- Advertisement -

Жәнібек хан Керегетаста таққа отырған

207

- Advertisement -

1428 жылы көшпелі өзбектер мемлекетінің тағына жайғасқан Әбілқайыр жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» кітабында: «Әбілқайыр хан бүкіл Дешті-Қыпшақты билеп-төстеді. Жошы ұрпақтарының кейбір сұлтандары Әбілқайырдан арамдық әрекеттер мен соғысқұмарлығының исі аңқып тұрғанын біліп, мұны болғызбауға талпынды» деп жазады. ХV ғасырдың ортасында Әбілқайыр хандығындағы толассыз болған қантөгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын күшейіп, феодалдық езгі мен қанау халықты ауыр күйзеліске ұшыратты. Аласапыран соғыстарда Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылымын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына жете алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына едәуір зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілқайырдың әділетсіз үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті. Сондай-ақ, басқа да жағдайлардың туындағаны Әбілқайыр хандығының ыдырауына әсер етті.
Нақтылы деректерге жүгінсек, 1457 жылы жаздың соңында Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға көшеді. Көшуге тарихи аңыз бойынша Қобыланды батыр мен Ақжол би (Дайырқожа) арасындағы дау-жанжал себеп болған. Жазба деректер мәліметі бойынша, Керей мен Жәнібектің қалмақтарға қарсы әскер жиюы кейінгі жағдай, яғни екі сұлтанға Әбілқайыр хан тарапынан қауіп-қатердің төнуі туралы Әбілқайыр ханның жарлығына құлақ аспауы және 1457 жылғы жеңілістен — Орыс хан ұрпақтарын өз ұлыстарымен бірге өзбектер мемлекетінен кетуге мәжбүр етеді. 1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойын қыстап шығып, 1458 жылдың ерте көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. 1465-66 жылы Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хан билікке келеді.
Тараз қаласынан 2007 жылы жарыққа шыққан «Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамалары» кітабының, 455-бетінде: «халқымыздың ұлт болып ұйып, өз мемлекетінің тұңғыш туын көтерген жері қазіргі Мойынқұм ауданына қарасты Қарабөгет ауылының аумағында жатыр. Әділ әрекетпен дана саясаттың арқасында ел жадында Жәнібек деген киелі есіммен қалып, аты аңызға айналған біртума ханымыздың тұрақ жайы – Керегетас деген жерде күні бүгінге дейін «Хан қорасы» деп аталатын осы жер Қарабөгет ауылынан 15, (нақтылы дерекпен 40-45 М.У.) Ақбақайдан 50 шақырымдай жерде жатыр», – деп анық жазылған.
Арғын руының арғы атасы – Арғыннан тараған Қотан деген ақын-жырау өмір сүрген. Ол кісі Қотан би немесе Қотан тайшы деген атағымен ел-жұртқа мәшһүр болыпты. Оның ұлы Дайырқожа Әбілқайыр ханның биі екен. Дайырқожаның әділдігін оң бағалаған халық оны Ақжол би деп атап кеткен. Ақжол би ханның қызын ұнатып екеуі астыртын кездесіп жүріпті. Бірақ, Әбілқайырдың сенімді адамы әрі қолбасшысы қара қыпшақ Қобыландының да ханның қызын ұнатып, оған үйленуді армандап жүргенінен көпшілік хабардар болып үлгерген. Тұла бойын қызғаныш оты шырмаған Қобыланды бас уәзірлікке тағайындалмақшы болған Дайырқожаны ен далада қастандықпен өлтіреді. Әкесі Қотан жыраудың сүйікті баласының өліміне байланысты:
Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным,
Сексен асып таяғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ғой жұлыным.
Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының, — дейтін қайғылы жоқтауы сол кезде айтылыпты. Керей мен Жәнібек сұлтандар Қобыланды батырды шариғат заңымен азаптап өлтіру үшін оны тұтқындауға рұқсат сұрайды. Бірақ, екі сұлтаннан да Қобыландыны өзінің қорғаушысы ретінде қолайлы көрген және де қалың қыпшақтан қаймыққан Әбілқайыр хан батырдың орнына оның құны ретінде қыпшақтардың үш адамын бергізбекші болады, Әбілқайырдың бұл әрекетіне сұлтандар келіспей, өз жақтастары мен екіжүзді ханның қарсыластарын соңынан шұбыртып, көш басын Шу өңіріне түзейді. 1465-66 жылдары Керей хан қайтыс болған соң Дайырқожаның баласы Қарақожаұлы Құлбаба сопы Жәнібек ханның шатырын көтеріп, керегесін қаласып, сенімді көмекшілерінің қатарында оның хан болып сайлануына белсене атсалысыпты. Кейінірек Хантауында Керейдің ақ киізбен көтеріліп, хандыққа сайланған жерінде Ағыбай батыр «Қазақта тағы да хан сайланатын күн туар ма екен?» — деген тілекпен тәу етіп, құрбандыққа жылқыларын сойып, Биназар батыр мен Бөлтірік шешендей замандастарымен бірге бірнеше ай уақытқа аялдапты. Қарабөгеттің маңындағы Меркі ауданының бұрынғы Большевик (қазіргі Ақтоған) кеңшарына қарасты жайлауында мал баққан Бейсенбек Нұрымов деген ақсақал бар еді. Марқұм сол Бекеңнің айтуынша, нәубетті ашаршылық жылдарынан кейін болу керек, шұбыртпалы руының өкілдері Керегетаста колхоз ұйымдастырып, жиналмақшы болады, бірақ хандардың құтты мекені болғандықтан, Үкімет тарапынан кедергі келтіріліпті.
Кезінде ЗОО механик қызметін атқарған А. Мұқатаев өз өңірінің тарихынан бір кісідей хабардар екенін танытып:
— Біздің Құмөзек аймағы хандардан басқа да ел қорғаған батырлармен қатар әулие-әмбие тұлғалардың қасиетті отаны. Айса, Өтелбай, Төлеубек Ақбас, Төлеубек, Төртқұлақ Аралбай кесенелерімен қатар «Исақ мазары» сияқты киелі мекен-жайлар орналасқан. Көпшілігі өте ертеде өмір сүргенімен кесенелері ХIX-XX ғасырларда Кемпірбай ұстаның қолымен тұрғызылған. Керегетастың аумағы «Қос келін» (атақты бір байдың екі бірдей келіні шешек ауруынан қайтыс болғанына орай орнатылған) кесенесінен, «Ақ бас» төбесінен сәл арырақ он шақырымдай жерді қамти киіз үйдің керегесі сияқты орағыта орналасып, солтүстік-шығысқа қарай тағы он шақырымға жуық жерді алып жатыр. Сонау солтүстікте 20 шақырымдай қашықтықтан менмұндалап көрініп тұрған «Қаршығалы» төбесін ерекше көз тартар көрінісімен бірге құпиялы-тылсымды сыры да бар. Осы маңда тастары кереге іспеттес қолмен қаланғандай төбешіктер көптеп кездеседі. Бір-бірімен екі бөлмелі қылып жапсарлас салынған «Айжігіт кәлпенің» кесенесі де осы жерде.
Керегетасты айнала жан-жағында ескі қорымдар мен кесенелі күмбездер көптеп кездеседі. Баяғы заманда Шу өзенінің бір сағасы Шу ауданының Қоңдыбай (Прудхоз) ауылы маңынан бөлініп, Хантауына 15 шақырымдай төменде жатқан жиек арқылы осы маңнан аққандықтан, қолмен қазылған ескі арналары айқын байқалады. Ол арналар бірнеше жүз мыңдаған халықтың мал өсірумен бірге егіншілікпен айналысуына қолайлы болған. Керегетас арқылы Арқаға «Хан жолы» өтеді.
«Жамбыл облысының Топономикалық атауларының анықтамалығы» кітабының 531-бетінде: Керегетаста Жәнібек қыстауы дейтін жер бар. Және бұл өңір Қайып хан мен Қасым ханның жайлауы болған. Ал Кіші Қамқалы ауылының шығыс жағындағы Шу өзенінің Теріскей бетіндегі жер мыңдаған жылдар бойы «Қаратал» деп аталып келеді. Жері шұрайлы, тірлікке қолайлы. Өзеннің бұл маңының ені қысқа, яғни өтуге ұрымтал тұс. Керей мен Жәнібектің көші, міне, нақ осы жерде мұз үстімен өзеннің теріскей бетіне өткен» — деп анық жазылған. Пайымдауымызша, Әбілқайыр хан мен қолбасшы Қобыланды батыр бастаған қалың қолдан қауіптенген Керей мен Жәнібек сұлтандар бұл маңға көп аялдамай, тек қыстап шығып, қорғануға да, жан сақтап, күш жинауға да қолайлы, бұрын «Қозыбасы» атанған Хантауын таңдаған cияқты. Неге десеңіз, қазіргі «Қозыбасы» аталатын биік төбе Ақбақай мен Мирный кентінің аралығында. Ол төбенің тарихи маңыздылығын көпшілік біле бермейді. Көптен бері жергілікті көлік жүргізушілер төбені «Сапун қара» атап кеткен. Он шақты жылдың көлемінде ғана зерттеуші-ғалымдар «Қозыбасы» осы болу керек деп жүр.
«Жамбыл облысы Топономикалық атауларының анықтамалығы» кітабының 230-бетінде: «Хан тау» мұндай атау бекерден-бекер айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер болған соң айтылады. Ол таудың басында немесе баурайында халық Керей мен Жәнібек сұлтанды ақ киізге орап, хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған. Хан тауының басы шынында да қозының басына ұқсайды. Хан тауының үш биігі бар, ең биік шоқысы – Сұңқар, екіншісі – Көкшоқы, үшіншісі – Қызылшоқы. Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал, Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының тұмсығына ұқсаса, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды. «Хан тауының далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Кіші тағы», «Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені» деген атаулар бар» деп, жазылған. Расында да күре жолмен Шу қаласынан Мойынқұм ауданына қарай автокөлікпен жүргенде, Бәйдібек ауылынан өткеннен кейін оң жаққа зер сала қараған адамға солтүстік-шығыстағы Хан тауының түстік беткейіндегі Сұңқар шоқысының қозыға ұқсас басы мен екі құлағы 50 шақырымдай қашықтықтан-ақ Айдарлы ауылына дейінгі аралықта анық байқалады. Бұған қосымша айтарым, айтулы ғалымдардың тұжырымы бойынша Керей хан қайтыс болғаннан кейін Хан тауының етегіне жерленген делінеді.
Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың Қазақ хандығы құрылған мерзімінен 40 жылдай уақыт өткен соң 1499 жылы дүниеге келгені тағы 40 жылдан аса уақыттан кейін «Тарих-и Рашиди» кітабын 1541-46 жылдары Үндінің Кашмир қаласында жазғаны белгілі. Бұл еңбегінде Хан тауы мүлдем аталмайды. Өйткені, Хан тауы әу баста Қозыбасы аталды ғой. Дулати бабамыз сыртта жүргендіктен, әрі жас ерекшелігіне орай, Қозыбасының бірте-бірте Хантауы аталып кеткендігінен бейхабар қалған болуы керек. Ал қазіргі «Қозыбасы» сол кезде (Хандық құрылғанда) «Қозыбасы» аталған болса, онда Дулати бабамыз Шу бойындағы Хантауының маңындағы Қозыбасы деп, анықтап жазатын еді ғой.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында киелі Шу өңіріндегі Хантауының құпиялы сырлары мен Керей ханның қай жерге жерленгендігін анықтап, оған кесене орнатып, «Үлкен хан тағы», «Кіші хан тағы», «Хан қорасы» сияқты қасиетті орындар мемлекеттің қамқорлығына алынып, аспан асты мұражайлары ашылса деймін. Сондай-ақ, қасиетті Керегетас аймағына да жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жүргізілсе, құба-құп болар еді. Бұл игі шаралар бұрыннан бұрмаланып келген, әлі де бір жүйеге түсе қоймаған тарихымызды әділетті де шынайы түрде таразылай екшелеп, өскелең ұрпағымызға мұра етіп қалдыруға өзіндік үлес қоса алады деп ойлаймын.

Мәкен Уақтегі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы.

Төле би ауылы,
Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support