Пернебек Оспанов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері:
– Талас ауданы ілгеріден тарихқа бай өлке екені баршамызға мәлім. Ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметіне кіріскеніңізге екі жылға жуық уақыт болып қалыпты. Өңір мәдениетінің қазіргі даму қарқыны қалай? – Өзім осы Талас ауданында туылғанмын. Түгін тартсаң майы шығатын қасиетті өңір әлбетте мен үшін әрқашан ыстық. Әр кезеңде туған жерде қызмет ететін мүмкіндіктер, ұсыныстар болғанына қарамастан, кіндік қаным тамған өлкеде жұмыс жасау бақыты енді ғана бұйырыпты. Ақындар мен талай батырлар туған өңірдің мәдениетінің дамуына тамшыдай болса да үлесімді қосып жатқаныма бір жыл сегіз айдың жүзі болыпты. Әрине, ұзақ уақыт емес. Жалпы алғанда, облыс көлемінде болсын, аудан көлемінде болсын мәдениет саласының қарыштап дами түсуіне молынан жағдай жасалып жатыр. Ол қамқорлықты біз де сезінудеміз. Әсіресе, мәдениет ошақтары, ауылдық клубтар, кітапханалардың ғимараттарына күрделі, ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде Аққұм, Сәду Шәкіров, Ойық, Есейхан, Ақкөл, Майтөбе, Қожағаппар ауылдарындағы Мәдениет үйлері мен клубтар заман талабына сай қайта жаңғырды. Мұның бәрі мәдениет саласына жасалып жатқан қамқорлық. Мәдениет – өркениеттің мәйегі дейтін болсақ, бұл күндері аты аталған руханият ордаларына халық қуана барады. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет саласының тынысы ашылып келеді. Барлық жағдай жасалуда. – Жалпы бізге белгілі болғандай, өңірімізде мәдениет саласында қызмет етіп жатқан кадрлардың қырық пайыздан астамы ғана өз саласының маманы көрінеді. Сіздердің ауданда жағдай қалай? – Иә, бұл мәселе барлық жерде бар. Жылдар бойы қалыптасқан үрдіс десек те боларлықтай. Өңірімізде мәдениет саласының мамандарын даярлайтын оқу ордасы бой көтерсе, аталған мәселе де шешімін табатын шығар. Дегенмен, кітапхана саласындағы қызметкерлердің барлығы дерлік өз саласының кәсіби мамандары. Бұл ретте ауданымызда жиырма кітапхана халыққа қызмет көрсетіп отырғанын да айта кеткен жөн деп ойлаймын. – Кадр тапшылығын аздап болса да жоюдың бір жолы ретінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қолға алынғаны мәлім. Үкіметтің осы бір маңызды бағдарламасы аясында Талас ауданының мәдениет саласына жас мамандар тартылды ма? – Бұл бағдарламаның саланың жас мамандармен толығуына тигізер үлесі баршылық. Қазіргі таңда аталмыш бағдарлама аясында екі жас маманды жұмысқа шақырғанбыз. Жастар бүгінгі күні білектерін сыбанып жұмысқа кірісті. Олардың бірі Есейхан ауылдық клубына қызметке қабылданды, сонымен қатар, Бостандық ауылдық Мәдениет үйіне де жас маман келді. Олар тиісті әлеуметтік көмектерін алды. «Жас келсе – іске» дегендей, бүгінгі таңда Алматы секілді ірі мегаполисте тәлім алған жас мамандарымыз өз жұмыстарын үйлестіріп, тынымсыз тірлікке араласып кетті. – Ауданда қанша халықтық ұжым бар? – Ауданымызда бірнеше халықтық атағы бар ұжым халыққа қызмет көрсетіп жүр. Олар: орыс және қазақ «Әжелер» ансамблі, «Талас толқыны» ән-би ансамблі және халықтық театр. Аты аталған және өзге бірқатар осы тектес ұжымдар ауданда атқарылып жатқан барлық мәдени-көпшілік шараларға белсенді қатысып келеді. – Өзіңіз білім саласында еңбек еттіңіз, мәдениет саласында да тер төктіңіз. Қайсысы жаныңызға жақын, ұстаздық па, әлде мәдениет саласы ма? – Өзімнің мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғаннан кейін табиғатым мұғалімдікке де, руханият саласына да жақын деп айта аламын. Шынын айтқанда, мәдениет пен білім саласы бір-бірімен біте қайнасып жатқан сияқты. Тіпті ұқсастықтар да бар. Екеуі де жұрттың рухани кемелденуіне ықпал етеді. Әлбетте, мектепте я болмаса оқу орындарында білгенімізді жастардың бойына сіңірген болсақ, мәдениет саласына келген соң жалпы жұртшылықпен тонның ішкі бауындай бірлесе жұмыс жасаймыз. Анығырақ айтқанда, адам баласы қай салада қызмет етсе де, алдымен елдің көңілінен шығатын жұмысымен, көркем мінезімен жұртқа жағады. Бір белгілісі, мәдениет саласы – рухани әлем. Сол тылсымға, әдемілікке, бекзаттыққа, өнерге толы әлемнің тізгінін қолға ұстаған соң, оның ауыртпашылығына, қиындықтарына қыңбай төзе білуің керек. Қазақ мұндайда «Адал еңбек – бәрін жеңбек» деп бекер айтпаса керек. – Таяуда «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» медалімен марапатталуыңыз да соның жемісі болар... – Иә, ол да аудан басшылығының еңбегімді бағалағаны деп есептеймін. – Талас өңіріндегі кітапханалар бүгінгі заманның талабына жауап бере алатын бағдарламалармен қаншалықты қамтамасыз етілген? – Кітапхана – рухани байлықтың қайнар көзі екені анық. Бәрімізде сол қасиетті ордаға барып, білімімізді жетілдірдік. Білімнің кәусар бұлағынан сусындадық. Сондықтан да кітапханалардың жағдайы жақсы болғаны баршамыз үшін қажет. Бұл тұрғыдан келгенде аудан аумағындағы кітапханалардың бірқатары заманауи талапқа сай «Рабис» секілді бірқатар бағдарламалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, интернет желілері де қосылған. Жоғарыда айтқанымдай, бұл салада өз мамандығының иелері халыққа талмай қызмет көрсетіп келеді. Өңіріміздегі кітапханалардың кітап қорын молайту мақсатында да арнайы қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол». Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді