- Advertisement -

Бірлік ауылында 600 орындық жаңа мектеп

106

- Advertisement -

оқушыларға есігін айқара ашты

Өркениеттің озық деңгейін бағындыратын, қоғамның келбетін жаңарта түсетін – білім. Сондықтан, кемел келешекке бағыт алған мемлекеттің даму жолындағы ұтымды әрекеттерінің негізгісі осы салаға мейлінше көңіл бөлу екені белгілі. Бір атап өтерлігі, жаһанды жайлаған дағдарыс кезеңі де еліміздегі білім беру үрдісін қадамынан жаңылдыра алған жоқ. Оған биылғы жаңа оқу жылында облысымызда 7 мектептің ашылуы айқын дәлел. Олардың арасында Шу ауданындағы Бірлік ауылының оқушыларына мереке күні тарту етілген 600 орындық М.Х.Дулати атындағы орта мектеп те бар. Ауылдағы осынау айтулы оқиға – жаңа білім ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы келіп қатысты. Аудан орталығынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан көп ұлтты халықтың ынтымағы берік Бірлік ауылына бұл күні ауданның, облыстық басқармалардың басшылары, мәслихат депутаттары да ат басын бұрды.
Өткен жылдың мамыр айында басталған зәулім мектеп ғимаратының құрылысын «Ник-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген болатын. Мердігер компания  өздеріне жүктелген міндетті уақтылы аяқтаған. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған құрылыстың сметалық құны 904,9 миллион теңгені құрайды. Ғимараттың ішкі-сыртқы сипаты замануи стандарттарға сай. Онда 11 сынып комплектісі, 5 жаңа модификациялық кабинет, кең әрі жарық дене шынықтыру, акт залдары және құрылғылары келіскен асхана қамтылған.
Қазақ және орыс тілдерінде 683 оқушы білім алатын М.Х.Дулати атындағы мектепте 70 мұғалім жұмыс істейді. Олардың 13-і – жоғары, 20-ы – І, 28-і – ІІ санатты мұғалімдер.
Жаңа оқу ордасының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы оқушыларды Білім күнімен құттықтап, сәні келіскен мектепте сапалы білім алып, ел болашағының тұтқасын берік ұстайтын шәкірттердің тәрбиеленетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, бірінші сыныпқа аяқ басқан жас шәкірттерге Елбасының атынан кітаптар табыс етіп, мектепке музыкалық аппарат сыйға тартты. Бірлік ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Байжан Шынболатов та ізгі тілегін жеткізді. Мердігер компания «Ник-Тараз» ЖШС директоры Сәбит Шоқатаев мектеп директоры Ақмарал Жандабаеваға мектеп кілтін салтанатты түрде тапсырды. Ғимараттың лентасын қию рәсімінен соң жиналған көпшілік ішке беттеп, мектепті аралап шықты. Мереке сазды бағдарламаға ұласты.
Облыс басшысы Шу ауданындағы сапарын одан әрі  Төле би ауылының кіреберісіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысу бағытында жалғастырды. Сонымен қатар, Шу қаласындағы «Халық», «Қазына» сынды  ірі сауда дүкендеріне кіріп, ондағы азық-түліктің бағалары бағамына назар аударды. Бұдан соң облыс басшысы Шу қаласындағы ҚР Бокс федерациясы қаржыландырып жатқан спорт кешенінің құрылысы басында болды. Онда ҚР Бокс федерациясының тұрақты тапсырыс беруші мердігер «BIBIcovpony» компаниясының директоры Жақсылық Өтегенов жобаның жай-жапсарын түсіндірді. Құны шамамен 400 миллион теңгені құрайтын құрылыс келесі жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Спорттық-сауықтыру кешенінің алып жатқан аумағы 2028 шаршы метрді құрайды екен. Мердігер ғимараттың сыртында кіші футбол алаңы, жүгіру алаңы, жаттығу құрылғылары болатындығын жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы ҚР Бокс федерациясына алғыс білдіріп: «Жастардың бөтен іске бет бұрмай, спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасауымыз керек», – деді.
Тоғыз жолдың торабындағы Шу ауданында жеке кәсіпкерлер өте көп, кәсіпкерліктің түр-түрі жолға қойылған. Алайда, олардың арасында «Компания-Марк» ЖШС директоры Ким Никон Марковичтың жөні бөлек. Себебі, ол ауданда биыл 3 балабақшаны салумен айналысу үстінде. Облыс әкімі К.Көкірекбаев бұл сапарында Никон Марковичтың мемлекеттік серіктестік бағдарламасы аясында басталып, құрылысы ақырғы кезеңіне таяған «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы балабақшасына да барды. Сыйымдылығы 150 орындық бүлдіршіндер ғимаратының жалпы сметалық құны 480 миллион теңгені құрайтын көрінеді. Облыс басшысы игілікті істі қолға алған кәсіпкерге алғысын білдірді.

