«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көкталдың емі дауа, ауасы шипа

Көкталдың емі дауа, ауасы шипа
ашық дереккөз
Көкталдың емі дауа, ауасы шипа

Қарт Қаратаудың шатқалын қақ жарып етекке құлайтын, соңы созалаңдап барып Ащыкөлге құятын Көктал өзенінің бойына орналасқан Көктал емдеу-сауықтыру кешені кеншілердің жыл бойы демалып, ем қабылдауы үшін 1978 жылы ашылған. 

Бастапқы кезде ауысымына бір мыңға жуық адамды қабылдауға мүмкіндігі жететін Көкталға тіпті Мәскеуден де келіп демалатын еді, дейді білетіндер. Кешегі қиын-қыстау кезінде жекешелендіруге шақ қалған сауықтыру орнын сақтап қалуда «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров көп еңбек сіңіріпті. Бұл ретте, Қаратау тау-кен өндіріс кешенінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсеновтің де қосқан үлесі аз емес. Соның арқасында табиғаты аса көркем жерге орын тепкен, айналасын жапырағы жайқалған тал-дарақ қоршаған сауықтыру кешенінің 30 жайлы бөлмесі мен отыздан астам сауықтыру-емдеу бөлмелері бүгінгі таңда халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.

– Әр маусымда жүзден астам адам ем қабылдап, денсаулығын түзейді, – дейді емдеу-сауықтыру кешенінің бас дәрігері Бауыржан Қаленов мекеменің мүмкіндігі жайлы тәптіштей баяндап. – Ем алушыларға 2 дәрігер, 15-тен астам мейірбике қызмет көрсетеді. Олар денсаулығындағы ақауға орай емдеудің физиотерапиядан бастап «Андро-Гинге» дейінгі түрін қабылдауда.

Мәселен, емдеу-сауықтыру кешенінде тыныс жүйелері мен аяқ-қол сырқатынан зардап шегетіндер үшін қолданылатын емнің барлық түрі бар екен. Жергілікті тұзды қарабалшықтың емдік қасиеті мол. Бұл арадан суасты терапиясының да пайдасын көре аласыз. Массаждың барлық түрі де осында. «Фито барда» емдік шөптерден қайнатылған шайлардың түр-түрін көруге болады. Қысқасы, егер аяқ-қолыңыз сырқыраса, басыңыз ауырса, денеңізді тұз жайласа, асқазаныңыз бұзылса, Көкталдың шипалы суын пайдалану арқылы құлан-таза айығып шығуыңызға болады. Тіпті ер және әйелдердің бел ауруларын да емдейтін арнаулы емдік бөлме бар.

Мұндағы емделушілер тек бас дәрігердің ғана емес, сонымен бірге өздерінің ыстық ықыласына бөленген аға мейірбике Лариса Еременкодан бастап фито-тера-пиядағы мейірбике Ғазиза Байтураева, парафинші Зухра Қадырова, нуго-вест маманы Жұпар Сейітбекованың да есім-дерін құрметпен атайды екен.

– Талай емдеу-сауықтыру мекемесінде болдым, – дейді ем қабылдаушы Р.Сартаев ризашылығын білдіріп. – Бірақ, дәл мынандай ауасы таза, емі дертіңе дауа, бос уақытыңды спорттың сан алуан түрімен айналысуға арнауға мүмкіндік беретін шипажайды көрмеппін.

Әзірше, шипажайдың жылына тек 1300 науқасты ғана қабылдауға шамасы жетеді. Егер қаржыландыру көздері табылып, емдеу-сауықтыру мекемесінің бос тұрған бөлмелері, су бассейні, жабық спорт залы жөндеуден өткізілсе, шипажай ғимаратының ішкі-сыртқы дизайны заманауи талап-талғамға сай ретке келтірілсе, осында келіп ем қабылдайтындардың саны қазіргімен салыстырғанда әлденеше есе артатындығы анық. Өйткені, ондай жағдайда дертіне дауа іздеп, шетел асатындардың, еліміздің өзге өңірлеріне ат басын тірейтіндердің талайының Көктал емдеу-сауықтыру кешеніне қайыры-латындығы талассыз. 

Сәулембай Әбсадықұлы,

«Ақ жол»

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар