті-Қыпшақты толықтай билеп тұрды – деп жазды М.Х.Дулати – ол жошылық сұлтандарды шабуылдап Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келді. Есенбұға оларды жақсы қарсы алып, Шу өзенінің бойында Моғолстанның батысындағы Қозыбасыны берді. Олар орналасып, жай тауып отырғанда Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан кейін өзбектер ұлысы бытырап, алауыздыққа ұрынған халықтың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханға кетіп, олардың саны 200 мыңға жетті, сөйтіп, оларды «өзбек-қазақтар» деп атай бастады, – деген мәліметтерді негізге ала сөйлеген Х.Махмұтұлы көптің көкейіндегі басқа да түйткілді жайттарды өз баяндамасына арқау етті. «Неге қазақтың алтын ғасыры Тәуке ханмен тұйықталды?», «Хандықпен бір шамада шаңырақ көтерген Англия, Франция, Испания мемлекеттері ХVIII ғасырда даму деңгейі бойынша оқ бойы алға кеткенде бізді отар өлкеге айналдырған себеп неде?» Осы секілді біршама сұрақтарға жауап іздеген профессор мынандай деректерді тіліне тиек етті. «Иә, бұл сұрақтардың жауабын табуға бір зерттеудің шамасы жетпес. Қысқаша түйіп айтар болсақ, хандықтың діңкесін құртқан екі фактор бар. Бірі – саяси бытыраңқылық, екіншісі – технологиялық мешеулік. Қазақ хандығы алғашқыда унитарлы мемлекет құрылысымен нығая ілеріледі. XVII ғасырда бір орталыққа бағынған унитарлы құрылысқа қарсылық білдірушілер пайда болды. Тұрсын хан сепаратизмі соның бұлтартпас айғағы. Осы ғасырда халық үш жүзге бөлінді. Әу баста, біздің ойымызша, әкімшілік-аймақтық функция атқарған бұл құбылыс XVIII ғасырда өз алдына бөлек хандықтар құрумен аяқталды. Тұтас мемлекет, орталық билік көзден ұшты. Оны Абылай да қалпына келтіре алмады. Кезінде бір орталыққа бағынған мемлекеттің ыдырағаны Абылайдың жанын күйзелтті, оның саяси драмасына айналды» деді Хангелді Әбжанов.

15

Баяндамашы осы себептерден «Жеті Жарғының» мәтіні бүгінгі күнге жетпей қалғанын, бір орталыққа бағынған мемлекет болмағандықтан, сол заманның басты құжаты жұмыс істеуін тоқтатқанын, соған қарамастан қос өкпеден қысқан екі алпауыт империяға дес бермегені Абылайдың тұлға ретінде таңдессіз екенін сөз етті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Абай ғылыми зерттеу институтының директоры Жаңғара Дәдебаев сөз кезегін алып, «Қазақ хандығы: Сөз өнері» тақырыбында өзінің келелі ойларын ортаға салды. Ол дәстүрлі қазақ қоғамында сөз өнерінің өнер ғана емес, даналық таным қайнары деңгейінде болғанын алға тартты.
– Қазақ хандығы дәуірінде сөз өнерінің әлеумет өміріндегі қызметі аса зор болды. Халық: «Өнер алды – қызыл тіл», деп сөз өнерінің ел өміріндегі маңызы мен мәнін өте жоғары бағалады. Ал сөз өнерін жасаушы жырауларды халық қатты қадірледі.
Қазақ хандығының ордасы Хантауына қонды. Қазақ хандарының ақылшысы, кеңесшісі Асан Қайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе болды. Олар ханға елдің жағдайын жақсартудың, халықты «қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай» жайлы да жақсы өмірге жеткізудің жолдары туралы ақыл айтып, кеңес берді, елге ұсынды. Олар қалыптастырған даналық үлгіні сақтап, дамыта отырып, Жәнібек ханның ұлы Қасым хан Қазақ хандығының күш-қуатын арттырды, Алтын Орда ту тіккен Дешті қыпшақ даласындағы қара ормандай қалың жұрт Қазақ хандығының қара шаңырағы астында бір бүтін іргелі ел болды, – деп баяндамасын қорытындылаған Ж. Дәдебаев тартымды ойларын тыңдармандармен бөлісті.
Қазақ хандығының құрылу тарихына шолу жасаған тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Берекет Кәрібаев та өз кезегінде конференцияға қатысушыларды мардымды мәліметтермен хабардар етті.
– Рас, бұл тұрғыда біздегі кейбір деректік мәліметтердің мардымсыздығы көп зерттеу жұмыстарына тұсау салып отыр. Қазіргі күнде заман талабы өзгеріп, өз тарихымызға қайта үңілгенде, алғашқы хандарымыздың тарихын, олардың атқарған рөлін көрсетуге осы себеп қолбайлау болады да тұрады. Мардымсыз деген тіпті жоқ деген емес, аздау, бірен-саран деген мағынада. Олай болса, қолда бар деректерге сүйеніп, ұлттық мемлекетіміздің іргетасын қалаушылардың ел тарихындағы алатын орнын неге ашып көрсетпейміз?! Керей мен Жәнібек хандарға тағдыр жаңа этникалық бірлестікке негізделген мемлекетті құру және оны басқару үлесін берді. Бұл үлес кездейсоқ сияқты болып көрінгенімен, заңдылық болатын. Өйткені, екі ханның арғы ата-бабалары – Шыңғыс ханнан Керей мен Жәнібек хандарға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билікті мұрагерлік жолмен иемденіп, атадан балаға қалдырып отырған. Басқаша айтқанда, Керей мен Жәнібек бірнеше ғасыр бойы уысынан билік кетпеген өте мықты әрі өте беделді әулеттің өкілдері болып табылады, – дей келе Берекет Бақытжанұлы: «Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан аумағында ежелден бері үздіксіз жалғасып келе жатқан этностық үрдісті жаңа белеске жеткізіп, қазақ халқының ел болып қалыптасқандығын көрсетті. Осылайша, Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызын этностық тұрғыдан қарастыра келе, ол – қазақ халқының қалыптасуы кезеңін аяқтауға тікелей ықпал етті, этностық процестен халықтық деңгейге көтерілген этносқа – «қазақ» атты этнонимді бергізді», – деп ойын тарқата түсті.
Сонымен қатар, баяндама жасаған ТарМПИ-дің ректоры, тарих ғылымдарының докторы,