Қарлығаш
Есбергенова,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

екі жаңа мектеп пайдалануға берілді

Еліміздің  Ата Заңының жиырма  жылдығы мерекесіне   және  жаңа  оқу  жылының  басталуына  орай,  өткен сенбі  күні  Қордай  ауданында  екі  бірдей  жаңа  мектептің  ашылуы   өтті.  Бұл салтанаттарға  Білім  және  ғылым  вице-министрі  Тахир Балықбаев  пен  облыс әкімінің  орынбасары   Ерқанат  Мәнжуов   қатысты.
Екі  нысан  да   Елбасының ауылдық  жерлердегі апатты  мектептерді  жою  туралы  талабына сәйкес  тұрғызылды. Өткен  ғасырдың  елуінші жылдарында саман  кірпіштен  және каркастан  салынған  Қақпатас ауылындағы  көне  мектептің    жаңа  ғимаратын  салу  өткен жылы   қолға алынған  болатын.  250  орындық  мектептің  құрылысына  мемлекеттен 517,5 миллион  теңге бөлініп,  бас  мердігер  «ҚазСтрой  ЛТД» ЖШС былтырғы  маусым  айында  іске  кірісті.  Құрылыс  бригадасы қажетті  күйдірілген кірпіш пен құм, топырақты  жергілікті жерден алып,  ал  сапалы  цементті,  арматураны,  есік, терезелер мен шатыр жабдықтарын  Алматы  мен  Тараздан әкеліп  пайдаланды.  Жұмысқа  тартылған  елуге  жуық адамның жиырма шақтысы  жергілікті  тұрғындар  болды. Жұмыс өз ретімен  кестеге сай  жүргізіліп,  енді,  міне,  ауыл  орталығынан  үш  блоктан  тұратын   көз  тартарлық  зәулім  ғимарат  бой  көтерді.
Мектептің  ашылуы  бүкіл  ауыл тұрғындары  үшін   мерекеге  айналды.  Әсіресе, онда еңбек ететін ұстаздар мен білім алатын оқушылардың   қуанышында  шек жоқ.
– Мұның  барлығы бүгін  қабылданғанына  жиырма  жыл  толып  отырған  Ата Заңның  арқасында,  Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  қолдауымен  жүзеге асып жатыр, – деді  ауыл мектебінің  ашылу салтанатында  сөз  алған  Білім  және  ғылым  вице-министрі  Тахир  Оспанұлы, – Мемлекет  басшысының  мектептердің   заман  талабына  сай  болып,  материалдық-техникалық  базасы жоғары  деңгейде  жабдықталуы тиіс  деген  талабына  сәйкес,  елімізде  соңғы  жылдары  осындай көптеген  мектеп  ғимараттары  пайдалануға  берілуде. Мұндай  қамқорлыққа жас ұрпақ  тек  сапалы білімдерімен  жауап  берулері  керек.  Сіздердің  мектептен    байтақ  еліміздің  болашағына  сүбелі  үлес  қоса  алатын  білікті де  білімді  мамандар  базалық   білім  алып  шығады  деп  сенемін, – деп  министрлік  атынан  ұжымға  теледидар  тарту  етті. Ауылдық  ақсақалдар  алқасының  төрағасы  Каналбай  Саурықов  барлық  ауыл  тұрғындары  атынан   Елбасына,  Үкіметке,  облыс және  аудан  басшыларына,  құрылысшыларға  алғысын  білдірді.  Құрылысты  жүргізген   «ҚазСтрой ЛТД»  ЖШС басшысы Серік  Кисенбаев мектеп директоры  Бибісара  Жәкеноваға  символикалық  кілтті  тапсырып,  Үкімет  өкілінің  қатысуымен  лента  қиылды.  Шашу  шашылып,  тағатсыздана  күткен  жұрт  ғимараттың  ішін  аралап  көре  бастады.
Осындай  тағы  бір  мектеп  аудан  орталығымен  бірігіп  кеткен  Красный  партизан  ауылында  да ашылды. Оның ашылу  салтанатында  сөз  алған облыс  әкімінің  орынбасары  Ерқанат  Мәнжуов қордайлықтарды қабат  келген қос  мереке  – Қазақстан  Конституциясының  20  жылдық  мерейтойымен  және  Білім  күнімен  құттықтады. Биыл  облыс  бойынша 24  білім  нысанының  құрылысы  қызу  жүріп  жатқанын,  оның  ішінде  сегіз  мектеп  бірінші  қыркүйектен  оқушыларға  есігін  айқара  ашатын  болса,  олардың  екеуі  осы   ауданда екенін айтып,     жаңа  мектепке облыс  әкімінің  атынан   теледидар  тарту етті.  Оның  аумағы  300  орындық, игерілген  қаржы көлемі 682,5  миллион  теңгені  құрайды. Жаңа  мектеп  бұрынғы   ғимараты сүріліп  тасталған  ескі  мектептің  орнына салынған.  Мұнда да су жаңа жабдықталған кабинеттер,  сынып  бөлмелері,  кең де  биік  спорт залы, жүз  орындық  асхана, ұлдарға  және  қыздарға  арналған  шеберханалар,  мультимедиа кабинеті, екі  бірдей  интерактивті  тақта,  мәжіліс  залы  жаңа  оқу  жылына дайын.  Ал сыртында – абаттандырылған  жаздық спорт алаңы,  гүлзарлар.  Әудем  жерде  ғимаратты  табиғи  газбен  жылытатын  қазандық  жұмысқа  әзір  тұр.

Қордай  ауданы.  

Елбасы кітабы бүлдіршіндерге берілді

Меркі ауданының Интернационал ауылында да 300 орындық жаңа мектеп есігін айқара ашты. Бұрын апатты жағдайда деп  танылған  №7 орта мектептің жанынан заманауи үлгіде салынып, жабдықталған осынау үш қабатты зәулім ғимарат  жаңа оқу жылы басталысымен пайдалануға берілді.
Осынау қуанышқа ортақтасып, меркіліктерді Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары А. Нұралиев:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің білім беру ісін басты назарда ұстап, ел болашағы – білімді ұрпақ қолында екенін әрдайым айтады. «100 нақты қадам» бағдарламасында жас ұрпаққа әлемдік стандарттарға сай білім беру міндеті қойылған. Облыс басшылығы Елбасы тапсырмасын орындау үшін жаңа оқу орындарын ашып,  оқушылардың  заман талабына сай білім алулары  үшін барлық жағдайды жасап отыр. Соның бірі – Меркі жерінде облыс бюджетінен 700 миллион теңге бөлініп, бой көтерген бұл мектеп үйі де ел келешегі үшін қызмет ететін болады, – деп атап өтті. Бұдан соң Абдалы Тоқбергенұлы Елбасы Н.Назарбаевтың 1-сынып оқушыларына жаңа оқу жылында жолдаған «Менің Отаным – Қазақстан» кітабын  табыс етіп,  облыс әкімінің атынан мектепке 10 ноутбук сыйға тартты.
Мерекелік шарада ардагер ұстаздар да игі лебіздерін жеткізді. Ұзақ жылдар бойы осы мектепте қызмет еткен  ұстаз, еңбек ардагері Зоя Резлюк өз сөзінде   мектеп құрылысын үнемі бақылап жүргенін, құрылысшылардың  өз жұмыстарын тиянақты түрде атқарғанын атап өтті.  Өз кезегінде  құрылысты жүргізген «ТаразИнвестҚұрылыс» ЖШС-ның бас инженері  Дәулетхан Әліпбаев  мектеп директоры Бауыржан Бектұрғановқа  мектептің символикалық кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылына тарту ретінде теледидар  сыйлады. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып,  аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері,  аудандық саз мектептерінің ұстаздары және «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайының тәрбиеленушілері өнер көрсетті.

Меркі ауданы.

көптен күткен қуаныш

Бұрынғы «Подгорный» кеңшарының орталығы болған Новосель  ауылындағы мектептің апатты жағдайда болуы соңғы жылдары тұрғындарды едәуір алаңдатумен келген еді. Биыл  бұл мәселенің түйіні шешіліп, Білім күні ауыл орталығынан көркіне сәулеті сай заманауи үлгідегі жаңа мектеп бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.
– Тек қана соңғы бір аптаның ішінде, – деді ауыл тұрғындары  мен оқушылардың қуанышын бөлісуге келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, – облыс аумағында жаңа типті 7 мектеп пен 1 балалар бақшасы пайдалануға берілді. Мемлекет қамқорлығының арқасында мынау сіздердің ауылда ашылғалы отырған 300 орындық мектеп 675 миллион теңгеге салынып отыр.  Мектеп ұжымы мен оқушылар осынау заманауи оқу орнында сапалы білім алып, үлкен жетістіктерге қол жеткізеді деп сенемін.
Салтанатта сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның директоры Халит Базаралиев мектепке спорт жабдықтарын алу үшін 500 мың теңге беретіндігін айтып, ауыл тұрғындарын тағы да бір қуанышқа бөледі.
Сондай-ақ, ардагер ұстаз Вера Левашова Елбасына, облыс және аудан басшыларына тұрғындар атынан шынайы алғысын жеткізді.
Ал ғимаратты белгіленген мерзімде пайдалануға берген «ЧИТ» ЖШС директорының  орынбасары Манарбек Ақжігітов  құрылыстың  қарқынды  жүргізілуіне үлкен көмек көрсеткені үшін аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, мектептің символикалық кілтін оның директоры Рымжан Омаровқа тапсырды.
Салтанатта «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы шеңберінде  бірінші сынып оқушыларына Елбасы атынан «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітап сыйға тартылды.
Жаңа мектептің лентасы қиылып, сыныптарда Білім күніне арналған алғашқы сабақ басталды.

Т. Рысқұлов ауданы.

Құрманбек  Әлімжан,
Нұрболат Әлдибеков,
«Ақ жол».

Шағын ауылдағы шаттық

Бұл күні жаңа мектептің ашылуын асыға күткен Еңбек ауылы тұрғындарының қуанышында шек болмады. Өйткені, бес жүз сексен үш тұрғыны бар шағын ауылдағы ескі мектеп ғимараты жарамсыздануына байланысты оқушылар екі жыл бойы көрші Тастөбе ауылындағы Ә.Тарази атындағы орта мектепке қатынап оқуға мәжбүр болған-ды. Оларды тасымалдауға арнайы автобус бөлінгенімен, қысқы ызғарлы суық пен күзгі жауын-шашын айтарлықтай кедергі келтірген еді.
Енді, міне, Білім күнінде жаңа мектеп 120 оқушыға есігін айқара ашып, мұнда алғашқы қоңырау үні сыңғыр қақты.
– Қиын күндер артта қалды. Мынандай әсем, зәулім ғимаратта оқитын балаларда арман жоқ шығар. Мердігер компания «ТаразСтрой-2004» ЖШС құрылысшыларына ауыл тұрғындары атынан алғысымды айтамын, – дейді ауыл тұрғыны Мұхтар Байғазиев.
Салтанатты шараның ашылу рәсіміне арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов:
– Бүгін қуанышты күн. Той тойға ұласты дегеніміз осы шығар. Кеше ғана Конституция күнін атап өттік. Енді, міне, сіздердің ауылдарыңызда сол той жалғасын тауып отыр. Қуаныштарыңызға ортақпын. Биылғы жылы осы күнге дейін облыс бойынша 7 мектеп, 1 балабақша ашылды, жыл аяғына дейін тағы да 2 мектеп, 4 балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлаудамыз, – деді.
Облыс әкімі орынбасарының сөзінен кейін, ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Бектемір Мәделбаев: «Шындығында, біз үшін үлкен қуаныш. Бұл күн жадымызда мәңгілік сақталатын болады. Облыс, аудан басшыларына, ауыл әкіміне, мектеп директорына зор рахмет», – деп текті тілегін жеткізді.
Жаңа ғимарат лентасын Ерқанат Нұрбапаұлы мен ардагер-ұстаз Бектемір Мәделбаев қиды.
429 млн 037 мың теңгеге тұрғызылған мектеп ішін аралап көрген облыс, аудан басшылары осындағы 19 оқу кабинетіне, спорт және мәжіліс залы мен асханаға бас сұқты. Мұндағы барлық жағдай талапқа сай екеніне, заманауи тұрғыда, жаңа үлгіде жасалған құрал-жабдықтар арқылы көз жеткізілді.

Дүйсенбек Орманов,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support