- Advertisement -

Өз тауығын өзіне ұрлатып

98

- Advertisement -

Christmas-ThiefБіздің бала кезімізде болған Мәмбет пен Мәттің бұл хикаясы ұзақ уақыт күлкіге азық болғаны бар.
Тау бөктеріндегі шалғай ауылда қызық шектеулі. Кеш түссе «барар жер, басар тау» қалмай қалады. Не кино, не би кеші жоқ. Содан өйдөйт, ауылдың қарадомалақтары карта соғады. Қаршадайынан «кәртөжник» шетінен. Бірде сол картаның да қызығы таусылып, бала біткен басқа бір қызықты аңсап аласұрды.
– Дабай, – деді бірі, – бешір жасаймыз, кластағы қыздарды шақырамыз.
– Ой, қызық болар еді. Бірақ қыздар келе ме?
– Мәттің туған күні дей саламыз, ертең оның үйі бос болады. Бастаңғы болсын бір.
Сонымен, ертең «бешір» болатын болып шешілді. Шұғыл жоспар жасалды. Бес-алты бала аталары мен әжелерінен қыңқылдап жүріп екі-үш сомнан ақша жинады. Бірақ ол жетпейтін көрінді. Үш-төрт шөлмек қызыл шарапсыз ол қандай отырыс болсын. Тәтті-пәттісі тағы бар. Оның үстіне қыздарды шақырмақ. Не істеу керек?
– Әй, – деді Мәт бәрін өзіне қаратып, – тауық ұрлап сатайық.
– Бесеу ұрласақ жетеді, екеуін асып жейміз, қалғанын сатамыз, – деп оны басқалар қостай жөнелді.
Бұл қулардың бұрын да бір-екі рет тауық ұрлап елді шулатқаны бар-ды. Содан бері жұрт сақ, тауық қораларын тарс бекітіп, оңайлықпен алдырмасы, ал ұстаса, оңдырмасы белгілі.
– Ал кімдікін ұрлаймыз?
– Бәлен үйдің иті жаман…
– Түген үйде тауық жоқ…
– Бәленше оқтаулы мылтығымен тауықханасын өзі күзетіп далада түнейтін болыпты…
– Түгенше…
– Өй, біздікін-ақ ұрлайық, – деді осы мезет алдағы бір қызықтың болмай қалуынан қауіптенген Мәмбет, – тауығымыз көп, ит те маған үрмейді.
Мәмбеттің мұнысына аңтарыла қараған балалар артынша дабырлай жөнелді.
– Рас, ей, иті өзін таниды. Ешкім білмей қалады…
Мәмбеттің үйінен тауық ұрлау «операциясына» Мәмбеттің өзі мен Мәт баратын болды. Мәмбет жайымен тауықханаға кіріп алады да, бір-бірлеп тауықтарды қоршаудың сыртына келіп тұратын Мәтке беріп тұрады. Ол қолындағы қапқа сала береді.
Осылай келісіп екі дос қас қарая тауықханаға келді. Мәмбет ішке зып берді, Мәт қалқада тұрды. Осы мезет үйдің есігі «шиқ» етіп ашылып, Мәмбеттің әкесі Мәмежан ақсақал сыртқа шығады. Мұны көрген Мәтекең аулаққа зытып береді. Үй айнала берген Мәмежан тауықхана жақтан әлдебір дыбысты естіп қалт тұра қалады. Тауықтар шулап жатқандай ма, біреу сөйлейтін тәрізді. Ақырын басып таяп келсе, шынында да іште біреу күңкілдейді:
– Өй, ал деймін, қайда құрып кеттің?..
Есіктің көзінен бір тауықты сирағынан салаңдатып шығарып тұрған қолды сонда көреді. Дереу оны ала қояды. Әлгі қол жоқ болып кетіп тауықтар тағы шулайды. Артынша тағы бір тауықты шығарып ұсына береді.
– Әй, тез ал, үйден кісі шығып қалса бәле болады, – дейді тағы күңкілдеп. Осы жерде әкесі баласының даусын тани қояды. «Бәлем, ұры қайдан десем, өз жүгермегім екен ғой», деп тауықпен қоса Мәмбеттің білегінен шап беріп ұстап суырып шығарады.
Ой, сол күні Мәмбеттің әкесінен жеген таяғының орны көпке дейін тұз сепкендей ашып жүрді. Ал «бешір», әрине тауық ұрлау «операциясы» «сорват» етілгендіктен болмай қалды.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support