Б.Кәрібаев
Б.Кәрібаев

профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дария Қожамжарова «Қазақ хандығы ту тіккен өңірдегі жер-су аттарының тарихи мәні» тақырыбы аясындағы алуан ойларын ортаға салды. Тарихи мекендегі түрлі жер-cу, тау аттарының тегін еместігін, олардың әрқайсы қандай да бір тарихи маңызы бар оқиғаларға, тұрғылықты адамдардың есіміне байланысты аталып отырғанын нақтылай өткен Дария Пернешқызы Талас пен Шу өзені өңірінің Қазақ хандығы кезеңіндегі атқарған рөлінің ерекшелігіне тоқталып, ең өкініштісі деп – Қазақ хандығы құрылуы да оның соңғы ханы Кенесарының ажал құшуы осы өңірмен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, баяндамашы өз ойын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз – Ұлы Дала

Д.Қожамжарова
Д.Қожамжарова

перзенттеріміз» деген идеясымен астастырып, қорытындылады.
Осындай келелі мәліметтерді, қызықты деректерді, орамды ойларды ортаға салған жиын барысы қатысушыларды тарих тағылымымен байыта түсті. Конференция қонақтары баяндама жасаған тарихшы ғалымдарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптар алды.

Сатыбалды Досымбеков,
Тараз қалалық Мемлекеттік мұрағатының қызметкері:
– Тарихтан тағылым берген конференция өте жоғары деңгейде өтті. Көптеген қонақтармен бірге жиынға қатысқан мұрағатшылар үшін де бұл шараның берері мол. Өйткені, жиын барысында біз профессор, ғалымдарымыздың жасаған баяндамалары арқылы көкейдегі көптеген сауалдарымызға нақты жауаптар алып, басы бірікпей жүрген түрліше ойларға нүкте қоя алдық. «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп Елбасымыз айтқандай, тарихи тойдың Тараз төрінде тойлануы тегін емес, өзінің нақты себептері бар. Бұл конференция соның бір айғағы. Тараз қалалық Мемлекеттік мұрағаты осы мерейтой қарсаңындағы орын алып жатқан игі шаралардың барлығының мазмұнды тұстарын тізіп бір жинақ шығармақшымыз. Сол жинаққа осы конференциядағы жасалған баянамаларды да кіргіземіз деп жоспарлап отырмыз. Тойдан қалған толағай рухани мұрамыз сол болады деген ниеттеміз.

Есдулат Ілияс,
ТарМПИ-дің филология мамандығының студенті:
– Осындай тарихтан сыр шертетін игі шаралар көптеп ұйымдастырылса біздей студенттер үшін өте орынды болар еді. Жиында отырып қаншама тарихтан тың деректерді ғалымдардың аузынан естіп, өзіміз мекен етіп жатқан елдің, өлкенің өткеніне көз жүгірттік. Білгенімізді тереңдете, оқығанымызды нақтылай түстік. Әсіресе, облысымызға тиесілі аумақта іргесі қаланған Қазақ хандығы жайлы ауқымды әрі қызықты мәліметтермен таныстық. Оның алғашқы хандары жайлы да ту тіккен негізгі орнындағы түрліше тарихи атауларының барлығы бізді қызықтырмай қоймады. Еркін елдің еңселі ертеңі біздей жастардың қолында десек, біз қазірден өткенімізге ойлы көзбен қарап, тамырымызды тереңнен тартып, бойымызды жарқын болашаққа қарай тіктеуіміз керек!

 

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support